Астана қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Астана қаласы мәслихатының 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 237/32-VII шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 17 қазанда № 30184 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес Астана қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Ұсынылып отырған Астана қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы мәслихатның хатшысы Е. Каналимов

  Астана қаласы мәслихатының
2022 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 237/32-VII шешіміне
қосымша

Астана қаласында үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы үй жануарларын ұстау және серуендету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бап, 2-2-тармағына, "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабының 1 тармақ 1) тармақшасына сәйкес (бұдан әрі – Заң) әзірленді және үй жануарларын ұстаудың және серуендетудің тәртібін белгілейді.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      1) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      2) жауапты адам – жануар иесінің Заңда белгіленген құқықтары мен міндеттерін жануар иесінің жазбаша тапсырмасы бойынша өзіне алатын адам;

      3) ұстау орны – жануардың иесі және (немесе) жауапты адам пайдаланатын, жануар ұсталатын ғимараттар, құрылыстар, құрылысжайлар, үй-жайлар немесе жер учаскелері;

      4) үй жануарлары (компаньон жануарлар) (бұдан әрі – үй жануарлары) – қай түрге жататындығына қарамастан, адам эстетикалық қажеттіліктері мен қарым-қатынас қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін дәстүрлі түрде асырайтын және өсіретін жануарлар;

      5) үй жануарларының өз бетінше серуендеуі – үй жануарларының ұстау орнынан тыс жерде жануар иесінсіз және (немесе) жауапты адамсыз өз бетінше болуы;

      6) үй жануарларын серуендету – жануар иесінің және (немесе) жауапты адамның жануарды ұстау орнының шегінен тыс жерге шығаруды көздейтін және жануардың қозғалыс белсенділігіне, табиғи қажеттіліктерін атқаруға деген физиологиялық қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған әрекеттері;

      7) аулау қызметі – жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын Астана қаласының жергілікті атқарушы органы құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйым, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар.

2-тарау. Үй жануарларын ұстаудың тәртібі

      3. Үй жануарларын ұстау жөніндегі талаптарға мыналар жатады:

      1) үй жануарларын күтіп-бағу жағдайлары олардың биологиялық, түрлік және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келеді, олардың табиғи қажеттерін қанағаттандырады;

      2) Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес үй жануарлары ауруларының профилактикасын, диагностикасын, оларды емдеуді және жоюды қамтамасыз ету.

      4. Үй жануарының иесі және жауапты адамы алаңдаушылық туғызуға, адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндіруге, айналадағыларға зиян келтіруге жол бермейтін жағдайларды қамтамасыз етеді.

      5. Үй жануарларын төмендегідей орындарда ұстауға рұқсат етілмейді:

      1) Қазақстан Республикасының жануарларға жауапкершілікпен қарау және денсаулық сақтау салаларындағы заңнамасының талаптары бұзылған кезде қоғамдық орындарда, ұстау орындарында;

      2) ортақ пайдаланылатын орындарда (баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатырлар, шектес балкондар, лоджиялар және ортақ пайдаланылатын қосалқы үй-жайлар);

      3) үй маңындағы аумақтарда (жеке тұрғын үйлердің үй маңындағы аумақтарынан басқа);

      4) асүйлер мен жатақхана дәліздерінде.

      6. Үй жануарларының иесі және жауапты адам тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың, оның ішінде кондоминиум объектілерінің, қоғамдық орындардың үй жануарларымен ластануына, қоршаған ортаға зиян келтіруіне жол берілмейді.

      7. Бірнеше отбасы тұратын тұрғынжайда (жеке тұрғын үй, пәтер, жатақханадағы бөлме, модульдік (мобильді) тұрғын үй) үй жануарларын ұстау медициналық қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, барлық тұратын кәмелетке толған отбасы мүшелерінің келісімімен жүзеге асырылады.

      8. Бау-бақша, бағбандық, саяжай кооперативтерінің, демалыс үйлерінің аумақтарында үй жануарларын Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамаларының талаптарын сақтай отырып, ұстауға жол беріледі.

      9. Үй жануарлары бар адамдардың жатақханалар мен қонақ үйлерде уақытша болуына Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасы сақталғанда, жатақханалар мен қонақ үйлерде белгіленген ішкі тәртіп қағидаларына сәйкес, көрсетілген ұйымдардың келісімімен жол беріледі.

      10. Үй жануарларын қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Қарау мүмкін болмаған жағдайда үй жануарының иесі немесе жауапты тұлға:

      1) жануарды үй жануарларына арналған панажайға уақытша күтіп-бағуға орналастырады;

      2) үшінші адамдарға уақытша күтіп-бағуға береді;

      3) зоологиялық жатынжайға орналастырады.

      11. Үй жануарын одан әрі ұстау мүмкін болмаған жағдайда жануар иесі және жауапты адам үй жануарын одан әрі орналастыруға шаралар қабылдайды.

      12. Иттер олардың өздігінен серуендеуін және адамдар мен жануарларға шабуыл жасауын болдырмайтын жағдайларда ұсталады. Мұндай жағдайлар болмаған жағдайда ит байланады немесе үйшікте болады.

3-тарау. Үй жануарларын серуендету тәртібі

      13. Үй жануарларын серуендету жеке тұлғалардың және басқа жануарлардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағдайда, соңымен қатар жеке және заңды тұлғалардың мүлкіне зиян келтіруден қорғалған жағдайда жүзеге асырылады.

      14. Үй жануарларының иесі және жауапты адам қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қағидаларда белгілеген тәртіппен үй жануарларын серуендету ережелерін сақтайды.

      15. Үй жануарларын серуендету кезінде иелері және жауапты адам келесі талаптарды сақтайды:

      1) үй жануарларын тыйым салу белгісімен белгіленбеген орындарда ұзындығы 2 (екі) метрден аспайтын қарғы баумен тұмылдырықсыз серуендету, бұл ретте жануардың иесі өзімен бірге тұмылдырық алып жүруді, ол қажет болған кезде итке дереу кигізуді;

      2) жергілікті атқарушы органдармен белгіленген жерлерде, итке тұмылдырықты уақтылы кигізеді және серуендету орындарда қарғы баудың лайықты ұзындығын реттеуді;

      3) үй жануарының айналасындағыларға алаңдаушылық және кедергі келтірмеуді, ит және/немесе мысық серуендеу орындарында табиғи физиологиялық қажеттіліктерін (нәжіс) қанағаттандыру жағдайында, оның салдарын иесі дереу жою керек.

      4) үй жануары көшеден өткен кезде немесе магистральдарға жақын серуендеген кезде жол-көлік оқиғаларын және жол бойында иттің өлімін болдырмау үшін оған тұмылдырық кигізіледі және 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа мойын жіпте ұсталады;

      5) итті, егер бұл ретте қоғамға қауіп төнбесе, қоғамдық тәртіпті бұзбаса, иттің денсаулығына қауіп төнбесе немесе оның еркін қозғалуына кедергі келтірілмесе, ғимараттың жанында 1,5 (бір жарым) метрден аспайтын қысқа қарғы баумен байлап және тұмылдырықта қалдыруға рұқсат етіледі.

      16. Иттермен қорғалатын бекітілген аумақтары бар иелер иттерді өздерінің базаларында, қоймаларында, құрылыс алаңдарында, өндірістік үй-жайларында тек түнгі уақытта және қоршалған аумақта еркін серуендетеді. Күндізгі уақытта иттер байлауда немесе үйшікте болады.

      17. Елді мекен аумағында:

      1) иттердің өздігінен серуендеуіне;

      2) үй жануарларының іс-әрекетін бақылауға қабілеті жоқ, оның ішінде алкогольден, есірткіден, уытқұмарлықтан масаң күйдегілерге қоғамдық орындарда және көлікте үй жануарларын серуендетуге;

      3) мектепке дейінгі балалар, білім беру, дене шынықтыру-спорттық және медициналық, емдеу ұйымдарының, мәдениет ұйымдарының, балалар мен спорттық ойын алаңдарының аумақтарында және тыйым салу белгілері орнатылған, серуендеуге арналмаған өзге де аумақтарда үй жануарларын серуендетуге;

      4) адамдар шомылуға рұқсат етілген аумақта үй жануарларын серуендетуге;

      5) адамдар шомылуға рұқсат етілген аумақта, тоғандарда, субұрқақтарда және су бөгеттерінде үй жануарларын шомылдыруға және жууға;

      6) үй жануарларының қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында (көзі әлсіз көретін адамдарға арналған қызметтік иттер мен жетелеуші иттерден басқа), сервистік қызмет көрсету азық-түлік дүкендерінің сауда және өндірістік залдарында, мәдени мекемелерде (иттер қатысатын көрмелер, ойын-сауық және бұқаралық іс-шаралар өткізу жағдайларын қоспағанда), діни ұйымдарда (бірлестіктерде), балалар, білім беру, медициналық ұйымдардың үй-жайларында болуына және ұсталуына жол берілмейді.

      18. Жануарларға жауапкершілікпен қарау саласында үй жануарларын серуендетуге не өзге мақсатта жануарлармен жүруге тыйым салынған орындарды айқындайды, сондай-ақ қажет болған кезде үй жануарларын серуендетуге арналған орындарды астананың жергілікті атқарушы органы жабдықтайды.

      _________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады