Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды қалалық мәслихатының 27.09.2023 № 96 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
Қарағанды қалалық мәслихаты ШЕШТІ:
1. Қарағанды қалалық мәслихатының "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Қарағанды қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасын бекіту туралы" 2014 жылғы 27 қарашадағы № 363 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 2898 болып тіркелген) келесідей өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Қарағанды қаласындағы мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидасында:
5 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"5. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.";
7 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"7. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізімі:
1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні – 15 ақпан;
2) Наурыз мейрамы – 21-23 наурыз;
3) Отан қорғаушы күні – 7 мамыр;
4) Жеңіс күні – 9 мамыр;
5) Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні – 4 маусым;
6) Астана күні – 6 шілде;
7) Қазақстан Республикасының Конституциясы күні – 30 тамыз;
8) Қарттар күні – 1 қазан;
9) Республика күні – 25 қазан;
10) Тәуелсіздік күні – 16 желтоқсан";
9 тармақ жаңа редакцияда баяндалсын:
"9. Атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмек Алушылар тізбесі:
1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері:
Ұлы Отан соғысына қатысушылар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi;
Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар, атап айтқанда, Ұлы Отан соғысы кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары ауданында, майдан маңындағы теміржол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен әуеайлақтардың құрылысжайларында жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілері, Ұлы Отан соғысының партизандары мен астыртын әрекет етушілері, сондай-ақ жұмысшылар мен қызметшілер;
2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері:
бұрынғы КСР Одағының үкiметтік органдарының шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, Мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнiң әскери қызметшiлерi, бұрынғы КСР Одағы Iшкi iстер министрлiгiнiң басшы және қатардағы құрамының адамдары (әскери мамандар мен кеңесшiлердi қоса алғанда);
оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер;
Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;
бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;
Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;
1992 жылғы қыркүйек – 2001 жылғы ақпан аралығындағы кезеңде Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын күзетуді күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерді орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
2003 жылғы тамыз – 2008 жылғы қазан аралығындағы кезеңде Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;
1986 – 1991 жылдар аралығындағы кезеңде Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
3) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер;
майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;
Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсiпорындарында, мекемелерi мен ұйымдарында жұмыс iстеген және "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтар;
Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар;
1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар;
4) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар;
бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтің өзге де міндеттерін басқа кезеңдерде атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда әскери қызметін өткеру кезінде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедектік белгіленген әскери қызметшілер;
Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарынан мүгедектік белгіленген адамдар және мүгедектігі ата-анасының бірінің радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары;
5) еңбек ардагерлері:
Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденінің иегерлері;
"Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған адамдар;
Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;
1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;
6) қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары
Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;
сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары;
Ауғанстандағы қимылдары кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауыруы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары;
7) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адам деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысы қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);
8) 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар;
9) 1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер;
10) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы).
11) 75 жасқа толған және одан асқан тұлғалар;
12) Қарағанды қаласының мектепке дейінгі ұйымдарында тәрбиеленетін және білім алатын балалары бар көпбалалы отбасылар;
13) адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған ауруы бар балалар;
14) туберкулез ауруы бар тұлғалар;
15) Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіпке сәйкес ақталған тұлғалар;
16) бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;
17) он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балалар;
18) санаторий-курорттық емделуге жеке оңалту бағдарламасы бар, әлеуметтік қызметтер Порталы арқылы санаторий-курорттық емделуге жолдаманы таңдаған он алты жасқа дейiнгi мүгедек балалар, он алтыдан он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедек балалар мен 1 топтағы мүгедектер.";
11-1 тармағы жаңа редакцияда баяндалсын:
"11-1. Тұрғын үйді, көп қабатты тұрғын үйді газдандыруға біржолғы әлеуметтік көмек:
үш ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын жан басына шаққандағы табысы болған және оларда және отбасы мүшелерінде басқа тұрғын үйі болмаған жағдайда, Қарағанды қаласында газдандыруға жататын жергілікті жеке тұрғын үйде, көп қабатты тұрғын үйде тұратын, оның жеке меншік иесі немесе жеке меншік иесінің отбасы мүшелері болып табылатын жасы бойынша зейнеткерлерге, бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға, мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасыларға, көп балалы аналарға және көп балалы отбасыларға, атаулы әлеуметтік көмек алушыларға, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, жетім баланың (жетім балалардың) және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған баланың (балалардың) қамқоршыларына немесе қорғаншыларына жүргізіледі. Тұрғын үйдің меншік иелері болып табылатын жалғыз тұратын зейнеткерлер мен мүгедектігі бар адамдар үшін біржолғы көмек табыс есебінсіз көрсетіледі.
Әлеуметтік көмектің көлемі газ құбырын орнату және жүргізуге байланысты өтініш берушінің нақты шығындарының негізінде анықталады.
Біржолғы әлеуметтік көмек газ жабдықтарын орнатуға шарт жасалған сәттен бастап бір жыл ішінде беріледі.".
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Мәслихатының хатшысы | К. Бексултанов |