Қазалы ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өтеу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы

Жаңартылған

Қызылорда облысы Қазалы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 30 наурыздағы №207 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 14 сәуірде № 27549 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Қазалы аудандық мәслихатының 22.08.2024 № 293 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Заңының 16-бабы 4) тармақшасына сәйкес Қазалы аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қазалы ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өтеу тәртібі мен мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Қазалы аудандық мәслихатының 22.08.2024 № 293 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      2. Қазалы аудандық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын:

      1) "Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" 2018 жылғы 12 қарашадағы № 238 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6516 болып тіркелген);

      2) "Мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу мөлшері мен тәртібін айқындау туралы" Қазалы аудандық мәслихатының 2018 жылғы 12 қарашадағы № 238 шешіміне өзгеріс енгізу туралы" 2019 жылғы 12 ақпандағы № 275 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6689 болып тіркелген).

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазалы ауданындық мәслихат хатшысы Б. ЖАРЫЛҚАП

  Қазалы аудандық мәслихатының
2022 жылғы 30 наурыздағы
№ 207 шешіміне қосымша

Қазалы ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өтеу тәртібі мен мөлшері

      Ескерту. Қосымша жаңа редакцияда - Қызылорда облысы Қазалы аудандық мәслихатының 22.08.2024 № 293 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Осы Қазалы ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өтеу тәртібі мен мөлшері "Әлеуметтік-еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22394 болып тіркелген) "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызметін көрсету қағидаларына (әрі қарай - Шығындарды өтеу қағидалары) сәйкес әзірленді.

      2. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуді (бұдан әрі - оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу) мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балалардың үйде оқу фактісін растайтын оқу орнының анықтамасы негізінде "Қазалы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтiк бағдарламалар бөлiмi" коммуналдық мемлекеттiк мекемесi (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.

      3. Оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу (толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы мүгедектігі бар балалардан және оларға қатысты ата -аналары ата - ана құқығынан айырылған мүгедектігі бар балалардан басқа) отбасының табысына қарамастан мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне беріледі.

      4. Оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу өтініш берілген айдан бастап мүгедектігі бар баланы үйде оқыту фактісін растайтын оқу орнынан анықтамада көрсетілген мерзім аяқталған айға дейін жүргізіледі.

      5. Оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуді тоқтатуға әкеп соққан жағдайлар бар болғанда (мүгедектігі бар балалардың он сегіз жасқа толуы, мүгедектік мерзімінің аяқталуы, мүгедектігі бар баланың мемлекеттік мекемелерде оқып жатқан кезеңі, мүгедектігі бар баланың қайтыс болуы, басқа елді мекендерге көшуі не тұтастай Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге көшуі) төлемдер тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      6. Оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуді алу үшін өтініш беруші "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес ақционерлік қоғамы арқылы уәкілетті органға немесе "электрондық үкімет" веб-порталға (бұдан әрі – портал) Шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса Шығындарды өтеу қағидаларының 1 немесе 2-қосымшаларына сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.

      Өтініш беруші оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуді алу бойынша төлемді тағайындау үшін портал арқылы жүгінген кезде ұсынылған мәліметтерді растау және Шығындарды өтеу қағидаларының 2-қосымшасына сәйкес өтініш нысанында көзделген қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.

      7. Оқытуға жұмсалған шығындарды өтеудің мөлшері оқу жылы ішінде әр мүгедектігі бар балаға ай сайын үш айлық есептік көрсеткішке тең.

      8. Оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуден бас тарту негіздері Шығындарды өтеу қағидаларының 3-қосымшасының тоғызыншы жолында көзделген.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады