Жалағаш аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 қазандағы № 64-2 "Әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Күшін жойған

Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 2022 жылғы 16 қарашадағы № 26-2 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 24 қарашада № 30703 болып тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 2023 жылғы 29 қыркүйектегі № 7-2 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 29.09.2023 № 7-2 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Жалағаш аудандық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Жалағаш аудандық мәслихатының "Әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 28 қазандағы № 64-2 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №7780 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      аталған шешіммен бекітілген, Әлеуметтiк көмек көрсету, оның мөлшерлерiн белгiлеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тiзбесiн айқындау қағидаларында:

      6-тармақтың 2) тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "2) 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні:

      Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан, осы оқиғаларда қасақана кісі өлтіргені және милиция қызметкерінің, халық жасақшысының өміріне қастандық жасағаны үшін сотталған, өздеріне қатысты қылмыстық істерді қайта қараудың қолданылып жүрген тәртібі сақталатын адамдарды қоспағанда, адамдарға - 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      ата-аналарымен немесе олардың орнындағы адамдармен бірге бас бостандығынан айыру орындарында, айдауда, жер аударуда немесе арнайы қоныс аударуда болған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына, сондай-ақ қуғын-сүргін кезінде он сегіз жасқа толмаған және оны қолдану нәтижесінде ата-анасының немесе олардың біреуінің қамқорлығынсыз қалған саяси қуғын-сүргіндер құрбандарының балаларына - 3 (үш) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.";

      7-тармақ мынадай жаңа редакцияда жазылсын:

      "7. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетіледі:

      1) табиғи зілзаланың немесе өрт оқиғасы орын алған мекен-жай бойынша тұрақты тіркелген, табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтарға (отбасыларға) осы өмірлік қиын жағдайда туындаған сәттен бастап алты ай ішінде жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай:

      қайтыс болған әрбір отбасы мүшесіне бір рет 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш;

      азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтірілген жағдайда (растайтын құжат болған жағдайда) бір рет 150 (жүз елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) өмірлік қиын жағдайда қалған, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігі шектеулі адамдарға (отбасыларға):

      туберкулез ауруымен диспансерлік есепте тұрған адамдарға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      гемобластоздар мен апластикалық анемияны қосқанда гемотологиялық аурулармен диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, ай сайын 7,6 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      адамның иммун тапшылығы вирусынан туындаған диспансерлік есепте тұрған балалардың ата-аналарына немесе өзге де заңды өкілдеріне жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген ең төмен күнкөріс деңгейінің ай сайын екі еселенген мөлшерінде;

      3) Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын, өтініш берген уақыттың алдыңғы тоқсандағы жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің үш еселенген шамасынан төмен халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдарға, атап айтқанда:

      жетім балаларға;

      мүгедектігі бар балаларға;

      ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға;

      балалар үйлері мен балалар ауылдарының тәрбиеленушілеріне;

      асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алатын балаларға;

      ата-анасының екеуі де жасына байланысты зейнеткер болып табылатын немесе біреуі мүгедектігі бар адам болып табылатын балаларға;

      құрамында бірге тұратын кәмелетке толмаған төрт және одан көп балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін, бірақ артық емес) орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар көпбалалы, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған, толық емес отбасыларындағы балаларға.

      Студенттерге әлеуметтік көмек оқу орындары ұсынатын білім беру қызметі мөлшерінде жыл сайынғы бір жолғы төлемнен, сонымен қатар 72 (жетпіс екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде тамақтануға және тұруға кететін шығындарды өтейтін бір жолғы әлеуметтік көмектен тұрады.

      Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға, өтініш берген алдынғы тоқсандағы жан басына шаққандағы орташа табысы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайды.

      4) санаторий-курорттық емделуге бірінші топтағы мүгедектігі бар адаммен ілесіп жүретін адамға жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай Үлгілік қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса ұсына отырып, өтініш негізінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Жалағаш аудандық мәслихатының хатшысы Г. Курманбаева

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады