Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеу мен шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз ету туралы қағидаларды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 22 ақпандағы № 61/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 24 ақпанда № 31961 болып тіркелді

      "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 14)-тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеу мен шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз ету туралы қағидалар бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеу мен шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз ету туралы қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 22 қаңтардағы № 21/НҚ бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19930 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сыртқы істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
2023 жылғы 22 ақпандағы
№ 61/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеуді және шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз ету туралы қағидалар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеу мен шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз ету туралы қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 14) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеу мен шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз ету тәртібін айқындайды.

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеу мен шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз етудің (бұдан әрі – техникалық қамтамасыз ету) мақсаты картографиялық, геодезиялық, топографиялық және гидрографиялық жұмыстары болып табылады.

      3. Техникалық қамтамасыз етуді геодезия және картография саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы жүзеге асырады.

      4. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) геодезиялық желі – жер бетіндегі орналасуы оларға ортақ геодезиялық координаттарды анықтау жүйесіндегі геодезиялық өлшемдер негізінде анықталған геодезиялық пункттер жиынтығы;

      2) гидрографиялық жұмыстар – су объектілеріндегі жағдай туралы егжей-тегжейлі ақпаратты алу, сондай-ақ олардың рельефі мен су беті туралы деректерді жинау үшін жүргізілетін жұмыстар кешені;

      3) Жерді қашықтықтан зондтау (бұдан әрі – ЖҚЗ) – ғарыш және әуе кеңістігінен құрлық, мұхит және атмосфера элементтерінің өзіндік және шағылысқан сәулеленуін байқау және өлшеу арқылы Жер беті туралы ақпарат алу процесі;

      4) картографиялық жұмыстар – топографиялық түсірудің нәтижелері бойынша немесе бастапқы картографиялық материалдар бойынша картографиялық өнім жасау, сондай-ақ АФТ және ЖҚД материалдары бойынша цифрлық және электрондық карталар жасау мақсаты болып табылатын жұмыстардың санаты;

      5) қайта шегендеу – жоғалған шекаралық белгілерді қалпына келтіру және ескіргендерін жөндеу, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген қосымша шекара белгілерін орнату;

      6) межелеу – Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген және осы халықаралық шартқа қоса берілетін карталарда графика түрінде бейнеленген, Мемлекеттік шекараның жағдайы мен бағытын іргелес мемлекеттер арасындағы келісім бойынша айқындау;

      7) топографиялық-геодезиялық жұмыстар – мақсаты топографиялық түсіру, координаттар мен биіктіктерді анықтау, жергілікті жерді далалық дешифрлеу және топографиялық карталар мен жоспарларды жаңарту болып табылатын далалық және камералдық жұмыстардың санаты;

      8) шегендеу – Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта ресімделген, жергілікті жерде Мемлекеттік шекараны айқындау және белгілеу.

2-тарау. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын межелеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз ету тәртібі

      5. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын (бұдан әрі – Мемлекеттік шекара) межелеуді картографиялық қамтамасыз етуге:

      1) қажетті картографиялық (анықтамалық) материалдармен қамтамасыз ету;

      2) картаға Мемлекеттік шекара сызығын салу бойынша картографиялық жұмыстарды жүргізу;

      3) Қазақстан Республикасы мен іргелес мемлекеттер арасындағы Мемлекеттік шекара сызығының өту сипаттамасын (бұдан әрі – шекараның сипаттамасы) жасау кіреді.

      6. Картографиялық (анықтамалық) материалдарға:

      1) Қазақстан Республикасы мен іргелес мемлекеттер арасындағы Мемлекеттік шекарадан өтуді белгілейтін халықаралық шарттар;

      2) ЖҚЗ материалдары;

      3) топографиялық карталар;

      4) Мемлекеттік шекараның ережесін нақтылайтын жер және орман кадастрының жоспарлары;

      5) жерді графикалық есепке алу материалдары;

      6) жер пайдалану материалдары;

      7) Мемлекеттік шекарадан өту ауданына қалалар мен басқа да елді мекендердің жоспарлары жатады.

      7. Картаға Мемлекеттік шекара сызығын салу жөніндегі картографиялық жұмыстар мынадай ретпен жүзеге асырылады:

      1) басылымның соңғы жылдарындағы қажетті масштабтағы топографиялық карталарды (жекелеген жағдайларда ірі масштабтағы топографиялық карталардың фрагменттерін) іріктеу;

      2) Мемлекеттік шекара сызығын шартты учаскелерге бөлу:

      3) жұмыс топографиялық карталарына жерді пайдалануды шектеу сызығын және Мемлекеттік шекара сызығын салу;

      4) Мемлекеттік шекара сызығын қорытынды топографиялық карталарға (бұдан әрі – межелеу карталары) көшіру және межелеу карталарын жұмыс топографиялық карталарымен салыстырып тексеру.

      8. Шекараның сипаттамасын жасау жергілікті жердегі бұрылыс нүктелерінің координаттарын (географиялық) көрсете отырып, Мемлекеттік шекара сызығының өтуін сипаттау жолымен жүзеге асырылады.

3-тарау. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз ету тәртібі

      9. Мемлекеттік шекараны шегендеуді топографиялық-геодезиялық қамтамасыз етуге:

      1) Мемлекеттік шекара жолағында геодезиялық желінің болуы мен жай-күйін тексеру;

      2) шекара белгілерін орнату орындарының графикалық жобасын жасау (межелеу картасына шекара белгілерін орнату орындарын салу);

      3) учаскеге алдын ала барлау жүргізу және жергілікті жерде шекара белгілерін орнату орындарын айқындау;

      4) шекара белгілері шекара бағаналарының координаттары мен биіктігін анықтау;

      5) межелеу картасын жасау жөніндегі далалық топографиялық-геодезиялық жұмыстарды жүргізу кіреді.

      10. Мемлекеттік шекараны шегендеуді гидрографиялық қамтамасыз ету шекаралық өзендер мен көлдерде (су қоймаларында) гидрографиялық жұмыстар жүргізуді көздейді.

      11. Мемлекеттік шекараны шегендеуді картографиялық қамтамасыз етуге:

      1) шегендеу жұмыс картасын жасау;

      2) шегендеу жұмыс картасына шекара белгілерін салу;

      3) шегендеу картасына Мемлекеттік шекара сызығын салу;

      4) шегендеу жұмыс картасы негізінде Қазақстан Республикасы мен іргелес мемлекет арасындағы Мемлекеттік шекара картасын (бұдан әрі – карта) жасау;

      5) картаны шығаруға дайындау;

      6) картаны шығару кіреді.

      12. Шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз етудің нәтижесі:

      1) шекараның сипаттамасын дайындау;

      2) картаны жасау;

      3) шекара белгілерінің хаттамаларын жасау;

      4) шекара белгілері шекара бағаналарының өзара орналасу схемаларын жасау;

      5) Мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелеріне ірі ауқымды жоспарлар (схемалар) жасау;

      6) шекара белгілерінің координаттары мен биіктіктері каталогын жасау;

      7) шекаралас өзендердегі аралдардың тиесілік кестесін жасау болып табылады.

      13. Мемлекеттік шекараны қайта шегендеуді топографиялық-геодезиялық қамтамасыз етуге:

      1) Мемлекеттік шекара сызығының өтетін жерінде далалық зерттеу жүргізу;

      2) қалпына келтіруге және қайта орнатуға жататын шекаралық белгілерді орнату орындарының, сондай-ақ жергілікті жердегі ахуалдың өзгеруін ескере отырып, қосымша шекаралық белгілерді орнату орындарының жұмыс жобасын жасау (шекаралық белгілерді орнату орындары картасына салу);

      3) шекаралық белгілердің қалпына келтірілген және қосымша шекаралық бағаналарының координаттары мен биіктіктерін айқындау;

      4) жұмыс картасын жасау бойынша далалық топографиялық-геодезиялық жұмыстарды жүргізу кіреді.

      14. Мемлекеттік шекараны қайта шегендеуді гидрографиялық қамтамасыз ету шекаралық өзендер мен көлдерде (су қоймаларында) гидрографиялық жұмыстар жүргізуді көздейді.

      15. Мемлекеттік шекараны қайта шегендеуді картографиялық қамтамасыз етуге:

      1) жұмыс картасын құру;

      2) барлық шекаралық белгілерді жұмыс картасына, оның ішінде қалпына келтірілген және қосымша белгіленген шекаралық белгілерді салу;

      3) Мемлекеттік шекара сызығын жұмыс картасына салу;

      4) Жұмыс картасы негізінде Мемлекеттік шекара картасын жасау;

      5) картаны шығаруға дайындау;

      6) картаны шығару кіреді.

      16. Қайта шегендеуді жүргізуді техникалық қамтамасыз етудің нәтижесі:

      1) шекараның сипаттамасын дайындау;

      2) Мемлекеттік шекара картасын жасау;

      3) қалпына келтірілген және қосымша шекаралық белгілердің хаттамаларын жасау;

      4) шекаралық белгілердің қалпына келтірілген және қосымша шекаралық бағаналарының өзара орналасу схемаларын жасау;

      5) Мемлекеттік шекараның жекелеген учаскелеріне ауқымды жоспарлар (схемалар) жасау;

      6) қалпына келтірілген және қосымша шекаралық белгілердің координаттары мен биіктіктерінің каталогын жасау;

      7) шекаралас өзендердегі аралдардың тиесілік кестесін жасау болып табылады.

      17. Техникалық қамтамасыз ету нәтижелері Мемлекеттік шекараны межелеуге, шегендеуге және қайта шегендеуге байланысты іс-қимылдарды жүзеге асыру бойынша Қазақстан Республикасының және іргелес мемлекеттердің өкілдерінен құрылатын бірлескен комиссияға ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады