ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі.
"Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 18) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын пайдалану жөніндегі қағидалар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі |
Б. Мусин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының Индустрия
және инфрақұрылымдық даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи ресурстар министрлігі
Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі 2023 жылғы 20 наурыздағы № 102/НҚ Бұйрықпен бекітілген |
Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын пайдалану жөніндегі қағидалар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын пайдалану жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) базалық кеңістіктік деректер – географиялық ақпараттық жүйелерді интеграциялау және бірлесіп пайдалану үшін біріздендірілген негіз ретінде жалпыға бірдей қолжетімді стандартталған кеңістіктік деректердің жиынтығы;
2) географиялық ақпараттық жүйе – Жер туралы, жер бетінің объектілері, табиғи, техногендік және қоғамдық процестер туралы кеңістіктік ақпаратты жинауды, өңдеуді, талдауды, модельдеуді, сақтауды, таратуды және өзгеше пайдалануды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
3) интероперабельділік – кеңістіктік деректердің, метадеректердің, техникалық және бағдарламалық құралдардың функционалдық және ақпараттық өзара іс-қимыл жасауға қабілеттілігін білдіретін өзара үйлесімділік қағидаты;
4) кеңістіктік деректер – жергілікті жер объектілерінің орналасқан жері туралы мәліметтер қамтылатын, белгілі бір нысанда және координаттық есептеу жүйесінде ұсынылған ақпарат;
5) кеңістіктік деректердің геосервистері (бұдан әрі – геосервисттер) – пайдаланушыға кеңістіктік деректермен және (немесе) метадеректермен операцияларды жүзеге асыру үшін құралдар беретін және дербес өнім немесе қосылатын сервис түрінде болатын электрондық ақпараттық ресурс;
6) мемлекеттік кәсіпорын – мемлекеттік мүлік туралы заңнамаға сәйкес топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы;
7) мемлекеттік геодезиялық желі (бұдан әрі – МГЖ) – мемлекеттік координаттық есептеу жүйесін белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын геодезиялық желі;
8) мемлекеттік гравиметриялық желі (бұдан әрі – МГрЖ) – бірыңғай гравиметриялық негізді белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын гравиметриялық желілер;
9) мемлекеттік нивелирлік желі (бұдан әрі – МНЖ) – мемлекеттік биіктіктерді есептеу жүйесін белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын нивелирлік желі;
10) мемлекеттік геодезиялық қамтамасыз ету жүйесі (бұдан әрі – МГҚЖ) –МГЖ, МНЖ және МГрЖ жиынтығы;
11) метадеректер – кеңістіктік деректер мен геосервистердің жинақтарын сипаттайтын ақпарат;
12) тақырыптық кеңістіктік деректер – ғылыми, өндірістік немесе өзге де қызмет процесінде геодезиялық, картографиялық қызмет субъектілері жасайтын кеңістіктік деректер;
13) геопортал – телекоммуникация құралдары арқылы кеңістіктік деректерге және кеңістіктік деректердің геосервистеріне қол жеткізуді қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;
14) бірыңғай цифрлық картографиялық негіз – Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымының (бұдан әрі – ҰКДИ) құрамдас картографиялық бөлігі және Қазақстан Республикасының аумағы туралы базалық кеңістіктік деректердің жүйеленген жиынтығы болып табылатын электрондық ақпараттық ресурс;
15) Ұлттық кеңістіктік деректер қоры – геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілерінің одан әрі пайдалануы мақсатында есепке алынуға, ұзақ сақталуға жататын цифрлық және (немесе) аналогтық түрдегі кеңістіктік деректердің жалпымемлекеттік, салааралық маңызы, арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар жиынтығы;
16) тұрақты жұмыс істейтін референциялы станция – белгілі кеңістіктік координаттары бар нүктеде орналасқан радиоэлектрондық және техникалық құралдардың кешені, олардың көмегімен жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдарын кейіннен өңдеу және пайдаланушыларға түзетуші ақпаратты беру үшін қабылдау жүзеге асырылады.
3. ҰКДИ мемлекеттік геопорталы базалық және тақырыптық мәліметтерді қоса алғанда, кеңістіктік деректердің жиынтығын қамтиды.
4. ҰКДИ мемлекеттік геопорталы келесі мәліметтермен толтыру және толықтыру нәтижесінде қалыптастырылады:
1) Ұлттық кеңістіктік деректер қорының деректері және мәліметтері;
2) мемлекеттік мақсаттағы қашықтықтан зондтау, геодезиялық, топографиялық, картографиялық, гидрографиялық және шегендеу жұмыстарын жүргізу нәтижесінде алынған деректер және мәліметтер;
3) арнайы және (немесе) салалық мақсаттағы қашықтықтан зондтау, геодезиялық, топографиялық, картографиялық, гидрографиялық жұмыстарды жүргізу нәтижесінде алынған деректер және мәліметтер;
4) бірыңғай цифрлық картографиялық негіз.
5. ҰКДИ-дағы кеңістіктік деректер спутниктік технологияларды пайдалана отырып, мемлекеттік координаттар жүйесінде сақталады және өңделеді.
2-тарау. Ұлттық кеңістіктік деректер инфрақұрылымын пайдалану тәртібі
6. ҰКДИ:
картографиялық кескін түріндегі кеңістіктік деректерді іздеуді және визуализациялауды;
интероперабельділіктің бірыңғай форматын ескере отырып, кеңістіктік деректерді пайдалануды қамтамасыз етеді.
7. Мемлекеттік кәсіпорын:
кеңістіктік деректерді, метадеректерді қабылдауды және тексеруді, сонымен қатар оларды ҰКДИ мемлекеттік геопорталында орналастыруды;
геодезиялық пункттерді есепке алуды, тұрақты жұмыс істейтін референциялы станциясының тұтастығын бақылауды;
мемлекеттік геодезиялық желілердің тұрақты жұмыс істейтін референциялы станциялары арқылы геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне жоғары дәлдіктегі спутниктік орналасу ақпаратын беруді;
геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне ҰКДИ деректерін беруді жүзеге асырады.
8. ҰКДИ мемлекеттік геопорталында мемлекеттік кәсіпорын кеңістіктік деректер мен геосервистерді іздеу, кеңістіктік деректер мен метадеректерді қарау, көшірмелерді жүктеу және алу, деректерді трансформациялау және түрлендіру сервистерін қамтамасыз етеді.
9. Жеке және заңды тұлғалар жалпыға қолжетімді кеңістіктік деректерді мемлекеттік ҰКДИ геопорталынан дербес алады. Бұл жағдайда кеңістіктік деректер үшін ақы алынбайды.
10. ҰКДИ деректерін қағаз немесе электрондық жеткізгіштерде алу қажет болған кезде, мемлекеттік кәсіпорын жеке және заңды тұлғалардан Заңның 20-бабының 7-тармағына сәйкес төлемақы алады.
Кеңістіктік деректер мен ҰКДИ метадеректері мемлекеттік органдарға тегін ұсынылады.
Жеке және заңды тұлғаларға кеңістіктік деректерін беру геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті орган бекітетін Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мәліметтерін қалыптастыру, жинау, сақтау, пайдалану және беру қағидаларында белгіленген тәртіппен Заңның 13-бабы 12-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.
11. Бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын геодезиялық, топографиялық және картографиялық жұмыстардың тапсырыс берушілері және (немесе) орындаушылары болып табылатын геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілері Заңның 10-бабы 3-тармағына сәйкес бұрын жасалған кеңістіктік деректерді пайдаланады.
12. ҰКДИ жүргізу және пайдалану мынадай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады:
1) спутниктік технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік координаттар жүйесін бірыңғай пайдалану;
2) базалық кеңістіктік деректерді бірыңғай пайдалану;
3) әлеуметтік-экономикалық дамудың, мемлекеттік басқарудың, экономика салаларын цифрландырудың басым міндеттерін шешуге ҰКДИ құру және дамыту процестерінің бағыныстылығы;
4) мемлекеттік ақпараттық жүйелерді, кадастрларды құру кезінде кеңістіктік объектілердің координаттық сипаттамасы;
5) кеңістіктік деректердің өзектілігі, дұрыстығы, толықтығы, тұтастығы және белгіленген дәлдігі;
6) бірыңғай нормативтік техникалық құжаттар мен стандарттар негізінде кеңістіктік деректердің үйлесімділігі;
7) геосервистердің, кеңістіктік деректердің, олардың метадеректерінің интероперабельділігі;
8) ҰКДИ ұлттық стандарттарын тиісті халықаралық стандарттармен үйлестіру;
9) барлық мүдделі субъектілер үшін базалық кеңістіктік деректердің, олардың метадеректерінің ашықтығы мен қолжетімділігі;
10) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында.