Жергілікті координаттық есептеу жүйелерін белгілеу және пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 27 наурыздағы № 106/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 30 наурызда № 32163 болып тіркелді

      "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 13) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жергілікті координаттық есептеу жүйелерін белгілеу және пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі
2023 жылғы 27 наурыздағы
№ 106/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Жергілікті координаттық есептеу жүйелерін белгілеу және пайдалану қағидалары

      1. Осы Жергілікті координаттық есептеу жүйелерін белгілеу және пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабының 13) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында жергілікті координаттық есептеу жүйелерін белгілеу және пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Жергілікті координаттық есептеу жүйесі Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігінің шекарасынан аспайтын шектелген аумаққа (бұдан әрі – субъектінің аумағы) қатысты белгіленеді.

      3. Жергілікті координаттық есептеу жүйесі мемлекеттік координаттық есептеу жүйесінде қолданылатын жалпы жер эллипсоидының картографиялық проекциясының 3 градус немесе 6 градус аймақтарында белгіленеді.

      4. Қазақстан Республикасының жергілікті атқарушы органдары мен геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті органы (бұдан әрі – тапсырыс берушілер) жергілікті координаттық есептеу жүйелерін белгілеудің бастамашылары бола алады.

      5. Субъектінің аумағында жергілікті координаттық есептеу жүйесін белгілеу кезінде тапсырыс берушілер трансформациялау және өзгерту параметрлерін (бұдан әрі – трансформациялау және өзгерту параметрлері):

      1) ғаламдық навигациялық спутниктік жүйелерді пайдалану кезінде қолданылатын жалпы жердегі координаттық есептеу жүйесінен мемлекеттік координаттық есептеу жүйесіне және кері координаттық есептеу жүйесі үшін;

      2) мемлекеттік координаттық есептеу жүйесінен жергілікті координаттық есептеу жүйесіне және кері координаттық есептеу жүйесі үшін ұсынады.

      6. Трансформациялау және өзгерту параметрлерін анықтаған кезде координаттық есептеу жүйесінің есептеу басталуының жылжуы, координаттар жүйесі осьтерінің айналуы, масштаб коэффициенті есептеледі.

      7. Трансформациялау және өзгерту параметрлерін айқындау үшін субъектінің тиісті аумағында құрылған мемлекеттік координаттық есептеу жүйесінің геодезиялық пункттерінің (бұдан әрі – бастапқы пункттер) координаттары туралы мәліметтер пайдаланылады.

      8. Субъектінің аумағына жергілікті координаттық есептеу жүйесін белгілеу үшін тапсырыс беруші геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) жергілікті координаттық есептеу жүйесін жасау (жаңарту) туралы техникалық есепті (бұдан әрі – техникалық есеп) жібереді, онда мынадай мәліметтер көрсетіледі:

      1) жергілікті координаттық есептеу жүйесінің атауы және оны белгілеу мақсаттары;

      2) мемлекеттік топографиялық карталарда көрсетілген, оған қатысты жергілікті координаттық есептеу жүйесі белгіленетін аумақтың шекаралары;

      3) пайдаланылған бастапқы деректер;

      4) трансформациялау және өзгерту параметрлері;

      5) жергілікті координаттық есептеу жүйесіндегі бастапқы геодезиялық пункттердің координаттарын айқындау әдістері;

      6) мемлекеттік координаттық есептеу жүйесіндегі жергілікті координаттық есептеу жүйесін санаудың басталу координаттары және жергілікті координаттық есептеу жүйесі координаттары осьтерінің бағыты;

      7) жергілікті координаттық есептеу жүйесінде қалыптастырылған субъект аумағында орналасқан мемлекеттік геодезиялық желі пункттері координаттарының каталогтары (тізімдері).

      9. Уәкілетті органның техникалық есепті қарау мерзімі уәкілетті органның іс жүргізу қызметі оны тіркеген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайды.

      10. Мыналар:

      1) техникалық есепте осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген мәліметтердің болмауы;

      2) бастапқы пункттердің координаттарын айқындау нәтижелеріндегі қателер;

      3) субъект аумағында орналасқан мемлекеттік геодезиялық желі пункттерінің координаттарын жергілікті координаттық есептеу жүйесінде белгіленетін нәтижелердегі қателер;

      4) техникалық есепте көрсетілген трансформациялау және өзгерту параметрлеріндегі қателер;

      5) сол аумаққа қатысты қолданысқа енгізілген жергілікті координаттық есептеу жүйесінің болуы;

      6) жергілікті координаттық есептеу жүйесінің координаттар санағының басталуы мен координаттар осьтері бағытының координаттар санағының басталуымен және мемлекеттік координаттық есептеу жүйесінің координаттар осьтерінің бағыттарымен сәйкес келуі;

      7) субъектінің сол аумағына қатысты уәкілетті органның қарауындағы техникалық есеп жергілікті координаттық есептеу жүйесін бекітуден бас тартуға негіз болып табылады.

      11. Жергілікті координаттық есептеу жүйесін бекітуден бас тарту туралы шешімде техникалық есепті бекітуден бас тарту себептері мен пысықтау жөніндегі ұсынымдар көрсетіледі. Тапсырыс берушілердің техникалық есепті пысықтау мерзімі 30 (отыз) күнтізбелік күнді құрайды.

      12. Жергілікті координаттық есептеу жүйесін қолданысқа енгізу үшін уәкілетті органның Заңның 13-бабының 10) тармақшасына сәйкес жергілікті координаттық есептеу жүйелерін белгілеу туралы шешімі негіз болып табылады.

      13. Қолданысқа енгізілген жергілікті координаттық есептеу жүйелері туралы мәліметтер уәкілетті органның ресми сайтында 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде орналастырылады.

      14. Техникалық есептің көшірмесін тапсырыс беруші уәкілетті органның ресми сайтында орналастырылған сәттен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде Заңның 20-бабының 8-тармағына сәйкес Ұлттық кеңістіктік деректер қорына ұсынады.

      15. Жергілікті координаттық есептеу жүйелері желілік объектілерді (электр беру желілері, байланыс желілері, желілік-кәбілдік құрылыстар, құбырлар, автомобиль жолдары, теміржол желілері), ғимараттар мен құрылыстарды инженерлік іздестіру, жобалау, салу, пайдалану, реконструкциялау және күтіп ұстау, қала құрылысы және кадастрлық қызметті, жерге орналастыруды, жер қойнауын пайдалануды жүзеге асыру кезінде геодезиялық және картографиялық жұмыстарда пайдаланылады.

      16. Жергілікті координаттық есептеу жүйесі мен мемлекеттік координаттық есептеу жүйесі арасындағы трансформациялау және өзгерту параметрлері, жергілікті координаттық есептеу жүйесіндегі геодезиялық пункттер координаттарының каталогтары Ұлттық кеңістіктік деректер қорында тұрақты сақталады және мүдделі тұлғаларға Заңның 13-бабының 12-тармақшасына сәйкес беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады