Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызу және қолдану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2023 жылғы 31 наурыздағы № 127/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 наурызда № 32219 болып тіркелді

      "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 26) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызу және қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а.
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму,
инновациялар және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің м.а.
2023 жылғы 31 наурыздағы
№ 127/НҚ
бұйрықпен бекітілген

Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызу және қолдану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызу және қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – Заң) іске асыру мақсатында әзірленді және тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызуға және қолдануға қойылатын талаптарды қамтиды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арнайы спутниктік геодезиялық желі (бұдан әрі – АСГЖ) – пункттерін байланыстыру жақын маңдағы ІАГЖ және ДЖГЖ пункттерінен ЖНСЖ-анықтамалардың салыстырмалы спутниктік әдістерімен жүзеге асырылатын спутниктік геодезиялық желі;

      2) астрономиялық-геодезиялық желі (бұдан әрі – АГЖ) – пункттерінің бөліктерінде астрономиялық координаттар мен азимуттар айқындалған геодезиялық желі;

      3) геодезиялық жиілету желісі (бұдан әрі – ГЖЖ) – жоғары ретті геодезиялық желіні дамыту үшін құрылатын геодезиялық желі;

      4) дәлдігі жоғары геодезиялық желі (бұдан әрі – ДЖГЖ) – кеңістіктік координаттары іргелі астрономиялық-геодезиялық желі пункттеріне қатысты айқындалатын іргелес геодезиялық пункттер арасындағы орташа қашықтығы 150-300 шақырым болатын спутниктік геодезиялық желі;

      5) жаһандық навигациялық спутниктік жүйелер (бұдан әрі – ЖНСЖ) – жерүсті, су және әуе объектілерінің координаттық-уақыттық (географиялық координаттары мен биіктіктерінің, қозғалыс жылдамдығы мен бағытының, уақыттың) параметрлерін айқындауға арналған ғарыш жүйелері;

      6) мемлекеттік геодезиялық желі (бұдан әрі – МГЖ) – мемлекеттік координаттық есептеу жүйесін белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын геодезиялық желі;

      7) мемлекеттік кәсіпорын – мемлекеттік мүлік туралы заңнамаға сәйкес топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргізуді жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы;

      8) мемлекеттік нивелирлік желі (бұдан әрі – МНЖ) – мемлекеттік биіктіктерді есептеу жүйесін белгілеу және (немесе) тарату мақсатында пайдаланылатын нивелирлік желі;

      9) нақты геодезиялық желі (бұдан әрі – НГЖ) – қолданыстағы АГЖ және ГЖЖ негізінде оларда спутниктік анықтамалар орындалғаннан кейін құрылатын геодезиялық желі;

      10) референциялы станцияның иесі – геодезиялық және картографиялық қызметті орындау үшін референциялы станцияны орнататын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы, жеке немесе заңды тұлғасы;

      11) спутниктік геодезиялық желі (бұдан әрі – СГЖ) – координаттары математикалық өңдеуден кейінгі спутниктік геодезиялық бақылау негізінде анықталатын жер бетінде бекітілген геодезиялық пункттер желісі;

      12) тұрақты жұмыс істейтін референциялы станция (бұдан әрі – референциялы станция) – тұрақты жұмыс істейтін референциялы станция – белгілі кеңістіктік координаттары бар нүктеде орналасқан радиоэлектрондық және техникалық құралдардың кешені, олардың көмегімен жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдарын кейіннен өңдеу және пайдаланушыларға түзетуші ақпаратты беру үшін қабылдау жүзеге асырылады;

      13) Ұлттық кеңістіктік деректердің инфрақұрылымы (бұдан әрі – ҰКДИ) – нысаны, орналасқан жері мен қасиеттері туралы мәліметтерді қамтитын, картографиялық негізде көрсетілген, оның ішінде координаттар пайдаланыла отырып ұсынылған кеңістіктік объектілер туралы деректер;

      14) іргелі астрономиялық-геодезиялық желі (бұдан әрі – ІАГЖ) – координаттары координаттардың геоорталық кеңістіктік жүйесінде айқындалатын іргелес геодезиялық пункттер арасындағы орташа қашықтығы 650-1000 шақырым болатын спутниктік геодезиялық желі.

      3. Қазақстан Республикасының МГЖ жоғары дәлдікті желілерден төмен дәлдікті желілерге жиілету жолымен қалыптастырылады және мыналардан тұрады:

      1) ІАГЖ;

      2) ДЖГЖ;

      3) АСГЖ;

      4) 1-сыныпты СГЖ (бұдан әрі – СГЖ-1);

      5) НГЖ.

      4. ІАГЖ, ДЖГЖ және АСГЖ, СГЖ-1 референциялы станциялармен жабдықталады және СГЖ-ға жатады.

      5. ІАГЖ, ДЖГЖ барлық пункттері жоспарда да, биіктікте де олардың позициясының ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ете отырып, түбегейлі бекітіледі.

      6. Әрбір ІАГЖ және ДЖГЖ пункті мынадай орталықтардан тұратын жергілікті желі болып табылады:

      1) негізгі;

      2) жұмысшы;

      3) бақылау және гравиметриялық пункт.

      7. ІАГЖ және ДЖГЖ жұмысшы орталықтары референциялы станциялармен жабдықталады және тәулік бойы тәулігіне 24 (жиырма төрт) сағат аптасына 7 (жеті) күн жұмыс істейді.

      8. АСГЖ, СГЖ-1 пункттері референциялы станциялармен жабдықталған тек жұмысшы орталықтарынан тұрады.

      9. Референциялы станцияларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, жеке және заңды тұлғалары геодезиялық және картографиялық қызметті орындау үшін орнатады және ол қабылдағыштан, "choke ring" түріндегі ЖНСЖ-антеннадан, үздіксіз қоректендіру көзінен, темір шкафтан, телекоммуникация құралдарынан (байланыс құралдарынан), найзағай бұрғыштан тұрады.

2-тарау. Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызу тәртібі

      10. ҰҚДИ құру шеңберінде орнатылатын референциялы станциялар ІАГЖ және ДЖГЖ-ға жатады.

      Мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардың референциялы станциялары АСГЖ, СГЖ-1-ге жатады.

      11. Референциялы станцияны МГЖ-ға жатқызу үшін референциялы станцияның иесі осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті органға өтінім береді.

      12. Өтінім мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істеп тұрған референциялы станциялардың болуы, оларды техникалық жарақтандыру туралы мәліметтер (ЖНСЖ қабылдағыштары);

      2) деректерді алмасу (беру) үшін қазіргі заманғы телекоммуникациялық құралдармен жарақтандыру туралы мәліметтер;

      3) пайдаланылатын бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтер.

      13. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті орган өтінім келіп түскен күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде өтінімді мемлекеттік кәсіпорынға:

      1) мемлекеттік және коммерциялық ұйымдардың референциялы станциясының СГЖ референциялы станцияларымен үйлесімділігін талдау;

      2) референциялы станциямен тексеру, байқаулар және теңестірулер жүргізу үшін жолдайды.

      14. Референциялы станцияны тексеру, бақылау және теңестіру өтінім берген референциялы станцияның иесі қаражаты есебінен жүргізіледі.

      15. Мемлекеттік кәсіпорын референциялы станцияның орналасқан жеріне жұмысшы орталығының болуы, референциялы станцияның пайдалану сипаттамаларының ұзақ мерзімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету тұрғысынан тексеру жүргізеді.

      16. Мемлекеттік кәсіпорын референциялы станцияның иесімен бірлесіп, референциялы станцияда кемінде 14 (он төрт) тәулік алдын ала байқаулар және СГЖ референциялы станциясымен бірлескен теңестірулер жүргізеді.

      Желіні бірлескен теңестіру геодезиялық желілерді теңестіруге арналған арнайы бағдарламалық өнімдерді қолдану арқылы жүзеге асырылады.

      17. Мемлекеттік кәсіпорын жұмыстар аяқталған күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 13-тармағы бойынша алынған нәтижелер туралы геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті органды жазбаша хабардар етеді.

      18. Геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті орган референциялы станцияны МГЖ-ға жатқызу немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Қабылданған шешімге байланысты геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті орган ведомстволық бағынысты мемлекеттік кәсіпорыннан жазбаша ақпарат алған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде референциялы станцияның иесіне оны МГЖ-ға жатқызу не себептерін көрсетілген бас тарту туралы хабарлама жібереді.

      19. Оң шешім қабылданған жағдайда геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы уәкілетті орган референциялы станцияның иесіне хабарлама жіберілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде МГЖ-ға жатқызылған референциялы станциялардың деректерін ҰҚДИ ақпараттық жүйесінде жариялау қажеттілігі туралы мемлекеттік кәсіпорынға хат жолдайды.

3-тарау. Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды қолдану тәртібі

      20. Геодезиялық және картографиялық қызметте МГЖ-ға жатқызылмаған референциялы станциялар қолданылмайды.

      Бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік мақсаттағы, арнайы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызметте МГЖ-ға жатқызылған референциялы станциялар ғана қолданылады.

      21. МГЖ-ға жатқызылған, мемлекеттік бюджет есебінен сатып алынған және орнатылған референциялы станциялар мемлекеттің меншігінде қалады. МГЖ-ға жатқызылған, жеке және заңды тұлғалардың өз қаражаты есебінен сатып алынған және орнатылған референциялы станциялар олардың меншігінде қалады.

      Иелері референциялы станцияларды күтіп ұстауды және пайдалануды дербес қамтамасыз етеді.

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму,
инновациялар және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің м.а.
2023 жылғы 31 наурыздағы
№ 127/НҚ
Тұрақты жұмыс істейтін
референциялы станцияларды
мемлекеттік геодезиялық
желілерге жатқызу және
қолдану қағидаларына
қосымша
  Нысан

Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияларды мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызуға және қолдануға өтінім

      1._____________________________________________________________

      (мемлекеттік органның толық атауы)

      2. Осымен _____________________________________________________

      (заңды тұлғаның толық атауы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі, жеке

      тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі)

      мемлекеттік геодезиялық желілерге жатқызу және тұрақты жұмыс істейтін референциялы

      станцияларды қолдану үшін өтінім береді.

      3. Заңды тұлғаның/жеке тұлғаның орналасқан мекенжайы

      _____________________________________________________________________________

      (пошта индексі, облыс, қала, аудан, елді мекен, көше атауы, үйдің/ ғимараттың

      (стационарлық үй-жайдың) нөмірі)

      4. Электрондық пошта __________________________________________

      5. Телефондар нөмірлері__________________________________________________

      6. Тұрақты жұмыс істейтін референциялы станцияны орнату мекенжайы (-лары)

      _________________________________________________________________

      (пошта индексі, облыс, қала, аудан, елді мекен, көше атауы, үйдің/ ғимараттың

      (стационарлық үй-жайдың) нөмірі)

      7. Қазақстан Республикасының аумағында жұмыс істеп тұрған референциялы станциялардың

      болуы, оларды техникалық жарақтандыру (ЖНСЖ қабылдағыштары) туралы мәліметтер;

      ____________________________________________________________________________

      8. Деректерді алмасу (беру) үшін қазіргі заманғы телекоммуникациялық құралдармен

      жарақтандырылуы туралы мәліметтер

      _________________________________________________________________

      9. Пайдаланылатын бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтер

      __________________________________________________________________________

      10. Өтініш беруші _____________________________________________________

      (қолы) (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      Мөр орны                                                берілген күні:

      (болған жағдайда)                                    20__ жылғы "____" ________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады