"Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. |
З. Сулейменова |
"КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. 2023 жылғы 3 сәуірдегі № 110 бұйрығымен бекітілген |
Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесі "Қазақстан Республикасының биологиялық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 2-тармағының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді, өзіне бағалауды және биологиялық тәуекелдерді азайту бойынша іс-шараларды ұйымдастыруды қамтитын биологиялық тәуекелдерді басқаруды айқындайды.
2. Осы Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесінде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) биологиялық қауіпсіздік – адамдардың және табиғи ортаның жекелеген компоненттерінің (атмосфералық ауаның, жерүсті және жерасты суларының, жер бетінің және топырақ қабатының, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің және өзге де организмдердің (бұдан әрі – табиғи ортаның жекелеген компоненттері) қауіпті биологиялық факторлардан қорғалуының, оның ішінде биологиялық қорғау шараларымен қамтамасыз етілетін жай-күйі;
2) биологиялық тәуекелдерді бағалау – биологиялық тәуекелдерді басқару элементі және патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге байланысты қызметтің әртүрлі салаларында қауіпті биологиялық факторлардың, құралдардың, әдістердің, технологиялардың, көрсетілетін қызметтердің әсерінен теріс салдарлар туындауының алдын алуға бағытталған ұйымдастырушылық, аналитикалық және практикалық іс-шаралар жиынтығын білдіреді;
3) мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) – жануарлардың өлекселерін залалсыздандыруға арналған, санитарлық қорғаныш аймағын - арнайы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ өнеркәсіп ұйымдары мен елді мекендегі басқа да өндірістік, коммуникациялық және қойма объектілерін оларға қолайсыз факторлардың әсерін азайту мақсатында жақын аумақтардан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардан сақтай отырып орналасқан құрылыс;
4) патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу – патогенді биологиялық агенттерді зерттеу, жою және (немесе) иммундық-биологиялық препараттарды әзірлеу мақсатында оларды бөлуге (табуға), әзірлеуге (жасауға), өндіруге (дайындауға), олардың айналымына (оның ішінде әкелуге (әкетуге), сақтауға, тасымалдауға) тікелей бағытталған патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу процестері (сатылары);
5) патогенді биологиялық агент – адамның, жануардың немесе өсімдіктің организмінде инфекциялық және (немесе) паразиттік процесті туғызуға қабілетті микроорганизмдер, биологиялық және өсімдік тектес улар (уыттар), гельминттер, нематодтар.
3. Биологиялық тәуекелдер төрт деңгейге бөлінеді:
1) биологиялық тәуекелдің төмен деңгейі – экологиялық жағдай, табиғи зілзаланың, ірі аварияның немесе апаттың салдарынан, ықтимал қауіпті биологиялық объектінің бұзылуы нәтижесінде адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туындатуға қабілетті және жұқтырған организмнен сау организмге таралмайтын, вакциналарды қоса алғанда оларға қатысты емдеу мен профилактиканың тиімді құралдары мен тәсілдері бар қалыптасқан жағдай;
2) биологиялық тәуекелдің орта деңгейі – экологиялық жағдай, табиғи зілзаланың, ірі аварияның немесе апаттың салдарынан, ықтимал қауіпті биологиялық объектінің бұзылуы нәтижесінде адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің инфекциялық және (немесе) паразиттік ауруларын туындатуға қабілетті, жұқтырылған организмнен сау организмге барынша аз таралатын және (немесе) жұқтырылған организмнен сау организмге жеңіл таралатын, вакциналарды қоса алғанда оларға қатысты тиімді емдеу құралдары мен алдын алу және қолжетімді тәсілдері бар қалыптасқан жағдай;
3) биологиялық тәуекелдің жоғарғы деңгейі – экологиялық жағдай, табиғи зілзаланың, ірі аварияның немесе апаттың салдарынан, ықтимал қауіпті биологиялық объектінің бұзылуы нәтижесінде адамдардың, жануарлар мен өсімдіктердің аса қауіпті инфекциялық ауруларын жұқтырылған организмнен сау организмге оңай тарайтын, оның ішінде оларға қатысты вакциналар мен тиімді емдеу құралдары жоқ қалыптасқан жағдай;
4) биологиялық тәуекелдің жол берілетін деңгейі – табиғи және техногендік сипаттағы экологиялық жағдайлар туындаған, қарсыластың қазіргі заманғы зақымдаушы құралдарды қолданған жағдайында қауіпті биологиялық факторлардың әсерінен халықты қорғау және табиғи ортаның жекелеген компоненттерін қорғау бойынша қауіпсіздік шаралары қамтамасыз етумен биологиялық тәуекелдердің төмен, орта және жоғарғы деңгейлері алып тасталатын жағдай.
4. Табиғи және техногендік сипаттағы экологиялық жағдайлардың (бұдан әрі - экологиялық жағдай) салдарынан адамдарға, жануарлар мен өсімдіктерге биологиялық залал келтіретін ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге мыналар жатады:
1) өз қызметінде патогенді биологиялық агенттерді қолданатын ұйымдар (объектілер);
2) мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) және қауіпті патогенді биологиялық агенттерді көму және кәдеге жарату орындары.
5. Ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге әсер ету нәтижесінде экологиялық жағдайлар туындаған кезде биологиялық жұқтырудың таралу қауіп-қатерлеріне мыналар жатады:
1) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің құрылысының, ғимаратының қирауы;
2) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде өрт, жарылыс болуы;
3) мал қорымдарын және патогенді биологиялық агенттерді көму орындарының су басуы немесе су жайылуы;
4) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің экологиялық жағдайларға бейім аумақтарда орналасуы;
5) патогенді биологиялық агенттерді тасмалдау.
2-тарау. Биологиялық тәуекелдерді басқару 1-параграф. Биологиялық тәуекелдерді бағалау
6. Биологиялық тәуекелдерді бағалау патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеуге, ықтимал қауіпті биологиялық объектілерге, инфекциялық және (немесе) паразиттік аурулардың эпидемиялық және эпизоотиялық ошақтарына және ықтимал ошақтық аумаққа қатысты жүргізіледі.
7. Биологиялық тәуекелдерді бағалау ішкі және сыртқы болып бөлінеді.
8. Биологиялық тәуекелдерді ішкі бағалауды патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын субъектілер жүргізеді.
Ішкі бағалау шеңберінде тәуекел деңгейі және оны жоюға немесе ең төменгі деңгейге дейін төмендетудің ықтимал шаралары бағаланады. Ішкі бағалау нәтижелері бойынша Объектінің биологиялық қауіпсіздігі туралы қорытынды еркін нысанда жасалады.
9. Объектінің биологиялық қауіпсіздігі туралы қорытынды:
1) персонал мен халыққа жақын тұратын адам үшін қауіпті объектінің тәуекел деңгейі туралы;
2) қауіпті объектіде экологиялық жағдайлардың туындау мүмкіндігі туралы;
3) ықтимал салдарларды бағалау туралы;
4) экологиялық жағдайлардың алдын алу жөніндегі іс-шараларды және қауіпті объектідегі экологиялық жағдайларды жоюға әзірлікті бағалау туралы;
5) қауіпті объектідегі экологиялық жағдайлардың қатері мен салдарларын азайту жөніндегі іс-шаралар туралы;
6) азаматтық қорғаудың объектілік құралымдарының қауіпті объектідегі экологиялық жағдайларды жоюға әзірлігі мен жарақтандырылуы туралы;
7) персоналдың жеке қорғану құралдарының болуы және жай-күйі туралы ақпаратты қамтиды.
Қорытындыға биологиялық тәуекелдерді жою немесе жол берілетін деңгейге дейін төмендету жөніндегі қорытындылар мен ұсынымдар қоса беріледі.
10. Жыл сайын тиісті жылдың 1 қаңтар жағдайы бойынша объектінің биологиялық қауіпсіздігі туралы қорытынды экологиялық реттеу және бақылау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне ұсынылады.
11. Биологиялық қатерлерді сыртқы бағалау мүдделі мемлекеттік органдардан, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарынан және патогенді биологиялық агенттерді пайдаланатын ұйымдардан, сондай-ақ азаматтық қорғаныс және өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау нәтижелері бойынша ақпарат жинау арқылы жүргізіледі.
12. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды жүргізу тәртібі мынадай кезеңдерден тұрады:
1) ықтимал қауіпті биологиялық объектілер бойынша мәліметтер мен деректерді жинау және талдау (экологиялық реттеу және бақылау, биологиялық қауіпсіздік, ветеринария, өсімдіктер карантині жөніндегі, өсімдіктерді қорғау саласындағы уәкілетті органдардың және ұйымдардың ұсынған деректеріне сәйкес);
2) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің ішкі есебін жүргізу;
3) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде өрт қауіпсіздігі және азаматтық қорғаныс саласында мемлекеттік бақылауды жүргізу.
13. Биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалауды жыл сайын тиісті жылдың 1 қыркүйегіне дейін экологиялық реттеу және бақылау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері белгіленген құзыреті шегінде жүргізеді. Сыртқы бағалау қорытындысы бойынша биологиялық тәуекелдердің болуына және тәуекелдерді жол берілетін деңгейге дейін төмендету жөніндегі іс-шаралардың тиімділігіне талдау жасалады. Өткізілген іс-шаралардың нәтижелері Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетіне ұсынылады.
14. Экологиялық реттеу және бақылау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен биологиялық тәуекелдерді сыртқы бағалау нәтижелері бойынша биологиялық тәуекелді жол берілетін деңгейге дейін төмендету жөніндегі іс-шараларды әзірлеу жөнінде ұсынымдар жасалады және аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарына және патогенді биологиялық агенттерді пайдаланатын ұйымдарға жіберіледі.
2-параграф. Биологиялық тәуекелдерді азайту бойынша іс-шараларды ұйымдастыру
15. Патогенді биологиялық агенттермен жұмыс істеу бойынша қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда (объектілерде) биологиялық қатерлерді төмендету мақсатында мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) осы Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесінің қосымшасына сәйкес ықтимал қауіпті биологиялық объектінің қауіпсіздік паспорты әзірленеді;
2) тасымалдау басталғанға дейін үш күнтізбелік күн бұрын экологиялық реттеу және бақылау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелесін патогенді биологиялық агенттерді тасымалдау көзделетіні туралы хабардар етеді;
3) экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асырады;
4) ықтимал қауіпті биологиялық объектілерді салу, реконструкциялау кезінде экологиялық қауіпсіздіктің инженерлік-техникалық іс-шараларын ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
5) объект аумағын және жұқтырудың есептік аймағына түсетін халықты қамти отырып, ықтимал қауіпті биологиялық объектілерде жергілікті құлақтандыру жүйесін ұйымдастыруды және орнатуды жүзеге асырады;
6) экологияляқ қауіпсіздік бойынша іс-шараларды ұйымдастыруды және жүргізуді жүзеге асырады;
7) Экологиялық жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарын әзірлеуді және бекітуді жүзеге асырады;
8) ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің экологиялық қауіпсіздік жоспарын әзірлеуді және бекітуді жүзеге асырады;
9) жеке қорғану құралдарын және биологиялық барлау аспаптарын жинақтауды жүзеге асырады.
16. Биологиялық қатерлерді төмендету мақсатында жергілікті атқарушы органдар мал қорымдарында (биотермиялық шұңқырларда) және қауіпті патогенді биологиялық агенттерді көму және кәдеге жарату орындарында мынадай іс-шаралар жүргізеді:
1) жыл сайын су тасқыны кезеңі басталар алдында мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды) және қауіпті патогенді биологиялық агенттерді көму және кәдеге жарату орындарын қарап-тексеру актісін жасай отырып, көзбен шолып қарап-тексеру жүзеге асырылады;
2) жылына кемінде бір рет экологиялық жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның отырыстарында тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің биологиялық қауіпсіздігінің жай-күйі туралы мәселелері қаралады;
3) аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары жыл сайын тиісті жылдың 1 шілдесіне дейін экологиялық реттеу және бақылау саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 3 ақпандағы № 35 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19987 болып тіркелген) Мал қорымдарының (биотермиялық шұңқырлардың) тізілімін жүргізу қағидаларына қосымшаға сәйкес мал қорымдары (биотермиялық шұңқырлар) туралы деректерді (мәліметтерді) ұсынады.
Биологиялық тәуекелдерді басқару әдістемесіне қосымша |
Ықтимал қауіпті биологиялық объектілердің паспорты
№ р/с | Сұрақтар | Ақпарат | Ескертпе |
1 | Экологиялық қауіпсіздік бойынша санаттағы объектінің атауы, мекенжайы, | ||
2 | Басшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), байланыстары (ұялы, жұмыс телефоны, кезекшінің телефоны) | ||
3 | Объектінің қысқаша сипаттамасы және патогенді биологиялық агенттің түрі | ||
4 | Патогенді биологиялық агенттің саны (бірл./кг.) | ||
5 | Экологиялық жағдайда эпидемияның пайда болу қаупі және олардың қысқаша сипаттамасы | ||
6 | Ықтимал қауіпті биологиялық объектідегі жұмысшылар мен қызметшілердің саны | ||
7 | Теріс әсерден қорғау құралдары (дезинфекциялау машиналарының түрі, саны, жай-күйі және маркасы, өңдеуге арналған химикаттардың көлемі) | ||
8 | Теріс әсерден қорғауды қалыптастыру (күштер мен құралдар, жеке құрам, техника) | ||
9 | Жергілікті құлақтандыру жүйесінің болуы және қамту аймағы, жай-күйі | ||
10 | Басқа да мәліметтер |