Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әуе-десанттық даярлығы жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 17 сәуірдегі № 300 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 18 сәуірде № 32330 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 22 маусымдағы № 607 қаулысымен бекітілген Ішкі істер министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 143) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әуе-десанттық даярлығы жөніндегі қағидалар бекітілсін.

      2. Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
М. Ахметжанов

  Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
2023 жылғы 17 сәуірдегі
№ 300 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
2023 жылғы 17 сәуірдегі
№ 300 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әуе-десанттық даярлығы жөніндегі қағидалар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әуе-десанттық даярлығы жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әуе-десанттық даярлығы тәртібін және парашютпен секіру орындалған нормаларды айқындайды.

      2. Әуе-десанттық даярлық (бұдан әрі – ӘДД) міндеттеріне парашютпен секіру және десанттау кіретін жеке құрамды қызметтік-жауынгерлік даярлаудың негізгі пәндерінің бірі болып табылады. ӘДД мақсаты оқу-жаттығу, оқу-жауынгерлік және арнайы міндеттерді орындау үшін жеке құрамның, қару-жарақтың, әскери техника мен жүктің ұдайы әзірлігін қамтамасыз ету болып табылады.

      3. Парашюттік даярлық:

      1) парашютпен секіруді (десанттауды) жіктеуді;

      2) әуе-десанттық даярлықты жалпы ұйымдастыруды;

      3) парашютпен секірудің (десанттаудың) қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі шарттарды қамтиды.

      4. Әуе-десанттық даярлықты және адамдар мен жүкті парашютсіз десанттауды жүргізу үшін Әуе-десанттық даярлық курсы, ӘДД мамандарының лауазымдық нұсқаулары әзірленеді және оларды Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы бекітеді.

      5. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) әуе-десанттық даярлық – жеке құрамды, қару-жарақты, әскери техниканы және жүкті әскери-көлік авиациясының тікұшақтарымен және ұшақтарымен десанттауға даярлау және үйрету жөніндегі іс-шаралар;

      2) десанттау – жауынгерлік (оқу-жауынгерлік) міндеттерді орындау үшін жеке құрамды (жүкті), техниканы әуемен лақтыру (түсіру);

      3) десантшы – үйретуден өткен және әуедегі, сонымен қатар жердегі ұшу аппаратынан әртүрлі тәсілмен десанттауды орындайтын маман;

      4) жердегі даярлық – парашютшінің (десантшының) жерде парашютпен секіру (парашютсіз десанттау) үшін қажетті білімін, ептілігі мен іс жүзіндегі дағдысын қалыптастыру және жетілдіру процесі;

      5) жерге түсу (суға түсу) – секірудің аяқталу кезеңі, ол парашютшіден белгіленген қауіпсіздік қағидаларына зейін қоюды және оны қатаң сақтауды талап етеді;

      6) жіберуші – парашютшілерді (жүкті) стартта даярлауды, ұшу аппаратынан парашютшілерді (десантшыларды) және жүкті түсіруді орындайтын даярланған парашютші (десантшы);

      7) ӘДД маманы – парашютпен секіруге (десанттауға) үйретуге, даярлауға және жүргізуге тартылған адам;

      8) парашюттік даярлық – ұшу-көтерілу құрамын парашютпен секіруге, әуе кемесін мәжбүрлі тастап кетуге үйрету процесі;

      9) парашюттік-десанттық даярлық – арнайы мақсаттағы бөлімдер мен бөлімшелердің жеке құрамын, қару-жарағын, әскери техникасын және жүгін әртүрлі типтегі әуе кемесінен десанттауға даярлау және үйрету жөніндегі іс-шаралар;

      10) парашюттік жүйе – парашюттің көмегімен парашютшіні немесе жүкті жеткізуге арналған бұйым жиынтығы;

      11) парашютші – үйретуден өткен және әуедегі ұшу аппаратынан парашютпен секіретін маман.

2-тарау. Парашютпен секіру (десанттау) жіктемесі

      6. Парашютпен секіру (парашютпен десанттау) десанттау үшін көзделген барлық үлгідегі әуе кемелерінен орындалады және мынадай болып бөлінеді:

      1) оқу-жаттықтыру – бастапқы үйрету және жаттығулар (міндеттер) бойынша жетілдіру кезінде;

      2) оқу-жауынгерлік – оқу-жаттығуларды (тактикалық, тактикалық-арнайы) өткізу, әскерлерді тексеру (инспекциялау) кезінде;

      3) жауынгерлік – жауынгерлік міндеттерді орындау кезінде;

      4) мәжбүрлі – өмірді құтқару үшін ұшуда авариялық жағдай туындаған кезде;

      5) спорттық – жарыстар, біріншіліктер, чемпионаттар өткізу және оларға дайындалу кезінде;

      6) көрнекі – парашютизмді танымал ету, құтқару құралының мүмкіндігі мен сенімділігін көрсету мақсатында секіру және десанттау кезінде;

      7) сынау – парашюттік жүйелерді және десанттық техниканы сынау және зерттеу кезінде;

      8) эксперименттік – парашюттердің, қару-жарақтың, керек-жарақтың пайдалану сипаттамасын айқындау және әуе кемесінен десанттау техникасын пысықтау кезінде.

      7. Парашютпен секіру (десанттау) биіктігі бойынша:

      1) төменгі шекті биіктіктен жер бедері үстінен 200 метрге дейін;

      2) төменгі биіктіктен 200 – 400 метрге дейін;

      3) орта биіктіктен 400 – 4000 метрге дейін;

      4) жоғары биіктіктен 4000-12000 метрге дейін;

      5) стратосферадан 12000 метрден жоғары болып бөлінеді.

      8. Әуе кемесінің бір айналымында секіретін парашютшілер саны бойынша секіру жеке және топпен болып бөлінеді.

      9. Парашюттің ашылу уақытына қарай секіру парашютші әуе кемесінен түскеннен кейін парашют 3 секундтан кешіктірмей ашылған кезде дереу ашылып секіру және парашют 3 секундтан асып ашылған кезде кідіріспен ашылып секіру болып бөлінеді.

      10. Әуе кемесінің ұшу жылдамдығы бойынша секіру (десанттау):

      1) ұшу жылдамдығы төмен – сағатына 200 километрге (бұдан әрі – км/сағ.) дейін;

      2) ұшу жылдамдығы орташа – 200-ден 350 км/сағ. дейін;

      3) ұшу жылдамдығы жоғары – 350 км/сағ. астам болып бөлінеді.

      11. Қалықтау тәсілі бойынша секіру еркін қалықтап секіру және қалыпты қалықтап секіру болып бөлінеді.

      12. Парашюттің ашылу тәсілі бойынша секіру:

      1) ранец клапандарын мәжбүрлі ашумен секіру (оның ішінде парашют күмбезінен тартып шығару бауымен тысты (камераны) мәжбүрлі тартумен);

      2) парашютші қолмен ашатын ашу айла-бұйымы көмегімен парашютті қолмен ашып секіру;

      3) парашютті ашу парашютшінің қатысуынсыз аспап көмегімен ашылған кезде парашюттің автоматты түрде ашылуымен секіру болып бөлінеді.

      13. Тәулік уақыты бойынша парашютпен секіру күннің шығуы мен батуы аралығында орындалатын күндізгі және іңірді қоса алғанда, күннің батуы мен шығуы аралығында орындалатын түнгі болып бөлінеді.

      14. Түсетін қабат түрі бойынша: құрлыққа, суға.

      15. Парашютпен секіру күрделілік дәрежесі бойынша қарапайым және күрделі болып бөлінеді.

      Қарапайым секіруге жеке немесе топпен күндіз, қолайлы ауа райы жағдайы кезінде, парашюттің ашылуын кідіртумен немесе 20 секундқа дейін құлауды тұрақтандырумен, орташа биіктікте және шамалы ұшужылдамдығында орындалатын парашютпен секіру жатады.

      Күрделі секіруге:

      1) жіберушінің функцияларын орындаумен;

      2) шеңбер түріндегі парашютпен жерде жел жылдамдығы секундына 5 метрден (бұдан әрі – м/с) астам және "Қанат" түріндегі парашютпен 8 м/с астам болған кезде күндіз;

      3) 400 метр биіктіктен және одан төмен;

      4) 4000 метр биіктіктен және одан жоғары;

      5) парашюттің ашылуын 15 және одан астам секундқа кідіртумен немесе тұрақтандырумен;

      6) түнде;

      7) бұлтта және бұлттан шығумен;

      8) суға;

      9) орманға;

      10) тауға, оның ішінде тау беткейіне (биіктігі теңіз деңгейінен1000 метр және одан жоғары жергілікті жерде);

      11) көлемі шектеулі алаңға;

      12) жүк контейнерімен;

      13) арнайы керек-жарақпен;

      14) дайындалмаған алаңға;

      15) 200 км/сағ. және одан астам жылдамдықпен;

      16) қару-жарақпен (пистолеттен басқа);

      17) десантталатын жүк (техника) соңынан;

      18) ауа температурасы жерде минус 20оС және одан төмен, сондай-ақ плюс 30оС және одан жоғары болған кезде;

      19) жолаушымен екі орынды парашюттік жүйеде;

      20) күмбездік және топпен парашюттік акробатика жаттығулары бойынша;

      21) фотожәне бейнетүсірілім жүргізумен парашютпен жеке және топпен орындалатын секіру жатады.

3-тарау. Әуе-десанттық даярлықты жалпы ұйымдастыру

      16. Әуе-десанттық даярлық жауынгерлік даярлықтың құрамдас бөлігі болып табылады және осы Қағидаларға сәйкес жүргізіледі. Жеке құрамды әуе-десанттық даярлау оқу жылы ішінде жүйелі түрде жүргізіледі.

      17. Әуе-десанттық даярлық бойынша сабақ көрнекі құралдарды (схемалар, кестелер, стенділер, бейне және фотоматериалдар), тренажерларды, парашюттер мен парашюттік жүйелерді барынша пайдаланумен өткізіледі.

      18. Парашютпен секіруге жердегі даярлықтан өткен, сынақ тапсырған және медициналық комиссия рұқсат еткен жеке құрам жіберіледі.

      19. Жеке құрамда парашютпен секірудегі ең көп үзілістің 12 айдан асып кетуіне жол берілмейді. Парашютпен секіруде үзіліс мерзімі 12 ай және одан көп болған кезде жеке құраммен бақылау сабағы өткізіледі.

      20. Ұшуға алғаш жіберілген Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының ұшқыштар құрамы кемінде екі рет парашютпен секіреді.

      21. Медициналық көрсеткіштер бойынша рұқсат етілген және ұшуда пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес құтқару парашюттерін пайдалану көзделген әуе кемелерінде ұшатын ұшқыш құрамы жылына кемінде екі рет парашютпен секіреді.

      22. Оқу жылы ішінде парашютпен секірмеген ұшқыш құрамы ол парашютпен секіруді орындағанға дейін ұшудан шеттетіледі (медициналық көорсеткіштер бойынша босатылғандар мен жасы 40-тан асқандардан басқа).

      23. Лауазымды адамдар парашютпен секіруді ұйымдастыруға және жүргізуге тартылған жеке құраммен:

      1) ӘДД лауазымды адамдарымен және мамандарымен оқу-әдістемелік жиындарды;

      2) ӘДД мамандарын үйрету бойынша, бұрын алған дағдыларын сақтау және оларды жетілдіру, біліктілігін арттыру бойынша оқу-жаттықтыру жиындарын;

      3) парашютпен секіруді ұйымдастыруға және жүргізуге тартылған жеке құраммен арнайы атақ беруге және біліктілігін растауға кандидаттар деңгейін бағалау бойынша жиындарды;

      4) парашюттік жүйелерді жинауды және жеке құрамды және жүкті десанттауға дайындауды дербес бақылауды растау және рұқсаттама алу бойынша жиындарды өткізу көзделген даярлық жоспарын жыл сайын бекітеді.

      Жиындар ұзақтығы шешілетін міндеттер ауқымымен және күрделілігімен айқындалады. Парашютпен секіруді (десанттауды) ұйымдастыруға қатысатын мамандарды тартумен, сондай-ақ жеке құрамды даярлау бойынша жиындар жылына кемінде 2 (екі) рет өткізіледі.

      24. Жердегі даярлық бойынша үйретуге және дағдыларын жетілдіруге парашютпен секіретін (десантталатын) барлық жеке құрам тартылады.

      25. Парашюттік даярлықты ӘДД жоспарлау әскери қызмет қауіпсіздігі талаптарын және парашютпен секіру кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтауды ескере отырып, қойылған міндеттер, қол жеткізілген деңгей, ауданның климаттық-географиялық ерекшелігі, парашюттік-десанттық техниканың және әуе кемелерінің болуы негізінде жүргізіледі.

      26. Парашютпен секіруге (десанттауға) жіберу, парашюттердің, парашюттік жүйелердің жаңатиптерін меңгеру, парашютпен секірудің (десанттаудың) күрделі түрін орындау әскери бөлім бойынша бұйрықпен сынақ қабылдау актілері мен ведомостары негізінде ресімделеді.

      27. Парашютпен секірудің (десанттаудың) жылдық нормасы кемінде былай белгіленеді:

      нұсқаушы-парашютшіге кемінде – 12;

      ӘДД мамандарына (құтқару парашюттік – десанттық топ, арнайы мақсаттағы бөліністің әскери қызметшілеріне) – 6;

      ұшқыш құрамына – 2.

      Әскери қызметшілердің парашютпен секірудің (десанттаудың) жылдық нормасын орындау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 ақпандағы № 129 4 тармағының 4) тармақшасына сәйкес оларға жеңілдікті еңбек сіңірген жылдарын есептеу құқығын береді.

      28. Парашютпен секіруді қамтамасыз ету орындалатын міндеттердің сипатын ескере отырып, мемлекеттік авиацияның қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің негізінде жүзеге асырылады.

      29. Парашюттік-десанттық мүлікті және әуе-десанттық техниканы пайдалану, сақтау және жөндеу өндірушілердің техникалық құжаттамасына сәйкес жүзеге асырылады.

4-тарау. Парашютпен секірудің (десанттаудың) қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі шарттар

1-параграф. Парашютпен секіру (десанттау) шарттары

      30. Парашютпен күндіз бұлттылықтың төменгі жиегі 200 метр және көріну 2 километр, түнде бұлттылықтың төменгі жиегі 600 метр және көріну 4 километр болған кезде қарапайым және күрделі метеорологиялық жағдайда секіруге рұқсат етіледі.

      31. Жаңадан бастаушы парашютшілер үшін парашютпен секірудің ең төменгі биіктігі (таныстыру секіруі) – кемінде 800 метр.

      32. Спорттық парашюттер мен "Қанат" түріндегі арнайы мақсаттағы парашют жүйелері үшін оқу-жаттығу секіруінің ең төменгі биіктігі – кемінде 800 метр. "Қанат" түріндегі жаңа парашютті меңгеру кезіндегі ашылу биіктігі – кемінде 1000 метр. Сақтандыру аспабын қосу парашют жүйесін пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.

      33. Парашютпен секіру мынадай жағдайларда жүзеге асырылады:

      1) парашюттік техниканы дайындауда:

      барлық парашют (парашют жүйесі) мен аспап тексерілген, жиналған (құрастырылған), пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес техникалық қарап-тексерілген;

      парашюттік-десанттық техникаға арналған құжаттама ресімделген;

      парашюттік-десанттық техника пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа және әдістемелік нұсқауларға сәйкес қолданылады;

      2) парашютшілердің рұқсаттамасында:

      жеке құрам әскери бөлім командирінің (мекеме, оқу орны басшысының) бұйрығымен парашютпен секіруге жіберілген;

      парашютшілер дәрігерлік комиссиямен парашютпен секіруге жіберілген, орындалатын жаттығулар (міндеттер) бойынша сабақ өткізілген;

      алдын ала даярлау жүргізілген;

      әзірлігін бақылауда парашютшілер жоспарланған жаттығулар (міндеттер) бойынша білімдерін "жақсыдан" төмен емес бағаға көрсетті;

      3) парашютпен секіруді ұйымдастыруда:

      тиісті әскери бөлім командирінің бұйрығымен жіберілген, парашютпен секіруді жүргізуді қамтамасыз ететін лауазымды адамдар;

      медициналық қамтамасыз етудің болуы;

      старттық мүліктің, байланыс құралдарының, ауысымға метеоқамтамасыз етудің болуы және метеожағдайдың парашютшілердің даярлық деңгейіне сәйкес келуі;

      парашютпен секіруге және әуе кеңістігін пайдалануға рұқсаттың болуы.

      34. Парашютпен секіру кезінде парашюттерді мәжбүрлеп (қолмен) аша отырып, тарту бауларының (камералардың, арқандардың, парашют буындарының) карабиндерін жіберуші немесе оның командасы бойынша парашютшілер өздері бекітеді. Барлық жағдайда жіберуші карабиндердің бекітілуін бақылайды.

      35. Қайта жинау, техникалық қарап-тексеру және пайдалану мерзімі өткен парашютпен (парашют жүйесімен) секіруге жол берілмейді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген талаптардың сақталуын бақылауды ӘДД лауазымды адамы жүзеге асырады.

      36. Конструкциясында сақтандыру аспаптарын орнату көзделген барлық парашютпен парашют жүйесінде аспаптар оларды қолдану шарттарына сәйкес орнатылады.

      37. Негізгі парашютте аспаптың іске қосылу биіктігі атмосфералық қысымға байланысты, бірақ қону алаңы жер бедерінің үстінен 600 метрден төмен емес болып белгіленеді.

      Конструкциясында қосалқы парашютте аспапты орнату көзделген парашюттер мен парашют жүйелерінде аспаптың іске қосылу биіктігі қону алаңы жер бедерінің үстінен 300 метрден төмен емес (немесе аспапқа нұсқаулықта сәйкес) болып белгіленеді.

      Электрондық аспаптың іске қосылу биіктігі аспаптың алдын ала белгіленген жұмыс режимдерімен айқындалады.

      38. Парашютпен секіруге дайындық кезінде әуе кемесінің экипажы жіберушімен бірге десанттық-көлік жабдығының болуы мен жай-күйін, есіктің жиегін (өткір жиектің болмауын) және парашютпен секіру қауіпсіздігіне ықпал ететін әуе кемесінің конструкциясында көзделген элементтерді, болған кезде жарық және дыбыс дабылдамасының ақаусыздығын тексереді.

      39. Секіруге басшылық жасау үшін жетекші ұшуға басшылық жасау тобымен және парашютшілерді десанттауды жүзеге асыратын экипажбен екіжақты радиобайланысты орнатады. Парашютпен секіру жетекшісі мен әуе кемесінің командирі арасындағы тұрақты екіжақты байланыссыз десанттауға жол берілмейді.

      40. Экипаж парашютшілерді әуеайлақтан алыс орналасқан алаңдарға десанттаған кезде парашютшілерді түсіру басталғанға дейін алаңда парашютпен секіру жетекшісімен байланысты орнатады және қону алаңында алаңның парашютшілерді қабылдауға дайын екенін білдіретін көрініп тұратын белгінің болуына көз жеткізеді.

      41. Парашютпен секіруді ұйымдастыру кезінде жергілікті жер бедері, желдің соғу режимі, төселетін беттің біркелкі жылынбау мүмкіндігі және атмосфераның жоғары турбуленттігі ескеріледі.

      Ауданы 1 шаршы километрден асатын және жағалау сызығынан 1,5 километр жақын су тоғанына жақын жерде парашютпен секіру кезінде парашютшілер құтқару кеудешелерімен немесе белдіктерімен жабдықталады, ал су тоғандарында жүзу құралдары және абайсызда су тоғанына түскен парашютшілерге көмек көрсету құралдары бар кезекші құтқарушылар тағайындалады.

      42. Парашютші парашютпен секіру үшін оны екі рет тексермей әуе кемесіне отырғызуға жіберілмейді.

      43. Әуе кемесінің бортында барлық парашютші жіберушінің командаларын орындайды. Бортта парашютші қалған болса, жіберушіге әуе кемесін тастап кетуге жол берілмейді.

      44. Жеке құрам мен жүктерді (техниканы) бірге десанттау кезінде бірінші кезекте жүк (техника) десантталады.

      45. Алдын ала даярлық және секіру алдындағы нұсқау техникалық құралдармен дыбыс – және (немесе) бейнетүсірілімді қолдана отырып құжатталады.

      46. Парашютпен секіру басталғанға дейін парашютші (десантшы):

      1) парашютін, керек-жарағын, қару-жарағын дайындайды және тексереді;

      2) медициналық қарап-тексеруден (сұрау) өтеді;

      3) секіру алдындағы даярлықтан (нұсқау беруден) өтеді.

2-параграф. Парашютпен секіру кезіндегі ерекше жағдайлар

      47. ӘДД процесінде әрбір парашютші (десантшы) ерекше жағдайларда әрекет ету дағдыларын зерделейді және меңгереді, оларға:

      1) әуе кемесіндегі;

      2) еркін қалықтаудағы (қалыпты төмендеудегі);

      3) парашют күмбезінің астындағы;

      4) қону кезіндегі әрекеттер жатады.

      48. Ерекше жағдайлардағы парашютшінің әрекеті және қосалқы парашютті қолдану парашютпен секіруге жердегі (секіру алдындағы) және алдын ала даярлық кезінде пысықталады.

      49. Ұшу немесе қону режимінде әрбір парашютші әуе кемесін мәжбүрлі тастап кету әрекетіне дайын болуы қажет. Ең төменгі қауіпсіз тастап кету биіктігі негізгі, қосалқы парашюттің техникалық сипаттамаларымен және ұшу бейінімен айқындалады. Әуе кемесін тастап кетуге команданы экипаж береді, одан кейін оны жіберуші қайталайды.

      Мәжбүрлі тастап кету алдында жіберуші (экипаж мүшесі), ол арқылы тастап кету немесе оны түсіріп жіберу жүргізілетін есікті (люкті) ашады.

      Жіберуші парашютшілердің әуе кемесін мәжбүрлі тастап кету қағидаларын сақтауын қадағалайды және әуе кемесін парашютшілердің соңғысы болып тастап кетеді.

      Әуе кемесі апаттық қонған кезде парашютшілер жайсыз қонуға дайындалады, қауіпсіздік белдіктерін тағады, иегін кеудесіне қысып, басын қолымен жабады, аяғын бүгіп, кеудесіне қарай жинайды. Қонғаннан кейін әуе кемесін шұғыл тастап шығып, қауіпсіз қашықтыққа кетеді.

      50. Түсіру жүргізілетін әуе кемесінің бортында ілініп қалған парашютшіге көмек көрсету құралдары (жүгі, пышағы және ұшында карабині бар сақтандыру бауы) немесе әуе кемесінің конструкциясында көзделген құралдар болады.

      51. Ілініп қалу анықталған кезде жіберуші:

      1) парашютшілерді түсіруді тоқтатады;

      2) парашютшінің жай-күйін айқындайды, оған көрініп байланыс орнатады;

      3) экипаж командирімен әрекет етуді келіседі, әуе кемесінің бортына баудың карабинін бекітеді, жүгі және карабині (пышағы) бар баудың екінші ұшын парашютшіге береді;

      4) адамдардың, механикаландыру құралдарының болуы парашютшіні әуе кемесіне тартып алады.

      52. Парашютшіні әуе кемесінің бортына тартып алу пайдасыз кезде:

      1) қосымша биіктікке көтерілгеннен кейін парашютшіге оның қосалқы парашютті ашуға дайындалуы керек екенін белгілер арқылы көрсетеді;

      2) егер парашютші өз бетінше әрекет етуге қабілетсіз болса, онда жіберуші ұшақты жерге қондыру кезінде парашютші жерге түскен сәтте тарту бауын кесіп жібереді.

      53. Ілініп қалған кезде экипаж командирі:

      1) жіберушімен әрекет етуді келіседі;

      2) ұшу жетекшісіне баяндайды;

      3) ұшу жетекшісінің командаларын орындайды.

      54. Ұшу жетекшісі экипаждың даярлық деңгейін, парашютшінің жай-күйін және оның өз бетінше әрекет ету қабілетін ескере отырып (жіберуші мен экипаждың баяндауы бойынша), парашютші мен әуе кемесі экипажының өмірін сақтауға ұмтыла отырып шешім қабылдайды және экипаж командиріне авариялық жағдайда әрекет ету бойынша команда береді.

      55. Парашютші бортының сыртына ілініп қалған әуе кемесін қондыру үшін қону алаңы айқындалады. Әуе кемесін қондыру алаңына дәрігері бар санитариялық және өрт сөндіру машиналары жіберіледі.

      56. Парашютшінің тікұшақтың сыртына ілініп қалған кездегі әрекеті:

      1) ілініп қалу анықталған кезде жіберуші түсіруді тоқтатады;

      2) парашютшінің жай-күйін айқындайды, оған көрініп, байланыс орнатады;

      3) экипаж командиріне ілініп қалу туралы және өзінің әрекет ету жоспары туралы баяндайды;

      4) ілініп қалған парашютшінің парашют жүйесінің карабинін парашютті мәжбүрлі ашу арқанынан ағытпай, оған тікұшақ салонындағы мықты бекітілген элементтерге осы баудың екінші карабинін іліп сақтандыру бауының карабинін береді. Салонға тыстары (камералары) бар тарту бауларын жинайды және экипаж командиріне қонуға дайын екені туралы баяндайды;

      5) төмендеп келе жатқанда парашютшіні ұдайы қадағалап отырады және экипаж командиріне парашютшінің жерге түскені туралы баяндайды. Қонғаннан кейін оның ауаға толуына жол бермей, парашютшіге парашютті жинауға көмектеседі.

      57. Ілініп қалған кезде экипаж командирі:

      1) кенеттен маневр жасауға жол бермей, тікұшақты төмендеуге ауыстырады;

      2) 20 метр биіктікте қалықтау режиміне жайлап ауыстырады;

      3) қалықтау режимінен парашютшінің жерге түскені туралы баяндауға дейін жайлап төмендеуді орындайды. Күмбезді тыстың негізгі винтке тиюіне жол бермей, бір мезгілде оңға жылжи отырып, одан әрі төмендеуді жүргізеді.

      58. Парашюттің толық ашылмауына:

      1) ранецтің ашылмауы;

      2) тұрақтандырғыштың тоқтамай жұмыс істеуі;

      3) тыстың ашылмай қалуы (парашют күмбезінің камерадан шықпауы);

      4) тартатын парашюттің дене мүшесіне (керек-жарақтың немесе парашют жүйесінің элеметтеріне) ілініп қалуы – "доға";

      5) бір немесе екі бос ұштың өздігінен ажыратылып кетуі жатады.

      59. Парашюттің негізгі ішінара ашылмауына:

      1) күмбездің арқанмен айқасып оралып қалуы;

      2) күмбездің жыртылуы;

      3) күмбез арқанының үзілуі;

      4) кертік құрылғысының орнына келмеуі;

      5) "Қанат" түріндегі парашюттердің бір және одан көп секциясының ауаға толмай қалуы ("жабысып қалуы");

      6) арқанның бұралып қалуы жатады.

      60. Негізгі парашют толық немесе ішінара ашылмаған барлық жағдайда қосалқы парашют қолданылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады