"Поездардың қозғалысы және теміржол көлігіндегі маневрлік жұмыс жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 19 мамырдағы № 291 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2023 жылғы 26 сәуірдегі № 291 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 27 сәуірде № 32379 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Поездардың қозғалысы және теміржол көлігіндегі маневрлік жұмыс жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 19 мамырдағы № 291 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7021 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Поездардың қозғалысы және теміржол көлігіндегі маневрлік жұмыс жөніндегі нұсқаулығында:

      19 және 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Жекелеген бөлек пункттерде станция қызметкерлерінің кезекші штаты таратылған жағдайда Ұлттық инфрақұрылым операторы қолда бар СОБ және байланыс құрылғыларының жүйесіне қарай осындай бөлек пункттерде поездарды қабылдаумен, жөнелтумен және маневрлер жүргізумен байланысты операцияларды орындау бойынша нұсқаулық әзірленеді.

      20. Екі жақты қозғалыс үшін автобұғаттаумен жабдықталған дара жолды аралықтарда поездар қозғалысы екі бағытта да жүзеге асырылады.

      Бір жақты да екі жақты да автобұғаттауы бар қос жолды аралықтарда әрбір жол бойынша жұп поездардың қозғалысы бір, тақтардікі – екінші бас жол бойынша жүзеге асырылады, олардың әрқайсысы осы бағыттағы поездар үшін дұрыс болып табылады.

      Екі жақты автобұғаттауы бар қос жолды аралықтарда екі жақты қозғалыс, егер жолдардың әрқайсысы бір бағыттағы поездарды басымдықпен өткізуге мамандандырылмаса әрбір жол бойынша дара жолды қозғалыс ережелері бойынша жүзеге асырылады.

      Осындай және көп жолды аралықтарда әрбір бас жол бойынша қозғалыс кезінде Ұлттық инфрақұрылым операторы бекітетін нұсқаулық әзірленеді.";

      41 және 42-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "41. Бағытты ауыстыру үшін құрылғылармен жабдықталмаған өтпелік бағдаршамдары жоқ аралықтарға шығу бағдаршамының тыйым салу көрсеткіштері кезінде, басқару аппараттарында кілт-жезлдер болмаған кезде поездардың жөнелуін Ұлттық инфрақұрылым операторы бекітетін нұсқаулық бойынша жүргізіледі. Бұл жағдайда поезды осы Нұсқаулықтың 39-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген рұқсаттар бойынша жүргізіледі.

      Автобұғаттаумен жабдықталған қос жолды аралықтарда локомотивтік бағдаршамның көрсеткіштері бойынша, дұрыс емес жолға шығу бағдаршамы ашылмаса немесе болмаса дұрыс емес жол бойынша қозғалыспен поезды жөнелту автобұғаттаудың іс-қимылы тоқтатылғаннан кейін жүргізіледі.

      42. Станция бойынша кезекшіге автобұғаттаумен жабдықталған аралыққа арналған шығу бағдаршамының тыйым салушы көрсеткіші кезінде бірінші бұғат-учаскенің бостығына көз жеткізбей поезды жөнелтуге тыйым салынады.

      Егер бұрын жөнелтілген поездың бірінші бұғат-учаскені жүріп өтуі үшін қажет уақыт өткен соң басқару аспаптары оның бос еместігін көрсетуді жалғастырса, станция бойынша кезекші бірінші бұғат-учаскенің бостығына оның иелігіндегі басқа құралдармен (бұрын жөнелтілген поездың машинисімен радиобайланыс бойынша сөйлесулер жолымен, сигнал берушілердің, бағыттамалық посты кезекшілерінің, өтпелер бойынша кезекшілердің хабарламалары бойынша көз жеткізеді. Егер 10 минут ішінде станция бойынша кезекші бұрын жөнелтілген поездың орналасқан жерін анықтай алмаса, келесі поезд шығу бағдаршамының тыйым салу көрсеткіші кезінде жөнелтіледі, алайда бұл ретте жетекші локомотивтің машинисі станциядан жөнелтер алдында радиобайланыс бойынша немесе жасыл түсті рұқсат бланкінде белгі қою жолымен бірінші бұғат-учаскенің бостығы туралы мәліметтердің жоқ екендігі туралы ескертіледі.

      Осындай жағдайларда оларда өтпелік бағдаршамдар жоқ, автобұғаттауы бар қысқа аралықтарға поездарды жөнелту тәртібін СОБ құрылғыларының жүйесіне және жұмыс жағдайларына қарай Ұлттық инфрақұрылым операторы бекітетін нұсқаулық бойынша жүргізіледі және станцияның техникалық-өкімдік акті мен СОБ құрылғыларын пайдалану тәртібі туралы нұсқаулықтарда көрсетіледі.";

      66-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "66. Поездар қозғалысы кезінде сигнал берудің дербес құралы ретінде автоматты локомотивтік сигнал беру құрылғыларымен жабдықталған учаскелердегі қозғалысты ұйымдастырудың нақты тәртібін осы Нұсқаулықтың талаптарына сәйкес Ұлттық инфрақұрылым операторы бекітетін нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады және станцияның техникалық-өкімдік актіде көрсетіледі.";

      75-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "75. Маневрлар кезінде бағыттамаларды бұруды:

      1) поездық диспетчер орталық пульттен радиобайланыс немесе диспетчерлік байланыс бойынша станциялардың алқымдарында орнатылатын телефондар бойынша маршруттың маневрлік орын ауыстырулар үшін дайындығы туралы тиісті қызметкерлерге нұсқаулар берумен;

      2) станция бастығы немесе станцияны резервтік басқаруға тапсыру кезінде поездарды қабылдау мен жөнелту жөніндегі операциялар жүктелген басқа қызметкер;

      3) поездарды құрастырушы немесе станцияның басқа қызметкері станцияның жекелеген бағыттамаларын жергілікті басқаруға тапсыру кезінде Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулықтың талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Станциялық жолдар бойынша дара локомотивтер мен арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрамның орын ауыстырулары кезінде жергілікті басқаруға берілген бағыттамаларды бұруды локомотив бригадасының бір қызметкері (дрезина жүргізушісі) жүргізеді.

      Бағыттамаларды бұрушы қызметкер әрбір бұрудан кейін үшкірлер жағдайының дұрыстығына жергілікті басқару пультіндегі бақылау аспаптары бойынша немесе үшкірлердің жағдайы бойынша көз жеткізеді.";

      78-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "78. Жергілікті басқару пульттері үнемі құлыптаулы болып табылады. Жергілікті басқару пультіне пайдалану немесе қарап тексеру үшін қол жеткізу рұқсат етілетін қызметкерлер тізбесін, сондай-ақ пульттердің кілттерін беру мен сақтау тәртібін Ұлттық инфрақұрылым операторы бекітеді.";

      85, 86 және 87-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "85. Автобұғаттаудың ақаулығы кезінде аралықты шектеуші станциялардағы поездық диспетчердің нұсқауы бойынша кезекшілікке станциялар бастықтары немесе оларға поездарды қабылдау мен жөнелту жөніндегі операцияларды орындау жүктелген басқа қызметкерлер кіреді.

      Поездық диспетчердің бұйрығымен автобұғаттаудың жұмысы жабылады және поездардың қозғалысы байланыстың телефондық құралдары бойынша белгіленеді. Телефондық байланысқа көшуді ресімдегенге дейін поездық диспетчер станциялар арасындағы аралықтың бостығын белгілейді, ал станцияларды резервтік басқаруға береді.

      Егер автобұғаттауы ақаулы аралықтар онда поездарды қабылдау мен жөнелту жөніндегі операцияларды орындайтын кезекші қызметкерлер штаты жоқ бөлек пункттермен шектелсе, станцияға тиісті қызметкерлерді шақырғанға дейін жекелеген поездар поездық диспетчерде жолдар мен бағыттамалардың жағдайын бақылау болған кезде осы Нұсқаулықтың 12-қосымшасында көзделген нысан бойынша локомотив машинисіне тікелей берілетін поездық диспетчердің тіркелетін бұйрығы бойынша бос аралыққа жөнелтіледі. Мұндай тәртіпті қолдануға рұқсат етілген аралықтар мен поездар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету талаптарын Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулықтың талаптарында көрінеді.

      86. Автобұғаттауды басқару аспаптары қосалқы режим тұтқаларымен немесе бастырмаларымен жабдықталған дара жолды аралықтарда, егер поездық диспетчер аралық нақты бос болғанда оның бос еместігін көрсетудің салдарынан қозғалыс бағытын өзгертпесе және шығу бағдаршамын ашпаса, онда автобұғаттаудың жұмысын жабуды талап етпейді. Бұл жағдайда поездық диспетчер аралықтың бостығын белгілеген соң шектеуші бөлек пункттерге станциялар бастықтарын немесе оларға поездарды қабылдау мен жөнелту жөніндегі операцияларды орындау жүктелген басқа қызметкерлерді шақырады және оларға автобұғаттаудың бағытын арнайы тұтқалардың (бастырмалардың) көмегімен өзгертуге нұсқау береді. Шақыртылған қызметкерлер пломбаны шешеді және бақылау аспаптарының көрсеткіштері бойынша бағытты өзгерту болғанына көз жеткізіп, қосалқы тұтқаларды (бастырмаларды) қалыпты жағдайға орнатады. Бұдан соң поездарды жөнелтуді поездық диспетчер автобұғаттау бойынша жүргізеді.

      Онда қозғалыс бағытын өзгертумен байланысты операцияларды орындау үшін станцияға шақыртылуы мүмкін қызметкерлер штаты жоқ бөлек пункттермен шектелген жекелеген аралықтарда автобұғаттау бойынша қозғалыс бағытын өзгерту үшін қосалқы тұтқалар (бастырмалар) тікелей поездық диспетчердің пультінде орнатылуы мүмкін. Мұндай аралықтардың тізбесі мен қозғалыс бағытын өзгерту жөніндегі операцияларды поездық диспетчердің орындауына Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулықта көрсетілген.

      Автобұғаттау бағытын өзгерту мүмкін болмаған кезде оны пайдалану тоқтатылады.

      87. Әрбір учаске (бағыт) үшін нақты жағдайларды ескере отырып, Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен диспетчерлік орталықтандыру кезіндегі поездардың қозғалысын және маневрлік жұмысты ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықтар әзірленеді.";

      110-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "110. Автоматты бұғатпостылармен, түйісу жолдарына қызмет көрсететін бұғатпостылармен, жолдық дамуы бар бөлек пункттердің орнына мерзімді ашылатын бұғатпостылармен (соңғысы тәулік бойы емес қолданыстағы) жабдықталған аралықтарда поездардың қозғалысын ұйымдастыру құрылғы жүйесіне байланысты Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулықта көрсетілген.";

      145-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "145. Олар үшін өткізу қабілетін ұлғайту үшін жол постылары ашылатын аралықтар бойынша жезлдық жүйе кезіндегі поездар қозғалысы Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулығына сәйкес жүзеге асырылады.";

      187-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "187. Станция арасындағы аралықтың бөлек пункті болып табылатын постыға түйіспе болған кезде, түйіспедегі станциядан және түйіспеден станцияға дұрыс жол бойынша поезд Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулық бойынша жөнелтіледі. Поезды жөнелту туралы станция немесе посты бойынша кезекші осы Нұсқаулықтың 34-қосымшасына сәйкес 3-нысан бойынша, ал келуі туралы - 4-нысан бойынша телефонограмма жібереді.

      Егер түйіспеге қосалқы посты қызмет көрсетсе, онда ол түйіспеде немесе түйіспеден жүретін поездар қозғалысы туралы келіссөздерде қатысады. Түйіспеге поезды жөнелту туралы көрші станция және посты осы Нұсқаулықтың 34-қосымшасына сәйкес 3-нысан бойынша ".... км постқа" деген сөздер қосумен хабарлайды.

      Түйіспе бағыттамасы қалыпты жағдайға орнатылған соң поездың келуі туралы посты бойынша кезекші осы Нұсқаулықтың 34-қосымшасына сәйкес 4-нысан бойынша екі станцияның кезекшілерін хабардар етеді. Қосалқы посты қызмет көрсететін түйіспеден поездарды жөнелту көрші станциялардың бірінде осы Нұсқаулықтың 179-тармағында көзделген тәртіппен жүргізіледі.";

      241-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "241. Аралықта тоқтаған поезға артта келе жатқан поездың одан жетекші локомотивті ағытусыз көмек көрсеткіші ерекше жағдайларда ғана, Ұлттық теміржол компаниясы бұйрығымен белгілейтін учаскелерде және көмек көрсету үшін пайдаланылатын поездың салмағы мен ұзындығы белгіленген нормалардан аспаған жағдайда ғана жүргізіледі. Көмек көрсетудің мұндай тәсілі рұқсат етілетін учаскелер мен аралықтарды белгілеумен қатар Ұлттық инфрақұрылым операторы олардың аталған және де басқа операцияларды орындау кезіндегі қызметкерлердің (поездық диспетчерлердің, поездық локомотивтер машинистерінің, станциялар бойынша кезекшілердің) іс-қимылын анықтайды.";

      243-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "243. Автобұғаттаумен жабдықталған аралықта дара локомотив немесе алынбалы емес дрезиналар олардың әрі қарай дербес қозғалысы мүмкін емес тоқтауы кезінде оларды аралықтан жақын станцияға дейін әкету осы поездың локомотивін ағытпай-ақ артта келе жатқан поезбен жүргізілуі мүмкін. Бұл сондай-ақ екі локомотив машинисіне және алдыңғы станция бойынша кезекшіге берілетін поездық диспетчердің бұйрығы бойынша да жүзеге асырылады. Бұл жағдайда тоқтап тұрған локомотивті (дрезинаны) артта келе жатқан поездың локомотивімен тіркеу жүзеге асырылады. Жақын станцияға дейін әрі қарай жүру жылдамдығы 25 км/сағаттан аспайды.

      Мұндай учаскеде жоғарыда көрсетілген іс-қимылдарды қолдану жол жоспары мен бейініне қарай Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулықта көзделеді.";

      248 және 249-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "248. Құрылыстарды және құрылғыларды жөндеу негізінен, поездар қозғалысының кестесін бұзбай қозғалыс қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету кезінде жүргізіледі.

      Поездар қозғалысының кестесінде көлемі бойынша үлкен жөндеу және құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін толаскездер көзделеді және осы жұмыстарды тудыратын жылдамдықты шектеу ескеріледі.

      Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулығына сәйкес жолдардың, жасанды құрылыстардың, байланыс желілерінің және СОБ құрылғыларының ағымдағы күтіп-ұстауы бойынша жұмыстарды орындау үшін поездар қозғалысы кестесінде ұзақтығы 1.5-2 сағат, осы жұмыстарды кешенді машиналар, арнайы бригадалар, механикаландырылған колонналармен орындау кезінде ұзақтығы 3-4 сағат технологиялық толаскез көзделеді.

      249. Поездардың қозғалыс кестесінде көзделмеген уақыт кезеңінде орындалатын жолдарды, түйіспе желісін, СОБ және байланыс құрылғыларын және басқа құрылыстар мен құрылғыларды жөндеу жөніндегі жұмыстар негізінен аралықты жабусыз жүргізіледі. Егер осы жұмыстарды орындау қозғалыста үзіліс қажеттілігін тудырса, олардың басталуы мен аяқталуының дәл мерзімін Ұлттық инфрақұрылым операторы филиалы бекіткен нұсқаулық бойынша белгілейді.";

      267-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "267. Шаруашылық поезын, өзі жүретін арнайы жылжымалы құрамды аралықта жұмыстарды жүргізу үшін станция шегінде жұмыс басшысы немесе ол уәкілеттік берген қызметкер ілесіп жүреді.

      Ұлттық инфрақұрылым операторының нұсқауы бойынша шаруашылық поездарына қажетті жағдайда бас кондукторлар тағайындалады.";

      274-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "274. Өткізу қабілетін (қосылған поездарды өткізу, уақытты шектеумен поездар қозғалысы, автобұғаттаудың уақытша құрылғыларын қолдану, уақытша посттарды ашу) ең үздік пайдалану бойынша қажетті шараларды жүзеге асыру есебінен жолдардың біріндегі жөндеу жұмыстары үшін қос жолды және көп жолды аралықтарда қалған жолдар бойынша поездар қозғалысын Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілейді.

      Сипаты бойынша аралықты жабу талап етілмейтін жолдарды, құрылыстар мен құрылғыларды жөндеу бойынша жұмыстар поездар арасындағы үзілістерде орындалады. Осындай жұмыстарды орындау кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулығында белгіленеді.";

      282-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "282. Станция бойынша кезекшіге сигналды ашуға немесе маневрлерді нақты тоқтатуға көз жеткізуге дейін поездарды қабылдау немесе жөнелту бойынша басқаша рұқсат етуге жол берілмейді.

      Маневрлерді тоқтату, станция бойынша кезекшілерге өкімдер беру және оларды орындау станцияның техникалық-өкімдік актісінде белгіленеді.

      Станцияның сұрыптау-жөнелту паркінде маневрлерді жүргізу Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілейді және станцияның техникалық-өкімдік актісінде көрсетіледі.";

      287-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "287. Егер станциядағы жекелеген бағыттамалар бағыттама посттан елеулі ара қашықтықта орналасқан болса, онда олардың жағдайын және жарамдылығын тексеру әрбір қабылданатын және жөнелтілетін поезд алдында емес, кезекшілікті қабылдағанда және кезекшілік уақыты ішінде мерзім сайын, техникалық-өкімдік актісінде белгіленеді. Мұндай бағыттамалардың жағдайы мен жарамдылығы, егер маршрутты әзірлеу алдында маневрлік жылжулар, тексеру мен жөндеулер үшін ауыстырылған жағдайда тексеріледі. Бағыттамалар бақылау құлыптарымен жабдықталған болады, олардың кілттері басқару аппаратында болады, ал кілт тәуелдігі болмаған кезде – станция бойынша кезекшіде сақталады.

      Мұндай тәртіпті қолдануға рұқсат еткен станция тізбесін Ұлттық инфрақұрылым операторы бекітеді.

      Мұндай бағыттамалардың жағдайын тексеру тәртібі станцияның техникалық-өкімдік актісінде көрсетіледі.";

      289-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "289. Жолаушылар поезы тұрған жолаушылар ғимараты мен жолдар арасында орналасқан жолдардағы жүк поездарын тоқтатуға жол берілмейді. Ерекше жағдайда жүк поездары жолаушылар ғимараты мен жолаушылар поезының арасында тұрақтаған жағдайда жүк поезы тарқатылады, және жолаушыларға арнап (егер өтпеде көпір немесе тоннель болмаса) жасалуы тиіс. Бұл ретте құрама бригада жоқ станцияларда Ұлттық инфрақұрылым операторы нұсқаулықты бекітеді, осы операцияларды орындау үшін тартылуы мүмкін қызметкерлер тізімін көрсете отырып жүзеге асырады.

      Егер поезды, маневрлік құраманы немесе жолаушылар поезы мен жолаушылар ғимараты арасында орналасқан жолдар бойынша локомотивті өткізу қажет болса, станция және вокзал бойынша кезекшілер жолаушыларды отырғызу және түсіру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шараларды қабылдайды.

      Жолаушылар поезы тұрған жолаушылар ғимараты мен жолдар арасында орналасқан жолдар бойынша поездар мен маневрлік құраманы өткізу станцияның техникалық-өкімдік актісінде көзделеді.";

      292-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "292. Станцияның техникалық-өкімдік актісінде көзделмеген жолдағы жолаушылар поезын қабылдау туралы, сонымен қатар кесте бойынша тоқтауы станциядағы жолаушылар поезының кідіруі туралы станция бойынша кезекші радио байланыс бойынша локомотив машинисін хабардар етеді.

      Бір машинист қызмет көрсететін жолаушылар поезын қабылдау және жөнелту алдында станция бойынша кезекші, диспетчерлік орталықтанумен жабдықталған учаскелерде - поезд диспетчері маршруттың дайын екендігі, сигналдың ашық немесе қажет жағдайда поезды мәжбүрлі кідірту туралы машинисті хабардар етеді. Станциялар тізімі, станция бойынша кезекші жергілікті жағдайға және поездар қозғалысының өлшемдеріне байланысты мұндай хабарламаны поезд машинисіне дер кезінде бере алмайды, бұл ретте поездар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету Ұлттық инфрақұрылым операторының нұсқаулығымен белгіленеді.";

      327-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "327. Кіру (маршруттық) бағдаршамы жанбаған кезде маршруттық нұсқағыш (парк немесе қабылдау жолы) поезд станцияда кіру (маршруттық) бағдаршамының рұқсат етуші көрсеткіші бойынша жарамсыз маршруттық нұсқағыштың өтуге қосымша рұқсат етуін машинистке бермей-ақ қабылдайды. Бұл жағдайда машинист станцияға кірер алдында ерекше қырағылық танытуы тиіс.

      Станцияда маршруттық нұсқағыштың ақаулы жағдайында кіру (маршруттық) бағдаршамының өтуі айнымалы және тұрақты ток электр тартқышының түйісуі, сондай-ақ станцияда табандарының ені әртүрлі жолдардың бірігуі Ұлттық инфрақұрылым операторы бекітетін нұсқаулықтарда белгіленеді.";

      336-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "336. Диспетчерлік орталықтанумен жабдықталған учаскелерде, сондай-ақ қызметі аз учаскелерде, станция бойынша кезекшілер кезекшілігі жойылған станцияларда, бір машинист қызмет көрсететін поездар қозғалысының тәртібі, сонымен қатар осындай учаскелердің тізімін Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілейді.

      Диспетчерлік орталықтанумен жабдықталмаған учаскелерде, поездардың аса қарқынды және қарқынды қозғалысы, бір машинистпен поездың жүруіне станция бойынша кезекші ғана рұқсат береді.";

      354-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "354. Тек дұрыс жолмен жүріп келе жатқан поездар үшін автоматты құрылғылармен жабдықталған өтпелері бар аралықтардың, сондай-ақ ұстағыш тұйықтары бар аралықтардың тізбесі осындай аралықтарда поездарды дұрыс емес жолмен жөнелту кезінде қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі қажетті шараларды көрсетумен Ұлттық инфрақұрылым операторының бұйрығымен белгіленеді, бұл ретте бұйрықта өтпелер бойынша кезекшілерді әрбір жөнелтілген поезд туралы алдын ала хабардар етілуі көзделеді. Бұйрықпен арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрамның, поездық локомотивтерінің машинистері таныстырылады.

      Реттеу тәртібімен дұрыс емес жол бойынша жөнелтілетін поездардың машинистері кезекші қызметкер қызмет көрсететін бір жақты автоматты құрылғылармен жабдықталған өтпелерден 40 км/сағаттан артық емес жылдамдықпен, ал кезекші қызметкер қызмет көрсетпейтіндерден – 25 км/сағаттан артық емес жылдамдықпен өтуді қамтамасыз етеді. Өтпе бойынша жүріп өткен соң жетекші локомотивтің машинисі жылдамдықты осы аралық үшін белгіленгенге дейін арттыруға құқылы.";

      364-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "364. Станцияларда тасымалдау қызметі қызметкерлерінің штаты көзделмеген қызметі аз учаскелердегі поездық диспетчерлердің жұмыс тәртібін Ұлттық инфрақұрылым операторы бекітетін нұсқаулықтарда белгіленеді.";

      367-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "367. Орталықтандырылмаған бағыттамаларды маневрлік орын ауыстырулар кезінде ауыстыруды бағыттамалық постының кезекшілері маневрлерге басшылық жасаушы адамның өкімі бойынша жүргізеді. Электрлі орталықтандырылуы бар станцияларда маневрлік орын ауыстырулар кезінде бағыттамаларды ауыстыруды станция бойынша кезекші немесе орталықтандыру постының операторы жүзеге асырады. Бағыттамаларды орталықтан жергілікті басқаруға берген жағдайда, сондай-ақ бағыттамалық постының кезекшісі қызмет көрсетпейтін орталықтандырылмаған бағыттамаларды маневрлер жүргізу кезінде бағыттамаларды құрастыру немесе локомотив бригадалары қызметкерлерінің, кондукторлардың, парктер бойынша кезекшілердің, станциялар бойынша кезекшілердің, станция бастығының, жүк және багажды қабылдаушы-тапсырушылардың, локомотив, вагон деполары қызметкерлерінің ауыстыруына рұқсат етіледі.

      Аталған қызметкерлердің маневрлер кезінде бағыттамаларды ауыстыруына рұқсат берілетін станциялардың тізбесін, бағыттамалардың нөмірлері мен оларды ауыстыру тәртібін Ұлттық инфрақұрылым операторы бекітетін нұсқаулықта бекітіледі және станцияның техникалық - өкімдік актісінде көрсетіледі.";

      383-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "383. Вагондардың орнын қолмен ауыстыру кезінде:

      1) олардың орнын 3 км/сағаттан артық жылдамдықпен ауыстыруға, бұл ретте вагондар тиісінше тіркелген;

      2) оларды бас және қабылдау-жөнелту жолдары бағытында шекті бағаншадан тыс шығаруға;

      3) тежегіш табандықтары болмаса орын ауыстыруды бастауға;

      4) тежеу үшін доңғалақтар астына шпалдар, тастар, сүймендер және басқа заттар салуға жол берілмейді.

      Адамдар және қауіпті жүктері бар вагондарды қолмен жылжытуға жол берілмейді.

      Вагондардың кабестандармен қозғалуы, электр шпильдермен және басқа да механикалық құралдармен орын ауыстыруының тәртібі жағдайларға қарай Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен арнайы нұсқаулықтармен белгіленеді.";

      386-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "386. Маневрлік жұмысты құрастырушы немесе құрастыру бригадасы (құрастырушы және оның көмекшісі), сондай-ақ бас кондуктор немесе кондукторлық бригада жүргізеді. Жергілікті жағдайларға қарай маневрлерді жүргізу үшін құрастыру бригадасын немесе бір құрастырушыны тағайындауды Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілейді.

      Маневрмен айналысушы қызметкерлерді орналастыруды маневрлердің басшысы жүргізеді (станция бойынша кезекшісі, маневрлік диспетчері, сұрыптау дөңесі немесе парк бойынша кезекшісі).

      Маневрлік локомотивке бір машинистің қызмет көрсеткіші локомотив үлгісіне және жергілікті жағдайға қарай Ұлттық теміржол компаниясының рұқсаты бойынша жүргізілуі мүмкін.";

      398-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "398. Құрама поездармен жұмыс істейтін локомотив бригадалары, сондай-ақ маневрлік жұмыстар жүргізу үшін бөлінген кондукторлар мен құрастыру бригадалары техникалық-өкімдік актісінде көрсетілген станциядағы маневрлік жұмыс тәртібімен танысады. Техникалық-өкімдік актісінде көрсетілген маневрлік жұмыс шарттарымен міндетті таныстыруды локомотив және құрастыру бригадаларын, кондукторларды Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілейді.

      Маневрлер жүргізуші локомотивтің машинисіне онда вагондар қалатын жолдан шығу үшін локомотивті қозғалысқа келтіруге осы Нұсқаулықтың 415, 416-тармақтарында белгіленген ережелерді орындаумен маневрлер басшысынан радиобайланыс, екі жақты парктік радиобайланыс құрылғылары бойынша, маневрлерге қатысушы басқа қызметкер арқылы немесе жеке олардың бекітілуі туралы хабарлама алмай рұқсат етілмейді.";

      409-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "409. Поездардың құрамдарын 0,0025-тен артық еңістігі бар, вагондардың поездарды қабылдау және жөнелту маршруттарына және іргелес аралыққа шығып кетуін болдырмайтын құрылғылармен жабдықталмаған станцияларда немесе жекелеген станциялық жолдарда локомотивтерсіз қалдыруға жол берілмейді.

      Мұндай станциялар мен станциялық жолдардың тізбесі Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулықта белгіленеді.";

      420-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "420. Вагондарды сұрыптау үшін дөңестері бар станцияларда маневрлер Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулықтарға сәйкес жүргізілуі тиіс, оларда сондай-ақ құрамдарды тарату процесін автоматтандыру құрылғыларын пайдалану тәртібі де көрсетіледі.

      Сұрыптау дөңестерінің жұмысы жөніндегі нұсқаулықтарда сондай-ақ вагондардың сұрыптау жолдарынан сұрыптау дөңесіне қарама-қарсы алқымға жүріп кету мүмкіндігін болдырмайтын (қоршаушы тежегіш табандықтарын төсеу, ағытпаларды парктің тереңінде тежеу, сұрыптау дөңесі мен сұрыптау паркі қызметкерлерінің арасындағы келісушіліктер және басқа шаралар) шаралар да көзделеді.";

      426-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "426. Таратуға қатысушы барлық қызметкерлер мұндай ағытпаларды дөңестен түсіру кезінде, сондай-ақ ерекше сақтықты талап ететін жүктері бар вагондар орналасқан жолда кез келген ағытпаларды тарату кезінде ерекше қырағы болулары, таратудың қауіпсіздігі мен вагондардың сақталуын қамтамасыз етулері тиіс. Жылжыту жылдамдығын, сондай-ақ баяулатқыштардағы тежеу күшін ағытпалар арасында қажетті қашықтықтар құруды және осы вагондардың басқа вагондармен соқтығысуларының белгіленген жылдамдықтарын сөзсіз сақтауды ескере отырып реттеу қажет. Таратылатын құрамда Теміржолдар бойынша жүктерді тасымалдау қағидаларында және Теміржолдар бойынша ерекше сақтықты талап ететін қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларында аталған жекелеген санаттағы жүктері бар вагондардың барлығы туралы қызметкерлерді хабардар ету Ұлттық инфрақұрылым операторы нұсқаулықтарында белгіленеді.";

      458-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "458. Көзделген ескертулерді беруге арналған өтінімдері бар жеделхаттар (телефонограммалар) ескертулерді беру станциясы бойынша кезекші оларды ескертулердің қолданысы бастағанға дейін 3 сағаттан кеш емес, ал поездар 3 сағаттан артық тоқтаусыз жүретін бағыттарда - Ұлттық инфрақұрылым операторы нұсқаулықта белгіленген уақыттан кеш емес алатындай есеппен беріледі.

      Өтінімдердің, жеделхаттардың немесе телефонограммалардың белгіленген мекенжайлар бойынша уақтылы жеткізуін қамтамасыз ететін ескертулер белгілеу немесе күшін жою туралы өтінімдер, жеделхаттар немесе телефонограммалар тапсыру тәртібін Ұлттық теміржол компаниясы бұйрығымен белгілейді.";

      468-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "468. Ескертулерді беру поездардың құрастырылу станцияларында және оларда поездың техникалық қажеттіліктері үшін аялдамасы бар станцияларда жүргізіледі. Қала маңындағы поездар үшін ескертулерді беруді осы поездар басында жөнелтілетін станциялар жүргізе алады.

      Станциялардың тізбесі мен ескертулерді беру тәртібін Ұлттық инфрақұрылым операторы белгілейді. Осы станцияларға, соның ішінде көрші жолдарда орналасқан аралас учаскелерге жұмыстар басшылары (жұмыстардың қауіпсіз жүргізілуі үшін жауаптылар) ескертулердің орнатылғаны туралы жеделхаттар жіберіледі.";

      544-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "544. Барлық сұрыптау және учаскелік станцияларда, вагондарды тиеу, түсіру, қайта тиеу, бір жолтабанынан екіншісіне ауыстыру станцияларында, сондай-ақ қажет жағдайларда басқа станцияларда да станциялардың техникалық-өкімдік актілерінде қосымша ретінде жарылғыш материалдар тиелген вагондармен жұмыс тәртібі туралы Ұлттық инфрақұрылым операторы бекіткен нұсқаулық әзірленеді.

      Жарылғыш материалдар тиелген вагондармен жұмыс тәртібі туралы нұсқаулық Теміржолдармен қауіпті жүктерді тасымалдау қағидасында баяндалған талаптарға сәйкес келеді.

      Жарылғыш материалдар тиелген вагондары бар поездар және жарылғыш материалдар бар жекелеген вагондар туралы мәліметтерді мұндай поездар мен вагондарға қызмет көрсетуге қатыспайтын адамдарға беруге жол берілмейді.

      Теміржол станцияларының парктік байланысын жарылғыш материалдар бар вагондармен жүргізілетін жұмыстар туралы хабарлау үшін пайдалануға тек басқа байланыс құралдары болмағанда ғана жол беріледі.";

      559-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "559. Жарылғыш материалдар бар поездарды аралық станцияларда локомотивсіз қалдыруға рұқсат етілмейді.

      Ерекше жағдайларда (апаттық ахуал пайда болған кезде) жарылғыш материалдар бар поезд құрамы Ұлттық теміржол компаниясы – "Тасымалдау процесінің дирекциясы" филиалының жазбаша бұйрығы бойынша аралық станцияларда локомотивсіз уақытша қалдырылуы мүмкін. Бұл ретте Ұлттық инфрақұрылым операторының басшылары мен қызметкерлері уақытша қалдырылған жарылғыш материалдар бар құрамды тағайындалуы бойынша жөнелтуді жеделдету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Поезда жарылғыш материалдар бар вагондар болған кезде оны аралық станцияда локомотивсіз уақытша қалдыру мүмкіндігі жүктің тиесілігіне қарай:

      1) Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне теміржол учаскесінің және станциясының әскери комендантымен;

      2) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне (бұдан әрі – ҚР ІІМ), Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, сондай-ақ басқа Уәкілетті органдарға, ведомстволарға, ұйымдарға ҚР ІІМ ішкі әскерінің күзететін қарауылдарымен, ҚР ІІМ арнайы тасымалдар бөлімімен келісілуі тиіс.

      Поезда әскерилендірілген теміржол күзеті күзететін жарылғыш материалдар бар вагондар болған кезде поездық диспетчер бұл туралы учаскесінде станция орналасқан ең жақын әскерилендірілген күзет бөлімшесінің (қарауылының) бастығын хабардар етеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін атқарушы
А. Бейспеков

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады