"Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2015 жылғы 23 қыркүйектегі № 7-1/848 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 23 мамырдағы № 192 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 25 мамырда № 32576 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң 2015 жылғы 23 қыркүйектегі № 7-1/848 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12243 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген ветеринариялық препараттарды, жемшөп пен жемшөп қоспаларын өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптарда:

      мынадай мазмұндағы 4-1, 4-2 және 4-3-тармақтармен толықтырылсын:

      "4-1. Соғыс қимылдары жағдайында, төтенше жағдайларда, қолайсыз химиялық, биологиялық, радиациялық факторлардың әсері нәтижесінде алынған жануарлардың аурулары мен зақымдануларының алдын алуға және оларды емдеуге немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейінгі қалдыруға болмайтын шаралар қабылдауды қажет ететін өзге де жағдайларда қолдануға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарының тапсырмасы бойынша әзірленген ветеринариялық дәрілік заттарды қоспағанда, ветеринариялық дәрілік заттарды өндіруге, сақтауға, тасымалдауға, өткізуге және жоюға қойылатын және ветеринариялық дәрілік препараттарды дәріханада дайындауға қойылатын талаптар Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 21 қаңтардағы № 1 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағындағы ветеринариялық дәрілік құралдардың айналысын реттеу қағидаларына сәйкес айқындалады.

      Ветеринариялық дәрілік заттар мен иммундық биологиялық ветеринариялық дәрілік заттарды өндіруге қойылатын арнайы талаптар Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 3 қарашадағы № 77 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың тиісті өндірістік практикасы қағидаларының № 4 және 5 қосымшаларына сәйкес айқындалады.

      4-2. Соғыс қимылдары жағдайында, төтенше жағдайларда қажеттілігі туындайтын, экзотикалық ауруларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кейінге қалдыруға болмайтын шараларды қажет ететін өзге де ауруларды диагностикалау үшін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарының тапсырмасы бойынша әзірленген ветеринариялық мақсаттағы диагностикалық заттарды қоспағанда, ветеринариялық мақсаттағы диагностикалық заттарды өндіруге, сақтауға, тасымалдауға, өткізуге және жоюға қойылатын талаптар Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 140 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында ветеринариялық мақсаттағы диагностикалық заттардың айналысын реттеу қағидаларында айқындалған.

      4-3. Осы талаптардың 4-1 және 4-2-тармақтарында көрсетілген ветеринариялық дәрілік заттар мен ветеринариялық мақсаттағы диагностикалық заттарды қоспағанда, ветеринариялық препараттарды өндіру, сақтау және өткізу жөніндегі ұйымдарға қойылатын ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) талаптар осы талаптардың 2-бөліміне сәйкес айқындалады.";

      26-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) жұмыс аймақтарының және өндіріс ішіндегі сақтау аймақтарының жобасы жабдықтар мен материалдардың бірізді орналастырылуын, ветеринариялық препараттар мен олардың компоненттерін ауыстырып алу, тұс-тұстан ластау және өндіру немесе бақылау бойынша кез келген операцияны қате орындау немесе өткізіп алу қаупін барынша төмендетуді қамтамасыз етуі тиіс; ";

      27-тармақта:

      9) тармақша алып тасталсын;

      10) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "10) ветеринариялық препараттарды жалпы камерада сақтау кезінде ветеринариялық препараттың әрбір түрі үшін жеке сөрелер көзделеді;";

      178-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "178. Қоймалық үй-жайларда табиғи және/немесе механикалық және/немесе аралас желдету және/немесе ауа баптау көзделеді. Үй-жайлар ылғал мен температураны анықтайтын аспаптармен жабдықталады.

      Желдету арналарын, ауа құбырларын ластануына қарай, жылына кемінде бір рет бұзу және ішкі бетін тазарту қажет.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2024 жылғы 13 наурыздан бастап қолданысқа енгізілетін төртінші абзацты, 2024 жылғы 27 қазаннан бастап қолданысқа енгізілетін алтыншы абзацты қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрі
Е. Карашукеев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады