Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 26 мамырдағы № 85 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 мамырда № 32641 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
      А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
2023 жылғы 26 мамырдағы
№ 85 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғалары – мүлкі аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің коммуналдық меншігіндегі (жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық меншігіндегі) коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;

      2) коммуналдық заңды тұлғалар – мүлкі коммуналдық меншіктегі коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындар мен коммуналдық мемлекеттік мекемелер;

      3) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган) – республикалық мүлікті басқару, мемлекеттің республикалық мүлікке құқықтарын іске асыру, экономиканың стратегиялық маңызы бар салаларындағы меншікті және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға бекітіліп берілген мүлікті қоспағанда, стратегиялық объектілерді жекешелендіру мен мемлекеттік мониторинг жүргізу саласындағы басшылықты өз құзыреті шегінде жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      4) мемлекеттік заңды тұлғалар – мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 15.10.2024 № 89 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру тәртібі

      3. Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) республикалық меншіктегі мүліктік кешендер ретіндегі республикалық заңды тұлғалар, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) коммуналдық меншігіне облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің, немесе ол уәкілеттік берген адамның не оны алмастыратын адамның өтінішхаты негізінде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша беріледі;

      2) республикалық заңды тұлғалардың мүлкі коммуналдық меншікке облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің, немесе ол уәкілеттік берген адамның не оны алмастыратын адамның өтінішхаты негізінде берілетін мүлік теңгерімінде тұрған республикалық заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органымен келісілген мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның шешімі бойынша беріледі;

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне бекітіліп берілген мүлік коммуналдық меншікке облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімінің, немесе ол уәкілеттік берген адамның не оны алмастыратын адамның өтінішхаты негізінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің шешімі бойынша беріледі;

      3) коммуналдық меншіктегі мүліктік кешендер ретіндегі коммуналдық заңды тұлғалар, акционерлік қоғамдардың акциялары мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің жарғылық капиталдарындағы қатысу үлестері республикалық меншікке республикалық меншікке қабылдау туралы облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің қаулысы және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның шешімі негізінде беріледі;

      4) коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі республикалық меншікке мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен және мүлік теңгеріміне берілетін республикалық заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органымен келісілген облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің қаулысы негізінде беріледі;

      коммуналдық заңды тұлғалардың мүлкі республикалық меншікке Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің немесе оған ведомстволық бағынысты республикалық мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындардың теңгеріміне Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісу бойынша облыс (республикалық маңызы бар қала, астана) әкімдігінің қаулысы негізінде беріледі;

      5) коммуналдық меншіктегі мүліктік кешендер ретіндегі жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғалары республикалық меншікке жергілікті қоғамдастық жиналысымен және аудан (облыстық маңызы бар қала) әкімімен келісу бойынша республикалық меншікке қабылдау туралы аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының шешімі және мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның шешімі негізінде беріледі;

      6) жергілікті өзін-өзі басқарудың коммуналдық заңды тұлғаларының мүлкі республикалық меншікке аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен және теңгеріміне мүлік берілетін республикалық заңды тұлғаны басқаруды жүзеге асыратын тиісті саланың уәкілетті органымен келісілген шешімі негізінде беріледі.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 15.10.2024 № 89 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Мемлекеттік мүлікті мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне беру туралы шешім қабылданғаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде мүлікті қабылдау-беру актісі (табыстау актісі) ресімделеді.

      Мемлекеттік заңды тұлғаларға бекітіліп берілген мемлекеттік мүлік осы Қағидалардың 3-тармағының 3) және 5) тармақшаларына сәйкес мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне берілген жағдайда, мүлікті қабылдау-беру актісі (табыстау актісі) мемлекеттік мүлік жөніндегі орталық уәкілетті орган шешім қабылдағаннан кейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен аспайтын мерзімде ресімделеді.

      Мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың тұрғын үй қорынан тұрғын үй түріндегі мүлік мемлекеттік меншіктің бір түрінен екіншісіне берілген жағдайда, тұрғын үйді қабылдау-беру актісі мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган және жергілікті атқарушы орган шешім қабылдағаннан кейін күнтізбелік 15 (он бес) күннен аспайтын мерзімде ресімделеді.

      Мүлікті қабылдау-беру актісіне (табыстау актісіне) беретін және қабылдайтын тараптардың уәкілетті лауазымды адамдары қол қояды және оны мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінің басшылары немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, коммуналдық мүлікке билік етуге уәкілетті атқарушы органның не аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі аппаратының басшылары бекітеді.

      Қабылдау-беру актісі (табыстау актісі) қазақ және орыс тілдерінде 4 (төрт) данада, қабылдау-беру актісін (табыстау актісін) ресімдеуге қатысатын тараптардың әрқайсысы үшін 1 (бір) данадан жасалады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Ұлттық экономика министрінің 15.10.2024 № 89 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады