Ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды енгізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 16 маусымдағы № 229-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 19 маусымда № 32844 болып тіркелді

      "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-4-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды енгізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің Сыртқы сауда қызметі департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Сауда және интеграция министрі
С. Жумангарин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы істер министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Сауда және интеграция министрі
2023 жылғы 16 маусымдағы
№ 229-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды енгізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды енгізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Сауда қызметін реттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 18-4-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды енгізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік органдар – Қазақстан Республикасының орталық атқарушы мемлекеттік органдары, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары;

      2) мүдделі тараптар – өнімнің өндірушісі, қатысушылардың көпшілігі осындай тауарларды өндірушілер болып табылатын тауарлар өндірушілер бірлестігі, тауар тұтынушылар (егер олар тауарды өнім өндірісінде қолданса) және осындай тұтынушылардың бірлестіктері, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері (егер өнімді негізінен жеке адамдар тұтынатын болса), тауарларды экспорттаушылар мен импорттаушылар;

      3) өтініш беруші – мемлекеттік орган, тауар өндіруші, қатысушылардың көпшілігі осындай тауарларды өндірушілер болып табылатын тауар өндірушілерінің бірлестігі.

      4) сауда қызметін реттеу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – сауда қызметі саласында сауда саясатын қалыптастыратын және басшылықты, сондай-ақ салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) шет мемлекеттің құзыретті органы – шет мемлекеттің, шет мемлекеттер одағының мемлекеттік органы;

2-тарау. Ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды енгізу кезінде Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының өзара іс-қимыл жасау тәртібі

      3. Уәкілетті орган өтініш берушінің осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша мәліметтерді көздейтін өтініші негізінде тауарлар импортының ұлттық қауіпсіздікке әсерін айқындау бойынша күнтізбелік 270 (екі жүз жетпіс) күн ішінде талдау (бұдан әрі – талдау) жүргізеді.

      4. Уәкілетті орган өз құзыреті шегінде:

      1) мүдделі тұлғаларды, сондай-ақ шет мемлекеттің құзыретті органын талдау басталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде талдау жүргізудің басталғаны туралы ресми хат алмасу арқылы хабардар етеді;

      2) мемлекеттік органдардан, мүдделі тұлғалардан талдау жүргізу үшін ресми хат алмасу арқылы қажетті ұстанымын және (немесе) ақпаратты, оның ішінде құпия ақпаратты сұратады;

      3) жүргізілетін талдау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерімен, шет мемлекеттердің құзыретті органдарымен, шет мемлекеттердің өкілдерімен, шет мемлекеттер одақтарымен және халықаралық ұйымдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      4) мемлекеттік органдарды және мүдделі тұлғаларды хабардар еткеннен кейін олардың сұрауы бойынша консультациялар өткізеді.

      5. Мемлекеттік органдар өз құзыреті шегінде:

      1) уәкілетті органнан келіп түскен материалдар мен сұрау салуларды қарайды және егер сұрау салуда өзге мерзім белгіленбесе, оларды алған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ақпаратты, қалыптастырылған ұстанымды, статистикалық деректерді және талдауға қажетті өзге де ақпаратты, оның ішінде құпия (таратылуы шектелген) ақпаратты заңнамада белгіленген тәртіппен ұсынуды қамтамасыз етеді;

      2) қажеттілігіне қарай уәкілетті органның тиісті сұрау салуы жіберілген кезде талдау мәселелері бойынша консультацияларға, кеңестерге қатысады.

      6. Қазақстан Республикасының шет елдегі мекемелері:

      1) Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінен (бұдан әрі – Сыртқы істер министрлігі) және уәкілетті органнан алынған хабарламаларды, материалдар мен сұрау салуларды алған күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ресми тәртіппен шет мемлекеттің құзыретті органдарына жіберуді;

      2) шет мемлекеттің құзыретті органынан алынған материалдарды және сұрау салуларды алған күнінен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жұмыс тәртібімен, 3 (үш) жұмыс күні ішінде ресми тәртіппен уәкілетті органға беруді қамтамасыз етеді.

      7. Сыртқы істер министрлігі:

      1) хабарламаларды, материалдарды уәкілетті органнан түскен күнінен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде ресми тәртіппен шет мемлекеттің құзыретті органына дипломатиялық арналар арқылы жіберуді;

      2) шет мемлекеттің құзыретті органынан дипломатиялық арналар арқылы алынған материалдарды және сұрау салуларды алынған күнінен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде жұмыс тәртібімен, 3 (үш) жұмыс күні ішінде ресми тәртіппен уәкілетті органға жіберуді қамтамасыз етеді.

      8. Мүдделі тұлғалар уәкілетті органға ұсынатын ақпарат осы тұлға мұндай ақпараттың ашылуы бәсекелестік жағдайларында үшінші тұлғаға басымдық беретінін не ақпаратты ұсынған тұлға үшін немесе мұндай ақпарат алынған тұлға үшін қолайсыз салдарға әкелетінін куәландыратын негіздемелерді ұсынған кезде құпия ақпарат ретінде қаралады. Құпия ақпарат Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, оны ұсынған мүдделі тұлғаның рұқсатынсыз жарияланбайды.

      9. Уәкілетті орган талдау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияға ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды қолдану туралы ұсынысты жолдайды.

      10. Қазақстан Республикасының сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясы ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды қолдану туралы ұсынымдар шығарған жағдайда уәкілетті орган заңнамада белгіленген тәртіппен ұлттық қауіпсіздік мүдделерін сақтау мақсатында енгізілетін шараларды енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын әзірлейді.

      11. Уәкілетті орган ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараларды қолдану туралы үшінші тараптың құзыретті органына Сыртқы істер министрлігі арқылы дипломатиялық арналар бойынша хабарлайды.

  Ұлттық қауіпсіздік мүдделері
негізге алына отырып
енгізілетін шараларды енгізу
кезінде
Қазақстан Республикасы
мемлекеттік органдарының
өзара іс-қимыл жасау
қағидаларына
қосымша
  Нысан

Өтініш беруші ұсынатын мәліметтер тізбесі

      1. Өтініш беруші туралы ақпарат (мекенжай, телефон, факс, e-mail, тіркелген орны, басшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса).

      2. Импортына қатысты ұлттық қауіпсіздік мүдделері негізге алына отырып енгізілетін шараны қолдану ұсынылатын тауарлардың сипаттамасы (шыққан елі және Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасының 10 таңбалы коды көрсетіледі).

      3. Шет мемлекеттің импортталатын тауарларын өндірушілер туралы мәліметтер.

      4. Тауардың ұлттық өндірушілері мен тұтынушылары туралы мәліметтер.

      5. Өтінім берілген күнге дейінгі күнтізбелік 3 (үш) жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағына тауарды әкелу және әкету көлемінің өзгеруі туралы мәліметтер.

      6. Өтінім берілген күнге дейінгі күнтізбелік 3 (үш) жыл ішінде Қазақстан Республикасының аумағында тауарды өндіру, тұтыну көлемінің өзгеруі туралы мәліметтер*.

      7. Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің қолданыстағы және жоспарланған құжаттары мен тауарлар өндіру жобалары туралы мәліметтер**.

      8. Қаржылық және экономикалық көрсеткіштерді қоса алғанда, ұлттық қауіпсіздікке қатердің болуы туралы мәліметтер.

      9. Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігіне әсер етуі мүмкін басқа да факторлар мен тауарлар импортының шарттары туралы мәліметтер.

      Ескертпе:

      * ‒ өтініш беруші мемлекеттік орган болса, толтырылмайды;

      ** ‒ өтініш беруші мемлекеттік орган болса, толтырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады