Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 416 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 27 маусымда № 32907 болып тіркелді

      "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 118-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерілері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми Интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
А. Ескараев

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрі
2023 жылғы 27 маусымдағы
№ 416 бұйрығымен
бекітілген

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлері

      Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде істің санатына байланысты төленетін жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасы мынадай мөлшерде белгіленеді:

      1) мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін мынадай сомалар бойынша:

      60 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 25 пайызы мөлшерінде;

      60 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 20 пайызы мөлшерінде;

      300 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 15 пайызы мөлшерінде;

      1 000 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 10 пайызы мөлшерінде;

      5 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 8 пайызы мөлшерінде;

      10 000 АЕК-тен 20 000 АЕК-ке дейін болса - өндіріп алу сомасының 5 пайызы мөлшерінде;

      20 000 АЕК-тен жоғары болса - өндіріп алу сомасының 3 пайызы мөлшерінде;

      2) мүліктік емес (ақшалай емес) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін:

      шығару және (немесе) үйге орналастыру, борышкерді белгілі бір әрекеттер жасауға және (немесе) оларды жасаудан тартынуға міндеттеу туралы атқарушылық құжаттар бойынша - жеке тұлғалардан 50 АЕК, заңды тұлғалардан 100 АЕК;

      талап қоюды қамтамасыз ету, мүлікті тыйым салудан босату және өзге атқарушылық құжаттар бойынша – жеке тұлғалардан 10 АЕК, заңды тұлғалардан 20 АЕК;

      баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы – жеке тұлғалардан ай сайын 20 АЕК мөлшерінде;

      3) мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар үшін:

      алименттерді өндіріп алу және жарақаттанудан немесе денсаулықты өзге де зақымдаудан келтірілген зиянды өтеу туралы, өндіріп алу сомасының 1 АЕК мөлшерінде тоқсан сайын.

      Пайда болған берешекті өндіріп алу кезінде жеке сот орындаушының қызметіне ақы төлеу осы жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерінің 1) тармақшасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескертпе:

      өндіріп алу сомасы - атқарушылық құжатта көрсетілген ақшалай талаптың не өндіріп алушы мәжбүрлеп орындатуға ұсынған ақшалай талаптың бір бөлігінің мөлшері.

      Егер мүліктік сипаттағы атқарушылық құжат ішінара орындалса, онда жеке сот орындаушысына оның қызмет ақысының өндіріп алынған сомаға немесе мүлік құнына пропорционалды бір бөлігі ғана төленеді.

      Баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы атқарушылық құжаттар бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу өндіріп алушы мен борышкерге тең үлестермен жүктеледі.

      Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу сомасын қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтініш жасаған тараптан өндіріп алынады. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеген және талап қоюдан бас тартылған тұлғадан өндіріп алынады. Талап қанағаттандырылған жағдайда жеке сот орындаушысының талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша қызметіне ақы төлеу өзіне қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылданған тұлғадан өндіріп алынады.

      АЕК – "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен жыл сайын белгіленетін айлық есептік көрсеткіш.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады