Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 125 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 30 маусымда № 32985 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 174-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті дамыту саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Куантыров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
2023 жылғы 29 маусымдағы
№ 125 Бұйрықпен
бекітілген

Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 24 қыркүйектегі № 1011 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі туралы ереженің 174-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу тәртібін айқындайды.

      2. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын және жылдық орташа табысын есептеу үшін Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің дерекқорында қамтылған ақпарат пайдаланылады.

      3. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны мен жылдық орташа табысы кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімімен автоматты түрде есептеледі.

2-тарау. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын есептеу тәртібі

      4. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын есептеу үшін Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 24-бабы 2-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес салық есептілігінде көрсетілетін кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің саны туралы деректер пайдаланылады.

      5. Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа саны күнтізбелік жыл ішіндегі жұмыскерлер санын он екіге бөлгендегі (1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанға дейін) сома ретінде есептеледі.

      6. Жаңадан құрылған кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыс істеудің бірінші жылында келесі жылғы 15 қарашаға дейін жұмыскерлердің жылдық орташа санын есептеу жүргізілмейді.

      Кәсіпкерлік субъектілері жұмыскерлерінің жылдық орташа санын бірінші рет есептеу осы субъектілер бірінші жылдық салық есептілігін ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.

3-тарау. Кәсіпкерлік субъектілерінің жылдық орташа табысын есептеу тәртібі

      7. Жылдық орташа табыс есебіне кәсіпкерлік субъектілерінің салық есептілігінен мынадай ақпарат қабылданады:

      1) кәсіпкерлік субъектілерінің жиынтық жылдық табысы;

      2) арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлік субъектілерінің табысы.

      Қызметін ойын бизнесі саласында жүзеге асыратын, шаруа және фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын, тіркелген және жер салығын төлеушілер болып табылатын кәсіпкерлік субъектілерінің жылдық орташа табысы есептелмейді.

      8. Кәсіпкерлік субъектілерінің жылдық орташа табысына Қазақстан Республикасының "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі) кодексінің 226-бабында көзделген кәсіпкерлік субъектілері табыстарының барлық түрлері, сондай-ақ шағын бизнес субъектілері үшін патент, оңайлатылған декларация негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлік субъектілерінің табыстары енгізіледі.

      9. Соңғы үш жылдағы жылдық жиынтық табыстардың немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес патент, оңайлатылған декларация негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектілері кірістерінің үшке бөлінген сомасы жылдық орташа табыс деп есептеледі.

      10. Жаңадан құрылған кәсіпкерлік субъектілері үшін жұмыс істеудің бірінші жылында келесі жылғы 15 қарашаға дейін жылдық орташа табыс есептелмейді.

      Жылдық орташа табысты бірінші рет есептеу осы субъектілер бірінші жылдық салық есептілігін ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.

      Бұл жағдайда жылдық орташа табыс бір жылғы жиынтық жылдық табыс немесе арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектісінің табысы болып табылады.

      11. Екі жылдың жылдық салық есептілігін тапсырған кәсіпкерлік субъектісінің жылдық орташа табысы екі жылғы жиынтық жылдық табыстың немесе арнаулы салық режимін қолданатын кәсіпкерлік субъектісінің жылдық табысының екіге бөлгендегі сомасы болып табылады.

      12. Жұмыс істемейтін, оның ішінде Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес салық есептілігін беруді тоқтата тұрған субъектілер бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің жылдық орташа табысын есептеу осы Қағидалардың 9, 10 және 11-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады