"Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 1-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрықтын 1-қосымшаға сәйкес Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрықтын 2-қосымшаға сәйкес Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу мөлшері белгіленсін.
3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі |
А. Оралов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі 2023 жылғы 3 шілдедегі № 168 бұйрығына 1-қосымша |
Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Дене шынықтыру және спорт туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 1-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды (бұдан әрі – материалдық қамсыздандыру) төлеу тәртібін айқындайды.
2. Материалдық қамсыздандыру Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын Қазақстан Республикасының аумағында дене шынықтыру және спорт саласында кемінде жиырма жыл еңбек өтілі бар мынадай спортшылар мен жаттықтырушыларға:
1) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларға;
2) осы Қағидалардың 2-тармағы 1) тармақшасында көрсетілген спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға төленеді.
3. Материалдық қамсыздандыру дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның бюджеттік бағдарламалары арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленеді.
2-тарау. Спортшылар мен жаттықтырушыларға материалдық қамсыздандыру төлеуді жүзеге асыру тәртібі
4. Спортшылар мен жаттықтырушыларға материалдық қамсыздандыру төлеу мемлекеттік көрсетілетін қызмет болып табылады.
Мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы құжаттардың топтамасын ұсына отырып, "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына немесе "электрондық үкімет" www.egov.kz веб-портал арқылы жүгінеді.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі материалдық қамсыздандыруды төлеу туралы хабарлама немесе мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап болып табылады.
5. "Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі "Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу" мемлекеттік қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 29 мамырдағы № 158 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20784 болып тіркелген).
6. Материалдық қамсыздандыруды төлеу өтініш берушілердің Қазақстан Республикасының шегінде екінші деңгейдегі банктегі жеке шотына материалдық қамсыздандыруды аудару жолымен жүргізіледі.
7. Осы Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген бірнеше негіздер бойынша бір мезгілде материалдық қамсыздандыру алуға құқығы бар адамдарға материалдық қамсыздандыру тек бір негіздеме бойынша ең жоғары мөлшерде төленеді.
8. Бір спортшыны дайындағаны үшін материалдық қамсыздандыру бір жаттықтырушыға төленеді. Спортшы осы Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген белгіленген талаптарды қайта орындаған жағдайда материалдық қамсыздандыру басқа жаттықтырушыға да төленеді.
9. Допинг пайдаланған немесе пайдалануға әрекеттенген жағдайда спорттық нәтиже жойылғаны үшін спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойғы ай сайынғы материалдық қамтамасыз ету төлеу тоқтатылады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі 2023 жылғы 3 шілдедегі № 168 бұйрығына 2-қосымша |
Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу мөлшері
1. Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру (бұдан әрі – материалдық қамсыздандыру) мынадай мөлшерде (бұдан әрі – мөлшер) төленеді:
1) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларға – 100 айлық есептік көрсеткіш;
2) Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) олимпиадалық спорт түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға – 100 айлық есептік көрсеткіш.