Магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық операторды айқындау және ол туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 12 шілдедегі № 265 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 15 шілдеде № 33083 болып тіркелді

      "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 6-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "ҚазТрансОйл" акционерлік қоғамы магистральдық мұнай құбырының ұлттық операторы болып белгіленсін.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор туралы ереже бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай тасымалдау және өңдеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2023 жылғы 12 шілдедегі
№ 265 бұйрығына
қосымша

Магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 6-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және магистральдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператордың (бұдан әрі – ұлттық оператор) өкілеттігін, негізгі міндеттері мен функцияларын айқындайды.

      2. Ұлттық оператор өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасының Заңын және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Осы Ережеде қолданылатын негізгі терминдер мен анықтамалар:

      1) жөнелтуші – өнім өндіруші болып табылатын тұлға немесе оны заңды негіздерде сатып алған тұлға не олар уәкілеттік берген, өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарт негізінде магистральдық құбырмен тасымалдау үшін өнімді ұсынатын тұлға;

      2) өнім – тасымалдауға дайындалған және тиісті өнім түрі бойынша техникалық регламенттерге сәйкес келетін, тұрақты (тұрақты емес) газ конденсатын, табиғи газды, ілеспе газды, басқа да сұйық және газ тәріздес көмірсутектерді, мұнай өнімдерін қоса алғандағы мұнай;

      3) уәкілетті орган – магистральдық құбыр саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      Осы Ережеде пайдаланылатын өзге де терминдер мен анықтамалар Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Ұлттық оператордың міндеттері мен функциялары

      4. Ұлттық оператордың қызметі Қазақстан Республикасында магистральдық мұнай құбырлары жүйесін дамытуға және оларды тиімді, сенімді және қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

      5. Ұлттық оператордың негізгі міндеттері мыналар:

      1) өнімді магистральдық мұнай құбырларымен ішкі және сыртқы нарыққа тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасының және қатынастың басқа да қатысушыларының мүдделерін қамтамасыз ету;

      2) магистральдық мұнай құбырлары жүйесін инновациялық дамытуды және оны әлемдік энергетика жүйесіне интеграциялауды қамтамасыз ету;

      3) магистральдық мұнай құбырларымен мұнай тасымалдау бөлігінде мұнай-газ секторын дамытудың мемлекеттік және ұлттық бағдарламаларын әзірлеуге және оларды орындауға қатысу;

      4) Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын жетілдіруге бағытталған нормативтік құқықтық актілер жобалары бойынша ұсыныстарды әзірлеу және магистральдық құбыр саласындағы уәкілетті органның қарауына енгізу;

      5) магистральдық мұнай құбырлары саласындағы нормативтік және нормативтік-техникалық құжаттама жобаларын әзірлеуге қатысу;

      6) магистральдық құбырлармен мұнай тасымалдау саласындағы халықаралық шарттарды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      7) мұнай тасымалдау маршруттарының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және әртараптандыруға бағытталған халықаралық жобаларды іске асыру жұмыстарына қатысу болып табылады.

      6. Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес ұлттық оператор:

      1) меншік иесінің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі, өнімнің тиісті түрі бойынша магистральдық құбыр арқылы Қазақстан Республикасының аумағында операторлық қызметтерді көрсету құқығына ие;

      2) ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық құбыр арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тасымалданатын өнімді басқа мемлекеттердің құбыр жүйелері арқылы тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету (бірыңғай маршруттау бойынша операторлық қызмет) құқығына ие.

      7. Ұлттық оператор осы Ереженің 6-тармағының 2) тармақшасына көрсетілген қызметтерді көрсету шеңберінде мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) өнім жөнелтушілермен басқа мемлекеттердің құбыр жүйелері арқылы мұнай тасымалдауды ұйымдастыруға арналған шарттар жасасады;

      2) басқа мемлекеттердің құбыр жүйелері арқылы мұнай тасымалдауды ұйымдастыру үшін жасалған шарттар негізінде ұйымдармен, оның ішінде басқа мемлекеттердің мұнай тасымалдау, мұнайды теңіз терминалдары арқылы ауыстырып құю, мұнайды теңіз терминалдары арқылы ауыстырып құю кезінде көлік-экспедиторлық (экспедициялық) қызметін көрсетуші ұйымдарымен тиісті шарттар мен шарттық міндеттемелерді орындау үшін басқа да қажетті шарттарды жасасады.

3-тарау. Қызметті ұйымдастыру

      8. Ұлттық оператор өз қызметiн осы Ережеге және жарғыға сәйкес ұйымдастырады.

      9. Ұлттық операторды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 45 және 50-баптарына және "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-3 және 16-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады