Субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөнінде конкурс өткізу қағидаларын және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібін, байланыс операторларына қойылатын әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі талаптарды, әмбебап байланыс қызметтері тізбесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 289/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 31 шiлдеде № 33201 болып тіркелді

      "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 1-тармағы 1-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөнінде конкурс өткізу қағидалары және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар);

      2) байланыс операторларына қойылатын әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі талаптар;

      3) әмбебап байланыс қызметтері тізбесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
2023 жылғы 28 шілдедегі
№ 289/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөнінде конкурс өткізу қағидалары және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөніндегі конкурсты өткізу қағидаларын және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібін, байланыс операторларына қойылатын байланыстың әмбебап қызметтерін көрсету жөніндегі талаптарды, байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің міндетті жүктеу тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы", "Пошта туралы" Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсететін операторларды айқындау жөнінде конкурс өткізу тәртібін және байланыс саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын, байланыс саласында қызметтер көрсететін немесе оларды пайдаланатын тұлғалардың қызметін мемлекеттік бақылауды, үйлестіру мен реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті органның (бұдан әрі – Уәкілетті орган) байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібін айқындайды.

      2. Конкурсты өткізудің мақсаты байланыстың әмбебап қызметтерінің белгіленген тізбесін сәйкес әмбебап байланыс қызметтерін көрсету үшін әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау болып табылады.

      3. Пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) әмбебап қызмет көрсету операторы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі міндет жүктелген байланыс қызметтерін көрсететін байланыс операторы;

      2) әмбебап байланыс қызметтері – телекоммуникациялар және пошта байланысы секторында бекітілген, уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін байланыстың көрсетілетін қызметтерінің ең аз тізбесі, оларды кез келген елді мекенде байланыстың көрсетілетін қызметтерін кез келген пайдаланушыға тағайындалған мерзімде, белгіленген сапада және осы көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін баға деңгейінде көрсету әмбебап қызмет көрсету операторлары үшін міндетті болып табылады;

      3) байланыс операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, байланыс қызметтерiн көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға.

2-тарау. Әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөнінде конкурс өткізу тәртібі

      4. Уәкілетті орган әмбебап қызмет көрсету операторын айқындау жөніндегі конкурстың ұйымдастырушысы (бұдан әрі – Ұйымдастырушы) болады.

      Ұйымдастырушы конкурстық комиссияның құрамын, конкурстық құжаттаманы, конкурсты өткізу мерзімін және конкурсты өткiзу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру мерзімін бекітеді.

      5. Ұйымдастырушы конкурсты ашық тәсілмен әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жылының алдындағы жылдың 4-тоқсанында өткізеді, оған байланыс операторларына қатысуға рұқсат етіледі.

      Байланыс операторы және онымен үлестес тұлғасы конкурсқа бір лот бойынша қатыса алмайды.

      6. Конкурсты өткiзу:

      1) заңдылық;

      2) адал бәсекелестiк;

      3) әдiлдiк;

      4) қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiнiң теңдігі қағидаттарына негізделеді.

      7. Конкурсты өткiзу басталғанға дейiн ұйымдастырушы конкурсты өткiзу туралы хабарландыруды бұқаралық ақпарат құралдарында жыл сайын орналастырады.

      8. Хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) байланыс саласындағы уәкілетті органның атауы және орналасқан жері;

      2) конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі;

      3) конкурсты өткiзу уақыты, күнi және орны;

      4) әмбебап қызметтер тiзбесi;

      5) конкурсқа қатысу үшін қажетті құжаттар тізбесі;

      6) конкурстық құжаттарды алу орны мен тәсiлдерi.

      9. Конкурстық комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, комиссия мүшелерiнен және хатшыдан тұрады. Дауыс беруге комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары және мүшелері қатысады, комиссия хатшысының дауыс беру құқығы жоқ.

      Дауыс беруге құқығы бар конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ санды (бес адамнан кем емес) құрайды.

      10. Конкурстық комиссияның төрағасы оның қызметiне басшылық жасайды, конкурстық комиссияның отырыстарына төрағалық етедi, оның жұмысын жоспарлайды және оның шешiмдерiн iске асыруға жалпы бақылау жасауды жүзеге асырады.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасар орындайды.

      11. Конкурстық комиссияның шешiмдерi ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы санының басым көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп саналады.

      Дауыстар тең түскен жағдайда, комиссия төрағасы дауыс берген шешiм қабылданды деп саналады.

      12. Конкурстық комиссияның шешiмдерi хаттамалармен ресiмделедi, оларды белгіленген тәртiппен комиссия хатшысы дайындайды және оған комиссияның төрағасы, төрағасының орынбасары және мүшелері қол қояды.

      13. Ұйымдастырушы байланыс операторларына ұсынатын конкурстық құжаттама:

      1) байланыс операторы әрекет ететін аймақтар бар лоттар тізбесін;

      2) лоттарда көрсетілген қызметтердің сипаттамасы туралы техникалық ерекшелікті;

      3) әмбебап байланыс қызметтерінің құнын субсидиялау туралы жобалық шартты қамтиды.

      14. Байланыс операторы конкурстық құжаттаманың ережелерін түсіндіру туралы сұраумен, конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей Ұйымдастырушыға жазбаша түрде жүгінеді. Ұйымдастырушы сұрау тіркелген сәттен бастап үш жұмыс күні мерзімде оған жауап береді.

      15. Конкурсқа қатысуға тілек білдірген байланыс операторы ұсынатын конкурстық өтінім:

      1) конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашатын күннің алдындағы үш айдан астам уақыт ішінде байланыс операторының банк (банктер) алдында мерзімі өтіп кеткен берешегінің жоқ екендігі туралы банк (банктер) мөрі қойылған бірінші басшының немесе оны алмастыратын тұлғаның қолы қойылған банк (банктер) анықтамасының түпнұсқасын (бірнеше Екінші деңгейдегі банктердің немесе филиалдардың, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылатын байланыс операторы) алдында байланыс операторының мерзімі өткен берешегінің жоқтығы туралы Банктің (банктердің) анықтамасының түпнұсқасы, осы анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады) Банктің (банктердің) мөрімен (болған жағдайда) бірінші басшының немесе оны алмастыратын адамның қолы қойылады;

      2) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес төлеу мерзімі ұзартылған жағдайларды қоспағанда, конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашатын күннің алдындағы үш айдан астам уақыт ішінде салық берешегiнiң, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ немесе бар екендігі туралы (тиісті салық органының белгіленген нысандағы анықтамасы) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы куәландырған электрондық құжаттың қағаздағы көшірмесін;

      3) байланыс операторы көрсететін әмбебап байланыс қызметтері тізбесіндегі әрбір әмбебап қызмет бойынша негізделген өзіндік құнды;

      4) байланыс операторы көрсететін әмбебап байланыс қызметтері тізбесіндегі әрбір қызмет бойынша нақты және болжамды көлемдерді;

      5) әмбебап байланыс қызметтерінің негізгі техникалық және пайдалану сипаттамаларының егжей-тегжейлі сипаттамасын;

      6) әмбебап байланыс қызметтерін тиісінше және үздіксіз көрсетуге қажетті қолда бар ресурстар тізімін қамтиды.

      16. Конкурстық құжаттамаға қоса берілетін есептеулер мен растайтын материалдар келесідей жасалады:

      1) конкурс материалдары тігіледі, нөмірленеді және байланыс операторы басшысының қолымен расталады.

      2) қаржылық құжаттарға байланыс операторының басшысы және бас бухгалтері не оларды алмастыратын тұлғалар қол қояды.

      17. Конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі хабарландыру жарияланған сәттен бастап күнтізбелік отыз күнді құрайды.

      18. Ұйымдастырушы (оның жауапты тұлғасы) конкурстық өтінімдерді ұсыну мерзімі аяқталғаннан кейін алған барлық конкурстық өтінімдер ашылмаған күйінде қабылданбайды және оларды ұсынған байланыс операторларына қайтарылады.

      19. Байланыс операторы конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі аяқталғанға дейін өзінің конкурстық өтінімін өзгерте немесе кері қайтара алады.

      20. Тіркелген өтінім кері қайтарып алынған жағдайда, байланыс операторы ұйымдастырушыға жазбаша түрде хабарлама жолдайды.

      21. Конкурсқа қатысуға өтінім беруді байланыс операторының басшысы немесе оның заңды құқығы бар өкілі өзінің байланыс операторының атынан әрекет ету құқығын куәландыратын, ресімделген сенімхатты ұсынған кезде жүзеге асырады.

      22. Ұйымдастырушы конкурстық өтінімдер ұсынудың соңғы мерзімі аяқталған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде құжаттарды конкурстық комиссияға жібереді.

      23. Конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде конкурстық комиссия қатысушы адамдарға мыналарды:

      1) конкурсқа қатысушы байланыс операторларының атауын және орналасқан жерін;

      2) осы Қағидалардың 14-тармағына сәйкес сұратылған ақпаратты, егер өзгерістер құжатпен көрсетілсе, конкурстық өтінімдерді кері қайтару және өзгерту туралы ақпаратты;

      3) конкурстық өтінімді құрайтын құжаттардың бар немесе жоқ екендігі туралы жариялайды.

      24. Конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу кезінде конкурстық комиссия хатшысы ашу хаттамасын жасайды, оған конкурстық комиссияның төрағасы, оның орынбасары, конкурстық комиссия мүшелері мен хатшысы қол қояды.

      25. Хаттаманың көшірмелері конверттерді ашқан күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде конкурсқа қатысушылардың мекенжайларына жолданады.

      26. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді, олардың толықтығы, есептеулерде қателердің, құжаттарда барлық қолдардың болуы тұрғысынан зерделейді, сондай-ақ жалпы өтінімдердің ресімделуінің дұрыстығын тексереді.

      27. Конкурстық комиссия бес жұмыс күні ішінде конкурстық өтінімдерді бағалайды, әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі байланыс операторларына қойылатын талаптарға сәйкестігін, құжаттардың толықтығын салыстырады және жеңіп шыққан конкурстық өтінімді айқындайды.

      28. Конкурстық комиссия дауыс беру арқылы конкурстың жеңімпазын айқындайды. Конкурс нәтижелері бойынша ұйымдастырушы белгілі бір аумақта әмбебап байланыс қызметтерін көрсету бойынша операторды айқындау туралы бұйрық шығарады. Ұйымдастырушы конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде конкурс жеңімпазына оның конкурстық өтінімінің жеңімпаз деп танылғаны туралы жазбаша түрде хабарлайды.

      29. Ұйымдастырушы конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап ұш жұмыс күні ішінде конкурстың атауын, жеңімпазын және оның мекенжайын, конкурс жеңімпазы ұсынған субсидиялардың атауы мен мөлшерін көрсете отырып, өз интернет-ресурсында конкурс нәтижелерін жариялау арқылы барлық қатысқан байланыс операторларына хабарлайды.

      Әмбебап байланыс қызметтерінің құнын субсидиялау туралы шарт конкурс жеңімпазына хабарлағаннан кейін он жұмыс күні ішінде, бірақ әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жылының алдындағы жылдың 31 желтоқсанынан кешіктірілмей жасалады.

      30. Әмбебап байланыс қызметтерінің құнын субсидиялау туралы шарт жасалған сәтінен бастап күшіне енеді.

      31. Өткізілген конкурс нәтижелері бойынша туындаған барлық дауды уәкілетті орган қарайды. Дауды қарау нәтижесінде қабылданған уәкілетті органның шешіміне Қазақстан Республикасының азаматтық іс жүргізу заңнамасына сәйкес сот тәртібімен шағым берілуі мүмкін.

3-тарау. Субсидия мөлшерін есептеу

      32. Ауылдық елді мекендерде әмбебап байланыс қызметтерін көрсеткені үшін шығындар, егер бұл конкурстың нәтижесімен немесе байланыс операторына әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі міндеттемелерді жүктеу шарттарымен айқындалған болса, субсидиялануға жатады.

      33. Қалаларда әмбебап байланыс қызметтерін көрсеткені үшін шығындар субсидияланбайды.

      34. Субсидиялар мөлшерінің есебі конкурстың немесе байланыс операторына әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі міндеттемелерді жүктеу шарттары бойынша айқындалады, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген субсидиялардың мөлшерінен аспауы тиіс және шығыстар мен шығынды әмбебап байланыс қызметтерін көрсетуден түскен нақты кірістердің айырмасы ретінде айқындалады.

4-тарау. Уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібі

      35. Конкурсқа қатысуға өтiнiмдер болмаған немесе жеңiмпазды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, әмбебап байланыс қызметтерi тізбесінен әмбебап байланыс қызметтерін көрсетудi ұйымдастырушы осы аумақта көрсетілетін қызметтердің түрлері бойынша нарықтың ең көп үлесін алып отырған байланыс операторына жүктейдi. Қызметтердің тиісті нарығын талдау негізінде уәкілетті орган байланыс операторының нарықта алатын үлесін айқындайды. Ұйымдастырушының байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеуі Ұйымдастырушының бұйрығы түрінде ресімделеді.

      36. Ұйымдастырушының байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеуі туралы бұйрықтың көшірмесі үш жұмыс күні ішінде әмбебап байланыс қызметтерінің құнын субсидиялау туралы шарт жасасу үшін тиісті байланыс операторына жіберіледі.

      37. Ұйымдастырушы бұйрық шығарғаннан кейін он жұмыс күні ішінде байланыс операторымен телекоммуникациялар және пошта байланысы секторында бекітілген әмбебап байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарт жасалады.

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
2023 жылғы 28 шілдедегі
№ 289/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі байланыс операторларына қойылатын талаптар

      Әмбебап байланыс қызметтерін көрсету жөніндегі байланыс операторларына мынадай талаптар қойылады:

      1) телекоммуникациялар секторында қызмет көрсету үшін – байланыс операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушылардың әмбебап байланыс қызметтерінің қолжетімділігіне, сапасына және ұсынылу бағасына деген қажеттіліктерін қанағаттандыратын телекоммуникация желілерінің болуы;

      2) пошта байланысы секторында қызмет көрсету үшін – пошта операторы көрсететін қызметтерді пайдаланушылардың пошта әмбебап байланыс қызметтерінің қолжетімділігіне, сапасына және ұсынылу бағасына деген қажеттіліктерін қанағаттандыратын пошта желілерінің болуы.

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
2023 жылғы 28 шілдедегі
№ 289/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Әмбебап байланыс қызметтері тізбесі

      .

Р/с №

Әмбебап қызметтердің атауы

1

2

Телекоммуникациялар секторында бекітілген байланыс қызметтері тізбесі

1.

Интернет желісіне қосылу жылдамдығы 2 Мбит/с-тан 8 Мбит/с-қа дейінгі жеке қолжетімділік қызметтері

2.

Интернет желісіне қосылу жылдамдығы 8 Мбит/с-тан астам талшықты-оптикалық байланыс желілерінің технологиясы бойынша жеке қолжетімділік қызметтері

3.

Интернет желісіне жеке қолжетімділік қызметі бойынша субсидияланатын абоненттерді қоспағанда, жергілікті байланыс қызметтері

Пошта байланысы секторында бекітілген байланыс қызметтері тізбесі

4.

Тіркелмейтін хатты жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер

5.

Тіркелмейтін пошта карточкасын жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер

6.

Тіркелмейтін бандерольді жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер

7.

Жаздырып алынатын мерзімді баспасөз басылымдарын тарату бойынша көрсетілетін қызметтер


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады