Ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 2 тамыздағы № 290 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 7 тамызда № 33236 болып тіркелді

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 8) тармақшасына, "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі № 872 Жарлығына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Экология және табиғи ресурстар министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2023 жылғы 2 тамыздағы
№ 290 Бұйрықпен
бектілген

Ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару тәртібін (бұдан әрі – пайдаланудан шығару) айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – атом энергиясын пайдалану саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) қондырғыны пайдаланудан шығару – ядролық немесе радиациялық немесе электрофизикалық қондырғыны пайдалануды тоқтату және қондырғы мен оны орналастыру алаңының қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкес келетін түпкілікті жай-күйін қамтамасыз ете отырып, оны мемлекеттік бақылаудан алып тастау жөніндегі құжатпен ресімделетін қызмет;

      3) пайдаланушы ұйым – атом энергиясы пайдаланылатын объектілермен жұмыс істеу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға;

      4) радиациялық қондырғы – өзіне қатысты үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықтарды қоса алғанда, ядролық материалдармен және (немесе) радиоактивті заттармен жұмыс істеу жүзеге асырылатын, ядролық болып табылмайтын арнайы қондырғы;

      5) ядролық қондырғы – табиғи уранды немесе торийді өндіруге және (немесе) қайта өңдеуге арналған қондырғыларды қоспағанда, үй-жайларды, құрылысжайлар мен жабдықтарды қоса алғанда, мына қызмет түрлерінің біреуі немесе бірнешеуі: ядролық материалды шығару, қайта өңдеу, пайдалану, тасымалдау, сақтау, көму жүзеге асырылатын қондырғы.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де терминдер мен ұғымдар Заңға сәйкес қолданылады.

2-тарау. Ядролық және радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару тәртібі

      3. Пайдаланушы ұйым ядролық қондырғыны жобалау сатысында Заңның 22-бабының 1-тармағына сәйкес ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарудың алдын ала жоспарын (бұдан әрі – алдын ала жоспар) әзірлейді.

      4. Алдын ала жоспар "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Рұқсаттар және хабарламалар заңы) 1-қосымшаға сәйкес жаңа ядролық қондырғыны салу және пайдалану үшін лицензия алуға өтінімі бар негіздеуші құжаттардың құрамында ұсынылады. Алдын ала жоспарда пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру арқылы қамтамасыз етілетін қаржы құралы ұсынылады және негізделеді.

      5. Алдын ала жоспар пайдаланудан шығарудың мынадай стратегияларына негізделеді:

      1) алаңнан барлық ядролық материалдар мен иондаушы сәулелену көздерін беру және зиянсыздау (дереу бөлшектеу);

      2) қауіпсіз ұзақ сақтау және кейіннен зиянсыздау және бөлшектеу (кейінге қалдырылған бөлшектеу);

      3) қондырғыны кейіннен алаңға кіруін шектей отырып қымтау (орнында көму).

      6. Пайдаланудан шығару стратегиясының ең қолайлы нұсқасын таңдау кезінде:

      1) ядролық қондырғының сипаттамалары;

      2) радиологиялық және радиологиялық емес қауіп-қатерді бағалау нәтижелері;

      3) бөлшектеу кейінге қалдырылған жағдайда ғимараттардың, конструкциялардың жай-күйін болжамдық бағалау нәтижелері;

      4) жиналған радиоактивті қалдықтар мөлшері және оларды қайта өңдеу, сақтау және көму бойынша қолда бар мүмкіндіктер;

      5) пайдаланудан шығарудың таңдалған әдісін қауіпсіз жүзеге асыру үшін жоспарланған немесе қолда бар қаржы ресурстарының жеткіліктілігі;

      6) персоналдың, атап айтқанда қондырғыны пайдаланған персоналдың, сыналған әдістердің, технологиялардың және жабдықтың болуы;

      7) пайдаланудан шығарудың бұдан бұрынғы ұқсас жобаларының тәжірибесі;

      8) қоршаған табиғи ортаға ықтимал әсері;

      9) әлеуметтік-экономикалық жағдайлар;

      10) санитариялық-гигиеналық талаптар;

      11) ядролық қондырғыны және оның алаңына іргелес аймақты одан әрі дамыту және пайдалану жоспарлары есепке алынады.

      7. Алдын ала жоспар ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару кезеңдерінің, негізгі конструкцияларды бөлшектеу әдістерінің, жұмыстардың құнын бағалау мен оларды орындау мерзімдерінің, қажетті ресурстардың сипатын, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, ядролық қондырғыны пайдаланудан шығарғаннан кейін оларды орналастыру алаңының негізгі нормалары мен сипаттамаларын қамтиды.

      8. Ядролық қондырғыны пайдалану кезінде алдын ала жоспар жаңа техникалық және технологиялық әзірлемелер, ядролық, радиациялық және ядролық физикалық қауіпсіздік талаптарының өзгерістері, жұмыстардың құны мен талап етілетін ресурстар ескеріле отырып, кезең-кезеңімен, бірақ 10 жылда кемінде бір рет қайта қаралуға және жаңғыртылуға жатады.

      9. Ядролық және радиациялық қондырғыны пайдаланудан шығару туралы шешім қабылдау кезінде пайдаланушы ұйым сол уақытта қолда бар технологияларды, әдістемелерді, экономикалық көрсеткіштерді, Қазақстан Республикасының атом энергиясын пайдалану саласындағы заңнамасының талаптарын ескере отырып, пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспарын (бұдан әрі – түпкілікті жоспар) жасайды. Пайдаланудан шығарудың түпкілікті жоспары ядролық қондырғыны пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жобалау және жүргізу үшін негіз болып табылады.

      Бұл ретте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № ҚР ДСМ-275/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21822 болып тіркелген) "Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының 147-тармағына сәйкес қондырғыны пайдаланудан шығару жөніндегі түпкілікті жоспар мыналардан кешіктірілмей әзірленеді:

      потенциалды радиациялық қауіптілік бойынша 1-санат үшін – пайдаланудың белгіленген аяқталу мерзімінен 5 (бес) жыл бұрын;

      потенциалды радиациялық қауіптілік бойынша 2 санат үшін – пайдаланудың белгіленген аяқталу мерзімінен 3 (үш) жыл бұрын;

      потенциалды радиациялық қауіптілік бойынша 3 санат үшін – пайдаланудың белгіленген аяқталу мерзімінен 1 (бір) жыл бұрын.

      10. Түпкілікті жоспарды іске асыру мерзімі ядролық қондырғыны түпкілікті тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап 60 (алпыс) жылдан аспайды.

      11. Энергетикалық немесе зерттеу реакторлары бар қондырғылар үшін түпкілікті жоспарда Рұқсаттар және хабарламалар заңына 1-қосымшаға сәйкес осы қызмет түрін жүзеге асыруға лицензиясы бар және оны одан әрі ұзақ мерзімді сақтауды немесе қайта өңдеуді жүзеге асыратын ұйымға ядролық материалдарды, пайдаланылған отынды және ядролық материалдарды есепке алу және бақылау жөніндегі құжаттаманы беру тәртібі әзірленеді.

      12. Заңның 22-бабының 5-тармағына сәйкес қондырғыны пайдалануды тоқтату туралы шешімді пайдаланушы ұйым өмірлік циклдің кез келген кезеңінде дербес қабылдайды. Бұл ретте пайдаланушы ұйым қабылданған шешім, пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру басталатын күн мен оның мерзімдері туралы уәкілетті органды хабардар етеді. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жоспары бойынша жұмыстардың толық көлемде орындалуын қамтамасыз етеді.

      13. Пайдаланудан шығаруды жүзеге асыру барысында түпкілікті жоспарға түзетулер немесе нақтылаулар енгізу қажет болған жағдайда уәкілетті органмен келісіледі.

      14. Пайдаланудан шығару жөніндегі жұмыстар Рұқсаттар және хабарламалар заңына 1-қосымшаға сәйкес жобалау құжаттамасы және тиісті қызмет түріне лицензияның болуы негізінде жүзеге асырылады.

      15. Жобалау құжаттамасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 2 тамыздағы № ҚР ДСМ-71 "Радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған гигиеналық нормативтерді бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29012 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес әзірленеді және персонал мен халықтың сәулелену, шығарындылар мен төгінділер, қоршаған ортаның радиациялық қауіпсіздік шектері мен нормаларынан аспайтын радиоактивті заттармен ластану деңгейлерін қамтамасыз ететін техникалық және ұйымдастырушылық құралдар мен шараларды көздейді.

      16. Жобалау құжаттамасы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 46-бабына сәйкес мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық сараптамадан және Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 87-бабына сәйкес экологиялық сараптамадан өтеді.

      17. Жобалау құжаттамасы Заңның 25-бабына сәйкес ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасына жатады. Сараптаманың тиісті оң қорытындысын алғаннан кейін жобалау құжаттамасы Заңның 24-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті органға ұсынылады.

      18. Пайдаланушы ұйым пайдаланудан шығару жөніндегі барлық жұмыстарды құжаттандыруды және құжаттаманың сақталуын қамтамасыз етеді. Құжаттама және пайдаланудан шығару жөніндегі есепке алу құжаттары:

      1) радиоактивті қалдықтардың шығуы, табылған жері, физикалық және химиялық сипаттамалары, олардың жойылуы немесе қондырғыдан төгілуі туралы жазбалар көрсетілген түгендеу санын;

      2) алаңның жоспарларын, инженерлік сызбаларын, техникалық сипаттамалары мен технологиялық процестердің сипаттамасын;

      3) сапаны қамтамасыз ету және бақылау рәсімдерін, сондай-ақ пайдалану қызметін жүзеге асыру нәтижесінде алынған деректерді;

      4) қауіпсіздікті және қоршаған ортаға әсерін бағалау әдістерін және қауіпсіздікті және қоршаған ортаға әсерін бағалау нәтижелерін;

      5) радиоактивті қалдықтар қаптамасын сәйкестендіруді;

      6) қондырғының ұзақ сақтауға жабудың, көмудің күнін қамтиды.

      19. Пайдаланудан шығарудың аяқталуы, ядролық және радиациялық қондырғы мен оны орналастыру алаңының қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкес келетін түпкілікті жай-күйін қамтамасыз ете отырып, оны мемлекеттік бақылаудан алып тастау және жұмыстардың аяқталғаны туралы есептеме және актімен ресімделеді.

      20. Заңның 22-бабының 6-тармағына сәйкес ядролық қондырғыны пайдаланудан мерзімінен бұрын шығару туралы шешімді ядролық және (немесе) радиациялық аварияға әкеп соққан немесе әкеп соқтыратын ядролық қондырғыны қауіпсіз пайдалану талаптары бұзылған және пайдаланушы ұйымның ядролық қондырғыны одан әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге негізді қабілетсіздігі жағдайында Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілетті органның ұсынуы бойынша қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады