ЗҚАИ-ның екертпесі!
Осы бұйрық 07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 24 қыркүйектегі № 670 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17533 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу қағидаларын бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2024 жылғы 7 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі |
М. Карабаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
"Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу қағидаларын (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының 11-12) тармақшасына сәйкес әзірленді және "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін портал мен ақпараттық жүйелерді жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық жүйеге қызмет көрсету бойынша жоспардан тыс іс-шаралар – ақпараттық жүйенің күрделілік осалдығын жою мақсатында не істен шыққан жабдықты ауыстыруға байланысты бағдарламалық қамтамасыз етуді күрделі жаңартуларды орнатуға байланысты техникалық және профилактикалық жұмыстар;
2) жеке кабинет – порталға қатысушылардың мекенжайына электрондық өтінім жіберуге арналған портал компоненті;
3) интернет-ресурс – аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиокөрінімді немесе өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;
4) кешенді сараптаманың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – КС АЖ) – электрондық өтінімді қарауға байланысты рәсімдер мен операцияларды автоматтандыруды іске асыратын порталмен біріктірілген ақпараттық жүйе;
5) КС АЖ операторы – КС АЖ-ны жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлға;
6) КС АЖ-ді пайдаланушы – КС АЖ-да тіркелген және келіп түсетін электрондық өтінімді қарауға байланысты рәсімдер мен операцияларды автоматтандырып орындау үшін оның ресурстары мен компоненттерін пайдаланатын сараптама ұйымы;
7) құжаттың электрондық көшірмесі – түпнұсқа құжаттың түрін және ондағы ақпаратты (деректерді) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететiн құжат;
8) портал – порталды пайдаланушылардың порталға қатысушылармен ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы үшін "бір терезе" қағидаты бойынша бірыңғай платформа ұсынатын ақпараттық жүйе;
9) портал операторы – Заңға сәйкес порталды жүргізу функциясы берілген заңды тұлға;
10) порталға қатысушы – порталға тіркелген және электрондық өтінімді қабылдауды ұйымдастыру үшін оның ресурстары мен компоненттерін пайдаланатын сараптама ұйымы;
11) порталды пайдаланушы – электрондық өтінім дайындау және беру үшін порталда орналасқан компоненттерді пайдаланатын порталға тіркелген жеке немесе заңды тұлға;
12) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – Ведомство) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құзырет шегінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында бақылау және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын орталық мемлекеттік органның ведомствосы;
13) техникалық және профилактикалық жұмыстар – есептеу техникасы құралдарын және телекоммуникациялық жабдықты жұмысқа қабілетті жағдайда ұстау жөніндегі, оның ішінде техниканың және (немесе) жабдықтың жұмыс істемей қалуын және оның уақытынан бұрын тозуын болдырмау мақсатында профилактиканы, ақауларды жоюды, жекелеген бөліктер мен блоктарды ауыстыруды, жабдықтың қуатын ұлғайту үшін жабдықтарды, қосымша қондырғылар мен жадыларды орнатуды және баптауды және пайдаланушыларға көмек көрсетуді қамтитын іс-шаралар кешені;
14) техникалық істен шығу – бір немесе бірнеше пайдаланушылардың ақпараттық жүйені пайдалану мүмкіндігін болдырмауға әкеліп соғатын ақпараттық жүйенің аппараттық-бағдарламалық кешенінің немесе оның жекелеген компоненттерінің бірінің жоспарланбаған уақытша істен шығуы;
15) электрондық құжат – ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған құжат;
16) электрондық өтінім – порталға қатысушының қарауына өтініш беруші электрондық-цифрлық нысанда беретін және ЭЦҚ арқылы куәландырылған ақпараттың ресімделген және құрылымдалған жиынтығы;
17) Application programming interface (далее – API) – қосымшаларды бағдарламалау интерфейсі, ақпараттандыру объектілері арасындағы ақпараттық өзара іс-қимыл үшін сервис ұсынатын дайын бағдарламалар жиынтығы;
18) Secure Sockets Layer сертификаты (бұдан әрі – SSL-сертификат) – сәйкестендіру рәсімдерін қамтамасыз ету үшін интернет-ресурсты немесе ақпараттық жүйені пайдалануға арналған тіркеу куәлігі;
19) Virtual Private Network (бұдан әрі – VPN) – екі тораптың ақпаратын алмастыруға арналған виртуалды жеке желі.
Осы Қағидаларда қолданылатын өзге ұғымдар мен терминдер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
3. Порталда және КС АЖ-де Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландыру орталығы жеке және заңды тұлғалар үшін жасап шығарған ЭЦҚ сертификаттары қолданылады.
4. Портал және КС АЖ мемлекеттік құпияларға жатқызылған, қорғалып орындалған ақпараттық жүйелерге жатпайды, оларды қорғау құпиялылық режим талаптарын сақтай отырып, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді мемлекеттік шифрлау құралдарын және (немесе) өзге қорғау құралдарын пайдалана отырып жүзеге асырылады.
2-тарау. "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін порталды жүргізу тәртібі
5. "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін порталды жүргізу Заңның 64-4-бабының 2-тармағына сәйкес мемлекеттік сараптамалық ұйымының технологиялық байланысты қызметіне жатады.
6. Ақпараттық іс-қимылды ұйымдастыру үшін портал:
1) портал пайдаланушыларының электрондық өтінімдерін қабылдау, тіркеу және жіберуді;
2) электрондық өтінімдерді қарау процесінде портал пайдаланушыларына мәліметтер мен электрондық құжаттарды ұсынуды;
3) портал пайдаланушыларына электрондық өтінімдерді қарау нәтижелерін беру, сондай-ақ оларды одан әрі сақтауды;
4) келіп түскен электрондық өтінімдер бойынша интеграцияланған интернет-ресурстармен және ақпараттық жүйелермен ақпарат алмасуды қамтамасыз етеді.
7. "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға арналған портал операторы мынадай іс-шараларды орындайды:
1) порталға техникалық қызмет көрсетуді, сүйемелдеуді және дамытуды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына және осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес порталдың жұмыс істеуін және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
3) портал пайдаланушыларын және порталға қатысушыларды тіркейді;
4) портал пайдаланушылармен және порталға қатысушылармен порталды пайдалану тәртібі туралы келісім жасайды;
5) портал пайдаланушыларына және порталға қатысушыларға олармен жасалған порталды пайдалану тәртібі туралы келісімдерге сәйкес техникалық қолдау көрсетеді;
6) сауалнама, өтінімдер нысандарын, порталды пайдалану тәртібі туралы келісімдерді, порталмен интеграциялауға арналған келісімдерді, порталмен жұмыс бойынша нұқсаулықтарды, сондай-ақ порталға орналастырылатын тіркеу нысанын әзірлейді және бекітеді;
7) порталды интенет-ресурстармен және ақпараттық жүйелермен интеграциялауды жүзеге асырады;
8) КС АЖ-ны порталмен интеграцияларды іске асыру үшін порталда техникалық талаптарды қалыптастырады және жариялайды;
9) порталда ақпараттық-анықтамалық материалдарды жариялайды.
1-параграф. Порталды пайдаланушыны тіркеу
8. Порталды пайдаланушы тіркелу үшін мынадай іс-қимыл орындайды:
1) порталда орналасқан тіркеу нысанын:
заңды тұлға үшін – заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу, салықтар және өзге де міндетті төлемдер туралы заңнамада көзделген, сондай-ақ банктік деректемелерді растайтын құжаттардың көшірмелерін;
жеке тұлға үшін – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін, сондай-ақ банктік деректемелерді (болған кезде) растайтын құжаттар көшірмелерін қоса бере отырып толтырады;
2) ЭЦҚ-ны пайдаланып порталды пайдалану тәртібі туралы келісімге қол қояды.
Портал операторы пайдаланушы құжаттарды ұсынған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде пайдаланушыны тіркеуді растайды не болмаса тіркеуден бас тартады.
9. Пайдаланушыны тіркеуден бас тарту үшін жүгінген пайдаланушының порталға бұрын тіркелген пайдаланушылар тізімінде болуы және тіркеу нысанында дұрыс емес мәліметтерді не ұсынылған құжаттарға сәйкес келмейтін ақпаратты көрсетуі негіз болады:
10. Электрондық өтінімдерді беру үшін портал операторы портал пайдаланушысына жеке кабинетті және порталмен жұмыс істеу бойынша нұсқаулықты ұсынады.
2-параграф. Порталға қатысушыны тіркеу
11. Сараптама ұйымы электрондық өтінімді портал арқылы қабылдау мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін порталға қатысушы ретінде тіркеу рәсімінен өтеді.
КС АЖ-нің біреуінің пайдаланушысы болып табылатын сараптама ұйымы порталға қатысушы ретінде тіркеле алады.
12. Аккредиттелген сараптама ұйымы порталға қатысушы ретінде тіркелу үшін портал операторымен порталды пайдалану тәртібі туралы келісім жасайды.
Порталды пайдалану тәртібі туралы келісім жасасу үшін аккредиттелген сараптама ұйымы портал операторына "Сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 ақпандағы № 151 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10640 нөмірімен тіркелген) Сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларына сәйкес берілген аккредиттеу туралы куәлікті, тіркеу үшін – порталда орналастырылған нысан бойынша толтырылған сауалнаманы ұсынады.
Аккредиттелген сараптама ұйымын тіркеуді портал операторы сауалнаманы ұсынған сәттен бастап 3 жұмыс күні ішінде оны кейін порталда орналастырылған аккредиттелген сараптама ұйымдарының тізіміне енгізіп жүргізеді.
13. Порталда орналасқан аккредиттелген сараптама ұйымдарының тізімінен аккредиттелген сараптама ұйымын алып тастау және оны кейін порталда бұғаттау үшін мыналар негіз болып табылады:
1) аккредиттеу туралы куәлікті растауды оны қолдану мерзімі өтіп кеткенге дейін ұсынбау;
2) аккредиттеу туралы куәлігін тоқтату және (немесе) алып қою (қайтарып алу);
3) аккредиттелген сараптама ұйымының порталды пайдалану тәртібі туралы жасалған келісімнің шарттарын бұзуы;
4) портал операторымен жасалған келісімді бұзу.
14. Бұрын шығарылған аккредиттелген сараптама ұйымын бұғаттан шығару және порталда орналасқан аккредиттелген сараптама ұйымдарының тізіміне қайта енгізу осы Қағидалардың 12-тармағында белгіленген тәртіпте жүргізіледі.
15. Аккредиттелген сараптама ұйымы тіркелген сәттен бастап портал операторына компоненттері мен техникалық ресурстарын пайдаланғаны үшін, сондай-ақ Ведомствоның келісімі бойынша портал операторы бекіткен баға бойынша техникалық қолдау жөніндегі қызметтер көлемін портал операторы көрсеткені үшін жүргізіледі.
3-параграф. Портал пайдаланушыларының электрондық өтінімдерін қабылдау, тіркеу және жіберу
16. Электрондық өтінімді қабылдау және тіркеу портал пайдаланушысы өтінім бойынша қажетті мәліметтерді және тиісті электрондық құжаттарды және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелерін жүктегеннен кейін порталда жеке кабинет арқылы жүзеге асырылады.
Порталға электрондық құжаттарды және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелерін жүктеу портал операторы белгілеген өлшемнен артық болса, бөлікке бөлініп жүргізіледі.
17. Порталға жүктелген электрондық құжаттар және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелері портал пайдаланушысының немесе аталған құжатты куәландыруға өкілеттіктері бар адамның ЭЦҚ куәландыруға жатады.
18. Ұсыну кезінде электрондық өтінімді, сондай-ақ тиісті электрондық құжаттарды және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелерін тіркеуді портал автоматты түрде Астана қаласының уақыты бойынша, мынадай тәртіпте жүргізеді:
1) Астана уақыты бойынша жұмыс күні 0:00 сағаттан бастап 13:59 сағатқа дейін келіп түскендер аталған жұмыс күнінде тіркеледі;
2) Астана уақыты бойынша жұмыс күні 14:00 сағаттан бастап 23:59 сағатқа дейін келіп түскендер келесі жұмыс күнінде тіркеледі;
3) жұмыс істемейтін күні келіп түскендер сол күннен кейінгі жұмыс күнінде тіркеледі.
Портал пайдаланушысы портал қатысушысының мекенжайына оның электрондық өтінімдерін қарау барысында ұсынатын электрондық құжаттарын және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелерін тіркеу аталған құжаттарды порталда ЭЦҚ-мен куәландырылатын нақты уақыт бойынша Астана қаласы уақытымен жүргізіледі. Жұмыс істемейтін күні түскен кезде аталған құжаттар одан кейінгі жұмыс күнінде тіркеледі.
Электрондық өтінімге портал операторы белгілеген шаблон бойынша порталдың әрбір қатысушысы үшін жеке тіркеу нөмірі беріледі.
19. Портал пайдаланушысы электрондық өтінім бойынша мәліметтер ұсыну арқылы электрондық өтінім қарауға жіберілген мекенжайдағы порталға қатысушыны айқындайды.
20. Портал тіркелген электрондық өтінімді және тиісті электрондық құжаттарды және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелерін пайдаланатын КС АЖ-ның өзара іс-қимылы арқылы порталға қатысушыға автоматты түрде жібереді.
Ұсынылған электрондық өтінімді қараудың барысы туралы мәліметтерді, сондай-ақ портал пайдаланушысы ЭЦҚ пайдаланып қол қоюы талап етілетін электрондық құжаттарды порталға қатысушы өзі пайдаланатын КС АЖ-дан портал пайдаланушысының порталдағы жеке кабинетіне жібереді.
21. Ұсынылған электрондық өтінімді қараудың барысы туралы мәліметтерді, сондай-ақ портал пайдаланушысы ЭЦҚ пайдаланып қол қоюы талап етілетін электрондық құжаттарды порталға қатысушы өзі пайдаланатын ВКС АЖ-дан портал пайдаланушысының порталдағы жеке кабинетіне жібереді.
22. Порталда орналасқан және ЭЦҚ куәландырылған электрондық құжаттар мен құжаттардың электрондық көшірмелері оларды порталда сақтау мерзімі ішінде жоюға, өзгертуге немесе ауыстыруға жатпайды.
23. Электрондық өтінімдер бойынша ақпарат, оның ішінде портал пайдаланушылары порталға ұсынған, сондай-ақ интеграцияланған КС АЖ-дан келіп түскен тиісті электрондық құжаттар және құжаттардың электрондық көшірмелері порталда тіркелген күнінен бастап порталда 3 жыл ішінде сақталады.
4-параграф. Интернет-ресурстарды және ақпараттық жүйелерді порталмен интеграциялау
24. Интернет-ресурстардың және ақпараттық жүйелердің, оның ішінде КС АЖ-ның порталмен өзара іс-қимылы олардың өзара интеграциялануы арқылы жүзеге асырылады.
Порталмен интеграцияланатын интернет-ресурстарға және ақпараттық жүйелерге Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасының және осы Қағидалардың талаптары қойылады.
Порталмен интеграциялау үшін КС АЖ порталда жарияланған тиісті техникалық талаптар ескеріле отырып әзірленеді.
25. Әмбебап деректер жиынтығын алу үшін порталмен интеграциялау кезінде API арқылы ақпараттық өзара әрекеттесуді ұйымдастыру әдісі қолданылады.
Бұл интеграция осы Қағидалардың 25-1-тармағында белгіленген тәртіппен орындалады.
26. Порталмен интеграциялау кезінде API-ге енгізілмеген деректердің жекелеген түрлерін алу үшін мұндай интеграция осы Қағидалардың 28-тармағында келтірілген жалпы тәртіппен орындалады.
27. Осы параграфтың талаптары порталдың "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерімен, сондай-ақ API-ге енгізілмеген жекелеген деректерді алу үшін орындалатын өзге де мемлекеттік ақпараттық жүйелермен (мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен) интеграциялануына қатысты қолданылмайды. Осы интеграция Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен орындалады.
28. Интернет-ресурстарды және ақпараттық жүйелерді порталмен интеграциялау үшін мынадай іс-шаралар орындалады:
1) интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесі порталмен интеграциялауға рұқсат алу үшін Ведомствоға жүгінеді;
2) интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесі портал операторына интеграциялауға арналған өтінімді мыналарды қоса бере отырып жібереді:
Ведомство берген интеграциялауға арналған рұқсат;
порталмен интеграциялауға арналған келісімнің жобасы;
Қазақстан Республикасының ұлттық куәландырушы орталығы берген (тапсыру актісімен) SSL сертификаты (интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйенің ашық кілті);
порталда орналасқан нысан бойынша VPN-туннелін құру үшін VPN-нысандары (тестілік немесе өнеркәсіптік орта көрсетіледі);
ақпараттық жүйені өнеркәсіптік пайдалануға қабылдау туралы акт;
ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтардың оң нәтижелері бар акт;
3) интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесі портал операторымен бірлесіп келісілген мерзімде интеграциялауға тестілеу жүргізеді;
4) интернет-ресурсты және (немесе) ақпараттық жүйе порталмен сәтті тестіленген кезде интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесі мен портал операторы арасында интеграциялауды сәтті тестілеу туралы акт жасалады;
5) Ведомство, интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесі және портал операторы интеграцияны қолдану мерзімдерін көрсете отырып, порталмен интеграциялауға арналған келісімге және интеграциялауды қолданысқа енгізу актісіне қол қойғаннан кейін интеграциялау орнатылған болып есептеледі.
29. Интернет-ресурстар мен өзге де ақпараттық жүйелерді порталмен интеграциялау үшін API арқылы әмбебап деректер жиынтығын алу үшін мынадай іс-шаралар орындалады:
1) интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі портал операторына API арқылы порталмен интеграциялауға сұрау салуды қол қойылған интеграциялауға арналған келісім жобасын қоса бере отырып жібереді;
2) портал операторы интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесіне API-ге қосылу үшін кілттерді ұсынады;
3) интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі портал операторымен бірлесіп келісілген мерзімдерде интеграциялауға тестілеуді жүргізеді;
4) интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің порталмен интеграциясы сәтті тестіленген кезде интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі мен портал операторы арасында интеграциялауды сәтті тестілеу туралы акт жасалады;
5) интеграция ақпараттық жүйенің иесі және портал операторы интеграцияның қолданылу мерзімдерін көрсете отырып, порталмен интеграциялауға арналған келісімге және интеграцияны қолданысқа енгізу актісіне қол қойғаннан кейін орнатылған болып есептеледі.
30. Интеграцияланған интернет-ресурстар мен ақпараттық жүйелердің иелері интеграция арқылы тапсырыс берушінің немесе заңды құқық иеленушінің келісімімен электрондық өтінімдер бойынша ақпарат пен деректерді, оның ішінде құпия сипаты бар және (немесе) қызметтік және коммерциялық құпия болып табылатын электрондық құжаттарды және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелерін алуға сұрау салуларды жібереді.
31. Интеграциялауға қатысушылар (интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі және портал операторы) тарапынан интеграцияның табысты іске асырылуын растау өзара іс-қимылға қатысушылардың өздері өзара іс-қимыл жасау және деректерді өңдеу шарттарын сәтті орындауы болып табылады.
КС АЖ порталмен интеграциялауды сәтті іске асырған сәттен бастап оның иесі Ведомствоға Заңды сақтау мәніне бақылау және мониторингті жүзеге асыру мақсатында КС АЖ-ға кіруге құқықты береді.
32. Интеграцияланған интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе деректерді Порталға берген кезде олардың ақпараттық өзара іс-қимылы процесінде қателер анықталған кезде портал операторы интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесінің электрондық поштасына хабарлама жібереді және олар бір ай ішінде тиісті түзету іс-шараларын жүргізбеген жағдайда ақпараттық өзара іс-қимылды тоқтатады.
Интеграцияланған интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе порталға деректер берген кезде олардың ақпараттық өзара іс-қимылы процесінде ақпараттық қауіпсіздік инциденттері анықталған кезде портал операторы интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесінің электрондық поштасына хабарлама жібереді осы интернет-ресурспен және (немесе) ақпараттық жүйемен ақпараттық өзара іс-қимылды олар толық жойылған сәтке дейін дереу тоқтатады және тиісті жүйе иесінің электрондық поштасына хабарлама жібереді.
Интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің порталмен ақпараттық өзара іс-қимылын қайта бастауды портал операторы осы интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесінен түзету іс-шараларын сәтті жүргізгені және (немесе) ақпараттық қауіпсіздік инцидентін толық жойғаны туралы хабарлама алғаннан кейін жүргізеді.
33. Байланыс арналары істен шыққан немесе байланыс операторлары байланыс желілерінде жұмыс жүргізген кезде байланысты қалпына келтіру мерзімі байланыс операторларының регламентімен айқындалады.
34. Интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесі мен портал операторы ақпараттық қауіпсіздік пен бағдарламалық және техникалық құралдардың тұрақты дайындығын қамтамасыз ететін жауапты тұлғаны айқындайды.
35. Жауапты тұлғалардың құрамы өзгерген (жұмысы ауысқан немесе еңбек шарты тоқтаған) кезде бар апталық мерзімде бар өзгерістер туралы өзара ақпарат алмасады және осы Қағидалардың ережелерін уақытылы орындау бойынша жауапты тұлғалар туралы жаңа мәлімет хабарланады.
36. Интеграциялау кезінде ақпаратты қорғау қол қойылған хабарламаның авторын растау арқылы қамтамасыз етіледі.
Хабарлама жіберушінің ЭЦҚ-ның тиесілігін және осы ЭЦҚ-ның жарамдылығын тексерудің оң нәтижесі хабарламаның авторын растау болып табылады.
3-тарау. "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына кешенді ведомстводан тыс сараптама және құрылыс жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыруға арналған ақпараттық жүйені жүргізу тәртібі
37. КС АЖ электрондық өтінімді қарауға байланысты рәсімдер мен операцияларды автоматтандыру үшін:
1) объектілер құрылысының жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуге арналған тіркелген электрондық өтінімді тиісті электрондық құжаттармен және (немесе) құжаттардың электрондық көшірмелерімен бірге қабылдауды және сақтауды;
2) тіркелген электрондық өтінімдері, ЭЦҚ пайдалана отырып портал пайдаланушысын куәландыру үшін электрондық құжаттардың жобаларын қарау туралы мәліметтерді, сондай-ақ тіркелген электрондық өтінімдері және тиісті электрондық құжаттарды қараудың нәтижелерін порталға беруді;
3) интеграцияланған интернет-ресурстармен және ақпараттық жүйелермен, сондай-ақ тіркелген электрондық өтінімдер бойынша порталмен ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
38. Жоғарыда сипатталған функцияларды құрылыс жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге арналған электрондық өтінімдерді қарау кезінде мемлекеттік сараптама ұйымының КС АЖ орындайды.
39. "Бір терезе" қағидаты бойынша құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру үшін ВКС АЖ операторы мынадай іс-шараларды орындайды:
1) техникалық қызмет көрсетеді, ВКС АЖ-ны сүйемелдейді және дамытуды жүзеге асырады;
2) Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасына және осы Қағидалардың ережелеріне сәйкес ВКС АЖ-ның жұмысын және ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;
3) ВКС АЖ-ны пайдаланушыларды тіркейді;
4) ВКС АЖ-ны пайдаланушылармен ВКС АЖ-ны пайдалану тәртібі туралы келісімді жасайды;
5) ВКС АЖ-да орналасқан сауалнамалардың нысандарын, ВКС АЖ-ны пайдалану тәртібі туралы келісімдерді, нұсқаулықтар мен журналдарды әзірлейді және бекітеді;
6) ВКС АЖ-ны пайдаланушыларға олармен жасалған келісімдер талаптарына сәйкес техникалық қолдау көрсетеді;
7) ВКС АЖ-ны интернет-ресурстармен және ақпараттық жүйелермен интеграциялауды жүзеге асырады;
8) ақпараттық-анықтамалық материалдарды ВКС АЖ-да жариялайды;
9) Ведомствоға Заңды сақтау мәні бойынша ВКС АЖ пайдаланушылары әрекетіне бақылау және мониторингті жүзеге асыру мақсатында ВКС АЖ-ға кіруге құқықты береді.
1-параграф. КС АҚ-ны пайдаланушыны тіркеу
40. Сараптама ұйымы электрондық өтінімдері қарау жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін порталмен интеграцияланған КС АЖ-ның біреуінде тіркеу рәсімінен өтеді.
41. Сараптама ұйымын КС АЖ-ны пайдаланушы ретінде тіркеу аккредиттелген сараптама ұйымы оның операторымен КС АЖ-ны пайдалану тәртібі туралы келісімді бекіткен сәттен 3 жұмыс күні ішінде КС АЖ операторымен жүргізіледі.
Тіркеу үшін сараптама ұйымы КС АЖ-да орналасқан нысан бойынша толтырылған сауалнаманы КС АЖ операторына ұсынады.
Осы тармақтың талаптары КС АЖ-ның операторы болып табылатын сараптама ұйымына қолданылмайды.
42. КС АЖ операторы сараптама ұйымының КС АЖ-ға кіруін мынадай жағдайларда тоқтатады:
1) аккредиттеу туралы куәлікті растауды оны қолдану мерзімі өтіп кеткенге дейін ұсынбауы;
2) аккредиттеу туралы куәлігі тоқтатылғанда және (немесе) айырғанда (шақыртып алынғанда);
3) аккредиттелген сараптама ұйымы КС АЖ операторымен жасасқан келісімнің талаптарын бұзғанда;
4) КС АЖ операторымен жасасқан келісімді бұзғанда немесе қолданылу мерзімі өтіп кеткенде.
43. КС АЖ-ны пайдаланушы ретінде тіркеген сәттен бастап, сараптама ұйымы КС АЖ операторы бекіткен бағалар бойынша компоненттер мен техникалық ресурстарды пайдаланғаны үшін, сондай-ақ КС АЖ операторы техникалық қолдау бойынша көрсететін қызметтер көлемі үшін КС АЖ операторына төлем жүргізеді.
2-параграф. КС АЖ-да электрондық өтінімді қабылдау және өңдеу
44. Электрондық өтінімдерді қарау тәртібін сақтау үшін КС АЖ:
1) жинақтылықты тексеру мерзімін, сондай-ақ ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу мерзімі (оның ішінде ескертулер беру және ескертулерді жою, ведомстводан тыс кешенді сараптаманың жиынтық қорытындысын беру күні) Заңның талаптарына сәйкес автоматты есептеуді;
2) электрондық құжаттарды қалыптастыру, оларды ЭЦҚ-ны пайдалана отырып және тіркеу нөмірі мен күнін беру арқылы кейін КС АЖ-да электрондық құжаттар деректерін автоматты тіркеуді қамтамасыз етеді.
45. "Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 1 сәуірдегі № 299 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10722 болып тіркелген) Қаржыландыру көздеріне қарамастан, жаңа үйлер мен ғимараттарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға, сондай-ақ бұрыннан барын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, техникалық қайта жарақтандыруға, жаңғыртуға және күрделі жөндеуге) арналған техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу қағидаларында белгіленген жинақтылығын тексеру мерзімі өтіп кеткен және жинақтылығы бойынша ескертулер болмаған кезде КС АЖ тексерудің оң нәтижесін автоматты түрде береді.
КС АЖ жинақтылықты тексеру мерзімі өтіп кеткеннен кейін жинақтылықты тексерудің белгіленген нәтижесін өзгертуді бұғаттайды.
46. Электрондық құжаттарды КС АЖ-да тіркеу уақыты және күні КС АЖ пайдаланушы қызметкерлердің ЭЦҚ-мен куәландырумен нақты уақыт бойынша, Астана қаласының уақыты бойынша жүргізіледі.
47. Портал пайдаланушысы келісетін құжаттар порталға КС АЖ электрондық-цифрлық нысанда беріледі.
КС АЖ беру кезінде порталға КС АЖ пайдаланушы қызметкерлерінің аталған құжаттарды куәландыратын ЭЦҚ бойынша деректер жібереді.
48. Жоба бойынша ескертулер электрондық құжат нысанында бір рет беріледі.
КС АЖ-да порталға ескертулері бар қосымша электрондық құжаттарды жасауға және жіберуге, сондай-ақ ескертулер мерзімі өтіп кеткеннен кейін порталға ескертулері бар электрондық құжаттарды жасауға және жіберуге жол берілмейді.
49. КС АЖ-ны пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен, оның аумақтық құрылымдарымен, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы жергілікті атқарушы органдармен олар пайдаланатын КС АЖ арқылы ғана өзара іс-қимыл жасай алады.
50. КС АЖ-ны пайдаланушылар қалыптастырған портал пайдаланушысына жіберуге жататын электрондық құжаттар оларды ЭЦҚ-мен куәландырғаннан кейін автоматты түрде порталға пайдаланушының жеке кабинетіне жіберіледі.
Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындысы порталға КС АЖ портал пайдаланушысы ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін жасалған шарт талаптарын орындағаннан кейін жіберіледі.
51. КС АЖ-ны пайдаланушы шешімі бойынша өзгертілген және (немесе) толықтырылған электронды құжаттар нұсқалары порталдың тиісті пайдаланушысына алдын ала хабарлағаннан кейін және аталған электронды құжаттардың алдыңғы нұсқаларының күшін жою бойынша барлық іс-қимылдар, КС АЖ пайдаланушының уәкілетті қызметкерлерінің ЭЦҚ-сы КС АЖ-да куәландырылғаннан кейін порталға портал пайдаланушысының жеке кабинетіне жіберіледі.
Алынған хабарламаға жауап ретінде портал пайдаланушысы бұған дейін ұсынылған электронды құжаттардың және (немесе) ЭЦҚ-мен куәландырылған құжаттардың электронды көшірмелерінің жаңа нұсқаларын жолдайды.
3-параграф. Интернет-ресурстардың және ақпараттық жүйелердің КС АЖ-мен интеграциялануы
52. КС АЖ-мен интеграциялау үшін интернет-ресурстар мен ақпараттық жүйелер Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасының және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келуі тиіс.
53. Осы параграфтың талаптары КС АЖ-ны "электрондық үкіметтің" ақпараттандыру объектілерімен, сондай-ақ API-ге енгізілмеген жекелеген деректерді алу үшін орындалатын өзге де мемлекеттік ақпараттық жүйелермен (мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен) интеграциялауға қолданылмайды.
Осы интеграция Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен орындалады.
54. Интернет-ресурстардың және ақпараттық жүйелердің КС АЖ-мен интеграциялануы үшін мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі КС АЖ операторына КС АЖ-мен интеграциялауға арналған өтінімді оның операторы бекіткен нысан бойынша жібереді;
2) интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі КС АЖ операторымен бірге КС АЖ-мен интеграциялауға арналған техникалық құжат әзірлейді. Техникалық құжатты өзара іс-қимыл қатысушылары (интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі және КС АЖ операторы) келіседі және бекітеді;
3) қажет болған кезде, интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі және КС АЖ операторы бекітілген техникалық құжатқа сәйкес интернет-ресурсқа немесе ақпараттық жүйеге, сондай-ақ КС АЖ-ға өзара іс-қимыл қатысушыларымен келісілген талап етілетін өзгерістерді енгізеді;
4) интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі КС АЖ операторына КС АЖ операторы белгілеген нысан бойынша тестілік режимде сынақ өткізуге арналған өтінім береді;
5) интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі және КС АЖ операторы ақпараттық жүйелерді интеграциялауға тестілеу жүргізеді. Ақпараттық жүйелер сәтті интеграцияланған кезде интеграциялау сәтті тестіленгені туралы құжат (хаттама) жасалады;
6) интеграциялау сәтті тестіленген кезде интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің иесі және КС АЖ операторы бірлескен шешім (хаттама, акт) негізінде өзара іс-қимылды пайдалануға береді.
55. Интергацияланған интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің ақпараттық өзара іс-қимыл процесінде КС АЖ-ға деректерді беруі кезінде қателіктер және (немесе) ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары анықталған кезде КС АЖ операторы осы интернет-ресурспен және (немесе) ақпараттық жүйемен ақпараттық өзара іс-қимылды олар толық жойылғанға дейін шұғыл түрде тоқтатады және тиісті иегердің электрондық поштасына хабарлама жібереді.
Интернет-ресурстың және (немесе) ақпараттық жүйенің КС АЖ-мен ақпараттық өзара іс-қимылын қайта бастау КС АЖ операторы осы интернет-ресурс және (немесе) ақпараттық жүйе иесінен түзету іс-шараларының сәтті өткізілгені және (немесе) ақпараттық қауіпсіздік оқиғасының толық жойылғаны туралы хабарлама алғаннан кейін жүргізіледі.
56. Ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізілген және тиісті оң қорытынды алған жобалау құжаттамасын (сметалық бөлімсіз) беру үшін КС АЖ Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесімен интеграцияланады.
Портал арқылы электрондық нысанда ведомстводан тыс кешенді сараптамаға ұсынылған жобалау құжаттамасы ғана (сметалық бөлімсіз) беруге жатады.
Беру аталған жобалау құжаттамасына құқық иеленушілердің келісімімен ғана жүзеге асырылады.
Мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жүргізу бойынша қызметті жүзеге асыратын шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына берілетін жобалау құжаттамасына, егер Қазақстан Республикасының заңдарымен өзгеше көзделмесе, құпиялылықты сақтау мен қызметтік және коммерциялық құпияны қамтамасыз ету бойынша тиісті талаптар қолданылады.
4-тарау. Ақпараттық жүйелерге (портал және КС АЖ) техникалық қызмет көрсету
1-параграф. Оқиғалардың (техникалық істен шығудың) сыныптамасы
57. Ақпараттық жүйелерге (портал және КС АЖ) техникалық қызмет көрсету мақсатында оқиғалардың (техникалық істен шығудың) мынадай сыныптамасы белгіленеді:";
1) ақпараттық жүйе операторына байланысты:
ақпараттық жүйе операторы қызметкерлерінің заңсыз әрекеттерінің салдары;
ақпараттық жүйедегі ақпаратқа рұқсатсыз әсер етуге әкелген, ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз етпеу салдары;
ақпараттық жүйе операторының немесе оның қызметкерлерінің кінәсі бойынша ақпараттық жүйенің және (немесе) оның құрамдауыш бөліктерінің физикалық зақымдалуы салдары;
2) ақпараттық жүйе операторына байланысты емес:
үшінші тұлғалардың кінәсінен ақпараттық жүйенің және (немесе) оны құрайтындардың физикалық зақымдалуы және (немесе) өшу салдары;
ақпараттық жүйенің коммуникациялық жабдықтарының жұмыс істемеуіне әкеп соқтыратын ықтимал жаппай сыртқы (желілік, хакерлік) шабуылдар нәтижесінде ақпараттық жүйенің қолжетімсіздігі салдарынан;
ақпараттық жүйені пайдаланушылар немесе қатысушылар ақпараттық жүйеге қосылу үшін пайдаланатын деректерді беру желілерінің және (немесе) электр энергиясының болмауы не кепілдендірілген жұмысқа қабілеттілігінің бұзылуы салдары;
ақпараттық жүйемен толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік бермейтін ақпараттық жүйені пайдаланушының компьютерлік техникасында бағдарламалық-техникалық шектеулердің және күйге келтірудің болуы, сондай-ақ қажетті бағдарламалық-техникалық мүмкіндіктердің болмауы салдары;
ақпараттық жүйенің зақымданған файлды немесе файлдар мұрағатын орналастыру мүмкіндігін автоматты түрде бұғаттауына байланысты ақпараттық жүйені пайдаланушының жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтін зиянды бағдарламалық қамтамасыз етумен ақпараттық жүйені пайдаланушының компьютерлік техникасының зақымдануы салдары;
ақпараттық жүйені пайдаланушының ақпараттық жүйемен жұмыс істеу жөніндегі нұсқаулықтарды тиісінше сақтамау салдары;
ЭЦҚ кілтін сақтау қағидаларын және есепке алу деректерін (логин және пароль) сақтау, ақпараттық жүйені пайдаланушының ЭЦҚ кілтін тиісті өкілеттігі жоқ үшінші тұлғаларға беруі салдары.
2-параграф. Техникалық істен шығудың туындауы туралы ақпарат көздері
58. Мыналар техникалық істен шығудың туындауы туралы ақпарат көздері болып табылады:
ақпараттық жүйені пайдаланушылардың хабарламасы;
ақпараттық жүйе операторының ақпараттық жүйенің жұмыс істеуіне мониторингті орындайтын оператор мамандарының хабарламасы;
техникалық істен шығу байқалған ақпараттық жүйе функционалының жұмыс қабілеті мен қолжетімділігін айқындау үшін пайдаланылатын ақпараттық жүйенің ақауларын мониторингілеу және анықтау бойынша бағдарламалық-ақпараттық құралдардың деректері;
техникалық істен шығудың туындауы немесе туындау ықтималдығы туралы куәландыратын жазбалар тіркелетін ақпараттық жүйенің жүйелік журналдарының деректері.
3-параграф. Ақпараттық жүйелерді пайдалану кезінде техникалық істен шығу туындаған жағдайда пайдаланушылардың, операторлардың, маман операторлардың іс-әрекеттері
59. Техникалық істен шығу туындаған кезде мынадай іс-шаралар жүргізіледі:
1) ақпараттық жүйені пайдаланушы техникалық істен шығу анықталған сәттен бастап бір сағаттан кешіктірмей ақпараттық жүйеде көрсетілген электрондық пошта арқылы ақпараттық жүйе операторына хабарлайды.
Операторға жүгіну кезінде ақпараттық жүйені пайдаланушы заңды тұлғаның атауын немесе жеке тұлғаның тегін, атын, әкесінің атын (бар болса), тиісті бизнес-сәйкестендіру нөмірін немесе жеке сәйкестендіру нөмірін және байланыс деректерін, техникалық істен шығу анықталған күн мен уақытты (Астана қаласының уақыты бойынша), растайтын құжаттарды (бар болса) қоса бере отырып техникалық істен шығу сипаттамасын хабарлайды.
Техникалық істен шығу туралы ақпаратты электрондық пошта бойынша жіберу мүмкін болмаған кезде ақпараттық жүйені пайдаланушы оның операторын бір сағаттан кешіктірмей ақпараттық жүйеде көрсетілген телефон арқылы хабардар етеді;
2) ақпараттық жүйе операторының маманы ақпараттық жүйенің жұмысында немесе конфигурациясында стандартты жұмыс істеуге сәйкес келмейтін өзгерістерді анықтаған кезде, ақпараттық жүйенің техникалық істен шығуының туындауы туралы пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу журналында (бұдан әрі – Есепке алу журналы) техникалық істен шығудың туындаған күні мен уақытын тіркейді.
Ақпараттық жүйе операторының маманы пайдаланушымен оның өтініш білдіру тәсіліне байланысты (телефон, электрондық пошта арқылы) өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік сараптама ұйымының КС АЖ мен портал операторлары мамандарының пайдаланушылардың өтініштерін қабылдауы жұмыс күндері Астана қаласының уақыты бойынша сағат 12.30-дан 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін жүргізіледі.
Басқа КС АЖ пайдаланушыларына техникалық қолдау көрсету кестесін олардың операторлары олардың жұмыс уақытына байланысты белгілейді және тиісті КС АЖ-да көрсетеді.
60. Ақпараттық жүйе операторының мамандары пайдаланушылардың өтініштерін Есепке алу журналына Астана қаласының уақыты бойынша жұмыс уақытында отыз минут ішінде тіркейді.
Пайдаланушының техникалық істен шығу туралы өтініші Астана қаласының уақыты бойынша түскі үзіліс кезінде электрондық пошта бойынша түскен кезде, оператор хабарламаны түскі үзілістен кейін отыз минут ішінде тіркейді.
Пайдаланушының техникалық істен шығу туралы өтініші Астана қаласының уақыты бойынша жұмыстан тыс уақытта электрондық пошта бойынша түскен кезде, оператор хабарламаны келесі жұмыс күні тіркейді.
Есепке алу журналын операторлар пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу жөніндегі оператордың ақпараттық жүйесінде электрондық түрде жүргізеді.
61. Өтініш тіркелгеннен кейін оператордың ақпараттық жүйесінде пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу жөніндегі оқиғаның бірегей сәйкестендіргіші беріледі және бір сағат ішінде пайдаланушының электрондық поштасына (бар болса) жіберіледі.
62. Техникалық істен шығу туралы ақпарат болған кезде оператор Астана қаласының уақыты бойынша жұмыс уақытының екі сағаты ішінде алынға ақпаратқа немесе ұсынылған материалдарға (экран түсірілімдері мен өзге де ұсынылған электрондық құжаттарға) талдау жүргізеді, қажет болған жағдайда ақпараттық жүйенің техникалық істен шығу фактісін растау немесе теріске шығару мақсатында техникалық істен шығуға әкеп соғатын іс-қимылын қайталайды (имитациялайды).
63. Ақпараттық жүйе операторының маманы қажет болған кезде пайдаланушыдан қосымша ақпаратты сұратады.
Ақпараттық жүйені пайдаланушы сұрау салынған сәттен бастап 2 сағат ішінде қосымша ақпаратты ұсынбаған кезде ақпараттық жүйе операторының маманы пайдаланушының осы тіркелген өтінішіне аяқталу мәртебесін береді және бұл туралы электрондық пошта бойынша (бар болса) пайдаланушыға хабарлайды.
64. Техникалық істен шығу теріске шығарылған кезде оператор отыз минут ішінде ақпараттық жүйеде техникалық істен шығудың теріске шығарылғандығы туралы фактілердің болуы расталғаннан кейін растайтын ақпаратпен қоса бұл туралы пайдаланушыға электрондық поштасы (бар болса) бойынша хабарлайды.
4-параграф. Ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу тәртібі және жұмыстың техникалық істен шығуы расталған жағдайда операторлардың іс-әрекеттері
65. Ақпараттық жүйе операторы техникалық істен шығуды растаған кезде оның күрделілік деңгейі белгіленеді.
66. Техникалық істен шығу ақпараттық жүйенің бағдарламалық-аппараттық кешенінің жұмыс істеуіне және электрондық өтінімді беру және қарау рәсімдеріне ықпал ету дәрежесі бойынша мынадай күрделілік деңгейлеріне бөлінеді:
1) төмен – электрондық өтінімді қабылдау, тіркеу және қарау бойынша рәсімдерді өткізуге кедергі келтірмейтін істен шығу;
2) орташа – ақпараттық жүйені пайдаланушылардың алдыңғы жұмыстарының нәтижесіздігіне әкеп соғуы мүмкін немесе әкеп соқтырған техникалық істен шығу әсеріне ұшыраған бір немесе бірнеше ақпараттық жүйені пайдаланушыда электрондық өтінімді беру немесе қарау мүмкіндігінің болмауына әкелген істен шығу;
3) жоғары – барлық ақпараттық жүйені пайдаланушыларда өтінімді беру немесе қарауға қабылдау мүмкіндігі болмайтын, ақпараттық жүйенің бір немесе одан да көп компонентінің тоқтауын немесе қол жетімсіздігін тудыратын істен шығу және (немесе) оқиғалар.
67. Төмен күрделілік деңгейі бар техникалық істен шығу туындаған кезде, ақпараттық жүйе операторы мынадай іс-шараларды орындайды:
1) техникалық істен шығу расталған сәттен бастап отыз минут ішінде техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыға электрондық пошта бойынша техникалық істен шығудың күрделілік деңгейі, техникалық істен шығуды жоюдың жоспарлы уақыты мен күні туралы хабарлайды.
Мұндай ақпарат өзгерген кезде ақпараттық жүйені пайдаланушыға қайта хабарлайды;
2) техникалық істен шығу себептерін жоюға дереу кіріседі;
3) техникалық істен шығу жойылғаннан кейін техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыға электрондық пошта бойынша жұмыс жүргізудің аяқталғаны және техникалық істен шығудың жойылғаны туралы қайта хабарлайды.
68. Орташа күрделілік деңгейі бар техникалық істен шығу туындаған кезде оператор мынадай іс-шараларды орындайды:
1) техникалық істен шығу расталған сәттен бастап отыз минут ішінде техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыға электрондық пошта бойынша техникалық істен шығудың күрделілік деңгейі, техникалық істен шығуды жоюдың жоспарлы уақыты мен күні, техникалық істен шығу туындаған электрондық өтінімді берумен немесе қараумен байланысты рәсімдердің мерзімін ұзарту туралы хабарлайды.
Мұндай ақпарат өзгерген кезде ақпаратты қайта орналастырады;
2) техникалық істен шығу расталған сәттен бастап бір сағат ішінде техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыға, сондай-ақ қажет болған кезде техникалық істен шығу туындаған электрондық өтінімді беруге және (немесе) қарауға қатысатын барлық пайдаланушыларға (портал пайдаланушысы, портал операторы, КС АЖ операторы, КС АЖ пайдаланушы) электрондық пошта бойынша техникалық істен шығудың күрделілік деңгейі, техникалық істен шығуды жоюдың жоспарлы уақыты мен күні, техникалық істен шығу туындаған электрондық өтінімді берумен немесе қараумен байланысты рәсімдердің мерзімін ұзарту туралы хабарлайды.
Осы ақпарат өзгерген кезде техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыға, сондай-ақ техникалық істен шығу туындаған электрондық өтінімді беруге және (немесе) қарауға қатысатын барлық пайдаланушыларға (портал пайдаланушысы, портал операторы, КС АЖ операторы, КС АЖ пайдаланушы) қайта хабарлайды;
3) техникалық істен шығу расталған сәттен бастап техникалық істен шығу туындаған электрондық өтінімді берумен немесе қараумен байланысты рәсімдердің уақытын техникалық істен шығу кезеңіне ұзартады;
4) техникалық істен шығу туындаған электрондық өтінім бойынша, сондай-ақ ұқсас техникалық істен шығу анықталған жағдайда басқа электрондық өтінімдер бойынша техникалық істен шығуды жоюға кіріседі;
5) техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыға, сондай-ақ қажет болған кезде техникалық істен шығу туындаған электрондық өтінімді беруге және (немесе) қарауға қатысатын барлық пайдаланушыларға (портал пайдаланушысы, портал операторы, КС АЖ операторы, КС АЖ пайдаланушы) электрондық пошта бойынша техникалық істен шығудың күрделілік деңгейі, техникалық істен шығуды жоюдың жоспарлы уақыты мен күні, техникалық істен шығу туындаған электрондық өтінімді берумен немесе қараумен байланысты рәсімдердің мерзімін ұзарту туралы қайта хабарлайды.
69. Жоғары күрделілік деңгейі бар техникалық істен шығу туындаған кезде оператор мынадай іс-шараларды орындайды:
1) техникалық істен шығу расталған сәттен бастап ақпараттық жүйенің тиісті компонентіндегі техникалық істен шығумен сәйкес келген барлық өтінімдерді берумен немесе қараумен байланысты рәсімдерді техникалық істен шығуды жою үшін қажетті уақытқа ұзартады;
2) техникалық істен шығу расталған сәттен бастап отыз минут ішінде пайдаланушыларға ақпараттық жүйеде техникалық істен шығу, оны жоюдың жоспарлы уақыты мен күні туралы ақпаратты орналастыру жолымен хабарлайды.
Мұндай ақпарат өзгерген жағдайда ақпараттық жүйені пайдаланушыларға қайта хабарлайды;
3) электрондық өтінімді беру немесе қарау мерзімдерін техникалық істен шығу кезеңіне ұзартады;
4) техникалық істен шығуды жоюға кіріседі;
5) ақпараттық жүйеде техникалық істен шығуды жоюдың нақты күні мен уақыты, өтінімді берумен немесе қараумен байланысты рәсімдерді ұзарту фактісі туралы ақпаратты орналастыру арқылы пайдаланушыларға техникалық істен шығудың жойылғаны туралы қайта хабарлайды.
70. Төтенше немесе еңсерілмейтін күштер кезінде портал операторы порталмен интеграцияланған КС АЖ операторларымен бірлесіп, өтінімді берумен немесе қараумен байланысты рәсімдерді аталған жағдайлар созылған уақыт (күн) санына ұзарту туралы шешім қабылдайды.
71. Ақпараттық жүйені пайдаланушылардың іс-әрекеттерінде қылмыстық және (немесе) әкімшілік құқық бұзушылықтар белгілері анықталған кезде, оператор құқық қорғау органдарына немесе қылмыстық және (немесе) әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істерді қарауға уәкілетті органдарға ақпарат жібереді.
72. Ақпараттық жүйенің жұмыс істеуінде істен шығу болған кезде КС АЖ операторы бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз ету бойынша тиісті жоғары білікті мамандарды тартады.
5-параграф. Оператордың жоспарлы-профилактикалық жұмыстарды жүргізуі кезінде ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу тәртібі
73. Ақпараттық жүйе (портал немесе КС АЖ) операторы техникалық және профилактикалық іс-шараларды (оның ішінде жоспардан тыс), техникалық істен шығуларды жою жөніндегі іс-шараларды жүргізуге арналған іс-шараларды, сондай-ақ еңсерілмейтін күштер жағдайларының туындауымен байланысты үзілістерді қоспағанда, ақпараттық жүйенің тәулік бойы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.
74. Ақпараттық жүйеде техникалық және профилактикалық жұмыстарды жүргізу ағымдағы жылдың қаңтарының бірінші онкүндігінде бекітілген және ақпараттық жүйеде жарияланған техникалық және профилактикалық жұмыстарды жүргізу жөніндегі жұмыстардың жоспары негізінде жүзеге асырылады.
75. Ақпараттық жүйеде техникалық және профилактикалық жұмыстар жүргізген кезде ақпараттық жүйе операторы оны пайдаланушыларға және интеграцияланған интернет-ресурстардың және (немесе) ақпараттық жүйелердің иелеріне техникалық және профилактикалық жұмыстарды жүргізуге дейін күнтізбелік 2 күн бұрын ақпараттық жүйеге тиісті ақпаратты орналастыру арқылы хабарлайды.
Техникалық және профилактикалық жұмыстар өздігінен түнгі уақытта Астана қаласының уақыты бойынша сағат 21:00-ден 6:00-ге дейін, сондай-ақ демалыс және мереке күндері жүргізіледі.