Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2023 жылғы 10 тамыздағы № 307 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 17 тамызда № 33289 болып тіркелді

      "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 18) тармақшасына, "Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 сәуірдегі № 872 Жарлығына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушы
Е. Аккенженов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушы
2023 жылғы 10 тамыздағы
№ 307 Бұйрығына
қосымша

Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Атом энергиясын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 18) тармақшасына сәйкес әзірленді және ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын (бұдан әрі – сараптама) жүргізу тәртібін анықтайды.

      2. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасы радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттардағы ядролық қондырғылардың, радиациялық қондырғылардың қауіпсіздігін олар ықтимал қауіп төндіруі мүмкін бүкіл уақыт кезеңіне тәуелсіз бағалауды жүзеге асыру мақсатында жүргізіледі.

      3. Сараптаманы қаржыландыру пайдаланушы ұйымның қаражаты немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.

2-тарау. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу тәртібі

      4. Сараптаманы "Ядролық және (немесе) радиациялық қауіпсіздік, және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүзеге асыратын ұйымдарды аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2016 жылғы 9 ақпандағы № 45 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13538 болып тіркелген) қызметтің осы түрін жүзеге асыруға атом энергиясын пайдалану саласындағы уәкілетті органда (бұдан әрі – уәкілетті орган) аккредиттелген ұйымдар (бұдан әрі – аккредиттелген ұйым) жүргізеді.

      5. Сараптама:

      1) ядролық қондырғыларды, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғыларды орналастыру және салу алаңдарын таңдау жөніндегі жобалау құжаттамасына;

      2) ядролық қондырғылардың, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғылардың жобалау және пайдалану құжаттамасына;

      3) ядролық қондырғыларды, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғыларды техникалық жаңғыртуға арналған жобалау құжаттамасына;

      4) ядролық қондырғыларды, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғыларды пайдаланудан шығару жөніндегі жобалау және пайдалану құжаттамасына жүргізілуге тиіс.

      6. Ядролық және радиациялық қондырғылардың жүйелерінде, жабдығында, жобалау және пайдалану құжаттамасында ядролық қауіпсіздікті және (немесе) радиациялық қауіпсіздікті (және) немесе ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты өзгерістер болған кезде сараптама қайта тағайындалады, және ол аккредиттелген ұйым ядролық және радиациялық қондырғының жобалау және пайдалану құжаттамасын алған күннен бастап 3 (үш) ай ішінде жүргізіледі.

      Пайдаланушы ұйым бір мезгілде уәкілетті органды және бұрын ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізген сараптама ұйымын ядролық және радиациялық қондырғының жобалау және пайдалану құжаттамасын ұсына отырып, жоспарланатын өзгерістер туралы жазбаша хабардар етеді.

      7. Атом энергиясы пайдаланылатын объектілерді пайдалануды жүзеге асыратын пайдаланушы ұйым (бұдан әрі – өтініш беруші) аккредиттелген ұйымға осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген ядролық қондырғылар, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғылардың құжаттамасын сараптама жүргізуге жібереді.

      8. Ядролық қондырғылар, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғылардың құжаттамасы қағаз және (немесе) электронды жеткізгіштерде беріледі.

      9. Сараптаманы жүзеге асыратын аккредиттелген ұйымдардың басшылары:

      1) сараптама жүргізу үшін сарапшылар құрамын айқындайды, қажет болған жағдайда отандық және шетелдік мамандарды тартады, бұл ретте Заңның 24-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдар сарапшылар ретінде әрекет етпейді;

      2) сараптама қорытындысына қол қояды.

      10. Сараптама жүргізу мерзімі аккредиттелген ұйым ядролық қондырғылар, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғылардың құжаттамасын алған күннен бастап 3 (үш) айдан аспайды.

      11. Аккредиттелген ұйымдар сараптама жүргізу кезінде ядролық қауіпсіздікті және (немесе) радиациялық қауіпсіздікті (және) немесе ядролық физикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты есеп-қисап әдістемелерін қолданады.

      12. Ядролық қауіпсіздік және (немесе) радиациялық қауіпсіздік және (немесе) ядролық физикалық қауіпсіздік сараптамасын жүргізу нәтижелері бойынша сараптама объектісін іске асыру жөнінде шешім қабылдауға жол берілетіні және мүмкін екені туралы қорытынды беріледі.

      13. Сараптаманың теріс қорытындысы берілген жағдайда өтініш беруші ескертулерді жояды және ядролық қондырғылар, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғылардың құжаттамасын сараптама жүргізу үшін қайта жібереді. Аккредиттелген ұйым қайта сараптаманы бастапқы (бұрын жобалау құжаттамасының сараптамасын жүзеге асырған) құрамда жүргізеді. Қайта сараптама жүргізу мерзімі аккредиттелген ұйым ядролық қондырғылар, радиациялық қауіптілігі 1 және 2-санаттағы радиациялық қондырғылардың құжаттамасын алған күннен бастап 1 (бір) айдан аспайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады