"Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1095 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 21 тамыздағы № 652 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 22 тамызда № 33318 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 1095 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13004 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты учаскелік полиция инспекторларының, учаскелік полиция инспекторлары мен олардың көмекшілерінің қызметін ұйымдастыру қағидаларында:

      2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) учаскелік инспектор – бекітілген әкімшілік учаскедегі оған жүктелген міндеттерді орындайтын аумақтық ішкі істер органының (бұдан әрі – ІІО) өкілі.";

      22-тармақтың 13) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) тоқсанына кемінде бір рет халықпен есептік кездесулер өткізеді;".

      мынадай мазмұндағы 3-тараумен толықтырылсын:

      "3-тарау. Учаскелік полиция инспекторының халықпен есептік кездесулерін ұйымдастыру және өткізу тәртібі

      25. Учаскелік полиция инспекторы халықпен есептік кездесулерді:

      1) жергілікті қауымдастық алдындағы ашықтығын, жауапкершілігін және есептілігін арттыру;

      2) азаматтардың полицияға деген сенім деңгейін арттыру;

      3) азаматтарды құқық бұзушылық профилактикасының, қоғамдық тәртіпті сақтаудың және қылмысқа қарсы күрестің жағдайы туралы құқықтық сауаттандыру және ақпараттандыру;

      4) қоғамдық бақылау жүйесін дамыту;

      5) мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен, ұйымдармен және азаматтармен құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында өткізеді.

      26. Учаскелік полиция инспекторының халық алдындағы есеп беруі аумақтық полиция органы басшылығының және жергілікті атқарушы орган өкілдерінің қатысуымен тоқсанына кемінде бір рет жергілікті қауымдастық жиындарында өткізіледі.

      27. Есептік кездесулер өткізілетін күнге кемінде он күнтізбелік күн қалғанда учаскелік полиция инспекторы қызмет көрсетіліп отырған әкімшілік аумақтағы тұрғындарға алдағы кездесудің орны мен уақытын бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желі платформаларын пайдалану арқылы, сондай-ақ меншік нысанына қарамастан кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың әкімшілігі арқылы хабарлайды.

      Азаматтарды есепті талқылауға қатысуға барынша тарту үшін кездесулер тұрғындар үшін анағұрлым ыңғайлы уақытта өткізілуі тиіс. Өткізу орны қатысушылардың болжамды санына қарай таңдалады. Ауа райын ескере отырып, есептерді ашық алаңда, сондай-ақ онлайн форматында жүргізуге болады.

      Есеп беруді өз бетінше аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімдері шақыратын жергілікті қауымдастық жиналыстарында не жергілікті қауымдастық жиынымен өкілеттік берілген жиналыс мүшелерінің кемінде он пайызының бастамасы бойынша өткізуге жол беріледі.

      Қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскелердің ерекшеліктеріне қарай, есеп беруді бірнеше іргелес әкімшілік учаскелерде тұратын жергілікті қауымдастықтың бірыңғай жиынында (жиналысын) жүргізеді, онда бірнеше учаскелік полиция инспекторы бір мезгілде есеп береді.

      28. Есеп беруге тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік мәслихаттарының депутаттары, жұртшылықтың, денсаулық сақтау, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ауыл және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық органдарының, меншіктің барлық нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылады (келісім бойынша).

      29. Есеп беруге дайындалу кезінде мемлекеттік және ведомстволық статистикалық есептілік, жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық кеңестердің, қоғамдық ұйымдар, бірлестіктер өкілдерінің өтініштері және қылмысқа қарсы күрес және құқық бұзушылық профилактикасы бойынша қолданыстағы республикалық және өңірлік бағдарламалар, полиция қызметі туралы қоғамдық пікірді зерделеу нәтижелері, бұқаралық ақпарат құралдарындағы полиция қызметі мәселелері жөніндегі жарияланымдар пайдаланылады.

      30. Есеп беруде учаскелік полиция инспекторы қатысушыларға қызмет көрсетілетін әкімшілік учаскедегі криминогендік жағдай және оны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы, құқық бұзушылық профилактикасы, азаматтарды қоғамдық тәртіпті сақтауға тарту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы, полицияның профилактикалық қызметі саласында Қазақстан Республикасының заңнамасындағы өзгерістер туралы, шағымдар мен өтініштер, оның ішінде өткен есеп беру барысында келіп түскен шағымдар мен өтініштер бойынша қабылданған шаралар туралы ақпаратты жеткізеді.

      31. Есеп беру барысында азаматтардың ұсыныстары мен ескертулері тыңдалады, олар бойынша тиісті түсіндірмелер мен жауаптар беріледі.

      32. Есеп беруді өткізу барысы бейнежазбада және хаттамада тіркеледі, онда есеп беруді өткізудің уақыты, күні, орны, қатысушылар саны, қабылданған шешімдер, сондай-ақ есеп беру барысында келіп түскен азаматтардың шағымдары, ұсыныстары мен ескертулері туралы көрсетіледі.

      Бұл ретте "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3 бабы 1-тармағының нормаларын сақтай отырып, есеп берудегі қатысушылардың барлығын міндетті түрде тіркеу жүргізіледі.

      Есеп беру хаттамасы тікелей өткізілген күні толтырылады және учаскелік полиция инспекторы қолын қояды.

      Есеп беру барысында жауаптар мен түсіндірулер толық көлемде берілмеген азаматтардан келіп түскен шағымдар, ұсыныстар мен ескертулер хаттамаға тіркеледі және олар бойынша тиісті тексеріс жүргізіледі.

      Полицияның құзыретіне кірмейтін шағымдар, ұсыныстар мен ескертулер келіп түскен жағдайда бастамашыны міндетті түрде хабардар ете отырып, олар ведомстволық бағыныстылығы немесе аумақтылығы бойынша мемлекеттік органдарға жолданады.

      Есеп беру материалдары қызмет көрсетілетін әкімшілік аумақтың орналасқан жері бойынша тиісті полиция органында 1 жыл бойы сақталады.

      33. Есеп беру хаттамасының орындалуын бақылау учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыру үшін жауапты учаскелік полиция инспекторына жүктеледі.

      34. Есеп беруде азаматтарды, қоғамдық бірлестіктерді және ұйымдарды олардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін марапаттауға жол беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шараларды орындау туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың полиция департаменттерінің бастықтары бағынысты бөліністердің жеке құрамының осы бұйрықты зерделеуін қамтамасыз етсін.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
М. Ахметжанов

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады