"Биржалық сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 280 бұйрығына толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2023 жылғы 7 қыркүйектегі № 335-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 8 қыркүйекте № 33393 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Биржалық сауда қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 280 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10993 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Биржа саудасының қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 28-тараумен толықтырылсын:

      "28-тарау. Қант саудасы бөлімі

      "299. Қанттың биржалық сауда-саттығын ұйымдастыруды жүзеге асыруға ниеті бар тауар биржасы уәкілетті органға еркін нысандағы хабарламаны жолдайды.

      300. Қант сауда-саттығын ұйымдастырушы болып табылатын тауар биржаларының тізбесі олардың атауы мен байланыс деректерін көрсете отырып, уәкілетті органның және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      301. Тауар биржасы дилер ретінде аккредиттеген немесе аккредиттелген брокерлер арқылы әрекет ететін сатушылар мен сатып алушылар қанттың биржалық сауда-саттығының қатысушылары болып табылады.

      Қанттың биржалық сауда-саттығының қатысушыларына мыналар жатады:

      1) қант сатушылар – қант өндіруші, оның ішінде:

      қантты отандық импорттаушылар – Қазақстан Республикасының аумағында үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импортталған қантты өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектісі және (немесе) өзіне меншік құқығымен немесе өзге де заңды негіздерде тиесілі қанттың меншік иесі;

      қант импорттаушылар, шетелдік заңды тұлға – бейрезиденттің – заңды тұлғаның орналасқан жерінен тыс орналасқан және оның функцияларының барлығын немесе бір бөлігін, оның ішінде Қазақстан Республикасының аумағында қантты өткізуді жүзеге асыратын өкілдік функцияларын жүзеге асыратын ерекше бөлімшесі;

      өндірушілерден қантты келісімшартталған айналым қаражаты не қарыздар арқылы сатып алуды жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері.

      Қант өндірушілер қантты келісімшартталған айналым қаражаты не қарыздар арқылы өткізген жағдайда және (немесе) шарттар бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері шеңберінде оны тауар биржаларынан тыс өткізуді қамтамасыз етеді.

      2) қантты сатып алушылар – өз қажеттіліктері үшін қант сатып алатын және (немесе) Қазақстан Республикасының аумағында қантты одан әрі өткізуді жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілері.

      Қантты сатып алушылар мен сатушылар қанттың биржалық сауда-саттығына қол жеткізу үшін уәкілетті органға өздерінің қант нарығындағы мәртебесін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, еркін нысанда хабарлама жолдайды.

      Қантты сатып алушылар мен сатушылардың тізбесі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсында жарияланады.

      302. Сатушы уәкілетті органға және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органға келісімшартталған айналым қаражаты не қарыздар арқылы өткізген жағдайда және (немесе) шарттар бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері шеңберінде шарттар бойынша өткізілетін қантты қоспағанда, келесі жылға арналған қантты Қазақстан Республикасының ішкі нарығына өткізудің ай сайынғы жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) үстіміздегі жылдың бірінші желтоқсанынан кешіктірілмейтін мерзімде ұсынады

      Жоспар түзетілген жағдайда сатушы уәкілетті органға және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті органға ол бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде жаңартылған Жоспарды ұсынады.

      303. Жоспарда көрсетілген көлемдерді сатушылар күнтізбелік ай шеңберінде біркелкі бөлінген бес сауда сессиясы ішінде өткізуге қояды.

      304. Тауар биржасы – қант сауда-саттығын ұйымдастырушы тауар биржасының интернет-ресурсында бекітілген күнінен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жарияланады:

      1) сауда күндері мен сауда сессияларын өткізу кестесі мен кезеңділігін;

      2) тауарды жеткізу базисін (тауарлардың ерекшеліктерін) қоса алғанда, сауда құралдарын;

      3) лоттардың мөлшерін;

      4) қанттың биржалық сауда-саттығына қатысу үшін биржалық алымның мөлшері.

      305. Сауда-саттық сессиясының және клирингтің басталу және аяқталу уақытын тауар биржасы қант өндірушілер мен қантты көтерме сатушылардың әрбір сауда құралы бойынша сауда-саттық сессиясының ұзақтығын және Қазақстан Республикасының аумағына үшінші елдерден және Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен әкелінген қанттың кейінгі саудасын ескере отырып белгілейді.

      306. Егер қант тиісті сауда сессиясында өткізуге қойылған, бірақ өткізілмеген жағдайда, мұндай көлем осы Қағидалардың 303-тармағында белгіленген кезең шеңберінде кейінгі сауда сессияларында қосымша қойылады.

      307. Егер қант өткізуге қойылса, бірақ сатушы мен сатып алушылар арасында мәмілелер жасалмаса, сатушы өткізілмеген қант көлемін өз қалауы бойынша биржадан тыс мәміле арқылы өткізеді.

      308. Қант тауар биржалары арқылы тиісті сауда құралдары арқылы өткізіледі.

      309. Қанттың биржалық сауда-саттығын өткізу кестесін қант сауда-саттығын ұйымдастырушы сауда-саттықтар басталғанға дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын тауар биржасының жеке интернет-ресурсында орналастырады.

      Сауда күндері мен сауда сессияларын өткізу кестесі мен кезеңділігінің өзгергені туралы қанттың биржалық сауда-саттығына қатысушылар сауда күні басталғанға дейін 48 сағаттан кешіктірілмей хабардар етіледі.

      310. Өткізуге өтінімдерді қант сатушылары лоттарда қояды.

      Тауар биржасы арқылы сатып алуға болатын биржалық тауар партиясының ең аз мөлшері – бір лот.

      Лоттың ең аз мөлшері кемінде 60 тоннаны құрайды (бір вагон нормасы). Темір жол көлігімен қантты жеткізуді көздейтін сауда құралдары бойынша лоттың ең жоғарғы мөлшері 5 (бес) вагонды (вагон нормасына байланысты 300-350 тонна), автомобиль көлігімен 100 (жүз) тоннаны құрайды.

      311. Сатып алушылар өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында биржалық сауда-саттық барысында бір лоттан артық сатып алуға жол береді.

      312. Биржалық сауда-саттыққа қатысу үшін қант биржалық сауда-саттығына қатысушылар тауар биржасына қызмет көрсететін клирингтік ұйымның шотына мәмілелердің болжамды сомасының 5% аспайын мөлшерде ақшалай биржалық қамтамасыз етуді енгізеді.

      Биржалық қамтамасыз етуді қайтаруды клирингтік ұйым аукцион жеңімпазын қоспағанда, сауда-саттыққа қатысушының ақша қаражатын қайтаруға өтініш берген сәттен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей жүзеге асырады.

      313. Қантпен сауда-саттық келесі тәртіппен қосарланған қарсы аукцион түрінде өткізіледі:

      1) сауда-саттық сессиясы ішінде биржалық сауда-саттыққа қатысушылар осы Қағидаларда белгіленген талаптарды сақтай отырып, тауар биржасының электрондық сауда жүйесіне тауарды сатып алуға (сатуға) өтінімдер береді;

      2) сауда күні ішінде бір сауда сессиясы өткізіледі;

      3) сауда сессиясының ұзақтығы кемінде екі сағатты құрайды;

      4) тауарды сатып алуға (сатуға) арналған өтінімде мынадай мәліметтер қамтылады:

      сауда-саттыққа қатысушының атауы;

      өтінім түрі (сатып алуға немесе сатуға);

      сатып алынатын (сатылатын) тауардың атауы;

      теңгемен көрсетілетін тауардың бағасы, салықтарды қоса алғанда, (егер тауарды өткізу жөніндегі айналымға қосылған құн салығы салынатын жағдайда);

      сатып алуға (сатуға) мәлімделген тауар саны;

      барлық қабылданған өтінімдер сатуға және сатып алуға қанағаттандырылмаған өтінімдер кезегіне жинақталады:

      сатып алуға өтінімдер оларда көрсетілген бағалардың кему тәртібімен, ал бағалар тең болған кезде – олардың сауда жүйесіне түсу кезектілігі тәртібімен сараланады;

      сатуға арналған өтінімдер оларда көрсетілген бағалардың өсу тәртібімен, ал бағалар тең болған кезде – олардың сауда жүйесіне түсу кезектілігі тәртібімен сараланады;

      5) сатуға жаңадан келіп түскен өтінім сатып алу бағасы ең жоғары бағаны қамтитын сатып алуға арналған өтінімнен бастап келіп түскен өтінімнің бағасынан жоғары немесе оған тең болатын қолда бар сатып алуға арналған өтінімдер есебінен қанағаттандырылады. Бұл процесс сатуға арналған осындай өтінім толық қанағаттандырылғанға дейін немесе сатып алуға арналған баға бойынша қолайлы өтінімдер таусылғанға дейін жалғасады;

      6) сатып алуға жаңадан келіп түскен өтінім сату бағасы ең төмен бағаны қамтитын сатуға арналған өтінімнен бастап келіп түскен өтінімнің бағасынан төмен немесе оған тең болатын сатуға арналған қолда бар өтінімдер есебінен қанағаттандырылады. Бұл процесс сатып алуға арналған осындай өтінім толық қанағаттандырылғанға дейін немесе сатуға арналған баға бойынша қолайлы өтінімдер таусылғанға дейін жалғасады.

      Жаңадан келіп түскен өтінім негізінде сатып алуға (сатуға) сұранысқа ие қарсы өтінімдер санына байланысты бір немесе одан да көп мәмілелер жасалады. Мәмілелер сұранысқа ие қарсы өтінімдерде көрсетілген бағалар бойынша жасалады;

      7) сатып алуға (сатуға) толық қанағаттандырылған өтінімдер бұдан әрі сауда-саттыққа қатыспайды. Ішінара қанағаттандырылған өтінімдер сатып алуға (сатуға) қанағаттандырылмаған көлемдер бөлігінде сауда-саттыққа қатысуды жалғастырады;

      8) қанттың биржалық сауда-саттығына қатысушылар тауарды сатып алуға (сатуға) шексіз өтінімдер береді. Бұл ретте, қанттың биржалық сауда-саттығына қатысушы берілген өтінімді мәміле жасалғанға дейін кез келген уақытта алып тастайды. Тауар биржасы қант өндіру саласындағы уәкілетті органның ұсынымдары негізінде биржалық сауда-саттыққа қатысушы беретін сатып алуға өтінімнің ең жоғары көлемін шектейді;

      9) осы Қағидалардың 314-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін бағалармен тауар биржасының электрондық сауда жүйесінде тіркелген мәмілелер тауар биржасының дереу күшін жоюға жатады, бұл туралы мәміле тараптарына жазбаша хабарланады.

      314. Сауда сессиясы барысында қалыптасатын қант бағасының ең жоғары деңгейі базалық бағаның жұз бір пайызынан аспайды.

      315. Сауда саттық сессияларында қанттың базалық бағасы ретінде келесі бағалар танылады:

      1) жаңадан бекітілген сауда құралы бойынша алғашқы биржалық сауда-саттықта қанттың базалық бағасы Қазақстан Республикасының ішкі нарығындағы бағалар деректері бойынша өткен айдың қорытындысы бойынша қалыптасқан тиісті өндірушінің жеткізу базисінде қанттың көтерме бағасының баға белгілеулерінің орташа арифметикалық мәні деңгейінде белгіленеді;

      2) кейінгі негізгі сауда сессияларында базалық баға тиісті сауда құралдары бойынша алдыңғы сауда сессиясында қалыптасқан орташа өлшенген баға деңгейінде белгіленеді.

      Қант сауда-саттығын ұйымдастырушы осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда базалық бағаны уәкілетті органмен алдын ала келіседі.

      316. Егер бекітілген сауда құралы немесе сауда құралдарының тобы бойынша биржалық сауда-саттық қандай да бір себептермен 5 (бес) жұмыс күнінен артық тоқтатылған жағдайда, оларды қайта бастау тиісті жеткізу базисі бойынша соңғы сауда айында қалыптасқан қанттың орташа өлшенген бағасы деңгейінде айқындалатын базалық бағадан басталады.

      317. Биржалық тауарды сатып алушы мен сатушы арасындағы есеп айырысу сатып алушы тарапынан сатып алынған биржалық тауар көлемінен жүз пайыз алдын ала төлем шарттарында жүргізіледі.

      318. Өтінімдердің бағасы Инкотермс 2020 (EXW, FCA) шарттарында көрсетіледі.

      319. Сатушы қантты келісімшартталған айналым қаражаты не қарыздар арқылы өткізген жағдайда және (немесе) шарттар бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктері шеңберінде өткізген жағдайларда тауар биржасында тыс мәмілені тіркеуді қамтамасыз етеді.

      Тауар биржасы сатушы осы тармақтың 1-бөлігінде және осы Қағидалардың 14-тарауының 1-параграфында көзделген міндеттемелерді орындамаған жағдайда сатушының биржалық тауарды өткізуге өтінімін қабылдаудан бас тартады, бұл туралы уәкілетті орган ресми түрде хабардар етіледі.

      320. Сауда-саттық нәтижелері қант сауда-саттығын ұйымдастырушының ресми интернет-ресурсында биржалық мәмілелер тараптарының анонимділігі туралы шартты сақтай отырып, сауда-саттық күнінен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмей жарияланады.

      Өткен айдағы сауда-саттықтың жиынтық нәтижелері қант сауда-саттығын ұйымдастырушының сайтында есепті айдан кейінгі айдың бірінші күнінен кешіктірілмей жарияланады.

      321. Тауар биржасы жасалған мәмілелер негізінде биржалық және биржадан тыс индекстерді есептейді және алынған деректерді ескере отырып, тауар биржасының интернет-ресурсында жариялай отырып, қант бағасының биржалық дәлізін шығарады.

      322. Қазақстан Республикасының ішкі нарығында үшінші елдер мен Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің үшінші елдер үшін қант өндіру үшін шикізат жеткізуге қабылдаған шектеу шараларына, Қазақстан Республикасына импортталатын шикізат бағасының күрт өсуіне және (немесе) қант өндіру көлемінің төмендеуіне байланысты форс-мажорлық мән-жайлар болған жағдайда (жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу, авариялық жағдайлар) уәкілетті орган агроөнеркәсіптік кешен саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша нарықтағы ахуал тұрақталғанға дейінгі кезеңге негізгі сауда-саттық сессиялары үшін осы Қағидаларға сәйкес келмейтін базалық бағаларды белгілейді және (немесе) қант сауда-саттық режимін өзгертеді және (немесе) қант биржалық сауда-саттығын тоқтатады".

      2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрі
А. Шаккалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бәсекелестікті қорғау және

      дамыту агенттігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады