Магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық операторды айқындау және ол туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2023 жылғы 8 қыркүйектегі № 333 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 12 қыркүйекте № 33406 болып тіркелді

      "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 6-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Интергаз Орталық Азия" акционерлік қоғамы магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор болып айқындалсын.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор туралы ереже бекітілсін.

      3. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібі департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бәсекелестікті қорғау

      және дамыту агенттігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2023 жылғы 8 қыркүйектегі
№ 333 бұйрығына
қосымша

Магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператор туралы ереже "Магистральдық құбыр туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 6-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және магистральдық газ құбыры жөніндегі ұлттық оператордың (бұдан әрі – ұлттық оператор) өкілеттігін, негізгі міндеттерін және функцияларын айқындайды.

      2. Ұлттық оператор өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Заңды және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарды, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Осы Ережеде қолданылатын терминдер мен анықтамалар:

      1) жедел-диспетчерлік басқару – өнімді тасымалдау үшін магистральдық құбырды пайдаланудың технологиялық режимдерін орталықтандырылған басқару;

      2) жөнелтуші – өнім өндіруші болып табылатын тұлға немесе оны заңды негіздерде сатып алған тұлға не олар уәкілеттік берген, өнімді тасымалдау жөніндегі қызметтерді ұсынуға арналған шарт негізінде магистральдық құбырмен тасымалдау үшін өнімді ұсынатын тұлға;

      3) өнім – тасымалдауға дайындалған және тиісті өнім түрі бойынша техникалық регламенттерге сәйкес келетін, тұрақты (тұрақты емес) газ конденсатын, табиғи газды, ілеспе газды, басқа да сұйық және газ тәріздес көмірсутектерді, мұнай өнімдерін қоса алғандағы мұнай;

      4) уәкілетті орган – магистральдық құбыр саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      5) ұлттық оператор – акцияларының (қатысу үлестерінің) бақылау пакетінің меншік иесі мемлекет не ұлттық басқарушы холдинг, ұлттық компания немесе Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін компания болып табылатын, бір немесе бірнеше магистральдық құбырға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде иелік ететін, уәкілетті орган айқындайтын заңды тұлға.

2-тарау. Ұлттық оператордың міндеттері мен функциялары

      4. Ұлттық оператордың қызметі Қазақстан Республикасында магистральдық газ құбырлары жүйесін дамытуға, оларды тиімді, сенімді әрі қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.

      5. Ұлттық оператордың негізгі міндеттері:

      1) тауарлық газды магистральдық газ құбырларымен ішкі және сыртқы нарықтарға тасымалдау кезінде Қазақстан Республикасының және қатынастардың басқа да қатысушыларының мүдделерін қамтамасыз ету;

      2) магистральдық газ құбырлары жүйесін инновациялық дамытуды және оны әлемдік энергетика жүйесіне интеграциялауды қамтамасыз ету, тауарлық газ ағындарын әртараптандыру арқылы мемлекеттің энергетикалық әлеуетін арттыру;

      3) магистральдық газ құбырлары бойынша экспорттық бағыттар мен магистральдық газ құбырларына қосылған ішкі тұтынушыларға тауарлық газды тасымалдау арасында тауарлық газды тасымалдау режимінде, оның ішінде қысқы кезеңде тауарлық газ іріктеудің ең жоғары режимі жағдайында теңгерімді қамтамасыз ету;

      4) Қазақстан Республикасының газ тасымалдау жүйесінің магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдаудың өзара байланысты режимін жедел-диспетчерлік басқару;

      5) нормативтік-техникалық құжаттарда белгіленген тауарлық газдың сапасы жөніндегі техникалық талаптарға сәйкес магистральдық газ құбырындағы тауарлық газ сапасын қамтамасыз ету;

      6) магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдау бөлігінде мұнай-газ секторын дамытудың мемлекеттік және ұлттық бағдарламаларын әзірлеуге және орындауға қатысу;

      7) Қазақстан Республикасының магистральдық құбыр туралы заңнамасын жетілдіруге бағытталған нормативтік құқықтық актілер жобалары бойынша ұсыныстарды әзірлеу және уәкілетті органның қарауына енгізу;

      8) магистральдық газ құбырлары саласындағы нормативтік және нормативтік-техникалық құжаттама жобаларын әзірлеуге қатысу;

      9) магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдау саласындағы халықаралық шарттарды әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      10) тауарлық газды тасымалдау бағыттарының энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға және әртараптандыруға бағытталған халықаралық жобаларды іске асыру бойынша жұмыстарға қатысу болып табылады.

      6. Ұлттық оператор Заңның 10-бабының 1-тармағына сәйкес:

      1) меншік иесінің дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан да көп пайызы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе ұлттық компанияға тікелей немесе жанама түрде тиесілі магистральдық газ құбыры арқылы Қазақстан Республикасының аумағында операторлық қызметтерді көрсету құқығына ие;

      2) ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық газ құбыры арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан тасымалданатын тауарлық газды басқа мемлекеттердің құбыр жүйелері арқылы тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету (бірыңғай маршруттау бойынша операторлық қызмет) құқығына ие.

      7. Ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық газ құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан экспортқа (оның ішінде транзитке) тасымалданатын тауарлық газды тасымалдауды ұйымдастыру жөніндегі қызметтерді көрсету құқығын іске асыру шеңберінде Ұлттық оператор мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) өнім жөнелтушілермен магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдауды ұйымдастыруға арналған шарттар жасасады;

      2) магистральдық газ құбырлары арқылы тауарлық газ тасымалдауды ұйымдастыру үшін жасасқан шарттар негізінде ұйымдармен, оның ішінде басқа мемлекеттердің тауарлық газды тасымалдау қызметін көрсетуші ұйымдарымен тиісті шарттар және ұлттық операторға меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде тиесілі магистральдық газ құбырлары арқылы Қазақстан Республикасының аумағынан экспортқа (оның ішінде транзитке) тасымалданатын тауарлық газды тасымалдауды қамтамасыз ету үшін басқа да қажетті шарттарды жасасады.

3-тарау. Қызметтi ұйымдастыру

      8. Ұлттық оператор өз қызметiн Қазақстан Республикасының заңнамасына, осы Ережеге және жарғыға сәйкес ұйымдастырады.

      9. Ұлттық операторды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 45 және 50-баптарына және "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-3 және 16-баптарына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады