ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 134-1-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Мемлекеттік активтерді басқару саясаты департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жариялануға жатады және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі |
А. Куантыров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі 2023 жылғы 21 қыркүйектегі № 167 Бұйрықпен бекітілген |
Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 134-1-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру тәртібін айқындайды.
Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру кезінде әскери мүлік, сондай-ақ мәліметтері қолжетімділігі шектеулі ақпаратқа жатқызылған мүлік ескерілмейді.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) квазимемлекеттік сектор субъектілері (бұдан әрі – КСС) – мемлекеттік кәсіпорындар, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер, акционерлік қоғамдар, оның ішінде құрылтайшысы, қатысушысы немесе акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес олармен үлестес болып табылатын еншілес, тәуелді және өзге де заңды тұлғалар;
2) мемлекет активтері – өткен операциялар немесе оқиғалар нәтижесінде мемлекет меншігіне алынған, құндық бағасы бар мүліктік және мүліктік емес игіліктер мен құқықтар;
3) Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндама (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) – мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару тиімділігін кешенді талдауды қамтитын құжат;
4) мемлекеттік мүлікті басқару – мемлекеттің (Қазақстан Республикасының немесе әкімшілік-аумақтық бірліктің) мемлекеттік меншік құқығын және өзге де мүліктік құқықтарды жүзеге асыруы;
5) әскери мүлік – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың мемлекеттік мекемелерінің жедел басқару құқығындағы қорғаныс объектілері, қару-жарақтың, әскери техниканың барлық түрлері, арнаулы құралдар және басқа да мүлік.
2-тарау. Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару жөніндегі ұлттық баяндаманы қалыптастыру тәртібі
3. Ұлттық баяндаманы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган тиісті салалардың уәкілетті органдары, КСС мемлекеттік мүлік тізіліміне ұсынған ақпараттың, сондай-ақ ашық қолжетімділікте орналастырылған ақпараттың негізінде қалыптастырады.
4. Тиісті салалардың уәкілетті органдары, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірмей мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға осы Қағидалардың 7, 8, 9, 10 және 11-тармақтарында көзделген ақпаратты ұсынады.
5. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қыркүйегінен кешіктірілмейтін мерзімде мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген ақпаратты ұсынады.
6. КСС-ның лауазымды адамдары мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның жазбаша сұрау салуы бойынша тиісті сұрау салуды алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 7, 8, 9, 10 және 11-тармақтарына сәйкес Ұлттық баяндаманы қалыптастыру үшін қажетті мәліметтерді ұсынады.
7. Ұлттық баяндамада:
1) мемлекеттік активтердің есепті кезеңдегі жай-күйі туралы талдамалық ақпарат;
2) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепті кезеңдегі қызметі туралы ақпарат;
3) мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар;
4) мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі өзге де деректер қамтылады.
8. "Мемлекеттік активтердің есепті кезеңдегі жай-күйі туралы талдамалық ақпарат" деген бөлімде квазимемлекеттік сектордың және мемлекеттік активтердің ағымдағы жай-күйі туралы ақпарат, оның ішінде мемлекеттік заңды тұлғалардың мүлкін түгендеу нәтижелері, мемлекеттік мүлікті сату және пайдалану мәселелері төмендегі көрсеткіштер бөлінісінде келтіріледі:
бюджет құрылымы бойынша бөліністе (кірістер, шығындар, таза бюджеттік кредиттеу, қаржы активтерімен операциялар бойынша сальдо, бюджет тапшылығы (профициті), бюджеттің мұнай емес тапшылығы (профициті), бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитін пайдалану) есепті кезеңді қоса алғанда, соңғы үш жылғы серпінде республикалық бюджет қаражаты;
бюджет құрылымы бойынша бөліністе (кірістер, шығындар және басқалар) есепті кезеңді қоса алғанда, соңғы үш жылғы серпінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражаты;
бюджет құрылымы бойынша бөліністе (кірістер, шығындар және басқалар) есепті кезеңді қоса алғанда, соңғы үш жылғы серпінде Жәбірленушілерге өтемақы қорының, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының, Арнаулы мемлекеттік қордың, сондай-ақ Қазақстан Республикасы қатысатын өзге де мемлекеттік қорлардың қаражаты;
мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарға бекітіп берілген мүлік;
мүліктік жалдауға (жалға алуға) және сенімгерлік басқаруға берілген мемлекеттік мүлік туралы мәліметтер;
мемлекеттік мүлікті сату туралы мәліметтер.
9. "Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепті кезеңдегі қызметі туралы ақпарат" деген бөлімде квазимемлекеттік сектор субъектілерінің есепті кезеңді қоса алғанда, соңғы үш жылғы серпіндегі қызметі туралы ақпарат төмендегі көрсеткіштер бөлінісінде келтіріледі:
ұйымдық-құқықтық нысандар бөлінісінде (акцияларының мемлекеттік пакеті (мемлекеттік қатысу үлестері) мемлекеттік меншікте болатын акционерлік қоғам (жауапкершілігі шектеулі серіктестік), мемлекеттік кәсіпорын) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің саны;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экономикаға қатысу үлесі және квазимемлекеттік сектор субъектілері қатысатын экономиканың негізгі салалары;
мемлекеттік органдар бөлінісінде мемлекеттің қатысу үлесі көрсетілген квазимемлекеттік сектор субъектілері меншік иелерінің құрылымы;
квазимемлекеттік сектор субъектілері жұмыскерлерінің орташа жылдық саны;
квазимемлекеттік сектор субъектілері активтерінің баланстық құны;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің күрделі салымдары мен инвестицияларының көлемі;
қаржы-шаруашылық қызмет және бюджет қаражатын пайдалану туралы мәліметтер;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қаржы-шаруашылық қызметінің нәтижелері туралы мәліметтер, оның ішінде олардың мемлекеттік тапсырмадан алған табыстары туралы мәліметтер;
құрылтайшысы, акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың даму жоспарлары мен іс-шаралар жоспарларының орындалуы, сондай-ақ акцияларының бақылау пакеттері мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, акционерлік қоғамдардың даму жоспарларының орындалуы, оның ішінде олардың негізгі қызмет көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы мәліметтер;
көлемі мен нысаналы мақсатын көрсете отырып, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген мемлекеттік қолдау шаралары және республикалық бюджеттен түсетін өзге де түсімдер туралы мәліметтер;
квазимемлекеттік сектор субъектілерінің республикалық бюджетті толықтыруы туралы мәліметтер.
10. "Мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар" деген бөлімде мемлекеттік активтерді және квазимемлекеттік секторды басқару тетіктерін одан әрі дамыту жөніндегі тұжырымдар мен ұсыныстар қалыптастырылады.
11. "Мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі өзге де деректер" деген бөлімде Ұлттық баяндаманы сапалы қалыптастыруға ықпал ететін қосымша ақпарат көрсетіледі.
12. Ұлттық баяндаманы мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппаратына есепті жылдан кейінгі жылдың 15 қазанынан кешіктірмей енгізеді.
13. Кодекстің 134-2-бабының 2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі Ұлттық баяндаманы бекіткеннен кейін оны есепті жылдан кейінгі жылдың 1 қарашасынан кешіктірмей Қазақстан Республикасының Парламентіне ақпарат тәртібінде ұсынады.
14. Мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган Ұлттық баяндама Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды қамтамасыз етеді.