Орта білім беру ұйымдарында 2023-2024 оқу жылының басталу және аяқталу мерзімдерін, сондай-ақ білім алушыларды қорытынды аттестаттаудан өткізу мерзімдерін айқындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 304 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 4 қазанда № 33501 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 38) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығымен бекітілген Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29031 болып тіркелген) сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан орта білім беру ұйымдарында 2023-2024 оқу жылының басталуы мен аяқталуының мынадай мерзімдері айқындалсын:

      2023 жылғы 1 қыркүйек – 2024 жылғы 25 мамырды қоса алғанда:

      1-11 (12) сыныптарда оқу жылы ішінде тоқсандардың және демалыстардың ұзақтығы:

      1-тоқсан – 8 оқу аптасы, күзгі демалыс – күнтізбелік 7 күн (2023 жылғы 30 қазаннан бастап 5 қарашаны қоса алғанда);

      2-тоқсан – 8 оқу аптасы, қысқы демалыс – күнтізбелік 10 күн (2023 жылғы 29 желтоқсаннан бастап 2024 жылғы 7 қаңтарды қоса алғанда);

      3-тоқсан – 10 оқу аптасы, көктемгі демалыс – күнтізбелік 11 күн (2024 жылғы 21-31 наурыз аралығында);

      1-сыныптарда қосымша демалыс – күнтізбелік 7 күн (2024 жылғы 5-11 ақпан аралығында).

      4-тоқсан – 8 оқу аптасы.

      2. Қорытынды аттестаттаудың мынадай мерзімдері бекітілсін:

      9 (10)-сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 2024 жылғы 29 мамырдан бастап 10 маусым аралығында;

      11 (12)-сынып оқушылары үшін қорытынды бітіру емтихандары – 2024 жылғы 28 мамырдан бастап 11 маусым аралығында.

      3. Қорытынды аттестаттауды өткізудің мынадай мерзімдері бекітілсін:

      9 (10)-сынып оқушылары үшін:

      1) қазақ тілі/орыс тілі және өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде білім беретін мектептер үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, гуманитарлық цикл пәндерін тереңдетіп оқытатын мектеп білім алушылары үшін - жазбаша жұмыс (мақала, әңгіме, эссе) – 2024 жылғы 29 мамыр;

      2) математика (алгебра) бойынша жазбаша емтихан (бақылау жұмысы) – 2024 жылғы 3 маусым;

      3) орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілінде оқытатын сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) және қазақ тілінде оқытатын сыныптарда орыс тілі мен әдебиеті бойынша жазбаша емтихан (мәтінмен жұмыс, мәтін бойынша тапсырмаларды орындау) – 2024 жылғы 6 маусым;

      4) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2024 жылғы 10 маусым;

      11 (12)-сынып оқушылары үшін:

      1) қазақ тілі/орыс тілі бойынша және ұйғыр/тәжік/өзбек тілінде білім беретін мектептер/сыныптар үшін ана тілі (оқыту тілі) бойынша жазбаша емтихан – 2024 жылғы 28 мамыр;

      2) алгебра және анализ бастамалары бойынша жазбаша емтихан – 2024 жылғы 31 мамыр;

      3) Қазақстан тарихы бойынша ауызша емтихан – 2024 жылғы 4 маусым;

      4) орыс/өзбек/ұйғыр/тәжік тілдерінде оқытатын мектептерде/сыныптарда қазақ тілі мен әдебиетінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде/сыныптарда орыс тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан – 2024 жылғы 7 маусым;

      5) таңдау пәні бойынша жазбаша емтихан (физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзілік тарих, құқық негіздері, әдебиет (оқыту тілі бойынша), шет тілі (ағылшын/француз/неміс), информатика) – 2024 жылғы 11 маусым.

      4. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі және 2023 жылғы 1 қыркүйектен бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады