"Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 9 қаңтардағы № 15 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 10 қазандағы № 1080 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 11 қазанда № 33535 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 9 қаңтардағы № 15 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16261 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттік жоспарлау және бюджеттерді атқару сатыларында азаматтық бюджетті жасау мен ұсыну қағидаларында:

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Азаматтық бюджет шығыстарының негізгі бағыттары бойынша республикалық бюджет жобасына мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының алдын ала бағалауы туралы ақпаратты қамтиды.

      Республикалық бюджет деңгейіндегі азаматтық бюджетке елдің жалпыұлттық басымдықтарына қол жеткізу жөніндегі шараларды қамтамасыз ету үшін басым бюджеттік қаржыландырудың бағыттарын көрсететін және республикалық бюджет жобасында белгіленген шешімдерді ашатын ақпарат енгізіледі.

      Жергілікті бюджет деңгейіндегі азаматтық бюджетке жергілікті бюджет жобасына енгізілген шешімдерді аша отырып, ақпарат енгізіледі.";

      17-1-тармағы мынадай мазмұнмен толықтырылсын:

      "17-1. Жергілікті бюджеттер деңгейінде халық қатысатын бюджетті іске асыру жөніндегі ақпарат көрсетіледі.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Бюджеттік бағдарламалар әкімшілері "Бюджетті жоспарлау (қалыптастыру, бекіту, нақтылау) сатысында" деген бөлімді:

      жоспарланатын шығыстарды сипаттай отырып және сомаларды миллион теңгеде көрсете отырып бюджеттік бағдарламалар, халық пен ел үшін жоспарланатын пайданы көрсете отырып, тікелей және түпкілікті нәтижелер көрсеткіштері туралы (көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) түпкілікті алушы ел халқы болып табылатын бюджеттік бағдарламалар бойынша ақпарат, оның ішінде мектептер, ауруханалар, автомобиль жолдары және басқа да объектілер құрылысы, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер туралы, сондай-ақ жұмыс орындарын құру, жалақыны ұлғайту бойынша ақпарат енгізіледі);

      бюджеттік инвестициялық жобаларға, заңды тұлғалардың жарғылық капиталдарын қалыптастыруға және (немесе) ұлғайтуға мәлімделетін шығыстардың экономикалық әсерін бағалау туралы;

      халық қатысатын бюджетті іске асыру туралы (халық қатысатын бюджетті іске асыруды жүзеге асыратын жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері үшін) ақпараттарды енгізе отырып, жасайды.";

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Бюджетті атқару сатысында азаматтық бюджетті жартыжылдықта және жылдық шолуда ай сайынғы негізде берілетін ақпаратқа қосымша мыналарға:

      негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің (ЖІӨ/ЖӨӨ, инфляция деңгейі, жұмыссыздық деңгейі) атқарылуына;

      нақты атқарылуы ескеріле отырып, толық қаржы жылына экономикалық болжамды, кірістер мен шығыстар болжамын қоса алғанда, бюджетті нақтылау себептері мен көздерін көрсете отырып, бекітілген бюджетпен салыстырғандағы тиісті қаржы жылына бюджет параметрлерін нақтылауға талдау жүргізіледі.

      Бюджетті атқару сатысындағы азаматтық бюджеттің жылдық шолуында нәтижелердің қол жеткізілген (қол жеткізілмеген) көрсеткіштерін, сондай-ақ халық пен ел үшін алынған пайда нәтижелері туралы, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша бөлінген қаражатты игеру (көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) түпкілікті алушы ел халқы болып табылатын бюджеттік бағдарламалар бойынша ақпарат, оның ішінде мектептер, ауруханалар, автомобиль жолдарының құрылысы бойынша жобалардың жүзеге асуы және басқа да объектілер, жұмыстар, қызметтер туралы, сондай-ақ жұмыс орындарын құру, жалақыны ұлғайту бойынша ақпарат енгізіледі) туралы талдау да көрсетіледі.";

      24 және 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Мемлекеттік органның даму жоспарының көрсеткіштерін орындау нәтижелерін, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақша түсімдері мен шығыстарының жоспарларының орындалуы туралы есептерді, қайырымдылықтан түскен түсімдер мен ақша жұмсалуы туралы есептерді және мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау қорытындысы бойынша ақпаратты орналастыра отырып, "Бюджетті атқару сатысында" деген бөлімді жасайды.

      Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері азаматтар үшін қолжетімді және оңай қабылданатын нысанда нәтижелердің қол жеткізілген (қол жеткізілмеген) көрсеткіштерін, сондай-ақ халық пен ел үшін алынған пайда нәтижелері туралы, бюджеттік бағдарламалар (кіші бағдарламалар) бойынша бөлінген қаражатты игеру (көрсетілетін қызметтерді (жұмыстарды) түпкілікті алушы ел халқы болып табылатын бюджеттік бағдарламалар бойынша ақпарат, оның ішінде мектептер, ауруханалар, автомобиль жолдары құрылысы бойынша жобалардың жүзеге асыру және басқа да объектілер, жұмыстар, қызметтер туралы, сондай-ақ жұмыс орындарын құру, жалақыны ұлғайту бойынша ақпарат енгізіледі) туралы ақпаратты да орналастырады;

      Жергілікті бюджеттер деңгейінде халық қатысатын бюджетті іске асыруды жүзеге асыратын жергілікті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері халық қатысатын бюджеттің іске асырылуы туралы ақпаратты орналастырады.

      25. Азаматтық бюджет уәкілетті органдардың интернет-ресурстарында мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырылады.

      Аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің әкімдері аппараттарының ресми интернет ресурстары болмаған кезде аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің "Азаматтық бюджет" салымы жоғары тұрған бюджетті мемлекеттік жоспарлау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органдардың интернет-ресурсында орналастырылады.

      Пайдаланушылардың қолайлылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік жоспарлау, бюджеттік жоспарлау, бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның "Азаматтық бюджет" салымы бойынша интернет-ресурстарға өзара сілтемеге жол беріледі.

      Пайдаланушылардың қолайлылығын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік жоспарлау, бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның "Азаматтық бюджет" салымы бойынша интернет-ресурстарға өзара сілтемеге жол беріледі.

      Азаматтық бюджет ашық бюджеттердің интернет-порталында бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган және бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері де мемлекеттік және орыс тілдерінде орналастырады.

      Халықты кеңінен хабардар ету үшін аудан деңгейіндегі (облыстық маңызы бар қала деңгейіндегі) азаматтық бюджет тиісті аумақта таралатын баспа бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады