ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 05.04.2024 бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңының 9-бабы 12-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын отбасы мүшелерінің, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арнаулы оқу орнының курсанттары қатарындағы өздерінің жақын туыстарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін бару қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр және тәрбие жұмысы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2024 жылғы 5 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі |
С. Шарипханов |
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі 2023 жылғы 24 қарашадағы № 641 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын отбасы мүшелерінің, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арнаулы оқу орнының курсанттары қатарындағы өздерінің жақын туыстарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін бару қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын отбасы мүшелерінің, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арнаулы оқу орнының курсанттары қатарындағы өздерінің жақын туыстарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін бару қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңының 9-бабы 12-1-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын отбасы мүшелерінің (бұдан әрі - келушілер), Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арнаулы оқу орнының (бұдан әрі – арнаулы оқу орны) курсанттары қатарындағы өздерінің жақын туыстарының (бұдан әрі - курсанттар) өмірімен және тұрмысымен танысу үшін бару тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай түсініктер қолданылады:
1) Қазақстан Республикасының азаматтары – "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабында санамаланған адамдар;
2) курсант – әскери, арнаулы оқу орнында жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім алып жатқан адам;
3) жақын туыстар – ата-аналар (ата-ана), балалар, асырап алушылар, асырап алынғандар, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (аға-қарындастар), ата, әже, немерелер;
4) бақылау-өткізу пункті – тәуліктік нарядтың қызметкерлері мен (немесе) курсанттары арнаулы оқу орнына кіруді қамтамасыз етуді жүзеге асыратын арнаулы оқу орнының кіреберісінде орналасқан арнайы үй-жай;
5) кезекші бөлім – арнаулы оқу орнының құрылымдық бөлімшесі;
6) кезекші бөлімнің тәуліктік наряды – тәуліктік кезекшілікке түсетін кезекші бөлімнің қызметкерлері мен (немесе) арнаулы оқу орнының курсанттары;
7) тексеріп қарау жүйелері мен құралдары - бұл "Білім беру ұйымдарына және олардың аумақтарына әкелуге тыйым салынған, оларда пайдаланылуы шектелген нәрселер мен заттардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 25 мамырдағы № 235 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22857 болып тіркелген) (бұдан әрі – Тыйым салынған заттар мен бұйымдардың тізбесі) көрсетілген заттар мен бұйымдарды арнаулы оқу орнына санкциясыз кіргізуді (шығару) немесе әкелуді (әкету) алдын ала байқауға арналған техникалық құралдар жиынтығы;
8) біржолғы кіру карточкасы - келушінің тегі, аты және әкесінің аты (бар болған кезде) көрсетіліп, арнаулы оқу орнының әкімшілік ғимаратына бір рет кіруге кезекші бөлімде берілетін, осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысанда рәсімделетін рұқсат кіру карточкасы;
9) өткізу режимі – арнаулы оқу орнының әкімшілік ғимарат және әкімшілік ғимаратқа іргелес аумақ шегінде белгіленген, арнаулы оқу орнына және арнаулы оқу орнынан адамдардың бақылаусыз кіру (шығу), мүліктің бақылаусыз енгізілу (шығарылу), әкеліну (әкетілу) мүмкіндігін болдырмайтын тәртіп;
10) казарма – курсанттардың ұзақ уақытқа орналасатын ғимарат (бөлме).
2-тарау. Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын отбасы мүшелерінің, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі арнаулы оқу орнының курсанттары қатарындағы өздерінің жақын туыстарының өмірімен және тұрмысымен танысу үшін бару тәртібі
3. Курсанттардың өмірімен және тұрмысымен танысу үшін бару осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес келушілердің курсанттарға бару туралы алдын ала берген өтініштері (жазбаша немесе электронды) (бұдан әрі - өтініш) негізінде демалыс күндері жүзеге асырылады.
Өтініш арнаулы оқу орнының кадр қызметіне қолма-қол немесе Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін жалпыға қолжетімді ақпараттық жүйелер арқылы ұсынылады.
Өтінішке жеке сәйкестендіру нөмірі бар Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың немесе оның электрондық нысанының көшірмесі (бұдан әрі - жеке басын куәландыратын құжат) қоса беріледі.
4. Берілген өтініштердің негізінде кезекші бөлім арнаулы оқу орнының кадр қызметімен бірге осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес курсанттарға келу графигін (бұдан әрі - график) әзірлейді.
5. График арнаулы оқу орны бастығының жетекшілік ететін орынбасарымен келісіледі және арнаулы оқу орны бастығымен бекітіледі.
6. Бекітілген график бір жұмыс күні ішінде арнаулы оқу орнының интернет-ресурсында орналастырылады, сондай-ақ графикті арнаулы оқу орнының интернет-парақшаларында және әлеуметтік желілерінде жариялауға жол беріледі.
7. Графикпен келушілерді ертіп жүруші (лер) айқындалады.
8. Арнаулы оқу орнының кадр қызметі график бекітілген күннен бастап бір жұмыс күні ішінде келушілерді курсанттарға бару күні туралы өтініште көрсетілген байланыс телефондарының нөмірлері және (немесе) электрондық поштаға хабарлама жіберу арқылы хабардар етеді.
9. Бір оқу жылында әр курсантқа баруға екі реттен артық емес рұқсат етіледі, оның ішінде біреуі жаз уақытында, басқасы қыста.
10. Барудың ұзақтығы екі сағаттан артық емес.
11. Арнаулы оқу орнының әкімшілік ғимаратына кіру біржолғы кіру карточкасы арқылы қызметкерлердің, әскери қызметшілердің, жұмыскерлердің, курсанттардың және келушілердің өміріне, денсаулығына қауіпті жоюға сондай-ақ арнаулы оқу орнының қызмет етуіне бағытталған кіру режимін сақтаумен жүзеге асырылады.
12. Біржолғы кіру карточкасы Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың негізінде рәсімделеді.
Біржолғы кіру карточкасын рәсімдеу кезінде тәуліктік наярыдтың қызметкері мен (немесе) курсанты:
1) жеке басын куәландыратын құжаттағы фотосуретті келушінің сыртқы бейнесімен салыстырып қарайды;
2) келушінің жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқалығына көз жеткізеді.
Біржолғы кіру карточкасын рәсімдегенде тәуліктік нарядтың қызметкері мен (немесе) курсанты осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша курсанттарға бару журналына:
1) келушінің тегін, атын, әкесінің атын (бар болған кезде), жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі мен берілген күнін;
2) келуші жіберілетін курсанттың тегін, атын, әкесінің атын (бар болған кезде);
3) біржолғы кіру карточкасын беру күні мен уақытын енгізеді.
13. Біржолғы кіру карточкасы бару уақытында бір ғана баруға жарамды.
Біржолғы кіру карточкасын берумен келушілерге "келуші" бейджі беріледі.
14. Арнаулы оқу орнының әкімшілік ғимаратына кіру (шығу) тексеріп қарау жүйелері мен құралдары арқылы кіретін адамдарды, олардың жеке заттарын және қол жүктеріне бақылау жүргізілетін бақылау-өткізу пункті арқылы жүзеге асырылады.
15. Арнаулы оқу орнының әкімшілік ғимаратына Тыйым салынған заттар мен бұйымдардың тізбесінде көрсетілген заттар мен бұйымдардың кіргізілуін болдырмау мақсатында, тәуліктік наряд қызметкерлері мен (немесе) курсанты қолға ұсталатын металл ақауіздегішті пайдалана отырып қосымша қарап тексеру жүргізеді.
16. Бақылаудан не қосымша қарап тексеруден өтпеу арнаулы оқу орнының әкімшілік ғимаратында кіргізуден бас тартуға негіз болып табылады.
17. Мына келушілер арнаулы оқу орнының әкімшілік ғимаратында кіргізілмейді:
1) алкогольдік, есірткілік немесе басқа мас болу;
2) өзімен Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжатты жоқ;
3) ауру белгілері бар (мұрынның ағуы, жөтел, дене қызуының жоғары болуы).
18. арнаулы оқу орнының әкімшілік ғимаратына кірген соң курсанттарға бару үшін келушілер келушілер бөлмесіне шығарып салынады.
19. Келушілердің арнаулы оқу орнының әкімшілік ғимаратында жүруі ртіп жүрушілердің жетекшілігімен жүзеге асырылады.
20. Курсанттың өмірімен және тұрмысымен танысу үшін келушілер арнаулы оқу орнының казармасына, асханасына, музейіне, аудиторияларына, кітапханасына және өзге де бөлмелеріне барады.
21. Ертіп жүру және тиісті түсініктер беру арнаулы оқу орны бастығымен айқындалатын қызметкерге (әскери қызметшіге) жүктеледі.
Біржолғы кіру карточкасы
Ескертпе:
Т.А.Ә. – тегі, аты, әкесінің аты.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орны бастығы атағы А.Т.Ә. (бар болған жағдайда) ___________________________ А.Т.Ә. (бар болған жағдайда), ЖСН, ұялы телефон нөмірлері, электрондық пошта ___________________________ |
Курсанттарға бару туралы өтініш (жазбаша немесе электронды)
Маған (туыстық қатынасты көрсету) курсант ________ өмірімен және
тұрмысымен танысу үшін баруға рұқсат беруіңізді сұраймын.
Қолы, күні
Ескертпе:
А.Т.Ә. - аты, жөні, әкесінің аты;
ЖСН – жеке сәйкестендіру нөмірі.
"БЕКІТІЛГЕН" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орны бастығы |
Курсанттарға келу графигі
№ | Келушінің А.Т.Ә. (бар болған жағдайда) | Курсанттың А.Т.Ә. (бар болған жағдайда) | Курсантқа кім болады (жақын туыстықты көрсету) | Келудің күні мен уақыты | Ертіп жүруші |
Ескертпе:
А.Т.Ә. – аты, жөні, әкесінің аты.
Нысан
Курсанттарға бару журналы
№ | Келушінің А.Т.Ә. (бар болған жағдайда) | Жеке басын куәландыратын құтаттың нөмірі және берілген уақыты | келуші жіберілетін курсанттың АТӘ (бар болған жағдайда) | Біржолғы кіру картасын беру күні және уақыты | Біржолғы кіру картасын берген (кезекші) |
Ескертпе:
А.Т.Ә. – аты, жөні, әкесінің аты.