Оларға қатысты халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын жобаларды іріктеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2023 жылғы 21 қарашадағы № 82 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 28 қарашада № 33689 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 229) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Оларға қатысты халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын жобаларды іріктеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Өнеркәсіптік инфрақұрылымды және елішілік құндылықты дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
К. Шарлапаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2023 жылғы 21 қарашадағы
№ 82
Бұйрықпен бекітілген

Оларға қатысты халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын жобаларды іріктеу қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Оларға қатысты халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын жобаларды іріктеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің кейбір мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 864 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 229) тармақшасына сәйкес әзірленді және оларға қатысты халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын жобаларды іріктеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) арнайы экономикалық аймақ – Қазақстан Республикасы аумағының дәл белгіленген шекаралары бар, онда "Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес қызметті жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын бір бөлігі;

      2) арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы – арнайы экономикалық аймақтың аумағында басым қызмет түрлерін жүзеге асыратын және арнайы экономикалық аймақтардың қатысушыларының бірыңғай тізіліміне енгізілген заңды тұлға;

      3) уәкілетті орган – арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және таратылуы саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Оларға қатысты халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін арнайы экономикалық аймақтардың қатысушылары іске асыратын жобаларды іріктеу тәртібі

      3. Халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттарды қолдану үшін өнеркәсіптік кәсіпорындары объектілерін жобалау, салу, реконструкциялау, техникалық қайта жарақтандыруды жүргізу, күрделі жөндеу, пайдалану кезінде арнайы экономикалық аймақтардың қатысушысы мынадай шарттардың біріне сәйкес келуі тиіс:

      1) Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және аккредиттеу жөнiндегi халықаралық және өңiрлiк ұйымдарға мүше болуы;

      2) Қазақстан Республикасының cтандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық шарттарының болуы;

      3) стандарттау жөніндегі ұлттық орган мен халықаралық, өңірлік, шетелдік ұйым арасында cтандарттау саласындағы ынтымақтастық туралы шарттың болуы;

      4) түпнұсқаларды ұстаушылардың халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын қолдану жөніндегі талаптарды сақтауы.

      4. Оларға халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттары қолданылуы мүмкін арнайы экономикалық аймақтың қатысушылары іске асыратын жобаларды іріктеу үшін арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы уәкілетті органға мынадай материалдарды:

      1) арнайы экономикалық аймаққа қатысушы жобасының сипаттамасын;

      2) қолданылуы жоспарланған халықаралық, өңірлік стандартты немесе шет мемлекеттің стандартын;

      3) таңдап алынған халықаралық, өңірлік стандартты немесе шет мемлекеттің стандартын қолдану қажеттілігінің негіздемесін қоса бере отырып, еркін нысанда өтініш жолдайды.

      5. Уәкілетті орган өтінішті оны қабылдаған күні тіркейді.

      6. Уәкілетті орган арнайы экономикалық аймақ қатысушысының өтінішін өтініш тіркелген күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде қарайды және қабылданған шешім туралы арнайы экономикалық аймақтың қатысушысын жазбаша хабардар етеді.

      Шешім арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, жұмыс істеу және тарату саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органның бірінші басшысының бұйрығымен қабылданады.

      7. Халықаралық, өңірлік стандарттарды және шет мемлекеттердің стандарттарын тікелей қолдану туралы оң шешім қабылданған жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы осындай шешім қабылданған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды хабардар етеді.

      8. Уәкілетті органның теріс шешімі кейін халықаралық, өңірлік стандарттар мен шет мемлекеттердің стандарттарын қолдану туралы ұсыныспен жүгіну үшін кедергі болып табылмайды.

      9. Шешімімен келіспеген кезде арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органға, лауазымды адамға жүгінеді.

      10. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес әкімшілік (сотқа дейінгі) тәртіппен шағымданғаннан кейін сотқа шағымдануға жол беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады