Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2023 жылғы 6 желтоқсандағы № 490-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 7 желтоқсанда № 33734 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 2024 жылғы 4 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 90-4-бабының үшінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2024 жылғы 4 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрі
А. Балаева

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Бас прокуратурасы

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат
министрі
2023 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 490-НҚ бұйрықпен
бекітілген

Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Петицияларды тіркеу және есепке алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 90-4-бабының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленді және "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесі арқылы субъектілерге келіп түсетін петицияларды тіркеу және есепке алу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) арыз иесі – Кодексте белгіленген тәртіппен петицияны берген Қазақстан Республикасының азаматы;

      2) петиция – мемлекеттік органға, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органға электрондық құжат нысанында жіберілген және Кодексте белгіленген тәртіппен қаралатын ұжымдық хабар, үн қосу немесе ұсыныс;

      3) субъект – олардың құзыретіне сәйкес петицияларды қарау жөніндегі өкілеттіктер берілген мемлекеттік орган, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы орган;

      4) уәкілетті орган – мемлекет пен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылы саласындағы уәкілетті орган;

      5) "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесі – арыз иесі сол арқылы петицияны беретін ақпарат жүйесі.

2-тарау. Петицияны тіркеу тәртібі

      3. Субъектінің атына келіп түскен петиция "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесінің "Е-петиция" модулінде тіркелуге тиіс.

      4. Петицияны тіркеу субъектіге келіп түскеннен кейін бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      5. Петицияның тіркеу нөмірі бастапқы тіркеу кезінде тұтас тәртіппен тек бір рет беріледі және әріптік индекстен, сондай-ақ бірегей нөмірден тұрады.

      6. Петиция үшін "П" әріптік индексі беріледі.

      7. Бірегей нөмірде алғашқы төрт сан тіркелген жылды, келесі сегіз цифр реттік нөмірді білдіреді.

      8. "Е-петиция" модулінде петицияны тіркегеннен кейін арыз иесіне петицияның бірегей нөмірін қамтитын хабарлама жіберіледі.

3-тарау. Петицияны есепке алу тәртібі

      9. Тіркелген петицияларды есепке алу, сондай-ақ статистикалық ақпаратты қалыптастыру "Электрондық жолданымдар" ақпараттық-талдау жүйесінің "Е-петиция" модулінде автоматты түрде жүзеге асырылады

      10. Петициялар туралы мынадай мәліметтер міндетті есепке алынуға жатады:

      1) тіркеу нөмірі;

      2) тіркелген күні;

      3) арыз иесінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде);

      4) петицияның нысанасы;

      5) петицияны беру нысаны;

      6) петицияны қарау мерзімі;

      7) петицияны қарайтын субъект;

      8) петицияны қарау нәтижелері бойынша қабылданған шешім.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады