"Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 63 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 22 желтоқсандағы № 91 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 27 желтоқсанда № 33812 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамында тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 63 қаулысына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29698 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарда:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Талаптарда келесі ұғымдар қолданылады:

      1) басқару есептілігі – ішкі бақылау және Қордың қызметін бағалау құралы;

      2) кепілдік беру резервтері – "Сақтандыру төлемедріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зиянды өтеу резерві, "жалпы сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві және "өмірді сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтері;

      3) комплаенс-мәдениет – Қордың және оның қызметкерлерінің Қазақстан Республикасы заңнамасының, Қордың ішкі құжаттарының, мінез-құлық кодекстерінің және бизнесті жүргізудің адал практикасы стандарттарының талаптарын сақтауы мәдениеті;

      4) комплаенс-тәуекел – Қордың және оның қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Азаматтық, Салық, сақтандыру заңнамасының, Қазақстан Республикасының Қор туралы, Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы, Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы, Акционерлік қоғамдар туралы заңнамасының, сондай-ақ Қордың ішкі құжаттарының талаптарын сақтамауы салдарынан шығындардың туындау ықтималдығы;

      5) корпоративтік басқару – Қор қызметін басқаруды қамтамасыз ететін,акционерлер, директорлар кеңесі, атқарушы орган мен акционерлерлің мүдделері үшін Қордың өзге де органдарының арасындағы қарым-қатынастарды қамтитын процестер жиынтығы.

      Корпоративтік басқару жүйесі Қордағы өкілеттіктер мен жауапкершіліктерді бөлуді ұйымдастыруға, сондай-ақ корпоративтік шешімдер қабылдау процесін құруға мүмкіндік береді;

      6) лимиттеу – қабылданатын тәуекелдердің сапалық, сандық шектеулерін белгілеу, Қордың мәмілелеріне (операцияларына) шектеулерді белгілеу.

      Лимиттеу кезінде мынадай өлшемдер анықталады:

      лимит белгіленетін көрсеткіш;

      лимит белгіленетін көрсеткішті есептеу әдісі;

      көрсеткіштің шекті (ең жоғары, ең төмен) мәні;

      7) мүдделер қақтығысы – Қор қызметкерінің (лауазымды тұлғасының) жеке мүдделері мен оның лауазымдық өкілеттіктерінің арасындағы Қор қызметкерінің (лауазымды тұлғасының) жеке мүдделері оның өз лауазымдық өкілеттіктерінің орындалмауына немесе тиісінше орындалмауына әкеп соқтыруы мүмкін қайшылық;

      8) стресс-тесттер – Қордың қаржылық жағдайына және кепілдік беру резервтері қаражатының сақталуына әлеуетті ықпалды, айрықша, бірақ Қордың қызметіне ықпал етуі мұмкін ықтимал оқиғаларды өлшеу әдістері;

      9) тәуекел – Қор қызметінің күтілетін нәтижесін алу сенімсіздігін немесе мүмкін еместігін туындататын жағдаяттардың пайда болу, кепілдік берудің меншікті активтері мен резервтері бойынша шығыстардың (зиянның) туындау ықтималдығы;

      10) тәуекелдерді бағалау жүйесі – Қордың қаржылық жай-күйіне және кепілдік беру резервтерінің сақталуына кешенді талдау жүргізуге арналған коэффициенттердің жиынтығы;

      11) тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше – тәуекелдерді мониторингтеу, қамтамасыз ету және қадағалау, тәуекелдерді тиімді басқару және ішкі бақылау функцияларын жүзеге асыратын Қордың құрылымдық бөлімшесі;

      12) тәуекелдерді басқару жүйесі – өзара байланысты элементтердің: акционер үшін қолайлы тәуекел деңгейі шеңберінде іске асырылған және әлеуетті тәуекелдерді басқару жөніндегі бірыңғай процеске біріктірілген және тәуекелдерді басқару жөніндегі мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған рәсімдердің, әдістемелердің, ақпараттық жүйелердің жиынтығы. Қордың қызметіне әсер ететін іске асырылған және әлеуетті тәуекелдерді анықтау және басқару процесіне өзіне жүктелген құзырет пен жауапкершілік шегінде директорлар кеңесі, басқарма, құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен қызметкерлері тартылады;

      13) тәуекелдерді басқару саясаты – Қордың тиімді жұмыс істеуін және оның қызметінің стратегияға және тәуекелдің жол берілетін деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ететін қажетті өлшемшарттарды, өлшемдерді, тәсілдерді, қағидаттарды, стандарттарды, рәсімдер мен тетіктерді айқындайтын саясатты және (немесе) өзге де ішкі құжаттарды қамтитын ішкі құжаттардың жиынтығы;

      14) тәуекелді идентификаттау – тәуекел элементтерін табу, тізбесін құру, және сипаттау процесі;

      15) тәуекел картасы – кепілдік беру резервтерінің төмендеу тәуекелдерін қоса алғанда, бір "ось" бойынша тәуекелдің ықпал ету күші немесе маңыздылығы көрсетілген, ал екіншісінде оның пайда болу ықтималдылығы не жиілігі көрсетілген кестеде орналастырылған Қор тәуекелдерінің графикалық және мәтіндік сипаттамасы;

      16) тәуекел лимиті – қабылданатын тәуекелді сандық не сапалық шектеу құралы;

      17) тәуекел-менеджері – Қордың тәуекелдерді мониторингтеу, қамтамасыз ету және қадағалау, тәуекелдерді тиімді басқару және ішкі бақылау функцияларын жүзеге асыратын штаттағы қызметкері;

      18) тәуекелді өлшеу – оқиғаның басталу салдары мен ықтималдығын математикалық жолмен ықтималдық теориясын және статистикалық деректер негізінде үлкен сандар заңын қолдана отырып бағалау арқылы жүзеге асырылатын тәуекелдің ықтималдығы дәрежесін және әлеуетті шығыстар (шығындар) мөлшерін анықтау;

      19) уәкілетті орган – қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган;

      20) ішкі аудит – ішкі аудит қызметі Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы, акционерлік қоғамдар туралы заңнамаларға, ішкі құжаттарға, ішкі аудиттің халықаралық кәсіби стандарттарына сәйкес келу дәрежесін одан әрі көрсету мақсатында қаржылық есептілікті, сондай-ақ Қор қызметін сандық және сапалық жағынан бағалауға келетін басқа деректер мен ақпаратты бағалайтын басқарушылық бақылаудың ажырамас элементі;

      21) ішкі бақылау – бұл Қордың директорлар кеңесі, алқалы органдары, басқармасы, қызметкерлері жүзеге асыратын, мынадай санаттар бойынша мақсаттарға жетуді қамтамасыз етуге бағытталған процесс:

      қызметінің тиімділігі;

      кепілдік беру резервтері қаражатының сақталуын және олардың нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету;

      қаржылық есептіліктің және өзге де басқарушылық есептіліктің сенімділігі, толықтығы мен уақтылылығы;

      Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы, акционерлік қоғамдар туралы заңнамасын және Қордың ішкі құжаттарын сақтау;

      22) ішкі бақылау жүйесі – мыналарды қамтамасыз ететін бақылау рәсімдерінің, іс-шаралар мен әдістемелердің жиынтығы:

      Қордың қаржы-шаруашылық қызметін тиісінше және тиімді жүргізу;

      Сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы, акционерлік қоғамдар туралы Қазақстан Республикасы заңнамаларының және Қордың ішкі құжаттарының талаптарын сақтау;

      жауапкершілікті тиімді бөлу;

      Қор қызметкерлерінің ішкі құжаттардың талаптарын уақтылы және тиісінше орындауы;

      мүліктің сақталуын қамтамасыз ету;

      алаяқтық фактілерін және басқарушылық қателердің алдын алу және анықтау;

      қаржылық есептілікті және өзге есептілікті дайындау уақтылығы, шынайылығы мен толықтығы.";

      2-тараудың атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Қорда тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйелерін құруға, қорда корпоративтік басқару жүйесін құруға қойылатын базалық талаптар";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Директорлар кеңесі мен басқарма қорда тәуекелдерді басқару мен ішкі бақылаудың барабар жүйелерінің болуын, корпоративтік басқарудың, іскерлік этиканың және тәуекел-мәдениеттің тиісті практикасын қолдануды қамтамасыз етеді және Қор қызметкерлерінің өз міндеттерін орындауы үшін жағдайлар жасайды, сондай-ақ ішкі аудит қызметінің (ішкі аудитордың)функционалдық және ұйымдастырушылық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.";

      мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:

      "5-1. Қордың директорлар кеңесінің комитеттері Қордың директорлар кеңесі бекіткен, олардың өкілеттіктері мен құзыретін, комитеттердегі Қордың директорлар кеңесі мүшелерінің жұмыс мерзімдері бойынша шектеулерді қоса алғанда, жұмыс тәртібін айқындайтын регламентке сәйкес қызметті жүзеге асырады.

      Қордың директорлар кеңесі өкілеттіктердің шоғырлануын болдырмау және директорлар кеңесі комитеттерінің құзыретіне кіретін мәселелерге жаңа көзқарастарды ілгерілету үшін директорлар кеңесі комитеттерінің мүшелерін (тәуелсіз сарапшыларды қоспағанда) мерзімді ротациялауды көздейді.

      Директорлар кеңесінің комитеттері мәселелерді қарау нәтижелері бойынша шешімдер қабылдаудың ықтимал нұсқалары, осындай шешімдер қабылдаудың оң және теріс факторлары мен салдарлары ашылған директорлар кеңесіне ұсынымдар дайындалады.

      Директорлар кеңесі комитеттерінің отырыстары күндізгі нысанда өткізіледі. Директорлар кеңесі комитеттерінің мүшелеріне Қордың ішкі құжаттарында көзделген техникалық байланыс құралдары арқылы отырыстарға қатысуға жол беріледі.

      Директорлар кеңесі комитеттерінің отырыстарына корпоративтік хатшы мен директорлар кеңесі комитетінің төрағасы хаттама жасайды және қол қояды.

      Стратегиялық жоспарлау мәселелерін қарау үшін Қор директорлар кеңесінің жеке комитетін құрады.

      Стратегиялық жоспарлау мәселелері жөніндегі директорлар кеңесі комитетінің төрағасы болып IT технологиялар саласында немесе қаржы нарығының екі және одан да көп секторларында басшылық лауазымдарда кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесі бар Қордың тәуелсіз директоры тағайындалады.

      Стратегиялық жоспарлау бойынша директорлар кеңесі комитетінің құзыретіне директорлар кеңесіне келесі мәселелер бойынша ұсыныстар беру және қарау кіреді:

      1) Қор қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында стратегияны іске асыру және стратегиялық жоспарды орындау бойынша бағалау және мониторинг;

      2) әзірленген стратегияны іске асыру бойынша Қор қызметінің нақты жоспарларына ұсынымдар беру, стратегиялық жоспарлар мен ұзақ мерзімді міндеттерге қол жеткізу мақсатында ресурстарды бөлу және оларды орындау;

      3) Қордың даму жоспарын алдын ала қарау және мониторингілеу, Қордың даму жоспарына түзетулер енгізу;

      4) Ақпараттық технологиялар саласындағы стратегиялық мақсаттарды іске асыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды орындау;

      5) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігін қамтамасыз ету мақсатында Қордың ішкі құжаттарын әзірлеу және мерзімді қайта қарау;

      6) Қордың ішкі құжаттарында белгіленген қорды стратегиялық жоспарлауға және дамытуға байланысты өзге де мәселелерді қарау.

      Аудит мәселелері жөніндегі директорлар кеңесі комитетінің төрағасы болып кемінде үш жыл мерзімге аудит, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік саласында жұмыс тәжірибесі бар Қордың тәуелсіз директоры тағайындалады.

      Директорлар кеңесінің өзге комитеттерінің төрағалары мен өкілеттіктеріне қойылатын талаптар (бар болса) Қордың ішкі құжаттарында айқындалады.";

      12 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Қор қызметкерлері өздерінің функционалдық міндеттері шеңберінде тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды сақтайды, корпоративтік басқарудың, іскерлік этика мен тәуекел-мәдениеттің тиісті практикасын ұстанады, Қордың ішкі құжаттарының талаптарын сақтайды.";

      15 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Тәуекелдерді басқарудың тиімді жүйесін ұйымдастыру мақсатында директорлар кеңесі:

      1) тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатты және талаптарға сәйкес әзірленетін өзге де ішкі құжаттарды бекітеді;

      2) басшы қызметкерлердің функционалдық міндеттеріндегі мүдделер қақтығысының ықтималдығын төмендету жөнінде шаралар қабылдайды;

      3) ішкі (ішкі), сыртқы аудиторлардың есептерін олар жүргізген тексерулердің нәтижелері бойынша анықталған сәйкессіздіктерді, сондай-ақ олардың ұсынымдарын көрсете отырып қарайды;

      4) тәуекелдерді басқару бөлігінде:

      корпоративтік стратегияға, саясатқа, рәсімдерге және өзге де ішкі құжаттарға қайшы келетін операцияларды жасау мүмкіндігін болдырмау мақсатында, сондай-ақ оларды түзету мақсатында құрылған алқалы органдар, ішкі аудит қызметі арқылы Қор қызметінің тұрақты мониторингін жүзеге асырады;

      ішкі аудит қызметі (Ішкі аудитор), тәуекелдерді басқару бөлімшесі (тәуекел-менеджер) функцияларының ұйымдық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді;

      уәкілетті органның шараларының, оның ішінде кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      тәуекелдерді басқару бөлімшесінің (тәуекел-менеджердің)инвестициялық шешімдері мен ұсынымдарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      қабылданатын тәуекелдердің лимиттерін және мәмілелерге (операцияларға)шектеулерді бекітеді;

      Қордың тәуекелдерін азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді;

      қорда комплаенс-тәуекелді басқаруды жалпы бақылауды жүзеге асырады;

      жылына кемінде бір рет қордағы комплаенс-тәуекелді басқару тиімділігін бағалайды;

      комплаенс-тәуекелдерді басқару мәселелерін тиімді және жедел шешуді қамтамасыз етуді қоса алғанда, комплаенс-тәуекелдерді басқару жөніндегі саясаттың іске асырылуына бақылауды жүзеге асырады;

      осы Қағидаларда көзделген Қордың тәуекелдері туралы есептерді қарайды.";

      мынадай мазмұндағы 16-1-тармақпен толықтырылсын:

      "16-1. Қордың комплаенс-тәуекелдерін басқару жөніндегі саясатты қордың заң қызметі әзірлейді және мыналарды белгілейді:

      1) комплаенс-тәуекелді басқарудың мақсаттары мен міндеттері;

      2) комплаенс-тәуекелді басқару қағидаттары, оның ішінде қорда комплаенс-мәдениетті құру қағидаттары;

      3) комплаенс-тәуекелді басқару тәртібі, тәсілдері мен рәсімдері;

      4) комплаенс-тәуекелді басқару шеңберінде құрылымдық бөлімшелер арасында өзара іс-қимыл жасау және ақпарат алмасу тәртібі.";

      мынадай мазмұндағы 17-1-тармақпен толықтырылсын:

      "17-1. Қордың басқармасы комплаенс-тәуекелді тиімді басқару мақсатында мыналарды қамтамасыз етеді:

      1) комплаенс-тәуекелдерді басқару жөніндегі саясат қызметкерлерін қабылдау және олардың назарына жеткізу;

      2) комплаенс-тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатты сақтау және директорлар кеңесіне тоқсан сайынғы есептілікті ұсыну;

      3) ұйымның қызметкерлері үшін комплаенс-тәуекелді басқару мәселелері бойынша ішкі құжаттарды әзірлеу;

      4) комплаенс-тәуекелге әкеп соғатын бұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті түзету немесе тәртіптік шаралар қабылдау.";

      18 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Қорда тәуекелдерді басқаруды тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше немесе тәуекел-менеджері жүзеге асырады.

      Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) функцияларына мыналар кіреді:

      1) тәуекелдерді басқару бойынша тиімді жүйені ұйымдастыру, оның ішінде:

      тәуекелдерді басқару саясатын әзірлеу;

      сапалық және сандық тәсілдерді қамтитын тәуекелдер картасын әзірлеу;

      басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне қатысу;

      басқарушылық шешімдердің орындалуын тұрақты мониторингтеу және

      қабылданған басқарушылық шешімдердің тиімділігін айқындау;

      инвестициялық мәмілелер (операциялар) бойынша белгіленген лимиттердің орындалуын бақылау;

      2) Қор қызметіне байланысты тәуекелдер көрсеткіштерінің сипаттамалық және сандық мәндерін айқындап, тәуекелдерді сәйкестендіру және бағалау, сондай-ақ тәуекелдер көрсеткіштерінің барынша жол берілетін мәндерін айқындау;

      3) Қордың қызметі процесінде туындайтын тәуекелдерді басқару бойынша шаралар қабылдау;

      4) сәйкестендірілген (анықталған) тәуекелдерді мониторингтеу, бағалау және бақылау, оның ішінде:

      Қордың басқа да қызметкерлерімен бірлесіп тәуекелдерді анықтау бойынша шараларды қабылдау;

      заң қызметі ұсынатын комплаенс-тәуекелдер мониторингінің нәтижелері бойынша тоқсан сайынғы есептерді талдау;

      тәуекелдер мен олардың туындау жиілігін бағалау, кейін ол тәуекелдердің әсерлерін жіктеу және тәуекелдер лимиттерін белгілеу;

      тәуекелдер көрсеткіштерінің мәндері мен рұқсат етілген ең жоғары мәндерінің өзгеруін мониторингтеу, сондай-ақ тәуекелдер көрсеткіштерінің мәндері рұқсат етілген ең жоғары мәндерге сәйкес келмеген кезде тәуекелдерді барынша азайту үшін қабылданатын шараларды қамтитын тәуекелдерді мониторингтеу;

      Қордың қызметіне залал келтіруі және (немесе) ықпал етуі мүмкін немесе заңсыз сипаттағы кез келген елеулі жағдайлар туралы басқармаға және директорлар кеңесіне дереу есеп беру;

      5) Қордың анықталған тәуекелдерін барынша азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу жөніндегі процесті ұйымдастыру және директорлар кеңесі бекіткен Қордың тәуекелдерін барынша азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын одан әрі мониторингтеу;

      6) төтенше жағдайлар болған жағдайда жоспарды орындау және Қор қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      7) тұрақты талдау:

      қаржы көрсеткіштерін (стресс-тесттер және қабылданған тәуекелдер деңгейінің тұрақты мониторингі шеңберінде);

      баға өзгерістерінің қаржы құралдарына, өтімділік көрсеткіштеріне ықпалын, меншікті активтер мен кепілдік беру резервтерін, Қордың есеп саясатына сәйкес санаттар бойынша қаржы құралдарын жіктеуді (стресс-тесттер және қабылданған тәуекелдер деңгейінің тұрақты мониторингі шеңберінде);

      Қордың меншікті активтері, кепілдік беру резервтерінің қаражаты есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельдің (инвестициялық портфельдердің) құрылымын "Активтерді инвестициялау қағидаларын және "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының меншікті активтері, сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтерінің қаражаты және зиянды өтеу резервінің қаражаты есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін және "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының комиссиялық сыйақыны алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы №199 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17396 болып тіркелген) (бұдан әрі - №199 Қаулы) белгіленген сатып алуға рұқсат берілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкестігі;

      8) макроэкономикалық факторлардың өтімділікке, меншікті активтер мен кепілдік беру резервтерінің жеткіліктілігіне әсерін болжау;

      9) директорлар кеңесіне және басқармаға тоқсан сайынғы негізде тәуекелдерді басқару жүйесін бағалау және талдау жөніндегі есепті мынадай бағыттар бойынша беру:

      тәуекелдерді басқарудың ағымдағы жағдайы (тәуекелдерді азайту және жою бойынша жүргізілетін жұмыс);

      анықталған тәуекелдер және осы тәуекелдерді азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары, сондай-ақ оларды азайту не болдырмау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері;

      Қордың ағымдағы қызметін жүргізу процесінде туындауы мүмкін тәуекелдер және оларды төмендету және болдырмау жолдары;

      Қордың корпоративтік стратегиясын іске асырудың ағымдағы кезеңінде туындауы мүмкін тәуекелдерді бақылау және мониторингтеу және оларды барынша азайту мен болдырмау жолдары;

      тәуекелдерді басқару жүйесінің барабарлығы мен тиімділігі;

      есепті кезеңдегі қаржылық көрсеткіштердің қысқаша талдауы;

      тәуекелдер картасын бағалау және талдау;

      қолданылатын тестілеу рәсімдерінің және тәуекелдерді бағалау модельдерінің барабарлығы мен тиімділігі;

      тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) орындалған инвестициялық шешімдері мен ұсынымдары бойынша талдау;

      10) корпоративтік стратегияны және тәуекелдерді басқару жөніндегі ішкі саясатты түзету мақсатында басқармаға жылына кемінде бір рет ұсыну:

      барлық тәуекелдер, олардың ықтималдылық дәрежесі, Қордың әзірлік дәрежесі, оларды барынша азайту бойынша жүргізілген іс-шаралар, ден қою шаралары туралы сандық және сапалық деректерді ескере отырып, ұйымның ағымдағы жай-күйіне егжей-тегжейлі шолуды қамтитын есеп;

      Қор қызметінің қаржылық жай-күйі мен нәтижелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Акционерлік қоғамдар туралы, Бағалы қағаздар нарығы туралы, Қордың қаржылық жай-күйіне, Қордың тәуекелдер картасына әсер етуге қабілетті актілеріндегі заңнамадағы өзгерістерге егжей-тегжейлі шолу жасалатын есеп;

      11) басқармаға және инвестициялық комитетке (инвестициялық комитеттерге) тоқсан сайынғы негізде мыналарға шолуды қамтитын есепті ұсыну:

      баға өзгерістерінің қаржы құралдарына, өтімділік көрсеткіштеріне, меншікті активтерге кепілдік беру резервтеріне әсерін, Қордың есеп саясатына сәйкес санаттар бойынша қаржы құралдарын жіктеуді (стресс-тестілер және қабылданған тәуекелдер деңгейінің тұрақты мониторингі шеңберінде);

      Қордың меншікті активтері және кепілдік беру резервтері қаражаты есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфель (инвестициялық портфельдер) құрылымының № 199 Қаулыда белгіленген сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкестігі бойынша.";

      мынадай мазмұндағы 18-1-тармақпен толықтырылсын:

      "18-1. Қордың заң қызметі:

      1) комплаенс-тәуекелдерді бақылау жөніндегі шаралар кешенін әзірлейді;

      2) өз бастамасы бойынша кез келген қызметкермен байланысады және құжаттар мен мұрағаттарға қол жеткізеді;

      3) комплаенс-тәуекелді басқару жөніндегі саясаттың ықтимал бұзушылықтарына тергеу жүргізеді және Қор қызметкерлеріне консультация алу үшін жүгінеді;

      4) бекітілген корпоративтік стратегияға және комплаенс - тәуекелді басқару жөніндегі саясатқа сәйкес комплаенс-тәуекелді басқарудың басымдықтарын белгілейді;

      5) сәйкессіздіктердің себептерін анықтай отырып, сыртқы және ішкі реттеуші құжаттарға, оның ішінде корпоративтік басқару кодексіне сәйкестікке байланысты комплаенс-функцияларды және комплаенс-тәуекелдерді тұрақты бақылауды және мониторингті жүзеге асырады;

      6) тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшеге анықталған кемшіліктер, олқылықтар, бұзушылықтар немесе бұзушылықтар және оларды жоюдың ықтимал жолдары туралы ақпаратты қамтитын комплаенс-тәуекелдер мониторингінің нәтижелері бойынша тоқсан сайынғы есепті, сондай-ақ комплаенс-бақылауды және корпоративтік басқару процестерін жүзеге асыруды жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды ұсынады;

      7) сыртқы және ішкі көздерден бейресми ақпараттың мониторингін жүзеге асырады, қажет болған жағдайда қызметтік тергеп-тексеруді ұйымдастырады.";

      мынадай мазмұндағы 19-1-тармақпен толықтырылсын:

      "19-1. Қордың тәуекелдерді басқару бөлімшесінің басшысы (тәуекел-менеджер) мынадай біліктілік талаптарына сәйкес келеді:

      1) жоғары білімі бар;

      2) тәуекелдерді басқару саласындағы мынадай халықаралық сертификаттардың біріне ие (FRM (Financial Risk Manager) - қаржылық тәуекел-менеджер, PRM (Professional Risk Manager) - кәсіби тәуекел-менеджер, CFA - сертификатталған қаржылық талдаушы) және (немесе) ISO 31000/COSO Enterprise Risk Management сериясы стандарты бойынша сертификатқа ие;

      3) қаржы ұйымдарында тәуекелдерді басқару немесе ішкі аудит саласында кемінде 3 (үш) жыл жұмыс өтілі бар.

      Тәуекелдерді басқару бөлімшесінде (тәуекел-менеджер ретінде) жұмыс істеу үшін қызметкерлерді аутсорсингке тартуға жол берілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:

      "22-1. Қордың ұйымдық құрылымына мыналар бойынша міндеттер жүктелетін жекелеген бөлімшелер кіреді:

      1) сақтандыру төлемдерін реттеу жөніндегі мәселелерді қарау;

      2) ақпараттық технологияларды дамыту;

      3) Қорға қатысушы сақтандыру ұйымдарының қаржылық жағдайын бағалауды (стресс–тестілеуді) жүзеге асыру;

      4) Қор қызметін заңмен сүйемелдеу және Қордағы комплаенс-функцияларды және комплаенс-тәуекелдерді бақылау мен мониторингтеуді жүзеге асыру.

      Қордың ұйымдық құрылымына бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс жөніндегі мәселелерді үйлестіруге және сақтандыру қызметтерін тұтынушылардың қаржылық сауаттылығын арттыруға жауапты қызметкер кіреді.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тараумен толықтырылсын:

      "3-1 тарау. Корпоративтік басқару

      22-2. Корпоративтік басқарудың тиімді жүйесінің негізгі элементтері:

      1) корпоративтік құндылықтар, мінез-құлық кодекстері мен стандарттары, сондай-ақ олардың сақталуын қамтамасыз ету үшін пайдаланылатын құралдар;

      2) Қор қызметінің тұтастай тиімділігін және жекелеген қызметкердің үлесін бағалауға мүмкіндік беретін корпоративтік басқару стратегиясы;

      3) Жеке қызметкерлер бойынша да, Қор органдары бойынша да шешімдер қабылдаудың иерархиялық құрылымын қоса алғанда, шешімдер қабылдау бөлігінде міндеттер мен өкілеттіктерді бөлу;

      4) басқару органы, атқарушы орган және аудиторлар арасындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық тетіктері;

      5) ішкі бақылау жүйесі;

      6) қор қызметкерлерін тиісті іс-әрекеттерге итермелейтін ақшалай сыйақылар, қызмет бойынша ілгерілету және уәждеменің басқа да нысандары түріндегі қаржылық және басқарушылық сипаттағы ынталандырулар;

      7) басқарушылық есептілік жүйесінің барабар болуы.

      22-3. Қордың ұйымдық құрылымы таңдалған бизнес-модельге, қызмет ауқымына, операциялардың түрлері мен күрделілігіне сәйкес келеді, мүдделер қақтығысын азайтады және тәуекелдерді басқару жөніндегі өкілеттіктерді Қордың алқалы органдары мен құрылымдық бөлімшелері арасында бөледі.

      22-4. Директорлар кеңесі Заңның 5-бабының 4-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес тоғыз адамнан тұрады.

      Уәкілетті органның өкілдерін қоспағанда, директорлар кеңесінің мүшелері болып:

      "өмірді сақтандыру" және "жалпы сақтандыру" салалары бойынша қызметті жүзеге асыратын Қорға қатысушы-сақтандыру ұйымдарының бір сақтандыру тобына кірмейтін өкілдері;

      мүшелері Қорға қатысушы-сақтандыру ұйымдары болып табылатын және директорлар кеңесіне сайланар алдындағы үш жыл ішінде болған ұйымның (қоғамдық бірлестіктің, одақтың, қауымдастықтың) қызметкері болып табылатын директорлар кеңесінің бірден артық емес мүшесі сайланады.

      22-5. Қордың директорлар кеңесінде және оның комитеттерінде Қордың барлық акционерлеріне әділ көзқарасты ескере отырып, оны орнықты дамыту үшін Қор мүддесі үшін тәуелсіз, объективті және тиімді шешімдер қабылдауды қамтамасыз ететін дағдылардың, тәжірибе мен білімнің теңгерімі сақталады.

      Директорлар кеңесінің мүшелері өздерінің функционалдық міндеттерін адал орындайды және өз қызметінде мынадай қағидаттарды ұстанады:

      1) ұсынылатын ақпаратты жан-жақты бағалау негізінде шешімдерді ұтымды қабылдау және Қор мүддесінде әрекет ету;

      2) директорлар кеңесінің, оның комитеттерінің отырыстарына қатысу және оларға дайындық үшін жеткілікті уақыт бөлу. Директорлар кеңесінің мүшесінің өзге заңды тұлғаларда лауазымдарға орналасуына Қордың директорлар кеңесінің мақұлдауын алғаннан кейін жол беріледі;

      3) Қордың қызметіне белсенді тарту және Қор қызметінің елеулі өзгерістері мен сыртқы жағдайлар туралы хабардар болу, сондай-ақ ұзақ мерзімді перспективада Қордың мүдделерін қорғауға бағытталған уақтылы шешімдер қабылдау;

      4) Қордың басқарушылық шешімдер қабылдау процесінде Қор лауазымды адамдарының мүдделерінің қақтығысын болдырмайтын (немесе қатаң шектейтін) саясат жүргізуін қамтамасыз ету.

      Қордың директорлар кеңесінің мүшелері жеке мүдделілік олардың директорлар кеңесі мүшесінің міндеттерін тиісінше орындауына әсер етуі мүмкін жағдайлардың туындауына жол бермейді, мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда, шешімдердің бейтарап қабылдануына ықпал ететін немесе әсер етуі мүмкін жағдайлар туындаған жағдайда, директорлар кеңесінің мүшелері бұл туралы директорлар кеңесінің төрағасына алдын ала хабарлайды және талқылауға және талқылауға қатыспайды. осындай шешімдер қабылдау. Бұл талап директорлар кеңесі мүшесінің міндеттерін тиісінше орындауға тікелей немесе жанама әсер етуі мүмкін директорлар кеңесі мүшесінің басқа да іс-әрекеттеріне де қатысты;

      5) Қор акционерлерінің мүдделері мен Қордан кепілдік төлемдерді алуға құқығы бар адамдардың мүдделері арасындағы теңгерімді сақтауды ескере отырып, Қордың негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру.

      22-6. Мүдделер қақтығысы болуы мүмкін мәселелер бойынша Қордың директорлар кеңесінің отырыстары (қаржылық және қаржылық емес есептілікті дайындау, Қор Басқармасының құрамына кандидаттарды ұсыну, Басқарма мүшелеріне сыйақы белгілеу) тәуелсіз директорлар болып табылатын директорлар кеңесі мүшелерінің қатысуынсыз өткізілмейді.

      22-7. Қордың тәуелсіз директорлары объективті пайымдауды жүзеге асыруға қауіп төндіруі мүмкін кез келген материалдық мүдделерден немесе Қормен, оның басқармасынан немесе оның меншігінен бос.

      22-8. Қордың тәуелсіз директорлары "Qazaq Independent Directors" қауымдастығының мүшелері болып табылады.

      Қордың тәуелсіз директорлары адамдар арасынан сайланбайды:

      1) Қорға қатысушы сақтандыру ұйымының қызметкерлері, акционерлері, үлестес тұлғалары болып табылатын немесе олар директорлар кеңесіне тәуелсіз директорлар ретінде сайланар алдындағы үш жыл ішінде олар болып табылған;

      2) Қордың лауазымды адамымен бағыныстылықпен байланысты немесе олар директорлар кеңесіне тәуелсіз директорлар ретінде сайланғанға дейінгі үш жыл ішінде осы адамдармен бағыныстылықпен байланысты болған;

      3) Қор акционерінің өз органдарының отырыстарында өкілдері болып табылатын және олар директорлар кеңесіне тәуелсіз директорлар ретінде сайланар алдындағы үш жыл ішінде олар болып табылған;

      4) Қордың аудитіне аудиторлық ұйымның құрамында жұмыс істеген аудиторлар ретінде қатысатын және директорлар кеңесіне тәуелсіз директорлар ретінде сайланар алдындағы үш жыл ішінде осындай аудитке қатысқан адамдар.

      5) Қазақстан Республикасының Қор туралы, Акционерлік қоғамдар, сақтандыру қызметі туралы Заңнамасының және Қордың ішкі құжаттарының талаптарына сәйкес келмейтін.

      22-9. Тәуелсіз директор тәуелсіздік мәртебесінің жоғалуы мүмкін екендігін бақылайды және мұндай жағдайлар болған жағдайда директорлар кеңесінің төрағасын алдын ала хабардар етеді. Директорлар кеңесі мүшесінің тәуелсіздігіне әсер ететін мән-жайлар болған жағдайда, директорлар кеңесінің төрағасы тиісті шешім қабылдау үшін осы ақпаратты акционерлердің назарына дереу жеткізеді.

      22-10. Қордың корпоративтік хатшысы акционерлер жиналысының және Қордың директорлар кеңесінің отырыстарын дайындауды және өткізуді бақылайды, акционерлердің жалпы жиналысының күн тәртібі мәселелері бойынша материалдар мен Қордың директорлар кеңесінің отырысына материалдарды қалыптастыруды қамтамасыз етеді, оларға қол жеткізуді қамтамасыз етуді бақылауды жүргізеді.

      22-11. Корпоративтік хатшының құзыреті мен қызметі Қордың директорлар кеңесі бекіткен Қордың ішкі құжаттарымен айқындалады.

      Корпоративтік хатшының Қор басқармасы хатшысының функцияларын жүзеге асыруына жол беріледі. Корпоративтік хатшы лауазымын қордағы кез келген өзге лауазыммен қоса атқаруға жол берілмейді, сол сияқты Қордың корпоративтік хатшысы лауазымын атқару кезеңінде оның Қордан басқа өзге ұйымдарда Қордың директорлар кеңесінің тиісті келісімін алмай жұмыс істеуіне жол берілмейді.

      22-12. Корпоративтік хатшы сырқаттану себептері бойынша, кезекті еңбек демалысында және басқа да дәлелді себептер бойынша болмаған жағдайда, оның функциялары мен өкілеттіктерін жүзеге асыру құқығы қордың заң қызметіне беріледі.

      22-13. Корпоративтік хатшы лауазымына кандидат (корпоративтік хатшы) мынадай талаптарға сәйкес келеді:

      1) жоғары заң және (немесе) экономикалық білімі бар;

      2) қаржы қызметтеріне және (немесе) заң қызметтеріне және/немесе корпоративтік хатшы лауазымына жататын салада кемінде бес жылдық жұмыс өтілі бар;

      3) Қазақстан Республикасының сақтандыру туралы, Акционерлік қоғамдар және Қор туралы заңнамасын біледі;

      4) Қор акционерлері мен лауазымды адамдарының үлестес тұлғасы болып табылмайды және Қордың лауазымды адамдарымен туыстық қатынастарда тұрмайды.";

      "Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің ішкі құжаттарына қойылатын талаптар" деген 1-қосымша мынадай мазмұндағы 1-1 және 1-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "1-1. Қор акционерлерінің жалпы жиналысы корпоративтік басқару кодексін бекітеді, ол:

      1) Қазақстан Республикасының Акционерлік қоғамдар туралы заңнамасына, корпоративтік басқару қағидаттарына сәйкес, сондай-ақ корпоративтік мінез-құлықтың үздік халықаралық практикасын, кәсіби әдеп нормаларын, Қор қызметінің қажеттіліктері мен шарттарын ескере отырып әзірленеді;

      2) корпоративтік басқаруды ұйымдастыру қағидаттарын ескере отырып регламенттейді:

      Қор органдары және (немесе) құрылымдық бөлімшелер арасында міндеттерді нақты бөлу;

      акционерлер, органдар және лауазымды адамдар арасындағы қатынастарда, сондай-ақ үшінші тұлғалармен өзара іс-қимыл кезінде кәсіби әдеп нормаларының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында корпоративтік басқару кодексін міндетті түрде орындау;

      Қордың қызметіне және тәуекелдерді басқаруға тұрақты ішкі бақылауды жүзеге асыруға директорлар кеңесі, алқалы органдар, басқарма мүшелерінің және өзге де басшы қызметкерлердің белсенді қатысуы;

      директорлар кеңесінің, алқалы органдардың, басқарма мен басшы қызметкерлердің шешім қабылдауының тәуелсіздігі;

      директорлар кеңесінің, алқалы органдардың, басқарманың және басшы қызметкерлердің шешімдерін міндетті түрде хаттамалау (олардың негізінде шешім қабылданған құжаттарды қоса бере отырып);

      басшы қызметкерлердің өз мүдделері мен Қор мүдделері арасындағы қақтығыстың туындауына тікелей немесе жанама түрде әкеп соғуы мүмкін әрекеттерден бас тарту міндеттемесін жазбаша ресімдеу, ал мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда-бұл туралы директорлар кеңесін уақтылы хабардар ету міндеттемесі;

      басшы қызметкерлердің уәкілетті органның біліктілік талаптарына сәйкестігі;

      басшы қызметкерлердің бақылау және басқару функцияларының сапасын үнемі жетілдіру;

      кәсіби этиканың жалпы қабылданған нормалары;

      3) директорлар кеңесінің қалауы бойынша мүдделер қақтығысын реттеу тәртібін және басқа да мәселелерді регламенттейді.

      1-2. Корпоративтік басқару кодексі шеңберінде мүдделер қақтығысын басқару жөніндегі рәсім және оны іске асыру тетіктері, сондай-ақ орындалуын бақылау әзірленеді.

      Мүдделер қақтығысын басқару процедурасы және оны жүзеге асыру тетіктері келесі компоненттерден тұрады:

      Қор қызметіндегі мүдделер қақтығысын азайту рәсімінің тетігі;

      директорлар кеңесі мүшелерінің директорлар кеңесі мүшесінің мүдделер қақтығысы болатын мәселелер бойынша дауыс беруден бас тарту міндеті;

      директорлар кеңесінің рәсім ережелерін бұзуға ден қою тетігі.

      Корпоративтік басқару кодексінің шеңберінде Қор қызметкерлері Қор қызметіне қатысты бұзушылықтар туралы құпия түрде хабарлайтын рәсімдер әзірленеді.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қордың ұйымдық-функционалдық құрылымы туралы ережені басқарма әзірлейді және ол мыналарды қамтиды:

      1) алқалы органдардың, басқарудың, ішкі аудит қызметінің, басшы қызметкерлердің құрылымы, өкілеттіктері;

      2) қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптардың 19-1-тармағында белгіленген талаптардан басқа;

      3) өзара іс-қимыл және есептілік тәртібі;

      4) ішкі аудит қызметінің, тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) қызметкерлеріне басқа бөлімшелердің функцияларын жүктеуге жол бермеу;

      5) Басқарма, құрылымдық бөлімшелер және қызметкерлер қызметінің тиімділігін бағалау өлшемшарттары, оның ішінде оларға жүктелген функциялар мен міндеттерді орындамағаны (тиісінше, уақтылы орындамағаны) үшін шаралар қолдану тәртібі.".

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыру;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады