"Қобда ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қобда аудандық мәслихатының 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № 395 шешіміне өзгеріс енгізу туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 2023 жылғы 27 сәуірдегі № 11 шешімі. Ақтөбе облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 12 мамырда № 8345 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 2023 жылғы 7 желтоқсандағы № 92 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының 07.12.2023 № 92 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қобда аудандық мәcлихаты ШЕШТІ:

      1. Ақтөбе облысы Қобда аудандық мәслихатының "Қобда ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 24 желтоқсандағы № 395 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7903 болып тіркелген) шешіміне келесі өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Қобда ауданында әлеуметтік көмек көрсету мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қобда аудандық мәслихатының төрағасы Ж. Ергалиев

  2023 жылғы 27 сәуірдегі № 11
шешіміне қосымша
  Қобда аудандық мәслихатының
2020 жылғы 24 желтоқсандағы
№ 395 шешіміне 1 қосымша

Қобда ауданында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары

      1. Осы Қобда ауданында әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының "Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес (бұдан әрі-Үлгілік қағидалар) әзірленді және әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау тәртібін белгілейді.

1 тарау. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жылжымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақтөбе облысы Қобда ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөрiс деңгейi – "Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтiн облыстардағы мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетiнiң құнына тең, бiр адамға қажеттi ең төмен ақшалай кiрiс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірлік қиын жағдай – азаматтың тыныс тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – халықты әлеуметтік қорғау саласындағы әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын "Қобда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын комиссия;

      9) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалардың мақсаттары үшін әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган (ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі-алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндеріне ақшалай түрде көрсетілетін көмек түсініледі.

      4. "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

2 тарау . Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесі және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      6. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табыстарын есепке алмай көрсетіледі:

      1) амбулаторлық емдеудегі онкологиялық аурулармен ауыратын және туберкулез ауруынан зардап шегетін тұлғалар – "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Қобда аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған тізімдеріне және адамның иммунитет тапшылығы вирусы тудыратын жұқпасы бар тұлғалар "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Облыстық ЖИТС алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны ұсынған анықтамаларға сәйкес, табысы есепке алынбай, ай сайын, бірақ жылына 6 (алты) айдан аспайтын уақытқа – 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Ұлы Отан соғысының ардагерлері, бірінші, екінші, үшінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға, он алты жасқа дейінгі мүгедектігі бар балаларға және оларды ертіп жүруші тұлғаларға, емделуге төленетін жол шығындарын (жол жүру билетінің құнын) өтеу үшін.

      Әлеуметтік көмек, егер жоғарыда аталған тұлғалар толық мемлекет қарауында болмаған жағдайда көрсетіледі.

      7. Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде, не оның мүлкіне зиян келтіру нәтижесінде келтірілген шығындарға байланысты бір жолғы әлеуметтік көмектің төмендегі мөлшерлері белгіленеді:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 300 000 (үш жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагеріне теңестірілген ардагерлерге 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      3) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне, еңбек ардагерлеріне, Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      4) зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      5) мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде он сегіз жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      6) саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен адамдарға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      7) көп балалы отбасыларға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      8) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйінің түлектеріне 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      9) аз қамтылған азаматтарға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      10) "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен наградталған аналарға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      11) "Батыр Ана" атағын алған аналарға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      12) I және II дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      13) онкологиялық аурулардан зардап шегетін азаматтарға, адамның иммуножетіспеушілік вирусы инфекциясын жұқтырғандарға және туберкулездің әр түрлі түрімен ауыратын науқастарға 200 000 (екі жүз мың) теңгеге дейінгі шекте;

      14) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру, өмірлік қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек олардың табысын есепке алмай 500 000 (бес жүз мың) теңгеге дейінгі шекте көрсетіледі.

      8. Өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарға, егер жолыққан сәттің алдындағы тоқсанда отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы Ақтөбе облысы бойынша статистика органы есептейтін мөлшері бойынша, ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен бір еседен аспаса әлеуметтік көмек көрсетіледі (кірісі есептелмей әлеуметтік көмек көрсетілетін Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қоспағанда).

      Бұл ретте өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтарды мұқтаждар санатына жатқызу үшін төмендегілер негіздемелер болып табылады:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) жан басына шаққандағы орташа табыстың, өмірлік қиын жағдай туындауына байланысты бір жолғы әлеуметтік көмек тағайындау барысында Ақтөбе облысы бойынша ең төменгі күн көріс деңгейінің бір еселік мөлшерінен аспауы болып табылады.

      9. Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан өмірлік қиын жағдайлар туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініштерді қарау мерзімі:

      өмірлік қиын жағдайлар туындаған сәттен бастап алты айдан кеш емес.

      10. Мереке күндеріне кірістерді есептемегенде бір жолғы әлеуметтік көмек көрсетіледі:

      1) Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 2 140 000 (екі миллион жүз қырық мың) теңге мөлшерiнде;

      Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 230 000 (екі жүз отыз мың) теңге мөлшерiнде;

      еңбек ардагерлеріне 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерiнде;

      Заңның күші қолданылатын басқа да адамдарға 150 000 (жүз елу мың) теңге мөлшерiнде;

      2) Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне орай – мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүгедектігі бар адамдарға 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде.

      3) 16 желтоқсан Тәуелсіздік күніне орай - Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғасына қатысып, Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңымен белгіленген адамдарға 120 000 (жүз жиырма мың) теңге мөлшерінде.

      Әлеуметтік көмек, егер жоғарыда аталған тұлғалар толық мемлекет қарауында болмаған жағдайда көрсетіледі.

      11. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі, көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      12. Мереке күндерге әлеуметтік көмек алушылардан өтініш талап етілмей, уәкілетті органның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекітетін тізімі бойынша көрсетіледі.

      13. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру Қобда ауданы бюджетінен көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүргізіледі.

      14. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      15. Артық төленген сомалар ерікті немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзгеше тәртіппен қайтаруға жатады.

3-тарау. Қорытынды ереже

      16. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргiзеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады