Ұлытау облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Ұлытау облысы әкімдігінің 2023 жылғы 24 тамыздағы № 47/01 қаулысы. Ұлытау облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 31 тамызда № 44-20 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабы 1-тармағының 1-13) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Автомобиль жолдары туралы" Заңының 13-бабы 1-1-тармағының 6-2) тармақшасына сәйкес Ұлытау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Ұлытау облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттары осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Әкім Б. Әбдіғалиұлы

  Ұлытау облысы әкімдігінің
2023 жылғы 24 тамыздағы
№ 47/01
қаулысына қосымша

Ұлытау облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттары

1. Жалпы ережелер

      1. Ұлытау облысының облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарын сыныптау тәртібі мен шарттары Қазақстан Республикасының "Автомобиль жолдары туралы" Заңының 13-бабының 1-1-тармағының 6-2) тармақшасына сәйкес әзiрленген.

      2. Осы қағидаларда келесідей ұғымдар пайдаланылады:

      1) автомобиль жолы – автомобильдердiң және басқа да көлiк құралдарының белгiленген жылдамдықпен, жүктемелермен, габаритпен үздiксiз, қауiпсiз жүрiсiн қамтамасыз ететiн, автомобильдер жүрiсiне арналған инженерлiк құрылыстар кешенi, сондай-ақ осы кешендi орналастыру үшiн берiлген жер учаскелерi (көлiк жерлерi) және олардың үстiндегi белгiленген габарит шегiндегi әуе кеңiстiгi.

2. Жiктеу тәртiбi және шарттары

      3. Ұлытау облысының жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары өздерінің маңызы бойынша облыстық және аудандық маңызы бар жолдар болып бөлінеді:

      1) облыстық маңызы бар автомобиль жолдарына республиканың әкімшілік орталықтарын облыс, аудан орталықтарымен және елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілерімен, сондай-ақ аудан орталықтарын республикалық маңызы бар жолдармен жалғастырып жатқан автомобиль жолдары жатады;

      2) аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына аудан орталықтарын ауылдық елдi мекендермен және елді мекендерден тыс жердегі туристік қызмет объектілерімен жалғастырып жатқан автомобиль жолдары жатады.

      4. Облыстық маңызы бар автомобиль жолдарының тізбелерін автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып, Ұлытау облысы әкімдігінің атқарушы органдары бекітеді.

      5. Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының тiзбелерiн аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергілікті атқарушы органдары Ұлытау облысы әкімдігінің атқарушы органдарымен келісім бойынша бекiтедi.

      6. Автомобиль жолдары геометриялық параметрлерiне, сондай-ақ жол жүрiсiнiң жиiлiгiне қарай автомобиль жолдары саласындағы техникалық регламенттерге сәйкес жiктеледi.

      7. Жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары, шаруашылық автомобиль жолдары, елді мекендердің көшелері автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік есепке алынуға жатады. Есепке алу деректері автомобиль жолдары жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісу бойынша жарияланатын Қазақстан Республикасы автомобиль жолдарының карталары мен атластарын жасау үшін пайдаланылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады