Жетісу облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесін айқындау туралы

Жаңа

Жетісу облыстық мәслихатының 2023 жылғы 4 қыркүйектегі № 7-44 шешімі. Жетісу облысы Әділет департаментінде 2023 жылы 6 қыркүйекте № 55-19 болып тіркелді

      "Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-9 тармағына, "Тұрғын үй қатынастары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-1 бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 417 "Тұрғын үй сертификаттарын беру қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18883 болып тіркелген) сәйкес, Жетісу облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Жетісу облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесі осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      2. Осы шешімнің орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары А. С. Канагатовқа жүктелсін (келісім бойынша).

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Мәслихат төрағасы Г. Тойлыбаева

  2023 жылғы 4 қыркүйектегі № 7-44 шешіміне қосымша

Жетісу облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарының мөлшері мен оларды алушылар санаттарының тізбесі

      1. Жетісу облысы бойынша тұрғын үй сертификаттары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бекітілген ипотекалық бағдарламалары және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметімен бекітілген тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде ипотекалық тұрғын үй қарызын пайдалана отырып, азаматтардың жекелеген санаттарына тұрғын үйді меншігіне сатып алу үшін бастапқы жарнасын жабуға 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңгеден, бірақ бастапқы жарнаның көлемінен аспайтын мөлшерді құрайды.

      2. Жетісу облысы бойынша тұрғын үй сертификаттарын алушылардың жекелеген санаттарына Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бекітілген ипотекалық бағдарламалары, Қазақстан Республикасының Үкіметімен айқындалған тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламалары талаптарына сәйкес келетін:

Санаттар бөлінісінде:

1

Облыстың аудан (қала) әкімдіктерінің ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарда еңбек қызметін жүзеге асыратын, білім беру ұйымдарындағы педагогтар;

2

Денсаулық сақтау ұйымдарындағы медицина қызметкерлері;

3

Облыс аумағында еңбек қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері;

4

Қазақстан Республикасы "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 68-бабында көрсетілген халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бекітілген ипотекалық бағдарламалары, Қазақстан Республикасының Үкіметімен айқындалған тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламаларына қатысуға ниет білдірген азаматтар жатады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады