Сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қайтарымды негізде микрокредит беру шеңберінде өтінімдерді қабылдау және кредиттерді қамтамасыз ету тәсілдерін, қоса қаржыландыру мөлшерін, үміткерлер санаттарын белгілеу туралы

Жаңа

Қостанай облысы әкімдігінің 2023 жылғы 5 қыркүйектегі № 368 қаулысы. Қостанай облысының Әділет департаментінде 2023 жылғы 6 қыркүйекте № 10054 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 272 бұйрығымен бекітілген Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының 66-тармағына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32956 болып тіркелген) Қостанай облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қайтарымды негізде микрокредит беру шеңберінде өтінімдерді қабылдау және кредиттерді қамтамасыз ету тәсілдері, қоса қаржыландыру мөлшері, үміткерлер санаттары осы қаулының қосымшасына сәйкес белгіленсін.

      2. "Қостанай облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Қостанай облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалылуын бақылау Қостанай облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қостанай облысының әкімі К. Аксакалов

  Қостанай облысы әкімдігінің
  2023 жылғы 5 қыркүйектегі
  № 368 қаулысына
  қосымша

Сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қайтарымды негізде микрокредит беру шеңберінде өтінімдерді қабылдау және кредиттерді қамтамасыз ету тәсілдері, қоса қаржыландыру мөлшері, үміткерлердің санаттары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы өтінімдерді қабылдау және кредиттерді қамтамасыз ету тәсілдері, қоса қаржыландыру мөлшері, үміткерлердің санаттары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 272 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32956 болып тіркелген) бекітілген Кәсіпкерлік бастамаға жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларының (бұдан әрі - Қағидалар) 66-тармағына сәйкес сенім білдірілген өкіл (агент) арқылы қайтарымды негізде микрокредит беру шеңберінде әзірленді.

2. Өтінімдерді қабылдау және кредиттерді қамтамасыз ету тәсілдері

      2. Қағидалардың 6-қосымшасында айқындалған микрокредит алу үшін құжаттар топтамасын қабылдауды сенім білдірілген өкіл (агент) аудандардың, шағын қалалардың, ауылдық елді мекендер мен Аркалық қаласының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері арқылы қағаз және/немесе электрондық форматта жүзеге асырады.

      3. Микрокредит алу үшін өтініш-сауалнаманың нысаны сенім білдірілген өкілдің (агенттің) ішкі нормативтік құжатымен бекітіледі.

      4. Микрокредиттің қайтарымдылығы кепілмен қамтамасыз етіледі.

      Кепілдің мәні кез-келген мүлік, оның ішінде мүліктік құқық болуы мүмкін.

      5. Міндеттеменің орындалуын қамтамасыз ететін кепілге қойылатын талаптар қолданыстағы азаматтық заңнамамен және тапсырма шартымен айқындалады.

3. Қоса қаржыландыру мөлшері

      6. Егер бизнес-жобаны іске асыру үшін сома Қағидалардың 66-тармағында белгіленген ең жоғары сомадан жоғары болса немесе кредит сомасы бизнес-жобаны іске асыру үшін қажетті сомадан аз болса, қатысушы микрокредиттеу мақсаттары үшін бірлесіп қаржыландыруға өз қаражатын (ақшалай қаражатпен) пайдалануға құқылы.

      Бұл ретте, қоса қаржыландыру мөлшері кемінде 1 (бір) айлық есептік көрсеткішті құрайды және 8 (сегіз) мың айлық есептік көрсеткіштен аспайды.

4. Үміткерлердің санаттары

      7. Микрокредиттер үміткерлердің мынадай санаттарына:

      1) жұмыссыз адамдарға;

      2) Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 207-бабының 1-тармағында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген қысқартылатын жұмыскерлерге;

      3) Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмей кіріс алу мақсатында тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді өндіру (өткізу) жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын адамдарға және (немесе) әрекетсіз жеке кәсіпкерлерге;

      4) отбасылық кәсіпкерлікте еңбекақы төленбейтін қызметті дербес жүзеге асыратын адамдарға;

      5) жеке қосалқы шаруашылықта сату (айырбастау) үшін өнім өндіру жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейiнен аз адамдарға;

      6) табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз өндірістік кооперативтердің мүшелеріне;

      7) жеке кәсіпкер (шаруа қожалығы) ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі микрокредитке өтініш беру сәтінде бір жылдан кем (қызметін тоқтата тұру жалпы қолданылу мерзіміне енгізіледі) құрайтын ісін жаңа бастаған жеке кәсіпкерлерге (оның ішінде жалғыз мүшесі бар шаруа қожалықтарына);

      8) жеке кәсіпкер (шаруа қожалығы) ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі микрокредит алуға өтініш берген сәтте бір жылдан үш жылға дейін құрайтын жұмыс істеп тұрған жеке кәсіпкерлерге (оның ішінде жалғыз мүшесі бар шаруа қожалықтарына) (қызметін тоқтата тұру жалпы қолданылу мерзіміне енгізіледі);

      9) атаулы әлеуметтік көмек алушыларға беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады