"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 116) тармақшасына және 5-3-бабының 32) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бірлескен бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі |
__________Г. Бейсембаев |
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
__________С. Нурбек |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2024 жылғы 12 ақпандағы № 29 мен Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі 2024 жылғы 7 ақпандағы № 51 Бірлескен бұйрыққа қосымша |
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру ақысын төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 116) тармақшасы мен 5-3-бабының 32) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім алуға ақы төлеу мақсатында бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) білім беру кредиті – қаржы ұйымдары мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында оқу ақысын төлеу үшін қарыз алушыға беретін ақша;
2) білім беру ұйымы – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы;
3) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры (бұдан әрі – БЖЗҚ) - нысаналы активтер мен нысаналы талаптардың есебін жүргізуді, нысаналы жинақтау шоттарына нысаналы жинақтарды есепке алуды және есепке жатқызуды, нысаналы жинақтарды алушыға нысаналы жинақтау шотынан нысаналы жинақтарды уәкілетті операторға төлеуді, нысаналы жинақтардың қайтарымдарын есепке алуды жүзеге асыратын заңды тұлға;
4) қатысушы банк – "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – МБЖЖ туралы Заң) белгіленген талаптарға жауап беретін және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жасасқан екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық пошта операторы;
5) қатысушы-сақтандыру ұйымы – қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның тиісті лицензиясы негізінде білім беру жинақтау сақтандыру шарттарын жасасу және орындау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын және Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператормен Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді жасасқан заңды тұлға;
6) мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі саласындағы оператор (бұдан әрі – оператор) – білім беру саласындағы уәкілетті органдардың бірлескен шешімімен айқындалатын, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне қатысушылардың қызметін үйлестіруді жүзеге асыратын және оның Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шекте жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ұйым;
7) нысаналы жинақтарды алушы – он сегіз жасқа толған, нысаналы жинақтарды алуға құқығы бар Қазақстан Республикасының азаматы;
8) нысаналы жинақ төлемдері – нысаналы жинақ шотынан нысаналы жинақтарды алушыға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мұрагерлерге төленетін нысаналы жинақтардың сомасы;
9) нысаналы жинақтау шоты – "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес БЖЗҚ-да ашылған, нысаналы жинақтар есепке алынатын және олардан нысаналы жинақтарды төлеу жүргізілетін нысаналы жинақтарды алушының жеке атаулы шоты;
10) серпінді сәйкестендіру – бір реттік (бір жолғы) кодты пайдалану арқылы клиенттің электрондық банктік қызметті алу құқығын бірыңғай растау мақсатында клиенттің жеке басын растауды белгілейтін рәсім;
11) тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) білім алуға ақы төлеу мақсатында бірыңғай зейнетақы жинақтау қорынан нысаналы жинақтар (бұдан әрі – нысаналы жинақтар) – нысаналы жинақтарды алушының нысаналы жинақтау шотында есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташаланған, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының инвестициялық кірісінің және есепті жылдың алдындағы он сегіз жылдағы орташаланған, жыл сайын осы сомаға есепке жазылатын инвестициялық кірістің елу пайызы есебінен жинақталған ақша;
12) уәкілетті операторлар – білім беру ақысын төлеу мақсатында БЖЗҚ аударатын нысаналы жинақ төлемдерін есепке жатқызу үшін банктік шоттар ашуды және жүргізуді жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктер, Ұлттық пошта операторы;
13) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы.
2-тарау. Білім беру ақысын төлеу мақсатында нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану тәртібі
3. Білім беру ақысын төлеу мақсатында нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану үшін нысаналы жинақтарды алушы немесе оның заңды өкілі (нысаналы жинақтарды алушының әрекет қабілеттілігі шектеулі болған жағдайда) (бұдан әрі – заңды өкіл) нысаналы жинақтардың сомасы туралы ақпаратты БЖЗҚ-дан, оның ішінде БЖЗҚ-ның интернет-ресурсы арқылы дербес алады.
4. Нысаналы жинақтарды алушы немесе оның заңды өкілі уәкілетті оператордың интернет-ресурсында немесе мобильді қосымшасында авторланады және өзінің жеке кабинетін ашады, онда ЭЦҚ куәландыра отырып не серпінді сәйкестендіре отырып, Америка Құрама Штаттары долларындағы (бұдан әрі – АҚШ доллары) банктік шоттың нөмірі, нысаналы жинақтарды төлеу сомасы және пайдалану мақсаты көрсетілген білім беру ақысын төлеу мақсатында нысаналы жинақтарды төлеуге арналған электрондық өтінішті (бұдан әрі – төлемге өтініш) толтырады.
5. Білім беру ақысын төлеу мақсатында нысаналы жинақ төлемдерін мына мақсаттарға пайдалануға жол беріледі:
1) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу;
2) шетелдік білім беру ұйымдарының білім беру қызметтеріне үлестермен (әрбір академиялық кезең немесе оқу жылы үшін) немесе толық көлемде бір мезгілде (бүкіл оқу мерзімі үшін) ақы төлеу;
3) білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша білім беру жинақтау салымын толықтыру;
4) білім беру жинақтау сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы (сақтандыру жарнасы) түрінде енгізу;
5) білім беру кредиті бойынша берешекті ішінара немесе толық өтеу.
6. Уәкілетті оператор нысаналы жинақтарды алушы немесе оның заңды өкілі берген төлемге өтінішті және құжаттарды қарап, мақұлдағаннан кейін 2 (екі) жұмыс күні ішінде уәкілетті оператор тіркеген төлемге өтініш туралы электрондық хабарламаны БЖЗҚ-ға жібереді.
7. БЖЗҚ уәкілетті оператор ашқан нысаналы жинақтарды алушының АҚШ долларындағы банктік шотына кейіннен есепке жатқызу үшін төлемге өтініште көрсетілген нысаналы жинақтарды төлеу сомасын уәкілетті оператордан электрондық хабарламаны алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға аударады.
8. Нысаналы жинақтарды алушы немесе оның заңды өкілі нысаналы жинақтар төлемінің сомасы АҚШ долларымен банктік шотқа түскен күннен бастап 45 (қырық бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті операторға осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес мақсатты растайтын құжаттарды ұсынады.
9. Нысаналы жинақ төлемдерінің мақсатты пайдаланылғанын растайтын құжаттар:
1) нысаналы жинақтарды алушы немесе оның заңды өкілі мен Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан білім беру ұйымы арасында білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт және білім беру қызметтеріне ақы төлеу құжаты;
2) нысаналы жинақтарды алушы немесе оның заңды өкілі және шетелдік білім беру ұйымы арасында білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт, сондай-ақ нысаналы жинақтарды алушының шетелдік білім беру ұйымына қабылданғанын растайтын құжат (шарт пен құжат шет тілінде жасалған жағдайларда нотариалды куәландырылған аударманы қоса беріледі) және білім беру қызметтеріне ақы төлеу құжаты;
3) МБЖЖ туралы Заңға сәйкес білім беру жинақтау салымы туралы шарттардың бірыңғай тізілімінде тіркелген нысаналы жинақтарды алушы және қатысушы банк арасындағы білім беру жинақтау салымы туралы шарт;
4) МБЖЖ туралы Заңға сәйкес білім беру жинақтау сақтандыру шарттарының бірыңғай тізілімінде тіркелген нысаналы жинақтарды алушы болып табылатын пайда алушының пайдасына қатысушы-сақтандыру ұйымы мен сақтанушы арасындағы білім беру жинақтау сақтандыру шарты;
5) мемлекет уәкілеттік берген ұйымның кепілдігімен білім беру кредитін беру жөніндегі банктік қарыз шарты.
10. Уәкілетті оператор нысаналы жинақтарды алушы осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген құжаттарды ұсынған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде оларды тексеруді жүзеге асырады және нысаналы жинақ төлемін олардың нысаналы мақсаты бойынша аударады.
11. Нысаналы жинақтарды алушы немесе оның заңды өкілі осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген мерзімде осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген құжаттарды ұсынбаған жағдайда, уәкілетті оператордағы нысаналы жинақ төлемінің сомасы БЖЗҚ-ға қайтаруға жатады.
12. МБЖЖ туралы Заңда көзделген жағдайларда қатысушы банктер және қатысушы-сақтандыру ұйымдары білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша салымшы немесе білім беру жинақтау сақтандыру шарты бойынша пайда алушы болып табылатын нысаналы жинақтарды алушының өтініші бойынша бұрын білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша салымға немесе білім беру жинақтау сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысын төлеуге есепке жатқызылған нысаналы жинақ төлемі сомасының бүкіл сомасын немесе оның бір бөлігін уәкілетті операторға уәкілетті операторда ашылған теңгедегі банктік шотқа аударады.
13. Уәкілетті орган нысаналы жинақ төлемін БЖЗҚ-ға қайтаруды Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 18 қаңтарда № 16 қаулысымен бекітілген Нысаналы талаптарды, нысаналы жинақтарды және нысаналы жинақ төлемдерін қалыптастыру мен есепке алу, сондай-ақ нысаналы талаптарды есепке жазу қағидаларында көзделген тәртіпте жүзеге асырады.