"Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 26 ақпандағы № 74 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 27 ақпанда № 34061 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 29 маусымдағы № 7-1/587 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11940 болып тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ветеринариялық (ветеринариялық-санитариялық) қағидаларда:

      2-тарау мынадай мазмұндағы 14-параграфпен толықтырылсын:

      "14-параграф. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарға қойылатын талаптар

      37-1. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың (бұдан әрі – мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар) құрамына оларға бекітілген функцияларды орындау үшін қажетті ғимараттар, үй-жайлар мен құрылысжайлар (қосалқы, өндірістік, қоймалық және көмекші) кіреді.

      37-2. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар аумағында қашалары, өткелектері және жануарларды орнықты ұстауға арналған білдегі бар жеке тұрған ғимараттарда (үй-жайларда) орналастырылады.

      Реконструкцияланатын жеке тұрған қоғамдық және әкімшілік ғимараттарда немесе осы ғимараттардың қызметкерлер мен келушілер ғана пайдаланатын жеке кіретін есіктері бар бөліктерінде қашалары, өткелектері және жануарларды орнықты ұстауға арналған білдегі бар болған кезде, оларда мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды орналастыруға жол беріледі.

      37-3. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды:

      1) тұрғын ғимараттардың тұрғын емес үй-жайларында, тұрғын ғимараттардың жартылай жертөле және жертөле үй-жайларында;

      2) азық-түліктік ішкі сауда объектілері орналасқан, реконструкцияланатын жеке тұрған ғимараттарда орналастыруға жол берілмейді.

      37-4. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды салу үшін тегіс, құрғақ, тасқын және нөсер сулар баспайтын жер таңдалады.

      37-5. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдарды салу үшін бұрынғы мал шаруашылығы үй-жайларының, мал қорымдарының (биотермиялық шұңқырлардың), қи сақтау орындары мен ет өңдеу кәсіпорындарының, тері-шикізат кәсіпорындары мен тазарту құрылыстарының орнында учаске таңдауға жол берілмейді.

      37-6. Адамдар мен жануарлардың бақылаусыз өтуін болдырмау үшін мемлекеттік ветеринариялық ұйымдардың аумағы қоршаумен қоршалады, жалпы пайдаланылатын жолдарға шығатын ішкі өтпе жолдармен (асфальтпен, бетонмен немесе тазалау үшін қолжетімді басқа да қатты жабынмен) қамтамасыз етіледі.

      37-7. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар сумен, электр энергиясымен, желдеткішпен, жылумен, Интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етіледі.

      37-8. Мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар алғашқы өрт сөндіру, алғашқы медициналық көмек құралдарымен (медициналық қобдишалармен) және авариялық пакетпен (құрамында халат, қолғап, қалақ, мақта, дезинфекциялық ерітінді бар) қамтамасыз етіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады