Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру стандарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 27 ақпандағы № 49, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 27 ақпандағы № 54 және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 1 наурыздағы № 7 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 6 наурызда № 34117 болып тіркелді

      "Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру стандарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Инклюзивтік және арнайы білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бірлескен бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бірлескен бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бірлескен бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
А. Альназарова
     
      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жакупова
     
      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрі
2024 жылғы 1 наурыздағы
№ 7, 2024 жылғы 27 ақпандағы
№ 54 мен
Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2024 жылғы 27 ақпандағы
№ 49 Бірлескен бұйрығымен
бекітілген

Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру стандарттары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Кемтар балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 7-1) тармақшасына сәйкес Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы әлеуметтiк қызмет көрсету мен әлеуметтiк қамсыздандыру стандарттары (бұдан әрі – Стандарттар) әзірленді.

      2. Осы Стандарттар мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы әлеуметтік қызмет көрсету мен әлеуметтік қамсыздандырудың шарттарына, сапасы мен көлеміне қойылатын талаптарды белгілейді.

      3. Мүмкіндігі шектеулі балаларды әлеуметтiк және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау мүмкіндігі шектеулі балаларға тіршілік әрекетінің шектелуін еңсеру және оның орнын толтыру үшiн жағдай жасауды қамтамасыз ететін және оларға басқа азаматтармен бiрдей қоғам өміріне қатысу мүмкіндігін жасауға бағытталған арнайы әлеуметтiк, медициналық және бiлiм беру қызметтерін ұсынатын бiлiм беру, халықты әлеуметтiк қорғау, денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі арқылы жүзеге асырылады.

      4. Мүмкіндігі шектеулі бала (балалар) санатына белгіленген тәртіппен расталған туа біткен, тұқым қуалайтын, жүре пайда болған аурулары немесе жарақаттардың салдарына байланысты тіршілік әрекеті шектелген, дене және (немесе) психикалық бұзылыстары бар бала (балалар) жатады.

2-тарау. Мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзете қолдау жұмыстарын ұсынатын субъектілер

      5. Әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласындағы әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қамсыздандыруды:

      1) арнайы білім беру ұйымдары (психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (бұдан әрі - ПМПК), оңалту орталығы (бұдан әрі – ОО), психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті (бұдан әрі - ППТК), арнайы мектеп – интернат (бұдан әрі - АМИ), Аутизмі (аутистік спектр бұзылыстары) бар балаларды қолдау орталығы (бұдан әрі - АЦ));

      2) үш жастан он сегіз жасқа дейінгі балаларға қызмет көрсететін стационар, бір жарым жастан он сегіз жасқа дейін жартылай стационар және үйде (мемлекеттік және мемлекеттік емес меншік нысандарында) қызмет көрсететін арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары;

      3) амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар;

      4) стационарлық көмек көрсететін ұйымдар;

      5) қалпына келтіру және медициналық оңалту ұйымдары;

      6) паллиативтік көмек және мейіргерлік күтім көрсететін ұйымдар;

      7) АИТВ/ЖИТС алдын алу саласындағы қызметті жүзеге асыратын денсаулық сақтау ұйымдары ұсынады.

3-тарау. Әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау саласында әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қамсыздандырудың шарттары

      6. Балаларды ПМПК-ға жіберу ата-аналарының (заңды өкілдерінің), білім беру, денсаулық сақтау ұйымдарының бастамасы бойынша ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен жүзеге асырылады.

      7. ОО, ППТК, АМИ, АЦ-ға мүмкіндігі шектеулі балалар ПМПК қорытындысы мен ұсынымдары негізінде және ата-аналарының (заңды өкілдерінің) келісімімен қабылданады.

      8. Стационарлық үлгідегі, жартылай стационарлық ұйымдарға қабылдау алушының тұрғылықты жері бойынша аудандардың, облыстық және Республикалық маңызы бар қалалардың (астананың) жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің немесе аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерінің шешімі бойынша жүзеге асырылады.

      9. Денсаулық сақтау ұйымында қабылдау денсаулық жағдайын, жас ерекшеліктерін және басқа да ерекшеліктерін ескере отырып, кейіннен жеке жоспар құра отырып, қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау негізінде жүзеге асырылады.

4-тарау. Әлеуметтік және медициналық-педагогикалық және түзету қолдау саласындағы әлеуметтік қызмет көрсету мен әлеуметтік қамсыздандырудың көлемі мен сапасына қойылатын талаптар

      10. Әлеуметтік қызмет көрсету және әлеуметтік қамсыздандыру көлемі әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-құқықтық қызметтерін қамтиды.

      11. Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтерге жатады;

      1) тұрғын үй алаңын ұсыну жөніндегі қызметтер;

      оңалту, емдеу, білім беру, мәдени іс-шараларына арналаған жиһазбен және (немесе) мамандандырылған жабдықтармен жарықтандырылған үй-жайларды беру, өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын, тұрмыстық бағдарлау негіздерін оқыту; оның ішінде санитариялық–эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жатын бөлмелері үшін; сыртқы көмекке жүгінбей-ақ тұрмыстық қажеттіліктерді жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бейімделген үй-жайлар мен айлабұйымдар беру;

      2) рационалды, диеталық және/немесе емдік тамақтандыру;

      3) киімнің, аяқ киімнің, төсек-орынның, жеке гигиена заттарының, қатты мүкәммалдың және техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарының ең төменгі нормаларына сәйкес, киім, аяқ киім, төсек-орын жабдықтарын, жеке гигиена заттарын, қатты мүкәммалды және техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдар мен арнайы жүріп-тұру құралдарын беру;

      4) емдеу, оңалту, оқыту, мәдени және бос уақыт іс-шараларына қатысу үшін қызмет алушыларды тасымалдау бойынша көлік қызметтерін ұсыну;

      5) оңалту, емдеу, оқыту, тәрбие процесін ұйымдастыру, медициналық оңалту қызметтерін көрсететін білікті мамандарды ұсыну.

      12. Әлеуметтік-тұрмыстық қызметтер көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:

      1) берілетін тұрғын үй-жай көлемі мен көрсеткіштері бойынша (ғимараттар мен орынжайлардың жай-күйі, олардың жайлылығы) санитариялық-гигиеналық нормалар мен талаптарға сәйкес келеді және қызметтерді алушылардың тұруына қолайлылықты қамтамасыз етеді;

      2) тұрғын үй-жайларға (бөлмелерге) қызметтерді алушыларды орналастыру кезінде олардың денсаулық жағдайы, жас ерекшеліктері, физикалық және психикалық жағдайы, әдеттері, психологиялық үйлесімділігі, жеке даму және әлеуметтену деңгейі ескеріледі;

      3) стационарлық үлгідегі ұйымдар мамандарының кабинеттері қажетті жиһазбен және арнайы жабдықтармен жабдықталады;

      4) ыстық тамақ, оның ішінде диеталық тамақ сапалы тағамдардан әзірленеді, теңгерімділігі мен калориялық талаптарына жауап береді, санитариялық-гигиеналық талаптарға сәйкес келеді және қызметтерді алушылардың денсаулық жағдайын ескеріп ұсынылады;

      5) қызметтерді алушыларға берілетін киім, аяқ киім, іш киім және бірінші қажеттіліктегі заттар киюге ыңғайлы, қызметтерді алушылардың жынысына, бойы мен өлшемдеріне сәйкес келеді, сондай-ақ санитариялық-гигиеналық нормалар мен талаптарға жауап береді;

      6) қызметтерді алушыларды емдеу, оқыту, мәдени іс-шараларға қатысу үшін автомобиль көлігімен тасымалдау кезінде автокөлік құралдарын пайдалану нормативтері мен қағидалары, жол жүру қауіпсіздігінің талаптары сақталады.

      13. Әлеуметтік-медициналық қызметтерге:

      1) медициналық-әлеуметтік тексеру жүргізу жөніндегі қызметтер;

      2) дәрігерлердің тағайындауы бойынша дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету;

      3) денсаулығына байланысты рәсімдерді жүргізу (емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша дәрілік заттар мен рәсімдерді қабылдау);

      4) санитариялық-гигиеналық қызмет көрсету (сүрту, жуу, гигиеналық ванналар);

      5) емдеу-сауықтыру іс-шараларын ұйымдастыру;

      6) әлеуметтік-медициналық сипаттағы оңалту іс-шараларын жүргізу;

      7) санаторлық-курорттық емдеуді қамтамасыз етуге жәрдемдесу.

      14. Әлеуметтік-медициналық қызмет көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:

      1) медициналық-әлеуметтік сараптаманы уақтылы жүргізуге жәрдемдесу, қызметтерді алушыларға организм функциясының тұрақты бұзылуын тудырған тыныс-тіршілігінің шектелуін бағалау негізінде әлеуметтік қорғау шараларына қажеттілікті айқындау мақсатында куәландырудан өту үшін құжаттарды дайындауда көмек көрсету;

      2) дәрігерлердің тағайындауы бойынша дәрілік заттармен және медициналық мақсаттағы бұйымдармен қамтамасыз ету;

      3) денсаулыққа байланысты рәсімдерді жүргізу (емдеуші дәрігердің тағайындауы бойынша дәрілік заттар мен рәсімдерді қабылдау);

      4) санитариялық-гигиеналық қызметтерді көрсету (сүрту, жуу, гигиеналық шомылдыру);

      15. Әлеуметтік-психологиялық қызметтерге;

      1) психологиялық диагностика, жеке тұлғаны тексеру және түзету жұмыстарын жүргізу;

      2) әлеуметтік-психологиялық патронаж (жүйелі бақылау);

      3) психологиялық кеңес беру;

      4) қызмет алушыларға психологиялық көмек көрсету;

      5) жеке әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету және әлеуметтік-психологиялық тренингтер жүргізу, интерактивті әдістер қолдану.

      16. Әлеуметтік-психологиялық қызметтер көрсетудің сапасына қойылатын талаптар:

      1) тұлғаны психодиагностикалау және тексеру қызметтерді алушылардың мінез-құлқындағы және айналасындағы адамдармен қарым-қатынаста ауытқушылықтарға әсер ететін олардың психикалық жай-күйін және жеке тұлғалық ерекшеліктерін анықтау мен талдаудың нәтижесі бойынша түзету іс-шараларын жүргізудің болжамын жасау және ұсынымдарды әзірлеу үшін қажетті ақпарат беруге тиіс;

      2) әңгімелесу, қарым-қатынас жасау, тыңдау, көңілін көтеру, белсенділікке ынталандыру, өмірлік тонусын психологиялық қолдау қызметтерді алушылардың психикалық денсаулығын нығайтуды, олардың стреске төзімділігі мен психикалық қорғалуын қамтамасыз етеді.

      17. Әлеуметтік-педагогикалық қызметтерге:

      1) әлеуметтік-педагогикалық кеңес беру;

      2) балалардың жеке мүмкіндіктері мен ерекше білім беру қажеттіліктеріне сәйкес ПМПК ұсынған оқу бағдарламалары бойынша білім алуына жәрдемдесу;

      3) тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында білім алуына жәрдемдесу;

      4) балаларды әлеуметтік бейімдеуге ықпал ететін әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау негіздеріне оқыту;

      5) өзіне-өзі қызмет көрсету, жеке гигиена, күнделікті өмірде және қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау, өзін-өзі бақылау, қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыру; педагогикалық және түзете-дамыту диагностикасын жүргізу жатады.

      18. Әлеуметтік-педагогикалық қызмет ұсынудың сапасына қойылатын талаптар:

      1) Әлеуметтік-педагогикалық консультация беру қызмет алушыларға әлеуметтік-педагогикалық мәселелерді шешуде білікті көмек көрсетуді қамтамасыз етеді;

      2) Педагогикалық диагностика және тұлғаны тексеру қазіргі заманғы аспаптарды, аппаратураларды, тестілерді пайдалана отырып жүргізіледі және мүмкіндігі шектеулі балалардың жеке басын жан-жақты зерделеу негізінде және қызмет алушыға тиімді педагогикалық көмек көрсету бойынша объективті баға беріледі.

      3) әлеуметтік-тұрмыстық дағдылардың негіздеріне оқыту, оның нәтижелері бойынша қызмет алушылар әлеуметтік сипаттағы дағдыларды: өзіне-өзі қызмет көрсету, санитариялық-гигиеналық дағдыларды және тұрмыстық сипаттағы дағдыларды (киіну, киімді ұсақ жөндеу, тұрғын үй-жайға күтім жасау) толық көлемде меңгереді.

      19. Әлеуметтік-құқықтық қызметтерге:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қамсыздандыру және көмек алу құқықтарына байланысты мәселелер бойынша заңгерлік кеңес беру жатады;

      2) заңды маңызы бар құжаттарды рәсімдеуге көмек;

      3) заңнамада белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарды, әлеуметтік төлемдерді алуға жәрдемдесу;

      4) Қазақстан Республикасының Азаматтық, Әлеуметтік кодекстерінде белгіленген тәртіппен сенімхат бойынша тиісті жәрдемақылар, әлеуметтік төлемдер алу;

      5) құқықтар мен мүдделерді қорғау үшін сотта өкілдік етуді қамтамасыз ету жатады.

      20. Әлеуметтік-құқықтық қызметтер көрсету сапасына қойылатын талаптар:

      1) қызметтерді алушыларға арнаулы әлеуметтік қызметтер алу және өз мүдделерін қорғау құқығымен байланысты мәселелер жөнінде консультация беру заңнамамен белгіленген құқықтарды және пайда болуы мүмкін бұзушылықтардан қорғау тәсілдерін толық түсіндіреді;

      2) қызметтерді алушыларға әлеуметтік-құқықтық мәселелер (азаматтық, тұрғын үй, отбасы, еңбек, зейнетақы, қылмыстық заңнама) бойынша консультация беру оларды қызықтыратын заңнамалық актілер мен көтерілген мәселелердегі құқықтары туралы толық түсінік беруге, осы мәселелерді іс жүзінде шешу үшін қажетті құжаттарды дайындау және тиісті адресатқа жіберуде қажетті көмек көрсетеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады