"Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы № 19 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2024 жылғы 7 наурыздағы № 53 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 13 наурызда № 34146 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 9-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 21 қазандағы № 19 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14374 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықтың преамбуласы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 9-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ережесі осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Агенттіктің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Агенттік Төрағасының мемлекеттік қызмет саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылау мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы
Д. Жазықбай

  Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері
агенттігі төрағасы
2024 жылғы 7 наурыздағы
№ 53 бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасының
Мемлекеттік қызмет істері және
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
іс-қимыл агенттігі төрағасының
2016 жылғы 21 қазандағы
№ 19 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органның Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы Ережесі (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 152 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне тәртіптік жаза қолдану қағидаларының 9-тармағына сәйкес әзірленген (бұдан әрі – Қағидалар).

      2. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның әдеп жөніндегі комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінде (бұдан әрі – Агенттік) әдеп нормаларын бұзуға жол берген және мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасаған облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдерінің бірінші орынбасарларының, орынбасарларының және аппараттары басшыларының, облыстардың әкімшілік орталығы болып табылатын қалалар, облыстық маңызы бар қалалар, облыстардың аудандары және қалалардағы аудандар әкімдерінің және В-1, В-2, С-1, С-2, сонымен қатар мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органның С-О-1, С-О-2 санаттарындағы қызметшілерге және орталық мемлекеттік органдарында дербес лауазымдағы әдеп жөніндегі уәкілдерге қатысты тәртіптік істерді қарау үшін құрылатын тұрақты қолданыстағы алқалы орган.

      3. Комиссия өзінің қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы" Заңын (бұдан әрі – Заң), Қағидаларды, сондай-ақ осы Ережені және басқа да нормативтік құқықтық актілерді басшылыққа алады.

2-тарау. Комиссияның негізгі функциялары

      4. Комиссияның негізгі функцияларымен:

      1) осы Ереженің 2-тармағында көрсетілген мемлекеттік қызметшілерді (бұдан әрі – қызметшілер) тәртiптiк жауапкершiлiкке тарту жөніндегі мемлекеттiк орталық органдарының басшылары және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана әкімдері атына ұсыныстар әзiрлеу және тәртіптік істерді қарастыру;

      2) қызметтік әдеп нормаларының талаптарын бұзу бойынша және мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды алдын алу бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

      3) әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметі бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

      4) тәртіптік комиссиялардың қызметі бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу;

      5) мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы бұзудың алдын алуға бағытталған ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу.

      5. Комиссия функцияларын жүзеге асыру мақсатында:

      1) өзiнің мәжiлiстерiнде мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақтау, қызметтік әдеп нормаларын бұзу және мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтардың профилактикасы мәселелері қатысты мемлекеттiк орталық органдардың, олардың ведомстволарының басшыларын және өзге де лауазымды тұлғаларды, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарын тыңдайды;

      2) қызметшілерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарайды;

      3) өз функцияларын жүзеге асыру үшін құқық қорғау және басқа мемлекеттiк органдардан, ұйымдардан құжаттарды және ақпаратты сұратады;

      4) орталық мемлекеттік органдарына (арнаулы мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінен басқа) қызметшілермен әдеп нормаларының талаптарын бұзу фактілері бойынша және мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны бойынша Қағидалардың талаптарына сәйкес қызметтiк тексерiстер жүргiзу туралы ұсыныстар енгiзеді;

      5) орталық мемлекеттік органдардардың әдеп жөніндегі уәкілдерінің жұмыс нәтижелерін қарайды және олардың жұмысын үйлестіру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлейді;

      6) тәртіптік практиканы талдау қорытындылары негізінде орталық мемлекеттік органдардың тәртіптік комиссияларының жұмыс нәтижелерін қарайды;

      7) мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарын сақталуын мониторингтеуді және бақылауды жүзеге асыру кезіндегі әдеп жөніндегі уәкілдер қызметінің нәтижелерін қарайды.

3-тарау. Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкiлеттi органның Әдеп жөніндегі комиссиясы

      6. Комиссия құрамын Комиссия төрағасы мен мүшелері құрайды.

      Комиссияның дербес құрамын Агенттіктің төрағасы айқындайды.

      Комиссияның дербес құрамы тақ саннан және Төрағамен қоса 7-ден кем емес мүшеден тұрады.

      Комиссияның құрамына орталық мемлекеттік органдарының өкілдері, соның ішінде, құқық қорғау органдарының мүшелері, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдарының және Қазақстан Республикасының "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Заңымен белгіленген тәртіппен аккредиттелген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді.

      7. Әдеп жөніндегі комиссия төрағасының ұсынуы бойынша Комиссияның мүшесі мынадай:

      1) уақытша еңбекке жарамсыздығы жағдайында болған, мемлекеттік және қоғамдық міндеттерді атқару үшін жұмыстан босатылған, демалыста, іссапарда болған уақытты қоспағанда, Комиссияның отырыстарына қатарынан үш реттен артық келмеген;

      2) депутаттың, мемлекеттік орган, қоғамдық бірлестіктің, үкіметтік емес ұйымның, бұқаралық ақпарат құралдары өкілінің өкілеттігі тоқтатылған;

      3) Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасында, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген тәртіппен расталған құқыққа қайшы кінәлі түрде әрекет (әрекетсіздік) жасаған;

      4) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелерді қарау кезінде объективті болмаған және жеке мүдделілік танытқан;

      5) Комиссияның құрамынан шығу туралы ниет білдірген;

      6) Комиссия жұмысына одан әрі қатысу мүмкіндігі болмаған жағдайда, оның құрамынан шығарылуы мүмкін.

      8. Комиссия төрағасы:

      1) Комиссияны басқарады, оның жұмысын басшылыққа алуын іске асырады және ұйымдастырады;

      2) Комиссия отырысының күн тәртібін анықтайды;

      3) Комиссия отырысына шақыртады және онда төрағалық етеді;

      4) Комиссия отырысында қаралатын нақты мәселе бойынша баяндаушыны анықтайды;

      5) Комиссияның жабық отырысын өткізу туралы шешім бекітеді;

      6) Комиссияның шешімін мемлекеттік органға жолдайды;

      7) Комиссия отырысының қорытындысын Агенттік төрағасына баяндайды;

      8) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комиссия төрағасы болмаған кезде Агенттік төрағасының тапсырмасы бойынша Комиссия мүшелерінің бірі төрағаның міндеттерін атқарады.

      9. Комиссия мүшелері:

      1) Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар енгізеді;

      2) Комиссия отырыстарына материалдарды және оның шешімдерінің жобаларын әзірлеуге қатысады;

      3) отырысқа шақырылған тұлғаларға сұрақтар қояды;

      4) қарайтын мәселелерді талқылауға қатысады және шешімдердің жобаларына ұсыныстар енгізеді.

      Өзiнiң жақын туысы немесе жекжаты болып табылатын қызметшiге қатысты немесе Комиссия мүшесiнiң осы тергеп-тексеруге тiкелей немесе жанама мүдделiлiгi болса, Комиссия мүшесi тәртіптік терiс қылыққа қатысты қызметтiк тергеп-тексеру материалдарын қарауға және фактілерді зерттеуге қатыспайды.

      Комиссия мүшесінде қызметтік тергеп-тексеру бойынша тікелей немесе жанама мүдделілік болған жағдайда, бұл туралы ол Комиссия төрағасына дереу хабарлайды.

      10. Комиссияның хатшысы Агенттіктің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті директоры айқындайтын Комиссияның жұмыс органының қызметкері болып табылады. Комиссияның хатшысы:

      1) Комиссияның отырыс хаттамасын жүргiзедi;

      2) Комиссияның іс жүргізуін қамтамасыз етеді;

      3) Комиссия төрағасының тапсырмасына сәйкес басқа да функцияларды жүзеге асырады.

      11. Қызметтік тергеп-тексерулер Агенттік төрағасымен тағайындалады және олар Қағидада көзделген тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі.

      Қажет болған жағдайда Агенттік қызметтiк тергеп-тексеру жүргiзудi сол мемлекеттiк органның өзінің персоналды басқару қызметiне (кадр қызметіне) тапсыруы мүмкiн.

      12. Комиссияның жұмыс органы Агенттіктің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаменті болып табылады.

      13. Комиссияның мүшелерін Комиссияның жұмыс органы отырысқа үш жұмыс күн мерзіміне дейін отырыстың күні, уақыты, жүргізу орны, оның күн тәртібі туралы хабарланады және тиісті материалдарымен таныстырады.

      14. Комиссияның жұмысшы органы Ережеге сәйкес тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылатын қызметшілерді Комиссия отырысының күні, уақыты, жүргізу орны туралы хабарландыру жөнiнде шаралар қабылдайды.

      Комиссия отырысында тәртiптiк iс, егер тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылатын қызметші отырыс өткiзілгенге дейiн тиісінше хабарландырылса, оның қатысуынсыз қаралуы мүмкiн.

      15. Комиссияның отырысы:

      1) Комиссия мүшелерінің жартысынан көбі қатысып отырса заңды деп саналады;

      2) қажеттiлiгiне қарай өткiзiледi.

      16. Ашық талқылауға кедергі келтіретін жеке өмірге қол сұғылмаушылықты қамтамасыз ету, жеке, отбасылық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны сақтау қажет болған жағдайларда, Комиссияның отырысы жабық өткізіледі.

      Комиссияның отырысы сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қозғайтын мәселелер қаралатын жағдайларда да жабық түрде өтеді. Бұл жағдайда отырысқа мемлекеттік құпиялармен жұмыс жасауға рұқсаты бар Комиссия мүшелері қатысады.

      17. Тәртіптік жауаптылық мәселелерін қарау мемлекеттік құпияларды қозғайтын жағдайларды қоспағанда, отырыс барысы техникалық бейнежазу құралдарының көмегімен тіркеледі. Комиссия отырысының хаттамасында Комиссияның техникалық бейнежазу құралдарын қолданғаны туралы белгі жасалады.

      Қажет болған жағдайда Комиссия отырыстарын бейнеконференц байланысы арқылы өткізуге жол беріледі.

      Техникалық бейнежазу құралдарының көмегімен тіркелген материалдар Комиссия отырысы аяқталған кезден бастап кемінде бес жыл сақталады.

      18. Комиссияның қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді.

      Комиссия мүшелерi Комиссия отырыстарына алмасу құқығынсыз қатысады. Комиссияның шешімін талқылау мен қабылдау оның отырысына шақырылған адамдардың қатысуынсыз жүзеге асырылады.

      Комиссия оның отырысына қатысып отырған Комиссия мүшелерінің санының қарапайым көпшілік дауысымен және ашық дауыс беру жолымен шешім қабылдайды. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етушінің даусы шешуші болып табылады. Комиссия мүшелерi дауыс беру кезiнде қалыс қалмайды.

      Көпшіліктің шешімімен келіспеген Комиссия мүшесі өзінің ерекше пікірін жазбаша түрде білдіре алады, оны Комиссия төрағасына ұсынады және оны Комиссия отырысының хаттамасына тіркейді, Комиссия отырысының хаттамасында арнайы белгі жасалады.

      Комиссияның ұсынымы бойынша қолданылған тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алуды Комиссия Төрағасының шешімі бойынша келісу сырттай дауыс беру арқылы өткізілуі мүмкін.

      19. Тәртіптік жауаптылық туралы мәселені қарау Заңның 45-бабында көзделген жағдайларда тоқтатыла тұрады.

      20. Отырыста қызметшінің тәртіптік жауаптылығын қарау кезінде Комиссия мынадай мәселелерді:

      1) қызметшінің тәртіптік жауаптылығын қарау үшін негіз болып табылатын нақты әрекеттің (әрекетсіздіктің) орын алғанын-алмағанын;

      2) бұл әрекеттің (әрекетсіздіктің) тәртіптік теріс қылық болып табылатынын-табылмайтынын және ол заңнаманың қандай нормаларын бұза отырып жасалғанын;

      3) осы тәртіптік теріс қылықты қызметшінің жасағанын-жасамағанын;

      4) осы тәртіптік теріс қылықты жасауда қызметшінің кінәсі байқалатынын-байқалмайтынын;

      5) қызметшіні тәртіптік жауаптылыққа тарту мерзімдерінің сақталғанын-сақталмағанын;

      6) қызметшіге тәртіптік жазаның қандай түрін белгілеу ұсынылатынын шешеді.

      Комиссия қызметшiнiң, тергеп-тексеруді жүргiзген уәкiлеттi лауазымды адамдардың және куәлардың түсiнiктемелерiн тыңдайды және тәртіптік терiс қылыққа қатысты фактілерді зерттейді.

      21. Қызметтік тергеп-тексеру материалдарын қарау қорытындылары бойынша Комиссия мынадай шешiмдердің бiрiн шығарады:

      1) тәртіптік жазаны қолданудың және оның түрi туралы ұсынысты тиісті мемлекеттiк органның басшысына жолдау туралы;

      2) осы Ереженің 22-тармағында көрсетілген жағдайларда тәртiптiк iстi тоқтату туралы;

      3) қызметшiнің iс-әрекеттерiнде қылмыс белгiлерi немесе әкімшілік құқық бұзушылықтар болған жағдайда құжаттар мен материалдарды тиісті құқық қорғау органдарына немесе басқа уәкiлеттi органына жолдау туралы.

      Комиссия ұсынымдарда қызметшінің тәртіптік жауаптылығын қарау барысында белгіленген заң бұзушылық фактілерін, теріс қылықтың жасалуына ықпал еткен себептер мен шарттарды және қабылдау үшін қажет шараларды көрсетеді.

      22. Келесі жағдайларда тәртiптiк iс тоқтатылады:

      1) тәртiптiк жаза қолданудың мерзiмдерi өткенде;

      2) қызметтік әдеп нормаларын бұзу немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасау белгілері болмағанда;

      3) тәртіптік істі қарау мүмкіндігін болдырмайтын өзге мән-жағдайларда.

      23. Комиссияның шешімі Комиссия төрағасының және Комиссия хатшысының қолы қойылатын хаттамамен рәсімделеді. Хаттаманың үзіндісі Комиссия отырысы өткен күннен бастап бес жұмыс күн мерзімде тиісті мемлекеттік органдарға және ұйымдарға таратылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады