Әріптестік келісім жасасу үшін кәсіпкерлік субъектісіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 9 сәуірдегі № 214/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 11 сәуірде № 34250 болып тіркелді

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-2-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Әріптестік келісім жасасу үшін кәсіпкерлік субъектісіне қойылатын талаптар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін;

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі
2024 жылғы 9 сәуірдегі
№ 214/НҚ бұйрығымен
бекітілген

Әріптестік келісім жасасу үшін кәсіпкерлік субъектісіне қойылатын талаптар

      1. Кәсіпкерлік субъектілері әріптестік келісім жасасу үшін "Ақпараттандыру туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңында, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" 2013 жылғы 21 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңында, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы белгіленген ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы № 832 қаулысында қолжетімділігі шектелген жеке тұлғалардың дербес деректерін және өзге де ақпаратты қорғауды қамтамасыз ету, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес электрондық ақпараттық ресурстардың, бағдарламалық қамтылымның, ақпараттық жүйелердің және оларды қолдайтын ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның қорғалу деңгейі бөлігінде талаптарға сәйкестігін қамтамасыз етеді.

      2. Әріптестік келісім жасасу үшін кәсіпкерлік субъектілерінің үй-жайлары (бар болса) Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 52 бұйрығымен (Нормативтiк құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13248 болып тіркелген) бекітілген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорация (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) қызметінің қағидаларында баяндалған "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының үй-жайларына қолданылатын шарттар мен талаптарға сай болуы тиіс.

      3. Кәсіпкерлік субъектілері әріптестік келісім жасасу үшін өз үй-жайларын (бар болса) фото-және бейнекамералардың көмегімен көзбен шолып бақылаумен жарақтандыруды қамтамасыз етеді. Бейнебақылау жүйесі болған кезде кіреберісте бейнебақылау жүйесінің бар екендігі туралы ескерту белгісі орналастырылады.

      4. Мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы уәкілетті орган әріптестік келісім жасасу үшін кәсіпкерлік субъектілерін іріктеу кезінде әріптестік келісім жасасу үшін осы кәсіпкерлік субъектісіне қойылатын талаптардың 2 және 3-тармақтарында белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы Мемлекеттік корпорацияның жазбаша растамасын ескереді.

      5. Ерікті не мәжбүрлеп тарату процесіндегі, жұмыс істемейтін және есебі мемлекеттік кіріс органдарында жүргізілетін мерзімі өткен салық берешегі бар кәсіпкерлік субъектілері әріптестік келісім жасау үшін кәсіпкерлік субъектілері бола алмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады