Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы № 194 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 15 маусымда № 34501 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 12-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1 және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
С. Жакупова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  2024 жылғы 14 маусымдағы
№ 194 бұйрығына
қосымша

Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодекстің 12-бабының 4-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын (бұдан әрі – ұйым басшылары) ротациялауды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен қысқартулар қолданылады:

      1) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын мемлекеттік ұйымдардың бірінші басшыларын ротациялау – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін мемлекеттік ұйымдардың басшылары арасындағы лауазымдық орын ауыстырулар (бұдан әрі – ротация);

      2) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтары – жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша құрылған және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге мұқтаж адамдарға (отбасыларға) стационар, жартылай стационар, уақытша болу жағдайларында және үйде арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын ұйымдар (бұдан әрі – ұйым);

      3) ротация жөніндегі комиссия – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарының актісімен құрылатын комиссия (бұдан әрі – Комиссия);

      4) уәкілетті орган – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органы.

      3. Ұйым басшыларын ротациялау олардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

      Ұйым басшыларын ротациялау бір елді мекен шегінде, біреуден артық ұйым болған кезде жүзеге асырылады.

      4. Ұйым басшыларын лауазымға ауыстыру үшін ұйым болмаған кезде мұндай басшы ротация жөніндегі Комиссияда жыл сайын қаралуға тиіс.

2-тарау. Ұйым басшыларын ротациялауды жүргізу тәртібі

      5. Ұйым басшыларын ротациялауды жүргізу үшін уәкілетті орган ротациялауға жататын ұйымдар басшыларының тізімін (бұдан әрі – тізім) жыл сайын қараша айында және 1 желтоқсаннан кешіктірмей мынадай мәліметтерді көрсете отырып қалыптастырады:

      1) ұйым басшысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      2) ұйым атауы;

      3) ұйым басшысының бір ұйымдағы жалпы жұмыс өтілі.

      6. Ұйымның қайта ұйымдастырылуына (бiрiгуi, бөлiнуi, бөлiнiп шығуы, қайта құрылуы), ұйымның қайта аталуына, сондай-ақ басшы лауазымынан жұмыстан шығу және сол ұйымға оралу кезеңіне қарамастан, бір ұйымда 5 (бес) жыл жалпы өтілі бар ұйым басшылары ротациялауға жатады.

      7. Уәкілетті орган ұйым басшысын алдағы ротация туралы ротация жүргізілгенге дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді.

      8. Қалыптастырылған тізім ұсынылғаннан кейін уәкілетті орган 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей әрбір ұйым басшысына Әлеметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесінен алынған осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес материалдарды қалыптастырады және Комиссияның қарауына жібереді.

      9. Комиссия кемінде 5 (бес) адамнан, оның ішінде Комиссия мүшелерінің арасынан сайланатын төрағадан тұрады. Комиссия құрамына уәкілетті органның, ұйымның, әлеуметтік қорғау саласындағы қоғамдық бірлестіктердің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар, астана, аудандар, облыстық маңызы қалалар әкімдіктердің қоғамдық кеңесінің өкілдері кіреді.

      Комиссия хатшысы Комиссия отырыстарын ұйымдастырады, оның мүшесі болып табылмайды.

      Комиссия отырысы төрағаның және отырысқа қатысқан Комиссия мүшелерінің, сондай-ақ хатшының қолы қойылған хаттамамен ресімделеді.

      Егер Комиссия отырысына Комиссияның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысса, ол өтті, ал оның шешімі заңды деп есептеледі.

      Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      10. Комиссия 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей әрбір ұйым басшысы бойынша осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес ұсынылған материалдарды қарайды және мынадай:

      1) ұйымды көрсете отырып, ұйым басшылары арасында тең мәнді лауазымға ротациялауды жүргізу туралы;

      2) осы Қағидалардың 11-тармағында көрсетілген негіздер бойынша лауазым шегінде ұйым басшылары арасында ротациялауды жүргізуден бас тарту туралы;

      3) осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген жағдайларда ұйымды көрсете отырып, лауазым шегінде орын ауыстыру туралы шешімдердің бірін қабылдайды.

      Қабылданған шешімді 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей Комиссия хатшысы ілеспе хатпен уәкілетті органға жолдайды.

      11. Мыналар ұйым басшылары арасында ротациялауды жүргізуден бас тарту үшін негіздер болып табылады:

      1) мүгедектігі бар балалардың, оның ішінде асырап алған балалардың болуы;

      2) асырауында қарт ата-анасының болуы;

      3) олармен тұрақты тұратын және бірінші немесе екінші топтағы мүгедектігі бар отбасы мүшелерінің болуы;

      4) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде белгіленген зейнеткерлік жасқа жетуіне кемінде екі жыл қалу.

      Ұсынылған мәліметтер құжаттамалық түрде расталады.

      12. Ротациялауға жататын ұйым басшысы "Әлеуметтік жұмыс және әлеуметтік саланың басқа да кәсіптері" кәсіптік стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 30 сәуірдегі № 125 бұйрығымен бекітілген осы лауазымға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес келген кезде онда баламалы бос лауазым болған кезде ұйымға ауыстырылады.

      13. Ротация жүргізу туралы шешім шығарған кезде Комиссия ротацияланатын ұйым басшыларының еңбек қатынастарын атқару кезеңіндегі қызметінің көрсеткіштерін ескереді.

      14. Комиссия осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген шешімдердің бірін қабылдағаннан кейін уәкілетті орган қабылданған шешім туралы ұйым басшысын 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей жазбаша хабардар етеді.

      15. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген хабарламаны алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн өткен соң уәкілетті орган комиссияның шешіміне сүйене отырып, еңбек шартына қосымша келісім жасаса отырып, бірінші басшыны лауазымға ауыстыру тәртібімен 5 (бес) жыл мерзімге тағайындау туралы акт шығарады.

      16. Ұйым басшысы Комиссия шешімімен келіспеген кезде оған Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетіне шағымданады.

  Арнаулы әлеуметтік
көрсетілетін қызметтерді
ұсынатын мемлекеттік
ұйымдардың бірінші
басшыларын
ротациялауды жүргізу
қағидаларына
қосымша

1

Ұйым басшысының ТАӘ (бар болса)


2

Ұйым атауы


3

Білім деңгейі


4

Мамандық


5

Біліктілік


6

Жалпы жұмыс өтілі


7

Халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарындағы жұмыс өтілі


8

Соңғы лауазымдағы жұмыс өтілі


9

Біліктілікті арттыру курстарының болуы


10

Штат саны/нақты саны


11

Ұйымның ашықтығы:
сайттың (сілтеменің), әлеуметтік желілердегі беттердің (сілтеменің) болуы және айына кемінде 2 рет жаңартылуы


12

Контингентке сәйкес арнайы шарттардың болуы:
кедергісіз ортаның болуы


13

Ұйым ғимаратына кіруді бақылауды ұйымдастыру:
кіруді бақылау және басқару жүйесі (турникеттердің болуы (қарапайым, бетті танумен, білезікпен, саусақ ізімен);
ескерту жүйесінің болуы ("дабыл түймесі");
күзет қызметі субъектілерінің болуы: күзетшілер, вахтерлер (ауылдық жерлер үшін)


14

Қолайлы жағдайлар мен қауіпсіз орта жасау:
ішкі істер органдары тарапынан айыппұл санкцияларының болмауы (тиісті мемлекеттік органнан құжат ұсыну)


15

Материалдық-техникалық базаны жақсарту (заманауи жабдықтарды, цифрлық зертханаларды, интерактивті жабдықтарды, оқу кабинеттерін және т. б. сатып алу).
Ескертпе: егер бюджеттен тыс қаражат есебінен материалдық-техникалық базаны қосымша жақсарса, атап өту керек


16

Қызмет бағыттары бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өткен қызметкерлердің үлесі


17

Ұйым басшысы әзірлеген және бекіткен ұйымның жұмыс жоспары


18

Басшының инновациялық (эксперименттік, шығармашылық) қызметке, әлеуметтік жобаларға қатысуы:
аудан/қала;
облыс (республикалық маңызы бар қала және астана);
республикалық (халықаралық)


19

Басшының жұмыс/шығармашылық топтарға немесе сараптамалық кеңестерге немесе конкурстық комиссияларға қатысуы:
аудан/қала;
облыс (республикалық маңызы бар қала және астана);
республикалық (халықаралық)


20

Теріс себептер бойынша қызмет алушылардың пікірлер саны



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады