Геостационарлық емес спутниктерді қолдана отырып, байланыс желілерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 29 тамыздағы № 529/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 2 қыркүйекте № 35013 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданыста болу мерзімі 01.01.2026 дейін (бұйрықтың 3 т.)

      "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 23-бабы 6-тармағының 5) тармақшасына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 111-3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Геостационарлық емес спутниктерді қолдана отырып, байланыс желілерін пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Телекоммуникациялар комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Ж. Мадиев

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасының

      Оқу-ағарту министрлігі

      "Келісілді"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму,
инновациялар және аэроғарыш
өнеркәсібі министрі
2024 жылғы 29 тамыздағы
№ 529/НҚ Бұйрықпен
бекітілген

Геостационарлық емес спутниктерді қолдана отырып, байланыс желілерін пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Геостационарлық емес спутниктерді қолдана отырып, байланыс желілерін пайдалану қағидалары "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – "Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" Заң) 23-бабы 6-тармағы 5) тармақшасының төртінші бөлігіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 111-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданыстағы пилоттық жоба (бұдан әрі – пилоттық жоба) шеңберінде геостационарлық емес спутниктерді қолдана отырып, байланыс желілерін пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Пилоттық жобаның мақсаттары:

      1) геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелері технологиясын тәжірибелік қолдану;

      2) пилоттық жобаны жүргізу кезеңінде геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелерінің жұмыс істеуі үшін техникалық және құқықтық кедергілерді айқындау;

      3) пилоттық жобаның нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының аумағында геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйелерін одан әрі пайдалану мүмкіндігі туралы шешім қабылдау болып табылады.

      Бұл ретте пилоттық жобаға қатысу ерікті негізде ғана жүзеге асырылады.

      3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар, қысқартулар мен аббревиатуралар пайдаланылады:

      1) байланыс қызметтері – почта және арнайы жөнелтілімдерді, почта ақша аударымдарын немесе телекоммуникация хабарламаларын қабылдау, өңдеу, сақтау, беру, тасымалдау, жеткізу жөніндегі қызмет;

      2) геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйесі (бұдан әрі – ГЕСБЖ) – геостационарлық емес орбиталарда орналасқан Жердің жасанды спутниктерін топтастыруды пайдалана отырып жұмыс істейтін байланыс жүйесі;

      3) геостационарлық емес спутниктік байланыс жүйесінің операторы (бұдан әрі – ГЕСБЖ операторы) – геостационарлық емес орбиталарда орналасқан Жердің жасанды спутниктерін топтастыруды пайдаланатын байланыс операторы;

      4) желіні басқару жүйесі (бұдан әрі – ЖБЖ) – байланыс желісін басқаруға арналған бағдарламалық-аппараттық және ұйымдастырушылық-техникалық құралдар кешені;

      5) жоба әкімшісі – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі;

      6) интернетке қол жеткізу қызметі – пилоттық жоба шеңберінде интернет желісін пайдалана отырып, деректерді қабылдау және беру жөніндегі қызмет;

      7) интернет желісіне қол жеткізудің бірыңғай шлюзі (бұдан әрі – ЭҚЖБ) – интернетке және (немесе) интернетке шығу жолы бар байланыс желілеріне қол жеткізу кезінде ақпараттандыру объектілерін қорғауға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен;

      8) Қазақстан Республикасының телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқару жүйесі (бұдан әрі – ТЖОБ) – басқару параметрлерін қалыптастыру және телекоммуникация желілерін орталықтандырылған басқаруға арналған аппараттық-бағдарламалық кешен мен байланыс арналарын қамтитын, олардың орындалуын бақылау жөніндегі ұйымдастыру-техникалық іс-шаралар кешені;

      9) пилоттық жобаға қатысушы – пилоттық жоба шеңберінде ГЕСБЖ көмегімен байланыс қызметтерін алатын не көрсететін заңды тұлға;

      10) Ұлттық кесте (бұдан әрі – Кесте) – Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 20 қаңтардағы № 22 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының радиоқызметтері арасында барлық мақсаттағы радиоэлектрондық құралдарға арналған 3 кГц-тен 400 ГГц-ке дейінгі жиіліктер ауқымында жиіліктер белдеуін бөлу кестесі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10375 болып тіркелген);

      11) Халықаралық электр байланысы одағы (бұдан әрі – ХЭО) – электрбайланыс және радио саласындағы ұсынымдарды айқындайтын, сондай-ақ радиожиіліктерді халықаралық пайдалану (радиожиіліктерді тағайындаулар бойынша және елдер бойынша бөлу) мәселелерін реттейтін халықаралық ұйым.

      Осы Қағидалар шеңберінде пайдаланылатын өзге де ұғымдар "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Заң) және Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне, сондай-ақ Халықаралық электр байланысы одағының Радиобайланыс регламентіне сәйкес қолданылады.

2-тарау. Геостационарлық емес спутниктерді қолдана отырып, байланыс желілерін пайдалану тәртібі

      4. Жоба әкімшісі Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің келісуі бойынша 10 (он) жұмыс күні ішінде пилоттық жобаға қатысушының ГЕСБЖ абоненттік терминалдарының орналасу орындарын айқындайды.

      5. Орта білім беру ұйымдарына интернетке қолжетімділік қызметтерін ұсыну үшін пилоттық жобаға қатысушымен мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес шарт жасалады.

      6. Ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу шегіне қарай (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 27 қазандағы № 949 қаулысымен бекітілген "Қолжетімді Интернет" ұлттық жобасы шеңберінде) орта білім беру ұйымдары талшықты-оптикалық байланыс желілеріне ауысады.

      7. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында ГЕСБЖ операторы абоненттік терминалдардың ТЖОБ, ЭҚЖБ және ЖБЖ-мен интеграциялануын қамтамасыз етеді.

      8. ГЕСБЖ операторы байланыс желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға барлық байланыс желілерінде жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын жүргізудің ұйымдастырушылық және техникалық мүмкіндіктерін қамтамасыз етеді, сондай-ақ Заңның 15-бабының 1-тармағына сәйкес аталған іс-шараларды жүргізудің нысандары мен әдістерін ашуға жол бермеу жөнінде шаралар қабылдайды.

      9. ГЕСБЖ операторы кестеге сәйкес рұқсат беру құжаттарының негізінде жұмыс істейтін Қазақстан Республикасының қолданыстағы геостационарлық спутниктік байланыс жүйелері мен жерүсті радиоэлектрондық құралдарына кедергілерден қорғауды қамтамасыз етеді. Кедергілер туындаған кезде жоба әкімшісі ГЕСБЖ операторына хабарлама жібереді.

      ГЕСБЖ операторы бір тәулік ішінде кедергілерді жою бойынша қажетті шараларды қабылдайды.

      10. ГЕСБЖ операторы жоба әкімшісінен пилоттық жобаға тартылған не іске қосылмаған абоненттік терминалды (терминалдарды) ажырату қажеттігі туралы хабарлама келіп түскен кезде дереу ажырату жөнінде шаралар қабылдайды.

      11. ГЕСБЖ операторының терминалдарды өшіру бойынша шараларды қабылдамауы жобаға қатысушымен пилоттық жобаны мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады