"Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 4-тармағының 22-1) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Тексеру комиссияларының төрағасы мен мүшелерінің лауазымдарына кандидаттарды іріктеу қағидалары және оларды бағалау өлшемшарттары бекітілсін.
2. Жоғары аудиторлық палатаның Заң департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы нормативтік қаулының Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Жоғары аудиторлық палатаның аппарат басшысына жүктелсін.
4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы |
А. Смаилов |
Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасының 2024 жылғы 9 қыркүйектегі № 12-НҚ нормативтік қаулысымен бекітілген |
Ревизиялық (тексеру) комиссиялардың төрағасы мен мүшелерінің лауазымдарына кандидаттарды іріктеу қағидалары және оларды бағалау өлшемшарттары
Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 23.12.2024 № 15-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) нормативтік қаулысымен.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ревизиялық (тексеру) комиссияларының төрағасы мен мүшелерінің лауазымдарына кандидаттарды іріктеу қағидалары және оларды бағалау өлшемшарттары "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы"
Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 12-бабы 4-тармағының 22-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ревизиялық (тексеру) комиссиясының (бұдан әрі – тексеру комиссиясы) төрағасы мен мүшелерінің лауазымдарына кандидаттарды іріктеу тәртібін және оларды бағалау өлшемшарттарын айқындайды.
2. Заңның 47-бабының 2-тармағына сәйкес тексеру комиссиясының төрағасын тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) ұсынуы және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
Заңның 47-бабының 3-тармағына сәйкес Тексеру комиссиясының мүшелерін Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың мәслихаты бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
3. Тексеру комиссияларының төрағасы және мүшелері лауазымына кандидаттар (бұдан әрі – кандидаттар) мынадай:
1) "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 17-бабы 4-тармағына сәйкес бекітілген біліктілік талаптарына;
2) бухгалтерлік есеп және аудит саласында мемлекеттік аудитор сертификатының және (немесе) халықаралық біліктілігінің болуы;
3) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім: экономика (экономика, әлемдік экономика, қаржы, есеп және аудит, менеджмент, мемлекеттік және жергілікті басқару, мемлекеттік аудит) немесе құқық (құқықтану, халықаралық құқық) бағалау өлшемшарттарына сәйкес келуі тиіс.
4. Кандидаттарды іріктеу тексеру комиссиясының төрағасы мен мүшелерінің бос және (немесе) уақытша бос лауазымдарына жүргізіледі.
2-тарау. Тексеру комиссиясы төрағасы және мүшелерінің лауазымдарына кандидаттарды іріктеу қағидалары
5. Кандидаттарды сапалы іріктеуді қамтамасыз ету мақсатында Жоғары аудиторлық палатада комиссия құрылады, оның жұмыс органы – Жоғары аудиторлық палатаның персоналды басқару қызметі.
Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы кемінде жеті адамнан тұратын Комиссияның дербес құрамын бекітеді.
Комиссия хатшысының міндеті дауыс беру құқығынсыз оның мүшесі болып табылмайтын жұмыс органының мемлекеттік қызметшісіне жүктеледі.
6. Тексеру комиссиясының төрағасы және мүшесі лауазымдарына кандидаттарды іріктеуді өткізу туралы хабарландыру Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсында орналастырылады.
7. Тексеру комиссиясының төрағасы және мүшесі (мүшелері) лауазымдарына кандидаттарды іріктеуге қатысуға ниет білдірген адамдар хабарландыру жарияланған күннен бастап он жұмыс күні ішінде хабарландыруда көрсетілген электрондық пошта мекенжайына Жоғары аудиторлық палатаға мынадай құжаттарды:
1) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтінішті;
2) Білім туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелерін;
3) Еңбек қызметін растайтын құжаттарды ұсынады.
Мемлекеттік қызметшілер үшін "Мемлекеттік қызметті өткерудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 10 қыркүйектегі № 158 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24350 болып тіркелген) сәйкес ресімделген қызметтік тізім;
4) мемлекеттік аудитор сертификатының және (немесе) бухгалтерлік есеп және аудит саласындағы халықаралық біліктілік туралы сертификаттың көшірмесін ұсынады.
8. Құжаттарды қарау, қабылдау не оларды қабылдаудан бас тарту мерзімі құжаттарды қабылдау аяқталған күннен бастап үш жұмыс күнін құрайды.
Жұмыс органы осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген өлшемшарттарына кандидаттардың материалдарын қарастырып, құжаттардың қабылданғаны және іріктеуге жіберілгені туралы немесе оларды қабылдаудан дәлелді жазбаша бас тарту туралы хабарламаны кандидаттың электрондық поштасына жібереді.
Құжаттарды толық көлемде ұсынбаған және (немесе) құжаттар осы Қағидалардың 7-тармағына сәйкес келмеген жағдайда, құжаттарды қабылдау үшін белгіленген мерзім кезеңінде бұзушылықтарды жойған кезде кандидатқа оларды қайта ұсынуға жол беріледі.
9. Жұмыс органы кандидаттардың келіп түскен материалдарын комиссия мүшелеріне қарау үшін отырыс өткізілетін күнге дейін кемінде жеті жұмыс күні бұрын жібереді.
10. Комиссия мүшелері кандидаттардың кәсіби және жеке қасиеттерін, соның ішінде отырыста әңгімелесу өткізу жолымен және осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген өлшемшарттарды ескере отырып зерделейді, тексеру комиссияларының төрағасы және мүшелері лауазымдарына іріктелген кандидаттарды ұсынады не дәлелді негіздемені көрсете отырып бас тарту туралы шешім қабылдайды.
Іріктеуге жіберілген кандидаттар әңгімелесу өткізілетін күн туралы әңгімелесу өткізілетін күнге дейін жеті жұмыс күнінен кешіктірілмей хабардар етіледі. Хабарлама телефон арқылы, ақпаратты қатысушылардың электрондық мекенжайлары мен ұялы телефондарына жіберу арқылы жүзеге асырылады.
Кандидаттарды іріктеу кезінде:
1) осы Қағидалардың 3-тармағында көзделген бағалау өлшемшарттарына сәйкестігі;
2) сыртқы және ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді білімі;
3) кәсіби қайта даярлау және біліктілікті арттыру мәліметтері;
4) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарынан ақпарат (болған жағдайда) ескеріледі.
11. Комиссия шешімдерді ашық дауыс беру арқылы қабылдайды. Комиссия отырысы, егер оған мүшелердің кемінде үштен екісі қатысса, заңды деп есептеледі.
Егер комиссия отырысына қатысқан мүшелер арасынан көпшілік дауыс берсе, шешім қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған кезде комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
12. Комиссияның шешімі хаттама түрінде еркін нысанда қағаз түрінде ресімделеді, оған комиссия төрағасы мен оның отырысына қатысқан мүшелері, сондай-ақ хаттамалауды жүзеге асыратын хатшы қол қояды.
13. Жұмыс органы кандидаттарды іріктеудің нәтижелерін Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсында орналастыру, сондай-ақ электрондық поштасына хабарлама жіберу арқылы хабарлайды.
14. Комиссияның шешімі және іріктеу жөніндегі комиссияның оң қорытындысын алған кандидаттардың тізімдері іріктеу өткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсында орналастырылады.
15. Тексеру комиссиясы мүшелерінің лауазымдарына іріктелген кандидаттарды, тексеру комиссияларының төрағалары тексеру комиссиясының мүшелері тағайындау үшін кандидатураларды ұсынған кезде мәслихаттарға ұсынады.
16. Тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына кандидаттар, комиссия шешім қабылдағаннан кейін Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасымен қосымша әңгімелесуден өтеді, әңгімелесу өткізу мерзіміне жеті жұмыс күн қалғанда олар хабарландырылады.
17. Кандидатты іріктеуге қатысудан бас тарту немесе оның кез келген кезеңінен шығару үшін:
1) кандидаттың дәйексіз ақпаратты және (немесе) құжаттарды ұсынуы;
2) кандидаттардың "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес келмеуі;
3) арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарынан ақпараты (болған жағдайда) негіз болып табылады.
Тексеру комиссияларының төрағасы мен мүшелерінің лауазымдарына кандидаттарды іріктеу қағидаларына және оларды бағалау өлшемшарттарына 1- қосымша |
|
Нысан | |
________________________ | |
(мемлекеттік орган) |
Өтініш
Мені Тексеру комиссиясының төрағасы және мүшесі лауазымдарына кандидаттарды іріктеуге қатысуға жіберуіңізді сұраймын. Тексеру комиссияларының төрағасы мен мүшелерінің лауазымдарына кандидаттарды іріктеу қағидаларының және оларды бағалау өлшемшарттарының негізгі талаптарымен таныстым, олармен келісемін және орындауға міндеттеме аламын. Менің жеке мәліметтерімді жинауға және өңдеуге рұқсатымды білдіремін. Ұсынылып отырған құжаттарымның дәйектілігіне жауап беремін. Қоса берілген құжаттар:
______________________
______________________
______________________
Мекен жайы: ______________________
Байланыс телефоны: ________________
e-maіl: ______________________
ЖСН: ______________________
_________ _________________________
(қолы) (Тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда))