"Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 132 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 18 қыркүйектегі № 265 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 20 қыркүйекте № 35099 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2022 жылғы 5 сәуірдегі № 132 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27415 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтардың және мектепке дейінгі ұйымдарға, орта білім беру ұйымдарына арналған оқу-әдістемелік кешендердің құрылымы мен мазмұнына қойылатын талаптарда:

      20-тармақта:

      2) тармақша жаңа редакцияда жазылсын:

      "2) "Геодезия, картография және кеңістіктік деректер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген Ұлттық кеңістіктік деректер қорының картографиялық материалдарына сәйкестігі;";

      21-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "21. Электрондық нысандағы оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерге қойылатын талаптар осы Талаптардың 1–20-тарауларымен қатар қосымша мынадай ережелерді қамтиды:

      1) түсінікті (қисынды) интерфейстің қолданылуы;

      2) кері байланыс және бақылау құралдарының қолданылуы;

      3) навигациялық кеңестердің болуы;

      4) мультимедиялық контенттің және интерактивті тапсырмалардың болуы;

      5) негізгі тақырыптар, ұғымдар мен терминдерді түсіндірмелермен сөздіктерге бағыттайтын гиперсілтемелермен қамтамасыз етілуі;

      6) ақпараттың айналдырылатын HTML бетте вертикальді бағытта баяндалуы;

      7) кең тараған компьютерлік және мобильді құрылғыларда және олардың қазіргі операциялық жүйелерінде (Windows (Уиндоус), Mac OS (Мак ОС), Android (Андроид), IOS (Ай ОС)) жұмыс істеуі;

      8) кең тараған тегін браузерлер немесе оқитын бағдарламаларын, сонымен қатар сыртқы ақпарат тасығыш құралдарында пайдалану;

      9) аудио және бейне материалдарды ойнату үшін қосымша плагиндерді орнатуда қажеттіліктің болмауы;

      10) онлайн қолжетімді электрондық білім беру платформаларында және офлайн қолжетімді сыртқы ақпарат тасығыштарда контентті орналастыруы;

      11) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" және "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес онлайн-режимде электрондық оқулықтарды пайдаланатын педагогтердің, білім алушылардың және (немесе) ата-аналардың дербес деректерін қауіпсіз сақтауды және пайдалануды қамтамасыз етуі;

      12) мәтіндік ақпараттың электрондық типографика нормаларына сәйкестігі;

      13) веб-шолғыштың көмегімен мәтін фрагменттерін іздеу мен көшіру мүмкіндігін қамтамасыз ететін және электрондық құжаттардың әртүрлі кеңейтімдеріне сәйкес келетін форматты пайдалану;

      14) қаріпті және (немесе) бетті (экранды) масштабтауды (үлкейтуді және кішірейтуді) жүзеге асыру;

      15) жалпыға қолжетімді кеңейтімдерге сәйкес келетін кескін пішімін пайдалану;

      16) иллюстрацияны векторлық немесе расторлық форматта орындау;

      17) суреттердің (карталардың, схемалардың, кестелердің, графиктердің, сызбалардың) өлшемдері бір жағынан кемінде 300 пиксель және жалпыға қолжетімді форматта орындалған;

      18) бейнематериал форматының жалпыға қолжетімді кеңейтімдерге сәйкестігі;

      19) бейнематериалдың ажыратымдылығы кемінде 1280x720, арақатынасы 16: 9;

      20) экран бетін бейнематериалмен толық толтыру;

      21) аудио материалды AAC, AC3, OGG, Mp3, MP4 форматтарында орындау, ойнату арналары – 2 (стерео);

      22) оқытуды деңгейлік саралауға, даралауға және жекелендіруге арналған материалдардың болуы;

      23) геймификация элементтерінің болуы;

      24) жаратылыстану-ғылыми пәндер бойынша виртуалды зертханасы бар дидактикалық материалдардың болуы.".

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында қарастырылған іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы Цифрлық

      даму, инновациялар және аэроғарыш

      өнеркәсібі министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады