"Қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру қағидалары мен ерекшеліктерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 203 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 23 қыркүйектегі № 74 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 27 қыркүйекте № 35137 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру қағидалары мен ерекшеліктерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 203 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17460 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру қағидалары мен ерекшеліктерінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру қағидалары мен ерекшеліктері (бұдан әрі – Қағидалар) "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және қайта сақтандыру жөніндегі қызметті, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін жүзеге асыру тәртібі мен ерекшеліктерін айқындайды.";

      мынадай мазмұндағы 12-1-тармақпен толықтырылсын:

      "12-1. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы жай серіктестіктің ұйымдық-құқықтық нысанында сақтандыру қызметін жеке сынып, сақтандыру түрі немесе белгілі бір сақтандыру тәуекелі бойынша бірлесіп жүзеге асыратын қатысушылардың сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының бірлескен қызметі туралы шарттың (бұдан әрі – бірлескен қызмет туралы шарт) негізінде құрылады.";

      13, 14, 15, 16 және 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін басқаруды сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы не бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының (бұдан әрі – жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы) функциялары мен өкілеттіктерін өзіне қабылдаған, сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін басқару үшін тартылған сақтандыру брокері жүзеге асырады.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қызметін басқару процесінде жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы мыналарды жүзеге асырады:

      1) егер бұл бірлескен қызмет туралы шартта көзделсе, ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарттарын жасасу, өзгерту және мерзімінен бұрын бұзу;

      2) әрбір сақтанушы (қайта сақтанушы) және сақтандырушы (қайта сақтандырушы) бойынша бөлек сақтандыру сыйлықақылары мен сақтандыру төлемдері бойынша бухгалтерлік есеп жүргізуді қоса алғанда, сақтандыру сыйлықақыларының және сақтандыру төлемдерінің есебін жүргізу;

      3) жасалған ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарттары бойынша сақтандыру сыйлықақыларын алу және алынған сақтандыру сыйлықақыларын бірлескен қызмет туралы шартта айқындалған мерзімдерде қатысушы сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына беру;

      4) шығындарды реттеу процесін ұйымдастыру;

      5) қабылданатын тәуекелдерді андеррайтинг процесін ұйымдастыру;

      6) сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы мен жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы қатысушыларының міндеттемелері туралы, сондай-ақ сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы қатысушыларының міндеттемелерін орындау (тоқтату) бойынша ақпарат алмасуды алу, тексеру және ұйымдастыру;

      7) бірлескен қызмет туралы шартта көзделген жағдайларда және тәртіппен сақтандыру статистикасының дерекқорын қалыптастыру үшін дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға ақпарат беру.

      Егер жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының функцияларын "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 80-бабының 3-тармағына сәйкес дерекқорды қалыптастыру үшін ақпарат беруші болып табылмайтын сақтандыру брокері жүзеге асырған жағдайда, сақтандыру статистикасының дерекқорын қалыптастыру үшін дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға ақпарат беру жөніндегі функция бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қатысушыларына жүктеледі;

      8) бірлескен қызмет туралы шартта көзделген өзге де функциялар мен өкілеттіктер.

      Жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы туралы, сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылар құрамының өзгеруі туралы ақпаратты жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы тағайындалған, сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылардың құрамы өзгерген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде дерекқорды қалыптастыру және жүргізу жөніндегі ұйымға жібереді.

      14. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының жаңа қатысушысының қосылуы бірлескен қызмет туралы шартқа қосымша келісіммен ресімделеді, оған сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қазіргі қатысушылары және жаңа қатысушы қол қоды. Қосымша келісім бірлескен қызмет туралы шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.

      Егер өзге бірлескен қызмет туралы шартта көзделмесе, сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының жаңа қатысушысына бірлескен қызмет туралы шартқа қосылған сәтке дейін жасалған ортақ сақтандыру шарттары бойынша міндеттемелер қолданылмайды.

      15. Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушы "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-1-бабына сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы қызметінің мәні болып табылатын сақтандыру сыныбы бойынша сақтандыру портфелін басқа қатысушыларға берген не қатысушы сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы қызметінің мәні болып табылатын сақтандыру сыныбы (түрі) бойынша лицензиясынан айырылған жағдайларда, оның міндеттемелерін бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қазіргі қатысушылары қайта бөледі және орындайды.

      "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 37-1-бабында көзделген оқиғаларға байланысты емес не қатысушыны сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы қызметінің мәні болып табылатын сақтандыру сыныбы (түрі) бойынша лицензиядан айырумен байланысты емес жағдайларда сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушыны шығарып тастау тәртібі бірлескен қызмет туралы шартта айқындалады.

      16. Жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының уәкілетті тұлғасы қол қойған бірлескен қызмет туралы шарт және оған қосымша келісімдер жасасу туралы хабарлама құжаттың электрондық көшірмесі түрінде және қағаз тасымалдағышта жасалған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде уәкілетті органға жіберіледі.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы туралы мәліметтер, оның ішінде оған жаңа қатысушылардың қосылуы, қатысушылардың шығарылуы туралы ақпарат жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының және оның қатысушыларының ресми интернет-ресурстарында сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы қатысушыларының құрамы өзгерген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде орналастырылуға тиіс.

      17. Ортақ сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған кезде сақтанушы (сақтандырылған, пайда алушы), қайта сақтанушы, егер бірлескен қызмет туралы шартта өзгеше көзделмесе, сақтандыру жағдайының басталу фактісін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына сақтандыру төлемі туралы талап қояды.

      Сақтандыру жағдайларын реттеу тәртібін жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы және бірлескен қызмет туралы шарттағы сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қатысушылары айқындайды.

      Сақтандыру төлемін жүзеге асыру не сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту туралы шешімді бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қатысушылары қабылдайды және жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы сақтанушыға (сақтандырылушыға, пайда алушыға), қайта сақтанушыға жеткізеді.";

      мынадай мазмұндағы 18-тармақпен толықтырылсын:

      "18. Бірлескен сақтандыру (бірлескен қайта сақтандыру) шарттарын жасасу, жүргізу, орындау, тоқтату, есеп айырысулар мен өзара есеп айырысуларды ұйымдастыру және жүргізу үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылар бірлескен қызмет туралы шартта көзделген жағдайларда сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының электрондық ақпараттық жүйелерін пайдаланады.

      Сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының электрондық ақпараттық жүйелерін сақтандыру (қайта сақтандыру) пулының қатысушылары және (немесе) жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы осы сақтандыру (қайта сақтандыру) пулы қызметінің мақсаттары үшін құрады және жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы басқарады.

      Жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы электрондық ақпараттық жүйеде қамтылған ақпараттың сақталуын, дұрыстығын және конфиденциалдылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ электрондық ақпараттық жүйеде қамтылған, оның ішінде жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы өзгерген кезде ақпараттық жүйенің және (немесе) ақпараттың берілуін қамтамасыз етеді.

      Жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы бірлескен қызмет туралы шартта көзделген міндеттерді орындау үшін қажетті тиісті қол жеткізу құқығын ескере отырып, сақтандыру пулына қатысушылардың электрондық ақпараттық жүйеге қол жеткізуін қамтамасыз етеді.

      Жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы уәкілетті органға деректерді түзету мүмкіндігінсіз электрондық ақпараттық жүйеде ақпаратқа тәулік бойы қол жеткізуді қамтамасыз етеді.

      Электрондық ақпараттық жүйенің жұмысқа қабілеттілігін қолдау, апат және басқа да дүлей күш жағдайлары болған кезде электрондық ақпараттық жүйені қалпына келтіру үшін сақтандыру (қайта сақтандыру) пулында электрондық ақпараттық жүйеде қамтылған ақпараттың резервтік көшірмесі жүргізіледі. Электрондық ақпараттық жүйеде қамтылған ақпараттың резервтік көшірмесін сақтау бірлескен қызмет туралы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.

      Жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы ауысқан жағдайда электрондық ақпараттық жүйе және ондағы ақпарат бірлескен қызмет туралы шартта айқындалған тәртіппен жаңадан тағайындалған жетекші сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымына немесе сақтандыру (қайта сақтандыру) пулына қатысушылардың біріне берілуге тиіс.".

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады