Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу мен сатудың үлгілік шартын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 350 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 1 қазанда № 35187 болып тіркелді

      "Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 7-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу мен сатудың үлгілік шарты бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
А. Саткалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2024 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 350 бұйрығымен
бекітілген

Нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу мен сатудың үлгілік шарты

____________________________
(шарт жасасу орны)

20_____ж. "__" ____________
(шарт жасалған күн)

      Бұдан әрі "Нетто-тұтынушы" деп аталатын

      __________________________________________________________________

      (заңды тұлғаның атауы, құрылған күні, тіркеу туралы анықтама, тіркелген күні мен

      нөмірі, кім тіркеді немесе жеке тұлғаның Т. А. Ә., резиденттігі, жеке басын

      куәландыратын құжаттың нөмірі мен күні)

      __________________________________________________________________,

      (шартқа қол қоятын тұлғаның лауазымы, Т. А. Ә.)

      негізінде әрекет ететін

      _________________________________________________________________

      (жарғының, ереженің, сенімхаттың № ______ "__"__________ 20 ___ ж.), бір

      тараптан және бұдан әрі "Сатып алушы" деп аталатын

      __________________________________________________________________,

      (заңды тұлғаның атауы, резиденттігі, құрылған күні, тіркеу туралы анықтама,

      күні және нөмірі, кім тіркеді)

      ___________________________________________________________________,

      (шартқа қол қоятын тұлғаның лауазымы, Т. А. Ә.) негізінде әрекет ететін

      ___________________________________________________________________

      (жарғы, ереже, сенімхат № ___ "__"__________ 20 ___ж.), екінші тараптан, бұдан әрі

      бірлесіп "Тараптар", ал жеке-жеке жоғарыда көрсетілгендей немесе "тарап" деп

      аталатындар, осы нетто-тұтынушылардан электр энергиясын сатып алу мен сату шартын (бұдан әрі мәтін бойынша "Шарт") төмендегілер туралы жасасты:

1-тарау. ТЕРМИНДЕР МЕН АНЫҚТАМАЛАР

      1.1. Егер осы Шартта өзгеше көзделмесе, жоғарыда аталғандарды қоспағанда, Шарттың мәтіні бойынша көрсетілген терминдер мен анықтамалардың мынадай түсіндірмесі болады:

      1) жаңартылатын энергия көздері – табиғи жаратылыс процестері есебінен үздіксіз жаңартылатын энергия көздері, олар мынадай түрлерді қамтиды: күн сәулесінің энергиясы, жел энергиясы, гидродинамикалық су энергиясы; геотермальдық энергия: топырақтың, жерасты суларының, өзендердің, су айдындарының жылуы; сондай-ақ бастапқы энергия ресурстарының антропогендік көздері: тұтыну қалдықтары, биомасса, биогаз және электр және (немесе) жылу энергиясын өндіру үшін пайдаланылатын тұтыну қалдықтарынан алынатын өзге де отын;

      2) жаңартылатын энергия көздерін пайдаланатын ауқымы шағын объект (бұдан әрі – ауқымы шағын объект) – жалпы белгіленген қуаты екі жүз киловатқа дейінгі (қоса алғанда), жаңартылатын энергия көздерін пайдалана отырып, электр және (немесе) жылу энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және ауқымы шағын объектіні пайдалану үшін технологиялық тұрғыдан қажетті олармен өзара байланысты құрылысжайлар мен инфрақұрылым;

      3) жеткізу айы - тиісті айдың бірінші күні сағат 00:00-ден басталатын тиісті айдың соңғы күні сағат 24:00-ге дейінгі ауқымы шағын объектіден электр энергиясын нақты жеткізудің күнтізбелік айы, оның нәтижелері бойынша жеткізілетін электр энергиясын сатып алу мен сату көлемінің түпкілікті есептеулері жүргізіледі;

      4) жеткізу нүктесі - нетто-тұтынушыны энергия беруші ұйымның электр желілеріне қосу нүктесі;

      5) есепті кезең - Шартта айқындалатын уақыт кезеңі;

      6) коммерциялық есепке алу аспабы - электр қуатын, электр энергиясын коммерциялық есепке алуға арналған, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қолдануға рұқсат етілген техникалық құрылғы;

      7) сатып алушы - нетто-тұтынушыға қызмет көрсететін энергиямен жабдықтаушы ұйым;

      8) сатып алынатын электр энергиясының нақты көлемі – электр энергиясын берудің нақты көлемінің есепті кезеңдегі нетто-тұтынушының электр энергиясын тұтынуының нақты көлемінен асып кетуіне тең электр энергиясының көлемі;

      9) электр энергиясын берудің нақты көлемі - коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде айқындалған және уәкілетті энергия беруші ұйыммен салыстырып-тексеру актісімен расталған, нетто-тұтынушы таратушы желіге жіберген электр энергиясының көлемі;

      10) электр энергиясын нетто-тұтынушы (бұдан әрі – нетто-тұтынушы) – жаңартылатын энергия көздерінің аралас қондырғыларын қоса алғанда, таратушы электр желісіне қосылған және желіден электр энергиясын тұтыну көлемдері мен оған беру көлемдерін бөлек есепке алу жүйелерімен жабдықталған, өзіне меншік құқығымен немесе өзге де заттай құқықпен тиесілі ауқымы шағын объектіден электр энергиясын және (немесе) жылу энергиясын өзінің толық немесе ішінара тұтынуын қамтамасыз ететін жеке немесе заңды тұлға;

      11) электр энергиясын тұтынудың нақты көлемі - коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде айқындалған және уәкілетті энергия беруші ұйыммен салыстырып-тексеру актісімен расталған, нетто-тұтынушы таратушы желіден қабылдаған электр энергиясының көлемі.

2-тарау. ШАРТТЫҢ МӘНІ

      2.1. Шарт талаптарына сәйкес нетто-тұтынушы электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспабының (аспаптарының) деректеріне сәйкес желіден есепті кезеңде нетто-тұтынушы тұтынған электр энергиясының көлемінен нетто-тұтынушы желіге берген электр энергиясының асып кеткен көлемін сатады, ал Сатып алушы сол үшін төлемді жүзеге асырады.

3-тарау. ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫН ЕСЕПКЕ АЛУ

      3.1. Төлеуге жататын электр энергиясының көлемі пайдалануға берілген электр энергиясын тұтыну көлемдері мен оған беру көлемдерін бөлек есепке алу жүйесімен жабдықталған электр энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарының деректері негізінде есептеу жолымен айқындалады.

      3.2. Электр энергиясын берудің нақты көлемі мен есепті кезеңдегі электр энергиясын тұтынудың нақты көлемі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес пайдалануға берілген есепке алу аспаптарының көрсеткіштері бойынша айқындалады.

      3.3. Коммерциялық есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алуды энергия беруші ұйым есепті айдың соңғы күнінде автоматты режимде жүзеге асырады.

      3.4. Сатып алушы төлеуге жататын электр энергиясының көлемі энергия беруші ұйымның деректерімен және есепті кезеңдегі көлемдерді салыстырып-тексеру актісімен (бұдан әрі – Акт) расталады, ол Шартқа қосымшаға сәйкес электрондық нысанда қалыптастырылады және оған тараптар қол қояды.

      3.5. Актінің құрамында:

      1) есепті кезеңдегі электр энергиясын берудің нақты көлемі;

      2) сол кезеңдегі электр энергиясын тұтынудың нақты көлемі;

      3) Сатып алушының тиісті есепті кезеңде төлеуіне жататын сатып алынатын электр энергиясының нақты көлемі көрсетіледі.

      3.6. Актіні Сатып алушы қалыптастырады.

      3.7. Актіге Сатып алушының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қолы қойылады және ол есепті айдын кейінгі айдың 5-күніне дейін нетто-тұтынушыға беріледі.

      3.8. Нетто-тұтынушы, ескертулер болмаған жағдайда, есепті айдан кейінгі айдың 10-күніне дейін актіге электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қояды немесе сол мерзімде Сатып алушыға қарсылықтарды баяндай отырып, жазбаша түсініктеме береді.

      3.9. Ауқымы шағын объект өндірген және коммерциялық есепке алу аспаптары болмаған немесе ақаулы болған кезеңде энергия беруші ұйымның желісіне жеткізілген электр энергиясы есепке алу аспабы ақаусыз болған есепті кезеңнің алдыңғы 3 айы үшін есебімен айқындалған орташа тәуліктік шығыс бойынша төленеді. Төлем және коммерциялық есепке алу аспабын қалпына келтіру кезеңі бұзушылық анықталған күннен бастап 30 (отыз) күнтізбелік күнді құрайды. Бұл ретте нетто-тұтынушыда коммерциялық есепке алу аспаптарының болмауы немесе ақаулығы фактісі мен кезеңі желілеріне нетто-тұтынушы қосылған энергия беруші ұйымның тиісті актісімен расталуға тиіс.

      Акт энергия беруші ұйымдар өкілінің және тексерілетін нетто-тұтынушының не оның өкілінің қолы болған кезде жарамды.

      Актіні құрамында кемінде үш адам бар энергия беруші ұйымның комиссисы ресімдесе, оған нето-тұтынушы қол қоюдан бас тартқан кезде де жарамды деп есептеледі.

      Бұзушылық анықталған күннен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң коммерциялық есепке алу аспабы қалпына келтірілмесе, есеп айырысу техникалық шарттарға сәйкес рұқсат етілген қуат бойынша, ал техникалық шарттар болмаған кезде – тәулігіне 24 сағат пайдалануды ескеріп, қосу коммутациялық аппаратының номиналды тогы бойынша жүргізіледі.

4-тарау. ТӨЛЕМ ТӘРТІБІ

      4.1. Шарт бойынша күнтізбелік ай есепті кезең болып саналады.

      4.2. Төлем (жеке тұлғалар болып табылатын нетто-тұтынушылар үшін) электрондық нысанда қол қойылған актінің негізінде нетто-тұтынушыдан шот-фактураны алған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде электр энергиясын жеткізудің есепті айынан кейінгі айда жүргізіледі.

      4.3. Төлем электр энергиясын жеткізудің есепті айынан кейінгі айдың 30-күніне дейін Сатып алушының атына нетто-тұтынушы қойған шот-фактура негізінде жүргізіледі. Шот-фактураны нетто-тұтынушы актінің негізінде электр энергиясын жеткізудің есепті айынан кейінгі айдың 10-шы күнінен кешіктірмей (дара кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар болып табылатын нетто-тұтынушылар үшін) Сатып алушының атына жібереді.

      4.4. Есепті кезеңде сатып алынған электр энергиясының көлеміне ақы төлеуді Сатып алушы нетто-тұтынушының банктік шотына ақша аудару жолымен жүзеге асырады.

      4.5. Нетто-тұтынушы Сатып алушыға оның қолданыстағы тарифі бойынша электр желісіне есепті кезеңде берген көлемін шегере отырып, сол кезеңде өзі тұтынған электр энергиясының көлемі үшін ақы төлейді.

      4.6. Есепті кезеңде электр желісіне нетто-тұтынушы жеткізген электр энергиясының көлемі желіден сол кезеңде өзі тұтынған электр энергиясының көлемінен асып кеткен кезде Сатып алушы нетто-тұтынушыға жоғарыда көрсетілген асып кету көлемін оның шекті бағасы бойынша (тұтынушылар топтары бойынша саралаусыз) төлейді.

5-тарау. ТАРАПТАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МІНДЕТТЕРІ

      5.1. Нетто-тұтынушы:

      1) сапасы Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы қолданыстағы заңнамасының талаптарына сәйкес келетін электр энергиясын сатып алушыға сатуды жүзеге асыруға;

      2) 3 (үш) жұмыс күн ішінде сатып алушыны өзінің атауының, заңды мекенжайының, нақты орналасқан жерінің және Шарт талаптарын орындау үшін қажетті өзге де деректемелердің өзгергені туралы хабардар етуге;

      3) Шартты бұзудың болжамды күніне дейін күнтізбелік он бес күн бұрын Сатып алушыға Шартты бұзу туралы жазбаша ұсыныс жіберуге;

      4) ауқымы шағын объектінің және (немесе) ауқымы шағын объекті орналасқан жылжымайтын мүлік объектісінің меншік иесі ауысқан сәттен бастап үш жұмыс күн ішінде Сатып алушыны және энергия беруші ұйымды жазбаша хабардар етуге;

      5) Сатып алушы мен энергия беруші ұйымның алдын ала жазбаша келісуінсіз ауқымы шағын объектінің белгіленген қуатын ұлғайтуға бағытталған қандай да бір әрекеттерге жол бермеуге міндетті.

      5.2. Сатып алушы:

      1) жыл сайын, 01-31 қаңтар аралығында өткен қаржы жылындағы өзара есеп айырысуларды салыстырып-тексеруді жүргізуге;

      2) 3 (үш) жұмыс күн ішінде нетто-тұтынушыны өзінің атауының, заңды мекенжайының, нақты орналасқан жерінің және Шарт талаптарын орындау үшін қажетті өзге де деректемелердің өзгергені туралы хабардар етуге;

      3) Шартты бұзудың болжамды күніне дейін күнтізбелік он бес күн бұрын нетто-тұтынушыға Шартты бұзу туралы жазбаша ұсыныс жіберуге;

      4) хабарламаны алғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде нетто-тұтынушының атына ауқымы шағын объектінің белгіленген қуатын ұлғайтуға келісу туралы мәліметтер жіберуге міндетті.

      5.3. Шарт бойынша барлық хабарламалар мен басқа да хабарлар жазбаша түрде ресімделуге тиіс және Шартта көрсетілген деректемелер бойынша пошта, курьер немесе электрондық пошта арқылы екінші Тарапқа жіберілуі мүмкін.

      5.4. Шарт бойынша барлық хабарламалар мен басқа да хабарлар екінші Тараптың хабарламаны қабылдағаны туралы растауды алған кезде тиісті түрде жіберілген болып есептеледі.

6-тарау. ТАРАПТАРДЫҢ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ

      6.1. Осы Шартта көзделген міндеттемелер орындалмаған не тиісінше орындалмаған жағдайда тараптар Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жауапты болады.

7-тарау. ДАУЛАРДЫ ШЕШУ ТӘРТІБІ

      7.1. Барлық даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келіссөздер жолымен және тиісті хаттамалар жасау не шарттық міндеттемелердің нақты бұзылуы көрсетілген жазбаша хабарлар жіберу арқылы шешіледі. Жазбаша хабар тиісті бұзушылық анықталған күннен бастап күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде жіберіледі. Хатты алған Тарап оны алған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күн ішінде тиісті бұзушылықты жоюға немесе уәжді жауап беруге міндетті.

      7.2. Есепті айда жеткізілген сатып алынатын электр энергиясының нақты көлемі туралы дау болған кезде тараптар осы дауды есепті кезеңде жеткізілген электр энергиясының көлеміне қатысты нетто-тұтынушы Сатып алушыдан жазбаша қарсылық алған кезден бастап күнтізбелік отыз күн ішінде келіссөздер жолымен шешу үшін күш салуға міндетті. Егер тараптар есепті кезеңде сатып алынатын электр энергиясының нақты көлемі туралы дау туралы келісімге келе алмаған жағдайда, дау сот тәртібімен түпкілікті шешілуге жатады. Әрбір Тарап шартты жасасуға, оны қолдануға, орындауға, өзгертуге және бұзуға байланысты дауды шешу, сондай-ақ Шартқа байланысты өзге де дауларды шешу үшін сотқа жүгінуге құқылы.

8-тарау. ЕҢСЕРІЛМЕЙТІН КҮШ МӘН-ЖАЙЛАРЫ (ФОРС-МАЖОР)

      8.1. Тараптар Шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін, сондай-ақ су тасқынынан, өрттен, жер сілкінісінен, эпидемиядан, әскери қақтығыстардан, әскери төңкерістерден, террористік актілерден, азаматтық толқулардан, мемлекет тарапынан ұйғарымдардан, бұйрықтардан немесе өзге де әкімшілік араласудан немесе тараптардың Шарт бойынша міндеттемелерін орындауына ықпал ететін қандай да бір қаулылардан, әкімшілік немесе өзге де шектеулерден немесе тараптардың бақылауынан тыс өзге де мән-жайлардан туындаған еңсерілмейтін күш мән-жайларының (бұдан әрі – форс-мажор) болуы салдарынан келтірілген залал үшін жауапты болмайды. Шарт бойынша міндеттемелерді орындау мерзімдері, егер олар Шарттың орындалуына немесе форс-мажор мән-жайлары басталғаннан кейін орындалуға жататын бөлігіне әсер етсе, осы мән-жайлардың қолданылу уақытына пропорционалды түрде жылжытылады.

      8.2. Екі Тарап та форс-мажор жағдайы туындаған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Шарт бойынша міндеттемелердің орындалуына кедергі келтіретін форс-мажор мән-жайларының басталғаны және аяқталуының болжамды күні туралы бір-біріне жазбаша хабарлауға тиіс. Форс-мажор мән-жайларына сілтеме жасайтын Тарап оларды растау үшін тиісті құжатты ұсынуға міндетті.

      8.3. Егер еңсерілмейтін күш мән-жайларының күші ол басталғаннан кейін 1 (бір) айдан астам уақытқа созылған жағдайда, кез келген Тарап осы Шартты бұзуға құқылы.

9-тарау. ШАРТТЫҢ ҚОЛДАНЫЛУ МЕРЗІМІ

      9.1. Осы Шарт Тараптардың уәкілетті өкілдері оған қол қойған күннен бастап күшіне енеді, Тараптар осы Шарт бойынша міндеттемелерді толық орындағанға дейін қолданылады.

10-тарау. БАСҚА ДА ТАЛАПТАР

      10.1. Әрбір Тарап осы Шарттың мәтінін, сондай-ақ осы Шартты жасасу кезінде және осы Шарттан туындаған міндеттемелерді орындау барысында бір-біріне берілген және берілетін ақпараттың барлық көлемін екінші Тараптың құпия ақпараты деп санауға келісті. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген немесе тараптардың өзара жазбаша келісімі бойынша жағдайларды қоспағанда, тараптар мұндай ақпаратты кімге болмасын ашуға құқылы емес.

      10.2. Егер осы Шарттың қандай да бір ережелері жарамсыз болып қалса немесе кейіннен жарамсыз болса, онда оның қалған ережелерінің заңдылығы бұдан жоғалмайды.

      10.3. Шартта көзделмеген барлық басқа жағдайларда тараптар Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.

      10.4. Тараптардың уәкілетті өкілдері қол қойған осы Шартқа барлық қосымшалар оның ажырамас бөліктері болып табылады.

11-тарау. ТАРАПТАРДЫҢ ЗАҢДЫ МЕКЕНЖАЙЛАРЫ МЕН ДЕРЕКТЕМЕЛЕРІ

Нетто-тұтынушы:

Сатып алушы:

  Нетто-тұтынушылардан электр
  энергиясын сатып алу
  мен сату шартына
  қосымша

Электр энергиясын сатып алу мен сату көлемін салыстырып-тексеру актісі 20___ж. ____________________ үшін

Көрсеткіштер

Өлшем бірлігі

Саны

1

Электр энергиясын берудің нақты көлемі

кВт * сағ


2

Электр энергиясын тұтынудың нақты көлемі

кВт * сағ


3

Сатып алынатын электр энергиясының нақты көлемі

кВт * сағ


Нетто-тұтынушы:

Сатып алушы:


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады