ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 23.10.2024 бастап қолданысқа енгізіледі
"Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 270-2-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы жолданымдарды қарау үшін сарапшы ретінде тартылатын бейінді маманға қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2024 жылғы 23 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі |
А. Альназарова |
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі 2024 жылғы 8 қазандағы № 78 Бұйрығымен бекітілген |
Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы жолданымдарды қарау үшін сарапшы ретінде тартылатын бейінді маманға қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы жолданымдарды қарау үшін сарапшы ретінде тартылатын бейінді маманға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 270-2-бабына сәйкес әзірленді және медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы жолданымдарды қарау үшін сарапшы ретінде тартылатын бейінді маманға қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) бейінді маман - жоғары медициналық білімі, денсаулық сақтау саласында сертификаты бар медицина қызметкері;
2) тәуелсіз сараптама комиссиясы (бұдан әрі – Комиссия) – медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуын (болмауын) анықтау және растау үшін денсаулық сақтау субъектісі қалыптастыратын комиссия.
2-тарау. Медициналық қызметті жүзеге асыру нәтижесінде пациенттің өмірі мен денсаулығына зиян келтіру фактісінің болуы (болмауы) туралы жолданымдарды қарау үшін сарапшы ретінде тартылатын бейінді маманға қойылатын талаптар
3. Комиссияға сарапшы ретінде тартылатын бейінді маман мына талаптарға сәйкес келуге тиіс:
1) "Денсаулық сақтау" даярлау бағыты бойынша жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білімі туралы құжаттардың болуымен расталған денсаулық сақтау саласындағы кәсіптік білімі болуы;
2) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес құжаттармен расталған медициналық көмек көрсету түрлерін ескере отырып, тәуелсіз сараптама комиссиясына тарту сәтінде соңғы 7 жыл ішінде тиісті мамандық бойынша үздіксіз еңбек қызметі болуы;
3) Біліктіліктің салалық шеңберіне сәйкес біліктілік деңгейі 7.2 (R)-ден төмен емес, ал амбулаториялық-емханалық көмек көрсететін қызметкерлер үшін 7.2 (I)-ден төмен емес біліктілік деңгейін көрсете отырып, тиісті мамандық/мамандану бойынша бірінші және (немесе) жоғары біліктілік санатын беру туралы куәлік және денсаулық сақтау саласындағы маман сертификаты болуы;
4) соңғы 5 жылда кемінде 2 кредит (60 сағат) сараптамалық қызмет мәселелері бойынша қосымша білімі болуы;
5) соттылықтың болуы немесе болмауы туралы анықтама (өтелмеген және (немесе) алынбаған соттылығының болмауы);
6) сарапшы ретінде тартылғанға дейін бір жыл ішінде сот шешімі бойынша қолданылған көрінеу жалған қорытынды бергені үшін әкімшілік жазаның болмауы;
7) мүдделер қақтығысы (үлестес) болмауы.
4. Сарапшы ретінде мынадай бейінді мамандар тартылмайды:
1) оған сарапшы ретінде тартылғанға дейін бір жыл ішінде көрінеу жалған қорытынды бергені үшін сот тәртібімен әкімшілік жаза қолданылған жағдайларда;
2) Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен жойылмаған немесе алынбаған соттылығы бар;
3) оларды сарапшы ретінде тартқанға дейін үш жыл ішінде оларға қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін соттың айыптау үкімі шығарылған немесе оны сарапшы ретінде тартқанға дейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабының бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтарының немесе 36-бабының негізінде үш жыл ішінде қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан босатылған.