Гибридті топтардың тізбесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің м.а. 2024 жылғы 5 қарашадағы № 391 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 6 қарашада № 35338 болып тіркелді

      "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 70-49) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Гибридті топтардың тізбесін қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің міндетін атқарушы
С. Есимханов

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
міндетін атқарушы
2024 жылғы 5 қарашадағы
№ 391 бұйрығымен
бекітілген

Гибридті топтардың тізбесін қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Гибридті топтардың тізбесін қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 70-49) тармақшасына сәйкес әзірленді және гибридті топтардың тізбесін қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) гибридті топ – электр энергиясын өндіру кезінде жаңартылатын энергия көздерін пайдаланудың жиынтық үлесі кемінде жиырма бес пайыз болатын, бір энергия торабында орналасқан және осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен гибридті топтар тізбесіне енгізілген электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінің тобы;

      2) гибридті топ әкімшісі – гибридті топқа кіретін энергия өндіруші ұйымдардан электр энергиясын осы гибридті топ ішінде тұтынушыларға және (немесе) электр энергиясының теңгерімдеуші нарығында кейіннен өткізу (сату) мақсатында алуды (сатып алуды) жүзеге асыратын, гибридті топқа кіретін, сондай-ақ гибридті топқа кіретін энергия өндіруші ұйымдар мен электр энергиясын тұтынушылар үшін теңгерім провайдері болып табылатын заңды тұлға;

      3) гибридті топ тұтынушысы – электр энергиясының көтерме сауда нарығының субъектісі болып табылатын және гибридті топтардың тізбесіне енгізілген тұтынушы;

      4) уәкілетті орган – электр энергетикасы саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

      Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар мен анықтамалар Қазақстан Республикасының электр энергетикасы саласындағы заңнамасына сәйкес қолданылады.

2-тарау. Гибридті топтардың тізбесін қалыптастыру тәртібі

      3. Объектілері 2024 жылғы 1 шілдеден ерте емес пайдалануға берілген және бір қосылу нүктесінде ұлттық немесе өңірлік электр желілеріне қосылған, жаңартылатын энергия көздері мен генерациялаудың маневрлік режимі бар генерациялайтын қондырғыларды жиынтық түрде пайдаланатын энергия өндіруші ұйымдардың, гибридті топ тұтынушыларының және гибридті топ әкімшісінің дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің, пайларының) жиырма бес пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде тиесілі болатын заңды тұлға (бұдан әрі – Өтініш беруші) уәкілетті органға мынадай құжаттарды ұсына отырып, гибридті топты гибридті топтардың тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) енгізуге өтініш береді:

      1) гибридті топты Тізбеге енгізуге арналған өтініш (бұдан әрі – Өтініш);

      2) гибридті топтың мүдделерін білдіретін Өтініш берушінің құрылтай құжаттары;

      3) заңды тұлғаның жарғысы, шетелдік заңды тұлға үшін сауда тізілімінен үзінді-көшірме немесе гибридті топ құрамына әрқайсысының дауыс беретін акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің, пайларының) жиырма бес пайыздан астамы тікелей немесе жанама түрде сол бір тұлғаға тиесілі болатынын растайтын басқа құжат;

      4) Өтініш берушінің гибридті топ әкімшісінің, тұтынушылар мен энергия өндіруші ұйымдардың мүдделерін білдіру құқығын растайтын сенімхат немесе шарт.

      4. Өтініш мыналарды қамтиды:

      1) гибридті топ әкімшісінің атауы, заңды мекенжайы;

      2) Заңның 15-11-бабының 1-тармағына сәйкес олармен бір гибридті топқа кіретін тұтынушыларды электр қуатымен қамтамасыз ететін энергия өндіруші ұйымдардың (атауын, заңды мекенжайын көрсете отырып) тізбесі;

      3) Заңның 15-11-бабының 1-тармағына сәйкес олармен бір гибридті топқа кіретін энергия өндіруші ұйымдардың есебінен қуатпен қамтамасыз етілетін тұтынушылардың (атауын, заңды мекенжайын көрсете отырып) тізбесі.

      5. Уәкілетті орган Өтінішті осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген қоса берілген құжаттармен бірге Өтінішті алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде қарайды.

      6. Өтініш беруші осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынбаған кезде уәкілетті орган олар келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде қайтару себептерін көрсете отырып, Өтінішті қайтарады.

      Өтініш беруші уәкілетті органның ескертулерін жойғаннан кейін осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, Өтінішті қайта жібереді.

      7. Өтініш осы Қағидалардың 3 және 4-тармақтарының талаптарына сәйкес келген кезде уәкілетті орган Өтінішті қарау мерзімдері аяқталғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде Өтініш берушіге Өтінішті қараудың оң нәтижесі және тиісті гибридті топты хабарлама жіберілген айдан кейінгі айдың 1-күнінен бастап Тізбеге енгізу туралы хабарлама жібереді.

      8. Әрбір гибридті топ бойынша Тізбеге тиісті гибридті топтың әкімшісі, энергия өндіруші ұйымдары және тұтынушылары туралы ақпарат енгізіледі.

      9. Тізбеге қосылған гибридті топ бөлігінде өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу осы Қағидалардың 3, 4, 5, 6 және 7-тармақтарында көзделген тәртіппен тиісті гибридті топтың өтініші негізінде жүзеге асырылады.

      Тиісті гибридті топтың өтініші жылына бір рет беріледі.

      10. Тізбеге өзгерістер мен толықтыруларды қолданысқа енгізу осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген хабарлама жіберілген айдан кейінгі айдың 1-күнінен бастап жүзеге асырылады.

      11. Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар ескерілген Тізбе уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады