БҰЙЫРАМЫН:
1. "Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 103 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20527 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Монументтік өнер құрылыстарын орнату кағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы |
К. Искаков |
Келісілді
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
Келісілді
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Келісілді
Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Келісілді
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 20) тармақшасына сәйкес әзірленді және монументтік өнер құрылыстарын орнату тәртібін айқындайды.
2. Монументтік өнер құрылыстары – аса көрнекті тұлғаларды, маңызды тарихи оқиғаларды мәңгі есте қалдыру үшін орнатылатын монументтік өнер туындылары (ескерткіштер, стелалар, бюсттер).
2-тарау. Монументтік өнер құрылыстарын орнату тәртібі
3. "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 9) тармақшасына сәйкес монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі жұмысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органдар) жүргізеді.
4. Монументтік өнер құрылыстарын (бұдан әрі – құрылыс) орнатуды жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздерден жүзеге асырады.
5. Монументтік өнер құрылыстарын орнату "Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 28 қыркүйектегі № 1465 қаулысымен айқындалған көрнекті тұлғалардың мерейтойлық және атаулы күндеріне, маңызды тарихи оқиғаларға орайластырылады.
6. Құрылыс қаһармандық пен ерлік танытқан, мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға айтарлықтай ерен үлес қосқан жағдайларды қоспағанда, аса көрнекті тұлғалар қайтыс болған және (немесе) маңызды тарихи оқиғалар орын алған күннен бастап кемінде бес жыл өткен соң орнатылады.
7. Құрылыс мемлекеттік меншіктегі жалпы ортақ пайдаланылатын орындарда орнатылады.
Бір елді мекенде бір аса көрнекті тұлғаға немесе маңызды тарихи оқиғаға бір құрылыс қана орнатылады.
8. Жергілікті атқарушы органдар монументтік өнер құрылыстары бойынша жұмысты жоспарлы негізде жүргізеді.
Жоспарды тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) алдағы күнтізбелік жылға жоспарланып отырған жылдың алдындағы ағымдағы жылғы 1 желтоқсанға дейінгі мерзімде қалыптастырады.
Жергілікті атқарушы органдар құрылыс туралы ұсыныстарды уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 қарашасына дейінгі мерзімде ұсынады.
Жоспарға жергілікті атқарушы органдардың ұсынысында қаржылық растау, жер учаскесін бөлу туралы шешім мен тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның хаттамасы болуға тиіс.
9. Жоспарға енгізілген құрылысқа жоғары шығармашылық орындауды қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар мүсіншілер арасында құрылыстың үздік жұмыс жобаларына республикалық шығармашылық конкурс жариялайды.
Жоспарланған республикалық шығармашылық конкурс туралы хабарландыру жергілікті атқарушы органдардың интернет-ресурстарында және республикалық деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс жобаларын қабылдаудың басталу және аяқталу күнін міндетті түрде көрсете отырып орналастырылады.
Үздік жұмыс жобаларына арналған республикалық шығармашылық конкурсты жергілікті атқарушы органдар оның шарттарын егжей-тегжейлі сипаттай отырып кемінде бір ай мерзімге жариялайды.
Республикалық шығармашылық конкурс аяқталғаннан кейін конкурсқа келіп түскен құрылыстың жұмыс жобалары жергілікті атқарушы органдар жанындағы тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссиялардың қарауына енгізіледі.
Республикалық шығармашылық конкурсқа келіп түскен жұмыс жобаларынан Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия кемінде үш жұмысты үздік деп таниды.
10. Жергілікті атқарушы органдар жанындағы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссия іріктеп алған құрылыстың үздік жұмыс жобалары мынадай құжаттармен және материалдармен бірге уәкілетті органға жіберіледі:
1) құрылысты орнатуды қаржыландыру туралы ақпарат қамтылған ілеспе хат;
2) құрылысты орнату үшін жер учаскесін бөлу туралы жергілікті атқарушы органның шешімінің немесе қаулысының көшірмесі;
3) құрылыстың кемінде 1:10 ауқымдағы кемінде үш жұмыс жобасы;
4) жарықтың төрт бағыты көрсетілген құрылысты орнатудың ахуалдық сызбасы;
5) құрылыстың 1:500 ауқымдағы бас жоспарының макеті;
6) құрылыстың сәулеттік-көркемдік, композициялық шешімдері туралы ақпаратты қамтитын түсіндірме жазба;
7) жергілікті атқарушы органдар жанындағы Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау жөніндегі комиссияның хаттамасы.
11. Жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын қарау үшін уәкілетті орган Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияны (бұдан әрі – Комиссия) құрады. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, Комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Хатшы Комиссия мүшесі болып табылмайды. Төраға болмаған кезеңде оның функцияларын орынбасары орындайды.
12. Комиссия отырыстары үш айда кемінде бір рет өткізіледі. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
Комиссия отырыстары аудио-, бейнежазбаны қолдану арқылы өткізіледі.
Комиссия мүшесінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайда, мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесі қалған комиссия мүшелерін туындаған мүдделер қақтығысы туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
Қалған комиссия мүшелері мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесінің өтініші бойынша мүдделер қақтығысын болғызбау және реттеу үшін мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесін комиссия жұмысына қатысудан шеттетеді. Мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесін шеттету туралы шешімді комиссия ашық дауыс беру жолымен оның мүшелерінің көпшілік дауысымен жазбаша нысанда қабылдайды және ол мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесінің қатысуымен жария етіледі. Дауыстар саны тең болған жағдайда комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.
13. Құрылыстың жұмыс жобасы сапалы шығармашылық орындау, портреттік ұқсастықты ашу және тарихи оқиғаны бейнелеу тұрғысынан қаралады.
Ұсынылған ахуалдық сызба және құрылыстың бас жоспарының макетін ескере отырып, құрылыстың дұрыс орналасуы айқындалады.
14. Комиссия отырысының нәтижелері бойынша Комиссия мынадай:
1) құрылыстың жұмыс жобасын мақұлдау;
2) құрылыстың жұмыс жобасын пысықтау туралы шешімдердің бірін шығарады.
15. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде құрылыс орнату туралы ұсыныс жіберген жергілікті атқарушы органдарға жолданады.
16. Комиссия мақұлдаған құрылыстардың жұмыс жобалары орнатылатын шынайы көлемде орындалады және жергілікті атқарушы органдар осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген жоспарға сәйкес мерзімде орнатады.
Құрылыстардың пысықталған жұмыс жобалары жергілікті атқарушы органдар оның келесі отырысын өткізген кезде Комиссияның қайта қарауына енгізеді.